Экономические науки/10.Экономика предприятия

 

к.э.н.Абылайханова Т.А., Мукашев К.Б.

 

Восточно-Казахстанский государственный университет им.С.Аманжолова, Казахстан

Инновация - өндіріс тиімділігін жоғарылатудың негізі

 

Әлемдік экономиканың қарқындап дамуы –  адами және интеллектуалдық ресурстардың нәтижелі еңбегінің жемісі екені белгілі. Қазіргі заман талабына сай дамыған елдерде тиімді әзірлемелер жүйесі және түрлі қызмет сфераларына жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге негізделген инновациялық экономикаға өту үрдісі байқалады. Сонымен бірге, табиғи ресурстардың молдығын пайдалану маңызды болған дәуір өтіп барады, оның орнына экономиканың технологиялық тұрғыдан дамуын тездету, үдету мақсатында тиімді тетіктерді қолдану мүмкіншілігі үлкен мәнге ие болып отыр. Арзан, сапасы төмен еңбекке негізделген өндіріс кезеңі аяқталуда. Дәл қазіргі қоғам – адамның интеллектуалдық ресурстарына, оның инновацияларды қабылдауы мен жүзеге асыру қабілетіне негізделген қоғам болып қалыптасуда.

Қазақстан экономикасы жаңа сатылық және сапалық биікке қадам басты. Әлемдік экономиканың жаһандану жағдайында азуы алты қарыс алпауыттардың аузында жұтылып кетпеу үшін де бізге бәсекелестікке қабілетті экономика құру қажет. Ұзақ уақыт тек шикізат шылауы болып келген біздің мемлекетіміз үшін алдағы жақсы күндерге аршынды адым жасау міндеті алға қойылды.

Осы мақсаттағы бірінші нақты қадам Қазақстанның 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму Стратегиясының қабылдануынан басталды. Біз өзімізді жаңа технологиялар мен жаңа экономика әлеміне енгізетін экономикалық басқарудың түбегейлі жаңа жүйесі – Ұлттық инновациялық жүйе жасауды қолға алдық.

Біздің стратегиялық міндетіміз – бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан лайықты орын алу, - деп Елбасымыз Н.Назарбаев өз жолдауында инновацияның еліміз үщін маңыздылығын баса айтып кеткен болатын.

Негізінен алғанда «инновация» терминi латын тілінен алынған, ол - «жаңару, өзгеру» дегендi бiлдiредi. Бұл түсінік XIX ғасырдағы зерттеулерде пайда болып, белгiлi бiр мәдениеттің кейбiр элементтердің бiрiнен екiншісіне енгiзу дсгендi бiлдiрдi. ХХ ғасырдың 30-жылдарында Еуропада ғылымның жаңа саласы, жаңашылдық ғылымы пайда болып, ал 50 жыдары педагогикалық инновация қалыпасты. КСРО-да бұл термин ХХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап қолданыла бастады.

Инновация дегеніміз белгілі бір қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін жаңашыл жаңалықтарды кешенді құру процесі, таралуы және қолданыс табуы.Әртүрлі ғалымдар, әсіресе шетелдік (Н.Мончев, И.Перлаки, В.Хартман, Э. Мэнсфилд, И.Шумпетер және т.б), инновация түсінігін өзінің зерттеу объектісі мен саласына байланысты тұжырымдар айтты. Мәселен, Б.Твисс инновацияны ғылыми ашылымдар немесе идея экономикалық мазмұнға  ие процесс ретінде анықтайды. Ал, Б.Сантоның пікірінше, инновация – бұл қоғамдық, техникалық және экономикалық процесс, яғни идеялар мен ашылымдарды практикада қолдану арқылы қасиеттері жақсы өнімдер мен технологияларды құруға жеткізеді. Ал егер де инновация экономикалық табысқа, пайдаға негізделсе, онда оның нарықта пайда болуы қосымша табысты әкелуі мүмкін. И.Шумпетер инновацияны кәсіпкерлікпен тығыз байланысты өндіріс факторлардың жаңа ғылыми-ұйымдастырылған комбинациясы деген анықтама ұсынған. «Инновация» ұғымын экономикалық теорияға өткен ғасырдың 30– жылдарында Й.Шумпетер енгізді.[1]

 Қазіргі кезде əдебиеттерде инновацияға əртүрлі көптеген анықтамалар берілген:

- инновация дегеніміз жаңа идеяларды түрлендіруге байланысты қызмет түрі немесе рынокқа енгізілген жетілдірілген өнім;

- инновация – практикалық қызметте пайдаланылған жаңа немесе  жетілдірілген технологиялық үрдіс;

- инновация – əлеуметтік қызметтерге жаңа тəсіл. [2]

Жалпы алғанда инновация дегеніміз – əкелетін ғылыми–техникалық, ұйымдастырушылық, қаржылық жəне коммерциялық іс–шаралар кешенін болжайды.

Нарықтық экономикада бизнесті басқару көптеген белгілермен ерекшелікшеленеді. Біріншіден, кәсіпорынның жиынтық ресурстарының ішінде ең маңызды ресурс ретінде қаржылық ресурстар қолданылады. Екіншіден, қаржылық бейнедегі басқарушылық шешімдерді қабылдау белгісіздік жағдайында жүргізіледі. Үшіншіден, кәсіпорынның нақтылы тәуелсіздігі нәтижесінде негізгі мәселе ретінде қаржылық ресурстарды анықтау және инвестициялық саясатты ықтималды жүргізу болып табылады. Төртіншіден айналым капиталын тиімді пайдалану арқылы қаржылық жағдайды жақсарту қажет болады, ақшалай қаражаттардың ролі де жоғары мәнге ие. Кәсіпорында  міндетті түрде  ақшалай қаражаттар мен олардың эквиваленттерінің болуы шарт. Ақшалай қаражаттарды тиімді басқару жүйесі қаржы менеджметінде  қаржылық циклды есептеумен, ақшалай қаражаттардың қозғалысын талдаудан, ақшалай қаражаттарды болжамдаудан құралады. Осы себептерге байланысты нарықтық экономика жағдайында кәсіпорынды басқаруда ақшалай қаржаттарды басқару мен инновациялық мәселелері өзекті болады.

Сонымен кәсіпорындағы инновацияның негізгі кезеңдеріне тоқтала кетсек:

1. Келіп түсетін идеяларды бір жүйеге келтіру.

2. Идеяларды сұрыптау және жаңа өнім туралы идеяны өңдеу.

3.  Жаңа өнімнің экономикалық  тиімділігін талдау.

4. Жаңа өнімді құру.

5. Нарықта тестілеу.

6. Өнім жөнінде маркетинг бағдарламасы негізінде  өндіріске жаңа өнімді енгізу туралы шешімді қабылдау.

Экономиканың үнемі қарқынды дамуын қамтамасыз етуде  өндірістің техникалық және технологиялық базасының ұдайы жаңаруын, жаңа бәсекеге қабілетті өнімдерді игеріп, оларды шығаруды, әлемдік тауарлар мен қызметтер рыноктарына тиімді кіруді қамтамасыз етуге қабілетті инновацияларды дамытудың маңызының артып отырғаны мәлім.  Бұл үшін қоғам өмірінің барлық салаларын және ең алдымен экономика саласын реформалау қажет. Яғни бұл кәсіпорын жағдайына тікелей байланысты болғандықтан ондағы инновациялық процесcтерді тиімді ұйымдастыра білу қажет.

Инновациялық процесcтерді ұйымдастырудың 3 түрі белгілі:

1. Дәйектілікпен ұйымдастыру. Бұның мақсаты инновациялық әрекеттер кезекпен түрлі бөлімдерде іске асырылады. Артықшылығы: кәсіпорынның қаржылық тәуекелін төмендетеді, зерттеу жұмыстарын бақылауды оңайлатады. Кемшілігі: жаңа өнімдер жасауды және инновациялық процестерді созып жібереді.

2. Қатар ұйымдастыру. Инновацияның кезеңдерінің бір бөлімінде аяқталуын талап етпейді, себебі ол бір уақытта бірнеше бөлімде іске асуы мүмкін. Артықшылығы: кәсіпорында инновациялық үрдістің іске асу уақытын қысқартады. Кемшілігі: қаржылық тәуекел деңгейі жоғарылайды.

3. Интегралды ұйымдастыру. Бұл уақыт бойында жаңа тауар мен қызметтерді жасауға байланысты жұмыстарды біріктіріп, қатар жүргізуге негізделген. Мұнда белгілі жұмыс бағдарламалары бар мамандандырылған адамдар топтары құрылады. Артықшылығы: кәсіпорында инновациялық процестің іске асу уақытын қысқартады; инновациялық шаралардың біртұтас тізбегі құрылады; өзгерістерге оперативті жауап беру мүмкіндігі артады; инновациялық процестердің барлық қатысушыларының белсенді әрекеттерге жағдай жасай отырып, олардың іс–әрекеттерін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Pricewaterhous Coopers  (PWC) жүргізген ауқымды статистикалық зерттеу бойынша 355 ірі компанияның  экономикалық қызметіне талдау жүргізілді. Зерттеу нәтижелері инновацияларды қолданатын компаниялар өз бәсекелестеріне қарағанда жылдамырақ жұмыс істейтіндігі әрі пайданың жоғары көрсеткіштеріне ие екендігі туралы дәйекті бекітті. Басшылардың айтуынша, инновациялар олардың компания қызметінің басымды бағыты болып табылады және бизнеске елеулі оң әсерін тигізеді екен. Сонымен қатар, PWC зерттеулері келесі заңдылықтардың анықталуына мүмкіндік берді:

- инновациялық қызметті жүзеге асырушы компаниялардың (инновациялық компаниялардың) капитал акционерлері үшін жиынтық табыстың орташа мөлшерден асып кетуі (жылына 37%–дан жоғары) инновациялық компанияларға инвестициялардың құйылуы сала бойынша түсетін орташа пайдадан да едәуір жоғары пайда әкелетіндігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді;

- инновациялық компаниялардың айналымының 75%–дан астам бөлігі соңғы бес жылда олардың нарыққа енгізген тауарлары мен қызметі есебінен болған екен. Басқаша айтқанда, озық инновациялық компаниялардың пайдасы инновациялар есебінен қалыптасады.

Инновациялар әмбебап бәсекелестік жетістік болып табылады – олар ұйымдарға әлем бойынша бәсекелестік күресте жеңіп шығуға және өте жоғары пайда әкелуге көмектеседі.

Қазіргі заманғы ортада компаниялардың технологиялық жаңалықтарды енгізу қабілеті олардың бәсеке қабілеттілігінің негізгі көзі болып табылады. Жалпы, технология дегеніміз ғылыми–техникалық, өндірістік, басқарушылық және коммерциялық білім мен тәжірибе.

Қорытындылай келе, келешекте  шетелдің технологиясына тәуелді болмай, ендігі жерде одан құтылудың жолын қарастыру керектігі, өзіміздің отандық өндірісімізді жүйелі дамыта отырып, жаңа технологияларға қол жеткізудің қажеттілігі туындайды.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.       Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. – Егемен Қазақстан – 2006 жыл, 2-наурыз 

2.       Н.Назарбаев. Инвестициялық тартымдылық – бәсекеге қабілеттілік қасиеті. //Егемен  Қазақстан 2010 ж. - 9 маусым

3.       Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 ж. 17 мамырдағы №1096 Жарлығы. Астана, 2009. Источник: справочная правовая система ЮРИСТ.

4.       Стратегия индустриально-иновационного развития Республики Казахстан на 2003-2015г. Астана2003г. Постоновление Правительства РК от 5 февраля 2009 года №137.

5.       Назарбаев Н.А. конкурентспособному Казахстану, конкурентспособной экономике, конкурентспособной нации! Послание Президента народу Казахстан// Казахстанская правда, 2010г. 19 марта

6.       Кенжегузин М.Б.«Экономика Казахстана на пути преобразований» Алматы-2011г.