Момынова С.Н., Ашметова А.Ж., Кунербаева Н.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ЖАНҰЯНЫҢ БАЛА ДАМУЫ МЕН ТӘРБЕСІНЕ ЫҚПАЛЫ

 

Жанұя қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады. Онда адам дүниеге келіп, ұрпақ жалғасады. Жанұяда бастапқы әлеуметтену үрдісі жүзеге асады, балалар азаматтық кәмелетке толғанша тәрбиеленеді. Жанұя сондай-ақ тұрмысты ұйымдастырудың ұйытқысы, ошағы және маңызды тұтынушылық бірлік әрі негізгі әлеуметтік саясат объектілерінің бірі болып табылады. Жанұя негізін еркек пен әйел арасындағы некелік одақ құрайды. Алайда, жанұя тек еркек пен әйел арасындағы қатынастардан ғана емес, сонымен қатар адамдардың ұрпақтарын байланыстыратын ата-ана мен балалардың қатынастарынан да тұрады.  Мұның өзі жанұяға аса маңызды әлеуметтік сипат береді. Жанұяның мәні оның міндеті мен құрылымы мүшелерінің атқаратын рөлі деген ұғымдар арқылы көрініс табады, жанұяның міндеттері, бір жағынан жанұямен қоғамның, екінші  жағынан жанұямен жеке адамның өзара іс-қимылын көрсетеді.

Жанұя аса маңызды әлеуметтік құрылым ретінде көптеген қоғамдық ғылымдардың зерттеу объектісі болып отыр. Ағылшын этнографы Л.Морган «Көне қоғам» (1884) атты еңбегінде жанұя тарихын дұрыс бағытта талдады. Марксизм жанұяны дара және топтық қатынастардан тұратын тарихи әлеуметтік құбылыс деп қарады.

Жанұяның негізі – еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынас нысаны болып табылатын неке. Өйткені қоғам өмірінде жүріп жататын аса күрделі үдерістердің бір парасы – халықтың өсіп-өнуі мен табиғи тығыздығының артуы, өмірге келіп жатқан жаңа ұрпақтың рухани және материалдық жағынан қамтамасыз етілуі, балалардың ата-ана тәрбиесінде және қамқорлығында болуы осы қатынастық қалыпты жағдайы мен сипатына, мазмұндылығы мен баяндылығына байланысты. Жанұяның  неғұрлым кең тараған тұрпаты – нуклеарлық, ол балалы және баласыз бір жұптық жұбайлардан құралады. Нуклеарлық жанұя толымды  және балалы ерлі зайыптылардың біреуінен ғана құралатын толымсыз жанұя да болуы мүмкін. Толымсыз жанұя не ерлі - зайыптылардың ажырасуынан, не ерлі – зайыптылардың бірінің қайтыс болып, жесір қалуынан, не некеге тұрмаған ананың некесіз бала табуынан болады. Қолайсыз экологиялық және психологиялық жағдайлар да, отбасындағы қатыгездік ықтимал әлеуметтік қатерге айналып отыр. Жанұялық тұрмыстың тұрақсыздығы, дағдарысты құбылыстардың белең алуы, өтпелі кезеңде ел басынан кешіріп отырған әлеуметтік - экономикалық қиындықтарға ғана ішінара байланысты болып отырған жоқ, сонымен бірге ең алдымен ажырасушылық санының көбеюінен де көрініс тапқан. Әрбір жанұяның жұпқа шаққанда бала саны ұдайы қысқарып келеді.

Өткен замандарда жастар ата - ананың құда түсіп, қыз айттыруы жолымен некелескен болса, қазіргі заманда жастардың көбі некеге тұру туралы шешімді өздері қабылдап, некелесетін жұбайларды өздері таңдайтын үрдіс қалыптаса бастады. Осыған орай ерлі-зайыптылар арасындағы, әке-шеше мен балалар арасындағы қарым-қатынас та, жанұядағы жетекшілік құрылым да өзгеріске ұшырап келеді. Ал дәстүрлі жанұяда ұсталатын дәстүрлі салт-ғұрыптар мен құндылықтардың мәні төмендеп, жекелеген жанұядағы жеке басылық қарым-қатынас барысында үрдіске айналып келе жатқан әбес мінез-құлық нормалары мен үлгілері етек ала бастады.

Сонымен, жанұяның негізгі атқаратын қызметтерін айтатын болсақ:

- қайта өндіру (репродуктивті) – ұрпақ келтіру (тек жалғастыру тума әрекеті, перзентті болу, оларды өсіру және тәрбиелеу қажеттігі)

- шаруашылық – экономикалық, (орта шаруашылық және қаржы пайдалану, еңбекке жарамсыздарға қамқорлық және оларды материалды қамсыздандыру);

- тәрбиелеу (отбасы, оның әрбір мүшесінің тұлғалық қалыптасуына жағдайлар жасау; отбасы ұжымының өз мүшелеріне жек дар ықпал жасап баруы; өмірлік тәжірибе, инабаттылық тәртіптерімен адамгершілік құндылықтарға баулу);

-  қарым-қатынас құру (коммуникативті - отбасы ішіндегі қатынас түзу, отбасының басқа адамдармен, жанұялармен әлеуметтік топтармен байланысын ұйымдастыру);

- қайта қалыпқа келу (рекреативті – бос уақыттарындағы демалыс іс-әрекеттерін ұйымдастыру; отбасы мүшелерінің күш-қуатын, денсаулығын қайта тіктеу шараларын қамтамасыз ету).

Отбасы тәрбиелік қызметтерінің іске асуы оның ұлттық ерекшеліктеріне, әлеуметтік - мәдени салт-дәстүрлеріне және ол енген қауымдастыққа тән талап-тәртіп ұстанымдарына байланысты.

Отбасылардың өздеріне тән ерекшеліктеріне орай топтасуы төмендегідей:

Құрылымы бойынша (мүшелер саны, жас деңгейлері): үш әлеуметті отбасылар – ата-аналар, балалар, немерелер; екі әлеуметті отбасы – ата-аналар және балалар; бір балалы; көп балалы (үш одан да көп балалы) отбасылар; толық  болмаған, яғни ата-анасының біреуі жоқ; перзентсіз және т.б. отбасылар; отбасы тұрмысы және даму жағдайларына байланысты (жарасымды және қисыны кеткен жанұялар); отбасылық тәрбие стиліне орай (әкімшіл, адамгершілікті, либералды).

Әкімшіл (авторитарлы) отбасы - бала қарсылығын не күйзелісі мен селқозтығын туындатын қаталдығы шектен тыс талаптарымен сипатталады. Сырттай бұл дөрекі қылық пен тұрпайы, жалған сөзден, екі жүзділіктен көрініп, балада қорқыныш пен қорғансыздық сезімін пайда етеді.

Адамгершілікті қатынас түрі (стилі) ата-аналардың бала тұлғасына  болған сыйластық, құрметімен, оның көзқарас, ой-пікірлерін қабылдаумен, өзіндік дербестігін шектемейтіндігімен елінеді. Мұндай отбасылар балалар датына құлақ түре алады, өз шешімдерімен баланы тұсауламайды, оның шығармашыл ынтасының дамуына көиектеседі. Бұл отбасы жағдайында бала өзін жайлы сезінеді, әрдайым табысты әрекет қуанышына бөленіп, оны ата-анасымен бөліседі, олардан қорықпайды, керісінше, ішкі нәзік сырларын ортаға салып проблемаларымен бөліседі, кеңестерін тыңдауға асығады, өз қадір мәртебесін сезінеді.

Либералды стилдік қатынас отбасы баласының не істесе де бетін қайтармауға, оның жауапкерсіздігі мен өзімшілдігіне бастау береді. Балалар ата-аналарының әсіресе сүйіспеншілігін «қорғаныс» етеді немесе олардың түгелдей елемеу, немқұрайлылығына тап болады. Бұл баланы екі жүзділікке, менмендікке, тәртіпсіздікке, моральдық жұтаңдыққа душар етеді.

Өз перзентіне шынайы қамқорлықпен сүйіспеншілік шуағын арнаған ата-ана, негізінен адамгершілікті стилді қолдана отырып, орынды жерінде әкімшіл не либералды тәрбие элементтерін қолдануды да ұмытпайды.

Бүгінгі таңда ауқымды мәселелердің бірі – жағымсыз жанұяның қоғамға әсері жайында көптеп талқылануда.

Жағымсыз жанұяны сақтандыру негізіндегі алғашқы мәселе бұл криминогенді және аморальды жанұялардың ерте пайда болуы болып табылады. Әсіресе, бұндай жанұялар өздерінің балаларын тәрбиелеуден бас тартады, яғни өздерінің маңызды конституциялық міндеттерін дұрыс атқармайды.

Жанұялық-құқықтық жауапкершіліктің негізгі мақсаты - ата-аналарының жағымсыз әсерінен баланы изоляция жолымен зардаптарды тоқтату. Жалпы, жанұяны сақтандырудағы қиындықтардың бірі бұл криминогенді  проблемалық және жағымсыз  жанұяларда көрінеді. Егер криминогенді және аморальды жанұяларда ата-аналардың балаларға деген жағымсыз әсерінен көрінетін болса, онда проблеманы және жағымсыз жанұяларда бұндай негативті әсерлер жасырын болып келеді. Алғашқыда, бұнда жанұяларға балаларды тәрбиелеуде дұрыс емес әдістерді қолдану тән болған. Сонымен қатар балаларымен қарым-қатынасты орната алмаушылыққа, олардың мінез-құлқын бақылай алмаушылыққа  әкеп соқты. Ең соңында бұл балалардың ата-анасынан жатырқаушылық туындады. Сонымен бұндай жанұялар өзінің педагогикалық сауатсыздығымен және ата-ананың жауапсыздығымен ерекшеленеді. Педагогикалық сауатсыздықтың кең тараған формасы – тәрбие тәжірибесіндегі денеге күш салу, жазалау, қорлау, зорлықты қолдану болып табылады. Бұндай жазалаудан кейін балаларда негативті зардаптар байқалады – балалар мейірімсіз, ашуланшақ, қайырымсыз, қорқақ және екі жүзді, көнгіш және қорғалақ болыд табылады. Ата-ананың жауапсыздығы бірнеше формада көрінуі мүмкін.

Әлеуметтік қауіпті формасы ата-ананың балаларын тәрбиелеуде міндеттерді атқармауы. Ата-ана жауапсыздығының екінші формасы – жасырын әлсіздік деп айтуға болады, яғни тәрбиеге әкенің қатыспауы. Бұл әсіресе ұл балаларға қатты әсерін тигізеді.

Ата-аналар жауапсыздығының көп таралған формасына  рухани кереңдік жатады. Яғни балалар, әсіресе жасөспірімдер мен ата-аналар арсындағы жатырқаушылық. Бұл феномен ата-аналардың балаларының ішкі өміріне ынтасыз қатынасын және немқұрайлығынан көрінеді.  Ата-аналар мен рухани байланыстың болмауы жасөспірімдер үшін ауыр. Олар көп уайымдағаннан тұйық болып, ата-аналарымен өзінің  қуанышымен және қайғысы мен бөлісуден бас тартады. Жасөспірімдердің ата-аналарынан жатырқап кетуі – құқықты бұзудың ең маңызды әлеуметтік психологиялық себептерінің бірі болып табылады. Ата-ана жауапсыздығының тағы бір формасы – тәрбие функциясын қоғамдық мекемелерге тапсыру, яғни ата-аналар өз балаларын көптеген секцияларға, музыкалық мектептерге орналастыру деген талпыныстан көрінеді. Олар балаларының тәрбиесін ұйымдастырушыларға, педагогтерге, жаттықтырушыларға толығымен тапсырады.

Ата-ана жауапкершілігін жоғарлатудың негізгі жолдарын қарастырайық. Ең біріншіден бұл - ата-аналардың педагогикалық мәдениетін қалыртастыру болып табылады. Педагогикалық білімнің негізгі қайнар көзіне: арнайы педагогикалық әдебиеттер, ұстаздардың, оұытушылардың кеңесі, радио мен теледидардағы бағдарламалар, журналдар мен газеттердегі материалдар болып табылады. Ата-аналарды педагогикалық мәдениетке ынталандыру үшін мектептердегі педагогикалық факультеттерді ұсынуға болады.

Келесі, ата-аналардың жауапкершілігін жоғарлату жолына келсек бұл – жанұядағы тәрбие әдістерін өзгерту. Тәрбиенің авторитарлы әдістерінің орнына ата-аналардың демократиялы әдістерге көшуі қажет, яғни балаға кеңес беріп, онымен шын жүректен сөйлесіп, оны жиі қолдап отыруы тиіс. Бұл ата-анамен балалар арасындағы рухани байланысты орнатуға, жанұядағы психологиялық климаттың қалыпқа келуіне көмектеседі. Сонымен қатар қарым-қатынас мүмкіндіктерін кеңейтіп, тығызды эмоционалды байланысты және өзара түсунушілікті орнатады, ата-аналарының өз балаларының рухани өміріне кіруге, олардың қарым-қатынасындағы қажеттіліктерін қанағаттандыруға  көмектеседі.

Сонымен ата-ана жауапкершілігі жағымсыз жанұяның ең маңызды ескерту құралы болып табылады. Қазіргі кезде жағымсыз жанұяның ең тиімді ескерту құралы болып, әсіресе проблемалы жанұяларда – жанұялық психотерапия болып табылады. Оның негізгі мақсаты тұлға аралық  қарым-қатынасты өзгерту және жанұядағы эмоционалды бұзулыларды жою.

Бүгінгі таңда криминогенді сақтандырудың негізгі қиындығын толымсыз жанұядан көруге болады. Жалпы, толымсыз жанұяның пайда болу себебі ата-аналардың ажырасуы болып табылады. Қазіргі  таңда кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың көбі  толымсыз жанұядан шыққандығы мәлім. Сондықтан да ажырасудың  алдында ата-аналар балалары үшін жанұялық ажырасудың жағымсыз зардаптары жайлы ойлануы тиіс.

 

Пайдалынылған әдебиеттер тізімі: 

1.    И.Ә.Әбеуова     Әлеметтік психология – Алматы., 2001.

2.    Бакли Р., Кейпл Д. Теория и практика тренинга.- Питер, 2002 г.

3.    И.В.Гребенников         Семья өміріндегі әдеп және психология         Алматы «Мектеп» 1986.

4.   В.В.Давыдов    Виды обобщения в обучении- Москва;1972.

5.   С.А.Елеусізова    Қарым-қатынас психологиясы-лматы;1975.

6.  Қ.Б.Жарықбаев   Әдеп және жантану.- А;1997.