Қазақстан
Республикасының неке-отбасы заңнамасы
бойынша ерлі-зайыптыларының мүлкінің
құқықтық режимі
з.ғ.к., доцент
Алдашев С.М.
аға оқытушы
Сапаров Б.Ж.
26 желтоқсан
2011 жылы жаңадан қабылданған Қазақстан
Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылар)
және отбасы туралы» Кодексі ерлі-зайыптылардың мүлкі
үшін екі түрлі режим анықтайды, ол заңды және
шартты [1, 15-б.].
Ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншік режимі
ерлі-зайыптылардың мүлкінің заңды режимі болып
табылады. Қазақстан Республикасының Азаматтық
Кодексінің 223 бабының 1 тармақшасында
ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігіне мынандай түсінік
береді: ерлi-зайыптылардың некеде
тұрған кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк
ерлi-зайыптылардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың
әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында
тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына
тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе,
олардың бiрлескен меншiгi болып табылады [2, 69-б.]. Ортақ бірлескен меншік
құқығы ортақ меншіктің бір түрі
және сонымен бірге, ортақ үлестік меншікте
қатысушылардың нақты үлестері белгіленсе, ал
ортақ бірлескен меншік құқығында меншік
құқығы пайда болған кезден және
аяқталғанға дейін ол анықталмайды, себебі үлесті
бөліп шығару үшін ортақ бірлескен меншікті ортақ
үлестік меншікке қайта құру қерек. Бірлескен
меншіктің қатысушылары ортақ мүлікті бірлесіп иеленеді,
пайдаланады және оған билік етеді. ҚР Азаматтық
Кодексінің 220 бабының 2 тармақшасында мүлiкке билiк ету жөнiндегi мәмiленi
қатысушылардың қайсысы жасағанына қарамастан
бiрлескен меншiктегi мүлiкке билiк ету барлық
қатысушылардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылады делінген [2,
69-б.]. Бірақта, егер нотариат куәландырылатын мәмілелерге
(жылжымайтын мүлікке байланысты), сонымен қоса мемлекеттік тіркеуді
талап ететін мәмілелер жасау кезіндегі ерекшеліктерді атап
көрсетуге болады. Мұндай мәмілелерді жасау үшін
басқа жұбайның нотариат куәландырған келісімін
алуы қажет. Басқа жұбайдың меншікке билік етуге
нотариат куәландырылған келісімі болмаған жағдайда,
осындай мәмілелерді ҚР АК-нде дауланатын мәмілелер үшін
белгіленген мерзім ішінде жарамсыз деп таңылуы мүмкін, яғни
сол зорлық немесе қорқыту тоқтатылған
күннен бастап не талап қоюшы мәмілені жарамсыз деп
таңуға негіз болып табылатын өзгеде мән-жайларды білген
немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл ішінде сот
тәртібімен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы
болады [2, 54-б.]. Бірлескен меншіктің қатысушысы ортақ
бірлескен меншік құқығындағы өзінің
үлесін сатуға немесе сыйға тартуға
құқығы болмайды. Ол үшін өзінің
бірлескен меншіктегі үлесін анықтауға және үлесін
бөліп шығаруға тиіс болады. Егерде ерлі-зайытылардың
біреуі басқа жұбайының келісімсіз мәміле жасаған
жағдайда мұндай мәміле даулатын мәмілелер
қатарына жатқызылуы тиіс. Мұндай мәмілені
ерлі-зайытылардың құқығы бұзылған деп
біреуінің арызы бойынша, сот мәмілені жарамсыз деп тануы
мүмкін [3, 145-б.].
Отбасы
құқығының негізгі қағидаларының
бірі бұл – ерлі-зайытылардың некесіндегі теңдік
қағидасы, яғни олардың мүлкінің заңды
режимі ретінде некеде тұрған кезден жиңаған мүлкі
ортақ бірлескен меншікте болуы. Ерлі-зайыптылар – осы меншіктің
негізгі қатысушылары болып табылады. Осыдан шығатын мәлім, ол
ортақ мүлікті қалыптастыру барысында олардың
белсенділігіне қарамастан жиңалған мүлікке теңдей
құқықтары бар екендігін атап көрсету қажет
[4, 187-б.].
Ерлі-зайыптылардың
ортақ бірлескен меншікті некеде тұрған кезде
жиңалған мүлік ретінде айтқан кезде, біз некені тек
қана белгіленген тәртіпте рәсімделген, яғни
заңға сәйкес АХАТ органдарында тіркелген некені айтамыз.
Ұзақ уақыт бойы некені белгіленген тәртіппен тіркеусіз
отбасылық өмір, мүлікке бірлескен меншікті
қалыптастырмайды. Мұндай жағдайларда қандайда бір сатып
алынған мүліктерге ортақ үлестік меншік
құқығы пайда болады және егерде осындай
мүлікте алдын ала үлестері анықталмаса онда болашақта
әрбір қатысушының үлесін анықтауға
қиындық соғады. Кез келген жағдайда бұл мүліктік
қатынастар отбасы-құқықтық нормаларымен
реттелуіне жатпайды, ол тек қана азаматтық заңнамасының
айырықша құзіреттілігіне жатады.
Некенің
іс жүзінде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған
кезде ерлі-зайыптылардың әрқайсысы тапқан мүлікті
сот олардың әрқайсысының меншігі деп тануы мүмкін
[1, 16-б.]. Ерлі-зайыптылар уақытша бөлек тұрған
жағдайда олардың мүлкінің заңды режиміне
ешқандай әсері жоқ. Егерде, ерлі-зайыптылардың біреуі
шетелдіктер немесе азаматтығы
жоқ адам болған жағдайда, белгілі бір себептермен уақыт
аралығында жұбайымен (ҚР азаматтымен) ҚР
аумағында белгіленген тәртіпте танылған некеде бірге
тұруға мүмкін болмаған жағдайда, некеде
тұрған кезде жиңалған мүлік бірлескен меншік
құқығында болады. Ерлі-зайыптылардың
мүліктік емес және мүліктік жеке
құқықтары мен міндеттері аумағында екеуінің
бірге тұратын жері бар мемлекеттің заңдарымен, ал екеуінің
бірге тұратын жері болмаған жағдайда – аумағында
екеуінің бірге тұрған соңғы жері болған
мемлекеттің заңдарымен белгіленеді [1, 101-б.].
«Мүлік»
түсінігі кең мағынада қолданылады. Ол заттарда
және мүліктік құқықтарда болуы
мүмкін. Азаматтық айналымнан алынып тасталған мүліктен
басқа кез келген мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ
бірлескен меншік құқығында болады. Егер азаматтық
айналымда шектеулі заттарды меншікке сатып алуға ерлі-зайыптылардың
біреуінде лицензиясы (рұқсаты) болған жағдайда, ал
біреуінде болмаған жағдайда мәселе қалай шешілуі тиіс.
Бұл сұраққа, заң шығарушы нақты жауап
бермейді, бұл мәселені шешуде мынандай қорытынды
жасауға болады, яғни осындай мүлікті бөлу кезінде
жоғарыда аталған мүліктерге меншік
құқығында болуында рұқсаты жоқ
жұбайында заттың бір бөлігіне талап етуіне
құқығы пайда болады, бірақта заттай ғана
емес.
ҚР
аумағында шетелдіктер (азаматтығы жоқ адамдар) ҚР
азаматтарымен қатар теңдей құқықтарды
пайдаланады. Бірақта, егер ҚР азаматы жер учаскесін жеке меншік
құқығында билік етуге құқылы болса,
ал заңнамаға сәйкес шетелдіктер мұндай
құқығы жоқ деп танылады. Осының салдарынан
сұрақ туындайды, шетелдіктер (азаматтығы жоқ адамдар)
неке барысында ортақ қаражат есебінен жер учаскесін сатып
алуға боладыма және егерде болса онда бірлескен меншікті бөлу
кезінде мұндай мүліктің заңды тағдыры
қандай болады? Және де бұл сұраққа
заң нақты жауап бермейді. Осындай мәмілелінің
болатындығына дау жоқ, сонымен бірге жер учаскесі тек қана
ҚР азаматтының атына тіркелуі мүмкін, ал егерде мүлікті
бөлу жағдайында шетелдіктер жер учаскесінің үлесіне
емес, тек қана өзіне тиісті үлесінің бағасына
талап етуіне құқылы болады.
Ерлі-зайыптылардың
ортақ бірлескен меншіктің негізгі объектілеріне –
ерлі-зайыптылардың әрқайсысының еңбек
қызметінен, кәсіпкерлік қызметтен және санаткерлік
қызмет нәтижелерінен тапқан табыстары,
ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен және
ерлі-зайыптылардың әрқайсысының бөлек
мүлкінен түскен кірістер, олар алған зейнетақылар,
жәрдемақылар, сондай-ақ арнаулы нысаналы мақсаты
жоқ өзге де ақшалай төлемдер (материалдық
көмек сомалары, мертігу не денсаулығының өзге де
зақымдануы салдарынан еңбек қабілетін жоғалтуына
және басқаларына байланысты залалды өтеуге төленген
сомалар) жатады. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ортақ
кірістерінің есебінен сатып алынған жылжымалы және
жылжымайтын мүліктер, бағалы қағаздар, жарналар,
салымдар, несие мекемелеріне немесе өзге де коммерциялық
ұйымдарға салынған капиталдағы үлестер және
ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезеңде тапқан
басқа да кез келген мүлік ол ерлі-зайыптылардың
қайсысының атына сатып алынғанына не ақша
қаражаттарын ерлі-зайыптылардың қайсысы салғанына
қарамастан, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі болып
табылады [1, 15-б.].
Қазақстан
Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылар)
және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес ерлi-зайыптылардың
ортақ мүлікке құқығы некеде
тұрған кезеңде үй шаруашылығын жүргізуді,
балаларды бағып-күтуді жүзеге асырған немесе
басқа да дәлелді себептермен жеке кірісі болмаған
жұбайға да тиесілі делінген [1, 16-б.]. Л.М.Пчелинцеваның
айтуынша, бұл норма жұмыс жасамайтын әйелдердің
заңды мүдделерін қорғауға бағытталған
болып табылады деген. Нәтижесінде олардың үй еңбегі
жұмыс жасайтын еркектің еңбегіне теңестіріледі [5,
246-б.].
Ортақ
бірлескен меншіктің құрамына кірмейтін мүліктер
қатарына мыналар жатқызылады:
1.
некеге тұрғанға дейін
ерлі-зайыптылардың әрқайсысына тиесілі болған
мүлік;
2.
ерлі-зайыптылардың некеде
тұрған кезеңінде сыйлыққа, мұрагерлік
тәртібімен немесе өзге де мәміле жасау бойынша тегін
алған мүлкі;
3.
қымбат заттар мен басқа да
сән-салтанат заттарын қоспағанда, некеде тұрған
кезеңде ерлі-зайыптылардың ортақ қаражаты есебінен
сатып алынса да, жеке пайдалану заттары (киім-кешек, аяқкиім және
басқалар).
Жоғарыда
аталған мүлікпен ерлі-зайыптылар жеке иеленуге, пайдалануға
және билік етуге құқылы болады.
Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде және
үлесін анықтаған кезде бұл мүліктер ескерілмейді.
Бірақта, егер ҚР АК 223 бабының 2 тармақшасында
және Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылар) және отбасы туралы»
Кодексінің 36 бабында былай айтылған,
егер некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ
мүлкiнiң есебiнен сол мүлiктiң құнын
едәуiр арттырған қаражат жұмсалғаны
(күрделi жөндеу, қайта жаңғырту, қайта
жабдықтау және т.б.) анықталса, ерлi-зайыптылардың
әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен меншiгi деп
танылуы мүмкiн [1, 16-б; 2, 69-б.].
А.М.Эрделевкийдың пікірі бойынша, бір жұбайының
басқа жұбайының жеке меншігіндегі мүлкіне салымдар
салудың, нормада аталған тізімі шектелмеген болып табылады [6,
158-б.].
Ерлі-зайыптылардың
ортақ мүлкін бөлу ерлі-зайыптылардың кез
келгенінің талап ету бойынша неке кезеңінде де, ол
бұзылғанна кейін де, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың
ортақ мүлкіндегі ерлі-зайыптылардың біреуінің
үлесінен өндіріп алу үшін ерлі-зайыптылардың
ортақ мүлкін бөлу туралы кредит берушінің талабын
мәлімдеуі жағдайында да жүргізілуі мүмкін [1, 17-б.].
Ерлі-зайыптылардың
ортақ мүлкін бөлу және осы мүліктегі
үлестерін айқындау кезінде, егер олардың арасындағы
шартта өзгеше көзделмесе, ерлі-зайыптылардың
әрқайсысының үлесі тең деп танылады [1, 17-б.].
Сонымен қатар, сот кәмелетке толмаған балалардың
мүдделерін негізге ала отырып және (немесе)
ерлі-зайыптылардың біреуінің мүдделерін негізе ала отырып,
егер жұбайлардың бірі дәлелсіз себептермен табыс таппаса
немесе ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін отбасының
мүдделеріне залал келтіріп жұмсаса, ерлі-зайыптылардың
ортақ мүлкіндегі үлестерінің теңдігі негізін
ескермеуге құқылы.
Бөлуге
тек қана бөлу кезінде бар мүлік жатады. Болашақ
және бұрынғы мүлік бөлуге жатпайды. Болашақ
және бұрынғы мүлік ескерілуі мүмкін, егер
ерлі-зайыптылардың біреуінің үлесін мақсатты азайту
үшін сатылған жағдайда.
Бөлу
ерлі-зайыптылардың ерікті келісімі бойынша және
мәжбүрлеу нысанында жүзеге асырылады. Ортақ бірлескен
меншікті ерікті келісімі бойынша мүлікті бөлу дегеніміз –
ерлі-зайыптылардың мүлікке үлестері белгіленген және
қосымша құқықтары мен міндететтері белгіленген
келісімін айтамыз.
Мәжбүрлі
түрде бөлу ерлі-зайыптылардың біреуінің арызы немесе
кредит берушінің арызы бойынша сот шешімінің негізінде жүзеге
асырылады. Бірлескен меншік ортақ үлестік меншікке ауысады және де сот, ерлі-зайыптылардың
әрқайсысына берілуге жататын мүліктің үлестері
анықталады. Егер мүлікті бөлуге мүмкін болмаса онда
ақшалай өтемақы төлеу туралы ереже қолданылады.
Егерде ерлі-зайыптылардың біреуі ақшалай өтемақыдан бас
тартқан жағдайда сот даулы мүлікке ортақ үлестік
меншік құқығын таниды. Кәмелетке
толмағандардың мүдделерін ескере отырып даулы мүлік
құрамынан олардың қажеттіліктерін
қанағаттандыру мақсатында сатып алынған заттар алынып
тасталады. Ерлі-зайыптылардың ортақ қаражат есебінен
кәмелетке толмағандардың атына салынған салымдар
бөлінуге жатпайды [7].
Ерлі-зайыптылардың
мүлкі – ортақ өмірінің материалдық негізі болып
табылады. Толық отбасы болу үшін ерлі-зайыптылардың
әрқайсысы мүліктің көбейту туралы немесе бар
материалдық құндылықтардың сақталуы туралы
қамқорлық жасауы қажет. Мұндай әрекет
ерлі-зайыптылардың өздері үшін және сәйкес
материалдық қамтамасыз етілуі қажеттенетін отбасыда туратын
кәмелетке толмаған балалардың мүддесі үшін
қажет болып табылады.
Әдебиеттер:
1 Қазақстан
Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылар)
және отбасы туралы» Кодексі. – Алматы: ЮРИСТ, 2012. – 120 б.
2 Қазақстан
Республикасының Азаматтық Кодексі (Жалпы және Ерекше
бөлімдері) – Алматы: ЮРИСТ, 2012. – 292 б.
3
Антокольская М.В Семейное право: Учебник. — Изд. 2-е,
перераб. и доп. — М.-Юристъ, 2002. - 336 с.
4 Комментарий
к Семейному
кодексу Российской Федерации/Под. ред. И.М. Кузнецовой. - М.: Издательство БЕК.
1996. - 512 с.
5
Пчелинцева
Л. М. Семейное право России. Учебник для вузов. -- M.: Издательская группа
НОРМА-ИНФРА · М, 1999.-672с.
6
Эрделевский
А.М. Постатейный научно-практический комментарий Семейного кодекса Российской
Федерации. - М.: Агентство (ЗАО) «Библиотечка РГ», 2001.
7
Семейное право Учебно-методические материалы по изучению курса
Составитель: канд. юрид. наук Ю.П.Присяжнюк, Н.Новгород, 2006.