Өмiрбек ОРАЗБАЕВ,

адвокат, Қостанай облыстық адвокаттар алқасының мүшесі,

Қазақстан, Қостанай қ.

 

ДИФФАМАЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТАР ҮШІН

ЗАҢДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТУДЫҢ КЕЙБІР АСПЕКТІЛЕРІ

 

Диффамациямен байланысты құқықбұзушылықтар мәселесінің дискуссиялық болып қала беруіне, аталмыш институттың қазақстандық заңнамада және құқыққолдану практикасында түпкілікті қалыптасуы үшін әлі де біраз уақыт өтуі керек екені даусыз.

Диффамациямен байланысты проблемалардың транұлттық сипатын ескере отырып, шетелдік тәжірибені, соның ішінде диффамациямен байланысты істерді қараудағы Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың құқықтық позициясын терең зерделеп, зерттеудің маңызы зор.

Диффамациямен байланысты істердің қоғамдық маңыздылығы мен өзектілігі олардың конституциялық құқықтар және бостандықтармен тығыз байланыстылығында. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы 18-бабының нормалары әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, абыройы мен ар-намысының қорғалуына құқығын бекiтедi [1].

Диффамацияның антиконституциялық мәнін, демократия үшін қауіптілік дәрежесін терең түсіне білген жағдайда ғана, оған конституциялық-құқықтық талдау жасай білген жағдайда ғана онымен тиімді күресуге болады және диффамациялық істерге байланысты соттардың әділ де, объективті шешімдер қабылдауына қол жеткізуге болады.

Диффамациямен байланысты істер практика жүзінде негізінен азаматтық-құқықтық және қылмыстық-құқықтық аспектілерде қарастырылуда. Яғни құқықбұзушылық ретінде диффамация азаматтық немесе қылмыстық заңнама нормаларымен ғана реттелуі тиіс деген белгілі бір дәрежеде стереотиптік көзқарас қалыптасқан деуге болады. Диффамация мәселелерін зерттеумен айналысып жүрген бірқатар авторлардың пікірінше диффамацияны құқықбұзушылық ретінде сипаттауда жоғарыда аталған екі құқық саласының ғана контексінде қарастыру мүлдем жеткіліксіз.

Ал теориялық тұрғыдан келгенде диффамация институтын конституциялық құқық ғылымы тұрғысынан зерттеудің концептуалдық маңызы бар. Бірінші кезекте, мұндай зерттеулер диффамацияның құқықтық базасын дұрыс қалыптастыру үшін қажет.

Диффамациялық құқықбұзушылықтар мәселесін конституциялық-құқықтық аспектіде қарастыру ең алдымен аталмыш құқықбұзушылық субъектілерін және объектілерін айқындап алумен және белгілі бір диффамациялық құқықбұзушылық үшін заңдық жауапкершілікке тарту кезінде конституциялық-құқықтық принциптердің сақталуы қай деңгейде екенін айқындап алумен байланысты. Конституциялық-құқықтық қатынастардың субъектілік құрамының басқа да құқықтық қатынастардың(азаматтық-құқықтық, қылмыстық-құқықтық, т.б.) субъектілік құрамынан айтарлықтай ерекшеленетінін ескере отырып, конституциялық-құқықтық мәртебелеріне сай диффамация субъектілеріне қатысты «барлығы заң және сот алдында тең құқықты» деген принцип қаншалықты сақталуда деген сұраққа жауап берілуі керек. Диффамация үшін заңдық жауапкершілікке тарту перспективасы туындаған жағдайда диффамациялық құқықбұзушылықтың кімге бағытталғанына, – мемлекеттік басқару өкілеттігі жүктелген лауазым иесі немесе қарапайым азамат, – қарай санкцияның ауырлық дәрежесі қандай болмақ? Бұл ретте көршілес Ресей Федерациясы ғалымдарының осы тақырыпқа қатысты зерттеулері көрсетіп отырғандай, қазіргі таңда диффамациялық құқықбұзушылықтар үшін заңдық жауапқа тарту практикасында елеулі дисбаланс орын алып отыр. Мысалы, қатардағы азаматтарға қатысты диффамация үшін жазаға қарағанда, мемлекеттік билік өкілдеріне қатысты диффамация үшін жаза әлдеқайда қатал екендігін сот органдарының практикасы көрсетіп отыр [2].

Болашақта диффамацияға қатысты тиісті заң қабылданған жағдайда практикадағы мұндай дисбаланстарға жол бермеу жағын құқықтық реттеу қажет.

Бұл ретте диффамациямен байланысты заңнамасы қалыптасқан, аталған құқықбұзушылықпен байланысты құқыққолдану тәжірибесі бай демократиялық мемлекеттердің практикасымен таныс болған да дұрыс.

Бұл ретте бірқатар шетелдік мемлекеттердің диффамациялық құқығындағы привилегия(артықшылық) институты біршама қызығушылық тудырары сөзсіз.

Мысалы, АҚШ-тың құқыққолдану практикасында ХХ ғасырдың 60-жылдарында қалыптасқан «конституциялық привилегия» принципіне сәйкес диффамация бойынша сотқа жүгінуші талапкер жауапкердің диффамациялық құқықбұзушылық әрекеттерінде «кінәнің тиісті дәрежесі» бар екендігін дәлелдеуге міндетті. Ал дәлелденуге жататын «кінәнің дәрежесі» талапкердің қоғамдық, әлеуметтік, саяси статусына байланысты өзгеріп отырады [3].

Мысалы өзіне қарсы «масқаралаушы материал» жарияланып, өзін жәбірленушімін деп есептейтін талапкер мемлекеттік лауазым иесі немесе ірі қоғам қайраткері болған жағдайда ол, сот процесі барысында талапкердің аталған «масқаралаушы материалды» қаскүнемдік ниетпен, қасақана жариялағанын дәлелдеуі тиіс. Яғни жауапкердің диффамациялық материалдағы деректердің жалған екендігін алдын ала біле тұрып жариялағаны дәлелденуі қажет.

Ал егер талапкер мемлекеттік лауазым иесі немесе басқа да «көпшілікке танымал» тұлға емес, «қатардағы азамат» болған жағдайда ол жауапкердің диффамациялық құқықбұзушылық әрекеттерінде «салақтық» немесе «абайсыздық» белгілері бар екенін дәлелдеуі тиіс. Яғни жауапкердің «масқаралаушы материалды» жариялаудан бұрын ондағы деректердің шындық немесе жалған екендігін анықтауға бағытталған шаралар қолданбағаны дәлелденуі қажет.

Осы аталған «қаскүнемдік» немесе «салақтық» немесе «абайсыздық» фактілері дәлелденген жағдайда талапкер өзіне келтірілген зиянды жауапкерден толық көлемде өндіріп алуға құқықты. Жекелеген жағдайларда сот талапкердің пайдасына жауапкерден негізгі зиянға қосымша «айыппұлдық зиян» деп аталатын өтемақы өндіріп алу жөнінде шешім қабылдауы мүмкін. Мұндай шешімдер негізінен кінәсі дәлелденген тарапты материалдық жазалау, сөйтіп болашақта осы тәріздес құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жасалады.

Қазіргі кезде бірқатар ТМД мемлекеттерінде диффамация туралы заңдар қабылданса, бірқатар мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстан Республикасында, аталмыш заңды қабылдау қажеттілігі белсенді талқылануда. Біздің ойымызша, диффамациямен байланысты құқықбұзушылықтарды толықтай тек азаматтық деликтілер қатарына жатқызу мәселесі әлі де болса талқылауды қажет етеді. Бұған байланысты аргументтерді де көптеп келтіруге болады. Жалпы конституциялық құқықтар мен бостандықтар туралы сөз еткенде, жоғарыда атап өткеніміздей, диффамацияның антиконституциялық мәнін терең түсіне білгенде ғана, түрлі құқықтық бұрмалаушылықтарға жол бермеуге, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның басты атрибуттары – адам мен азаматтың шынайы құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің, сөз бостандығының қамтамасыз етілуіне қол жеткізуге болатындығын естен шығармауымыз қажет. Жоспарлы да табанды жүзеге асырылатын, стратегиялық және тактикалық тұрғыдан дұрыс жолға қойылған саяси және құқықтық реформалар ғана оң нәтиже беретінін естен шығармауымыз қажет.

Әдебиеттер тiзiмi

 

1.     Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы. Қазақстан, 2000.

2.     Смирнов А. Некоторые проблемы защиты конституционных прав, свобод и законных интересов человека от диффамации // Вестник Тверского государственного университета. Серия «Право». 2008. №5.

3.     Гражданский процесс зарубежных стран. Под редакцией доктора юридических наук А.Давтян. М., 2008.