А.Р.Минасипова

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

 ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ  ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӘНЕ ТЕМПЕРАМЕНТТІҢ ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Еліміздің егемендік алуына байланысты, халқымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі асыл мұраларын елеп-екшеп, бүгінгі таңдағы оқу-тәрбие үрдісіне ендіру – келелі де, кешенді іске айналды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030»стратегиялық жолдауында еліміздің болашақ ұрпағы инновациялық, ақпараттық технрлогияларды меңгеруге лайық зерек те білімді, бәсекелестікке қабілетті болуы керек екендігін баса айтып көрсеткен. 2000 жылдың 30 қыркүйегінде қабылданған «Білім» мемлекеттік бағдарламасы да шығармашылық тұлғаны қалыптастыруды дағдыға алу қажеттілігін мақсат етіп отыр. Ал, «жалпыға білім беру» моделі «әр адамға таңдау бойынша білім беру» моделіне көшуге негізделген. Әр балаға таңдау бойынша білім беру барысында, ол баланың бойындағы тума қасиеттерімен санасу дәл қазіргі таңда ерекше орын алады деп санаймыз.

Жеткіншек баланың жеке динамикалық бітістері оның сырттай әрекет қылығында, қозғалысында ғана емес, барша ақыл-ой топшылауынан, ниеттері мен қызмет бабынан көрінеді. Темперамент ерекшеліктерінің оқу мен еңбек барысына ықпал етуі табиғи құбылыс. Дегенмен, темперамент айырмашылықтарындағы басты қасиет – олардың психикалық мүмкіндіктер деңгейінде емес, өзіндік іске асыру көріністерінде. Егер іс-әрекет қалыпты жағдайда жүріп жатса, соңғы нәтиже мен темперамент арасында еш қандай тәуелді байланыс болмайды. Бұл ғылыми дәлелденген. Сонымен, тұлғаның қалыпты жағдайдағы әрекет нәтижесі оның шапшаң не енжар екендігіне қарамай, бірдей өлшемде болады, себебі соңғы өнім нәтижесі басқа факторларға, әсіресе сел-түрткілер мен қабілет деңгейіне байланысты келеді. Темперамент ерекшеліктері сол әрекетті орындау тәсілдерін өзгертуге ықпал жасауы мүмкін.

Темпераментіне қарай адамдарды соңғы нәтиже емес, сол нәтижеге жету жолдарын таңдауымен ажыратты. Темпераменттің тума ерекшіліктері тәжірибе, әлеуметтік ортаға және өз басын билей алуға байланысты психикалық процестерде көрініс береді. Жағдайға орай жауап әрекет(реакция), бір жағынан жүйке жүйесінің сипатына, екінші тараптан-оқу тәрбиемен тәжірибеге тәуелді (Р.М.Грановская). Мысалы: тәжірибелі ұшқыштың, боксердың, жүргізушінің әрекет шапшаңдығы тума берілген қасиет емес, жаттығудың үйренудің нәтижесі. Ал, сол әрекеттердің іске асу шегі жүйке жүйесінің мүмкіндіктерімен анықталады. 

Сонымен, адамның қай мазмұнда болмасын өз іс-әрекетін жүзеге келтіруі тікелей темпераментке байланысты.  Темперамент психикалық процестердің жемісінде көріне отырып, еске түсіру, қабылдағанды бекіту жылдамдығына ықпалын тигізеді, ой жүйріктігі мен зейін тұрақтылығын және оның ауыспалылығын айқындап береді.

   Жеткіншектердің темпераментін анықтау үшін оны өте мұқият зерттеу қажет болады. Көпшілік жағдайда темпераменттердің кейбір ерекшеліктері байқала қоймайды да, осыған орай кейде қате қорытындылар жасалады. Темпераменттер жүйке жүйесінің тума типтеріне көбірек тәуелді болғандықтан, оларды тек лаборатория жағдайында зерттеу жақсы нәтиже береді. Жоғарыда атап өткендей, адамның іске қызығуы әуестенумен байланыстылығын және істің әр саласында бір темпераменттің өзі әр түрлі көрінетіндерін психология ғылымы дәлелдеп отыр.

   Түрлі темпераменттердің ішінен бұлардың қайсысы жақсы деп сұрақ қоюға болмайды. Кез келгеннің де ұнамды, ұнамсыз жақтары бар. Әр адам өз темпераментінің жақсы жақтарын біліп, нашар жақтарынан арылу жолын қарастырса, сөйтіп өз темпераментін меңгере алатын халге жетсе – бұл осы адамның сана-сезімінің жақсы көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Ал керісінше, адам темпераментіне еріп өзіне өзі ие бола алмаса, темпераментінің қайсысы болсын адамды ұнамсыз етіп көрсететін болады.

     Жеткіншек шақтағы балалардың сабақ үстіндегі тәртібін ұйымдастырғанда, әсіресе, мінез-құлықтық кейбір теріс көріністері әңгіме болған кезде олардың темперамент өзгешеліктері еске алынып отыруы тиіс. Сангвиниктер мен холериктердің мектептегі қоғам жұмыстарына өздері тіленіп қатысатыны өте жақсы әдет. Бірақ бұларды қадағалап, жұмысына бағыт беріп отырмаса, жұмыстың нәтижесі төмен болуы ықтимал. Әсіресе сангвиниктерді қатты бақылаған абзал, өйткені олар жұмылып кіріскенімен, жылдам суып қалатын балалар.

Темпераменттерді тәрбиелеуде баланың ерік-жігерін мінез бітістерін, сезім-эмоцияларын тәрбиелеумен ұштастырыла жүргізілгені дұрыс. Адамның өзін- өзі ұстай алу қабілетінің дамуы темперамент тәрбиесіне жақсы жәрдем береді. Ерік темпераменттің кез келген түрінен де алдыңғы қатардан орын алу қажет. Ерік-жігері күшті дамыған адамға темпераменттің қандайы болса да жараса береді. Мәселен, нағыз холерик темпераментінің өкілі болып саналған орыс қолбасшысы Суворов ерік-жігерінің аса күштілігінен темпераментінің жетегінде кетпей, ерлік істерінің небір кереметтерін көрсетіп, туған Отанының даңқын шығаруға зор үлес қосқан.

Оқушылардың темпераментін тәрбиелеудің айтылғандардан басқа да көп әдістері мен жолдары бар. Бұл жерде әрбір мұғалім баяу болса да, темпераменттердің өзгеріп отыратындығын, яғни ол адамдардың жасына, білімі мен тәжірибесіне, тәлім-тәрбиесіне, нақтылы әрекетке байланысты түрлі өзгерулерге түсетіндігін ылғи да еске ұстап, осыған орай әрбір оқушы мен жеке жұмыстар жүргізу қажет. Мәселен, оқушының жасына қарай оқудағы үлгерім дәрежесін, тәртібін, басқа балалармен қарым-қатынасын, қоғам жұмыстарына қалай араласатындығын ұдайы қадағалау, олардың ата-аналарымен байланыс жасау, әсіресе, қоғамдық пайдалы еңбекке қатыстыру қажет.

Баланың өзін-өзі ұйымдастыруы алдымен үлкендердің, әсіресе мұғалімнің жасаған және бағыттаған ұйымдастыруының нәтижесі. Зейінді дамытудың жалпы бағты баланың мұғалім қоймаған мақсатқа жетуден өздері қойған міндеттің шешімінтексеруге өту болып табылады. Бастауыш класс оқушыларының ырықты зейіні олар әлі өздерін өздері алып жүрудің ішкі құралдарын игермегендіктен тұрақты болмайды. Сондықтан тәжірбиелі мұғалім оқу ісінің сабақта бірін-бірі ауыстырып отыратын және балаларды шаршатпайтын әр алуан түрлерін (түрлі тәсілдермен ауызша есептеу, есептер шығара және нәтижелерді тексеру, жазбаша есептердің жаңа тәсілдерін түсіндіру оларды орындап жаттығу және т. б.) қолданып отырады. Зейінді дамыту, сондай-ақ оның көлемін кеңейтумен және зейінді іс-әрекеттің алуан түріне бөле білумен байланысты.

Оқыту процестерінде есте сақтауды жетілдіретін негізгі резервтің бірі осында. Есте сақтаудың екі формасыда ерікті және еріксіз-кіші мектеп шағында сапалық өзгерістерге ұшырайды,соның арқасында олардың тығыз байланысы мен бір-біріне етене ұштасуы орнығады. Есте сақтау формаларының әрқайсысын балалар тиісті жағдайда қолданған жөн. Ерікті есте сақтау ғана оқу материалын толық игеруге жеткізеді деп ойламау керек. Мұндай игеру егер бұл материалды логикалық ұғыну құралдарына сүйенсе, еріксіз есте сақтаудың көмегіменде болуы мүмкін. Оқу материалын логикалық қорыту өте жылдам жүруі мүмкін де сырт көзге кейде юала мәліметтерді сорғыш сияқты сорып жатқандай болып көрінеді. Шын мәнінде бұл процесс көптеген іс-әрекеттерден тұрады.оларды орындау үшін ерекше оқып үйрену керек, онсыз оқушылар арнайы талдауды, топтастыруды және салыстыруды талап ететін нәрселерді тікелей есте сақтауды тырысқанда олардың есі қаруланбаған, шашыраңқы, яғни «нашар ес» болып шығады. Оқу текістеріне сай келетін жұмыс істеу тәсілдерінің қалыптасуы «жақсы есті» тәрбиелеудің мейлінше тиімді жолы болып көрінеді.

  Танымдық даярлық мазмұнына баланың сөздік қоры, көзқарас деңгейі, арнайы іскерліктерімен қоса, танымдық процестерінің даму деңгейі, олрдың «жақын арадағы даму аймағына» бағытталуы, көрнекі бейнелік ойлаудың жоғары деңгейлері, оқу міндетін ерекшелеп бөле алуы меноны әрекеттің дербес мақсатына айналдыра алу іскерлігі жатады. Еріктік даярлық – бала алдына мақсат қойып, шешім қабылдап, іс-әрекетін жоспарлап, оны жүзеге асыруға күш жұмсай алса, осы жолда кездескен кедергілерді жеңсе – қалыптасқан деп есептеледі. Көңіл-күй даярлығына «оқушының ішкі жағдайы» деп аталатын жаңа әлеуметтік қатынастың; оқу әрекеті үшін қажетті адамгершілік қасиеттер тобының; сондай-ақ баланың құрдастарымен, үлкендермен қарым-қатынас сапасының қалыптасуы жатады. Баланың оқуға ынтасы ықыласы мектепке психологиялық даярлық диагностикасы бағыттары мазмұнындағы мотивтік даярлықты құрайды. Баланың мектепке психологиялық жағынан даярлығы міндетті түрде баланың биологиялық жасымен тығыз байланысты. Сондықтан да, бүгінгі таңда мемлекетімізде бірінші сыныпқа қайтадан жеті жастан қабылдау,алты жасарларды жаппай мектеп алды даярлықтан өткізу ісі жүргізілуде. Осы үш ерекшелікті ескере отырып, әр балаға индивидуалды жағдай жасай білу керек. Жекелеген психикалық процестерді дамыту бүкіл бастауыш мектеп шағында жүзеге асырылады. Балалар мектепке қабылдау процестері едәуір жетіліп келсе де, олардың оқу ісіндегі қабылдауы формалар мен түстерді тану және атауға келіп тіреледі.

Психикалық дамудың негізгі көзі – оқу мен тәрбие барысында игерілген әлеуметтік тәжірибе болып табылады. Биологиялық факторлар «генетикалық, морфологиялық, физиологиялық». Психиканың дамуын қамтамасыз ететін шарттар қызметін атқарады. Бірақ осы шарттар онтогенез барысында айтарлықтай өзгерістерге ұшырап отырады: әр кезеңге тән жаңа тәжірибелерді меңгеру үшін және жаңа психикалық мүмкіндіктерді қалыптастыру үшін алғы шарттар жасайды. Сондықтан баланың психикалық дамуына ағзаның кемелденуі қалай әсер ететіндігін анықтау қажеттігі туындайды. Ол үшін әуелі, «өсу» мен «даму» ұғымдарына түсінік бере кетейік. Өсу – клеткалар саны мен олардың өлшемдерінің көбеюімен сипатталады. Ал даму – сапалық түрдегі қайта құрылымдармен  анықталады. Бұл екі процесс ағзаның кемелденуін құрайды.

  Сонымен, қорыта келгенде біздің ойымызша темпераменттің тұлға ретінде қалыптасуында алатын орны зор деуге болады. Оқу мен тәрбиені оңтайластыру, олардың тиімділігін көтеру жолында әрбір педагог өз шәкіртінің темперамент типін мүмкіндігінше нақты анықтап алғаны жөн. Осы тұрғыдан мұғалімдерге кеңес: холериктің оқу істерін мейлінше жиі бақылауға алған дұрыс. Бұл типті оқушымен қатты сөзбен, жекіріп қатынас жасауға тіпті болмайды. Сонымен бірге оның қай қылығы болмасын орынды талаппен, әділ бағалануы тиіс.Сангвинниктерді үздіксіз жаңа қызғылықты, зейін тоқтатып, белгілі күш жұмсауды талап еткен істерге қосып отыру керек. Сонымен қатар, оны ұдайы белсенді іс-әрекетке араластырып, мақтауын үзбейжеткізіп тұру да өте қажет. Флегматик болса қызғылықты, белсенді әректке келіп, жұрт назарында болғанды ұнатады. Оны бір ісінен екінші ісіне ауыстыра бермеген жөн. Ал меланхоликпен жұмыс істеуде дөрекі сөз, тұрпайы қатынас қана емес, тіпті жай дауыс көтеру, әзіл-оспақтың өзі орынсыз. Онымен жіберген қате-кемшіліктері жөнінде оңаша әңгімелескен жөн. Оған ерекше назар бөліп, әрқандай іс-әрекетте көрсеткен белсенділік ұшқыны үшін де мезетінде мақтап, қошеметтеп отыру керек. Ескертулер мен ұнамсыз бағаны мүмкіндігінше жұмсартып, байқап жария еткен орынды. Меланхолик - өте сезімтал, өкпешіл тұлға, сондықтан оған дегенде өте мейірлі, жақсы ниет білдіре отырып қатынасу керек. Сонымен, адамның қай мазмұнда болмасын өз іс-әрекетін жүзеге келтіруі тікелей темпераментке байланысты демекпіз.

  Темперамент типтері жайлы теорияларды қарастыра келіп, олардың ғасырлар бойы ғылыми ойды қызықтырып келе жатқан мәселелердің бірі екеніне көз жеткіздік. Оған деген қызығушылықтың төркіні – адамдар бойында болатын дара өзгешеліктер. Өйткені темпераменттің қайталанбастығы, бір жағынан, адам тәнінің биологиялық және физиологиялық құрылымы мен дамуына байланысты болса, екіншіден - әлеуметтік ерекше байланыстар мен қатынастарға негіз бола алуында. Адамдар арасындағы көптеген психикалық айырмашылықтар да темперамент табиғатымен байланысты, мысалы эмоция тереңдігі, қарқындылығы, тұрақтылығы, ауыспалы-қозғалғыштығы, еске түсіруі, қабылдағанды бекітуі және т.б. Осылай темперамент психикалық процестердің желісінде көрініс таба отырып әр тұлғаның ерекшеліктерін айқындауға да мүмкіндік береді.       Әрине, келешектің иесі – жастар, сондықтан қоғам талабына сай, сол қоғамды көркейтетін, дамытатын жастар тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз. Ақыл – жастан, асыл – тастан демекші, еліміздің ертеңі жастардың қолында. Елбасымыздың өз сөзімен айтқанда: «Жастар ертеңгі жарқын болашақты армандап қана қоймай, оны өз қолдарымен жасауға да белсене қатысулары тиіс». Себебі, қазіргі таңда бүкіл адамзат алдында бұрын болмаған ауқымды, бүкіл әлемдік проблемалар қойылуда. Олардың ішінде бейбітшілік пен қарусыздану, қоғамдық және әлеуметтік даму, халық ағарту және мәдениет проблемалары, денсаулық сақтау және т.б. сол сияқты мәселелер. Адамзат болашағы аталған ауқымды проблемалармен тікелей байланысты екені сөзсіз.

Сондықтан, мектеп оқушыларының, әсіресе бастауыш сынып оқушыларының менталитетін, адамгершілігін, творчестволық қабілетін қалыптастыру, дамыту қазіргі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Осы мәселені кеңінен қарастыруға баланың бойындағы тума қасиеттердің бірі – темперамент ерекше орын алады деп санаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                     Алексеева В.Г. Ценностные ориентации как фактор жизнедеятельности и развития личности // Психологический журнал. 1984. №5

2.                     Арндреева Г.М. Уровень социальной стабильности и особенности социализации в старшем школьном вазрасте // Вестник МГУ. Серия 14. психология. 1997. №4 С.31.

3.                     Андреева Г.М. Социальная психология. – Москва: Аспект-пресс, 1997.

4.                     Андреенкова Н.В. Проблемы социализации личности // Социальные исследования. Вып.З. М. 1970.

5.                     Битянова М.Р. Организация психологической работы в школе. – Москва: Генезис, 2000.