Магистрант Асқарұлы Ә.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

Сот жүйесін жаңғырту – ҚР басым бағыттарының бірі

Тәуелсіздік алып егеменді ел болғаннан күннен бастап ақ Қазақстан республикасында өзінің тәуілсіз сот жүйесін құру басты бағытты бағдарламаларының бірі болды. Кеңес заманының дәуірі кезеңінде партияның ықпалында болған сотты тәуілсіздік алғаннан кейін биліктің жеке тәуілсіз тармағы ретінде қалыптастыру үшін елеулі іс шаралар атқарылғаны бәрімізге белгілі. Ол кезеңде жергілікті атқарушы өкілетті органдардың тар шеңберінен аса алмай жалтақтап ықпалды тегеуріндерге тап болып жұмыстар атқарылып, әліде соттардың шынайы тәуілсіздігі қалыптаса қоймаған кезең болатын.

Егеменді еліміздің бағытты іс шаралары сол қағидаларды кейінге ысырып тастап, бүгінгі күнде шынайы тәуілсіз сот жүйесін қалыптастырды. Осыған орай сот саласында реформалар жүргізу еліміз тәуілсіздігін алған күннің алғашқы жолдарынан бастау алды. 2000 жылғы 25 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» заң қабылданды. Кейінгі жылдары Қазақстан Республикасының сот билігі дербес, тәуілсіз мемлекет билігінің бір тармағы болып, қалыптасып айтарлықтай нәтижелі өзіне тән жетістіктерге жетті. 2000 жылға дейін соттардың материалдық-техникалық жабдықтау, сот жұмысын ұйымдастыру түгелдей Әділет Министрлігінің құзырында болып келген.

2000 жылдың 12 қазаныңда сот жүйесін реформалау туралы Елбасының Жарлығы шығып, сот жұмыстарын ұйымдастыру, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету құзыреті ҚР Жоғарғы сотының жанынан құрылған сот әкімшілігі комитетіне берілді. Мұның өзі сот тәуелсіздігінің қалыптасуына жасалған маңызды қадамдардың бірі еді. Осылайша сот саласы өзге билік органдарынан бөлек, тәуелсіз билік ретінде қалыптасты. Елімізде соттар жаңа күрделі жөндеуден өткізілген ғимараттарға кіріп, жұмысқа қажетті техникалармен, жабдықтармен, құралдармен қамтамасыз етіліп, судьялардың ешкімге тәуелді болмай, жалтақтамай, емін-еркін жұмыстар атқаруына, ең бастысы сотқа жүгінген халық үшін заңға ғана сүйеніп сот төрелігін жүзеге асыруларына мүмкіндіктер жасалды.

Елбасымыздың халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында құқық қорғау органдарына, оның ішінде сот саласына да қазіргі заман талабына сай қайта құрулар жүргізу қажеттігі атап өтілген болатын. Осындай бағытты іс шаралар нәтижесінде соттардың тек өзінің ең басты міндеті бейтарап сот төрелігін жүзеге асырумен айналысуына мүмкіндіктер жасалды [1]. Қазіргі таңда соттар жұмыстар ұйымдастыру және соттардың материалдық-техникалық қажеттілігін қамтамасыз ету міндеті жергілікті жерлердегі облыстық соттардағы сот кеңселері атқаратын болды. Егеменді Елімізде жүргізілген сот саласындағы реформалардың нәтижелі жетістіктері ретінде мамандандырылған соттардың құрылуын атап өтуге болады. Кеңес заманы кезеңінен қалыптасқан сот құрылымдарының қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істердің бәрін бірге қарай беру тәжірбесінің өзгеруі, судьяларды мамандандыру арқылы заңды сот актыларын қабылдап, сапалы нәтижелерге жету үшін жасалған іс шара болатын. Қазақстан Республикасында ауданаралық экономикалық соттары, арнайы мамандандырылған әкімшілік соттары, жасөспірімдер мен оларға қатысты істерді қарайтын ювеналдық соттарының және ауданаралық мамандандырылған қылмыстық істер қарайтын соттар құрылып сот саласындағы мамандандыру соттарының жұмыстар жасауына мүмкіндіктер жасалды [2]. Бірінші сатыда істерді қарайтын бұл соттар өздерінің жұмыстарын қазіргі таңда жақсы жақтарымен, нәтижелі жетістіктермен көрсетуде. Сонау кеңес заманында халық заседательдерінің қатысуымен істер қарап жұмыстар атқарғанымыз көпшілігіміздің есімізде, Қазақстан Республикасы тәуелсіз сот құрылымын құруды қолға алғаннан кейінгі кезеңдерде сот жүйесінде көптеген игі өзгерістер болғанын бәрімізде жақсы білеміз. Біз бұл өзгерістердің негізі алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тәжірибелері мен өзіміздің тарихи құндылықтарымыз-дан бастау алды деп айта аламыз. Біздің еліміздегі алқабилер институтының енгізілуі де осы бағытта жасалған сәтті қадамдардың бірі деп айтуымызға болады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының соттарына алқабилер институтының енгізілуі өзіндік ерекшілігімен және тәжірибе жүзінде жаңа бастама болғандығы сот саласындағы қазіргі тәжіриблер көрсетті. Сотқа дейінгі прокуратура органдарының қылмыстық іс жүргізуге қатысты «санкция» беруі құзіреті қазіргі уақытта соттарға беріліп қаралып, өз шешімін табуда.

Соттар өндірісінде санкция беру материалдарын қарауда сот отырысы ашық түрде жариялық принциптерімен жүргізіліп, оған жұртшылық өкілдерінің қатысуына мүмкіндіктер жасалды. Сот отырысы хаттама арқылы  жүргізіліп заң нормасының басты принциптері сақталып, жеке адамдардың құқықтары сақталып қорғаумен қамтамасыз етіліп, олардың конституциямен бекітілген құқықтары мен еркіндіктерінің бұзылмауына деген кепілдіктер күшейтілді.

Процессуалдық заңға енгізілген өзгерістерге байланысты 2010 жылдан бастап облыстық сотта апелляциялық және кассациялық алқалар құрылып нәтижелі жұмыстар атқаруда. Бұл Процессуалдық заңға енгізілген өзгерістер бойынша бірінші сатыда  қабылданған сот шешіміне келіспеген адам, апелляциялық және кассациялық алқаларға шағымдану мүмкіндіктері қарастырылды. Одан әрі азаматтар қадағалау тәртібімен ҚР Жоғарғы сотына жүгіну мүмкіндіктеріне ие болады. Қазақстан Республикасында осыдан біраз жыл бұрын әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда сотталушылар саны жағынан әлем елдері арасында 17-ші орында көрінуші еді. Елімізде қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру бағытында қабылданып жатқан ел басшысының жарлықтары,  медиация институтының енгізілуі қоғамыздағы болып жатқан жат қылықтар мен даулы мәселелер бойынша бітімге келтіру, татуластыру, жекелеген істерді өндірістен қысқарту үшін жасалып жатқан бағытты іс шаралар деп түсінуімізге болады. Дауласқан екі тарапты келісімге, бітімге келтіру арқылы даулы мәселелердің шешімін табу арқылы нүктесін қойып татуласу нәтижесіне жету үшін, жаңа заңға сәйкес медиатор қызметі енгізіліп түрлі даулы мәселелерге байланысты тараптарға сол медиаторларға жүгіну мүмкіндіктері қарастырылды. Өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасында сот жүйесінің қалыптасуына Ақмола облыстық сотының соттары да нәтижелі өз еңбектерімен өз үлестерін қосуда. Оған дәлел неше жылдан бері жасаған осы ортада отырған әріптестеріміз бен ардагер ағаларымыздың еңбектері куә.

Қазақстан Республикасының қылмыстық істер жүргізу кодексінің 29 бабына, Азаматтық істер жүргізу кодексінің 19 бабына, ӘҚБтК-нің 21 бабына сәйкес істерді талқылау барлық соттар мен барлық сот сатыларында ашық жүргізіледі. Тек, жекелеген істер бойынша іске қатысушы адамдар өмірінің жеке жақтары туралы мәліметтерді жариялауды болдырмау мақсатында, сондай-ақ жәбірленушінің, куәнің немесе басқа да іске қатысушы адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауіпсіздік мүдделері талап ететін жағдайларда кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы істер бойынша, жыныстық қылмыстар туралы істер және басқа да істер бойынша соттың дәлелді қаулысымен жабықсот талқылауына жол беріледі. Ал, азаматтық істер бойынша мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтері бар шешімдерді хабарлауы қоса, сондай-ақ бала асырап алу құпиясын, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларды, азаматтар өздерінің ашық айтпайтын сырлары туралы мәліметтерді сақтауды қамтамасыз ету қажет екендігін не істі ашық қарауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайларды негізге алған іске қатысушы адамының өтінішін сот қанағаттандырған кезде істерді қарау жабық сот отырысында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, «Сотта азаматтық істерді қарау кезінде жариялылық принципін сақтау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы қабылданған [3].

Сотта істі қараудың жариялылық принципі барлық азаматтардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің отырыстар залына еркін кіріп, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік процестің барлық сатыларында (бірінші, апелляциялық, қадағалау сатыларының соттарында) басынан аяғына дейін қатысуы және сот отырысы залында жатқан жағдайлардың бәрін өз көздерімен көруі қамтамасыз етіліп азаматтық істердің барлық соттарда ашық жүргізілетінін, сондай-ақ олардың сот отырысы залында болып жатқан жағдайлардың  бәрін  өз  қалаулары бойынша  жазып алу, стенограмманы және дыбыс  жазуды  пайдаланып  жазып алу құқығын білдіреді.

Сондай-ақ судья кадрларын даярлауда Жоғары Сот Кеңесінің рөлін де арттыру қажет. Сот органдарының басшылары әкімшіліктендірумен айналыспай, іс жүргізу мәселелерін шешу керек.

Әдебиеттер:

1. Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы. Қазақстан Республикасының 2000 ж. 25 желтоқсанындағы №-132II Конституциялық заңы.

2. Қазақ ССР сот құрылысы туралы. Қазақ Советтік Социалистік Республикасының заңы. -Алматы: Қазақстан, 1991. -60 б.

3. Ауешова Б.Т. Қазақстан Республикасында сот билігінің Конституциялық құқықтық негізі /Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. –Алматы.

Резюме

В статье рассмотрены вопросы о мерах по повышению уровня профессиональной подготовки и ответственности судей, обеспечению открытости и гласности судебных процессов, достижению высокого качества исполнения судебных решений.

Rezume

The article is written on measures to improve the knowledge and responsibility of judges, to ensure openness and transparency of the judicial process, to achieve a high quality of execution.