Ибрашева А.Ж. э.ғ.м., аға оқытушы

 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Өнім сапасын басқарудың экономикалық тиімділігін арттыру

 

Соңғы  кездерге  дейін  кәсіпорындарда сапа мәселесін  шешу  кезінде нарықтық  қажеттілік  есепке  алынбай өнім сапасы техникалық деңгейге  бағытталды. Сапаны  басқару мәселелерімен  техникалық бақылау және сапаны талдау бөлімдері айналысты. Олардың функцияларына бұйымдар параметрлерін (белгілер) тексеру, өндірістік процестердің әрбір операцияларында қолданылатын шикізаттар, материалдар, жабдықтардың дәлдік жұмыстары, өнімде табылған кемшіліктер,  оларды  талдау  және  себептерін  талдау  кіреді.

Сапасы төмен өнім өндірісінің негізгі факторлары мыналар:

-        көптеген шаруашылықтарда қажетті материалдық-техникалық базаның жоқтығы;

-          өндірістің ескірген технологиясы;

-         орындаушылардың білім деңгейінің төмендігі;

-         өндірісті басқару мен есептің жетілмегендігі;

-          орындаушылардың орындаған жұмысына жауапкершіліксіздігі;

-         өнім мен жұмыс сапасына деген жүйелік бақылаудың болмауы, т.б.

Сапасы төмен өнім өндірісінің себептерін шешу өнім сапасын жоғарылату тәжірибесінде маңызды рөл атқарады.

Еліміздің ұзақ мерзімдік басымдықтарын аша отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» халыққа жолдауында былай деп көрсеткен еді: «Нарықтың көмегімен біз аймақтар арасындағы бәсекелестікті «үздік аймақ - өмір деңгейі жоғары аймақ» принципі бойынша қалыптастыруымыз және күшейтуіміз қажет».

Өндіріс тиімділігінің өсуінің басты факторларына шығарылатын өнімнің сапасын жақсарту жатады. Шығарылатын өнімнің сапасын жоғарылату қазіргі кезде оның сыртқы және ішкі нарықтағы бәсеке қабілеттілігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор болып табылады. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі көбінесе елдің беделін анықтайды және ұлттық байлықты жоғарылатудың шешуші факторы болып табылады.

«Қазақстан Республикасының Индустриялдық-инновациялық даму стратегиясын» жүзеге асыру барысындағы экономикалық өзгерістер, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру мәселелері осы кезге дейін қалыптасқан ұлттық өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесін өзгертуді талап етеді. Осы іс-шаралар нормаларын халықаралық тәжірибеде қолданылатын нормаларға сәйкес келтіру қажет. Бұл мәселе заңнамалық актілерді, нормативті құжаттарды үйлестіру, метрологиялық қызметтің техникалық негізі-республикалық эталондық базасын дамыту жолымен жүзеге асырылады.

Сапа мәселесінің көкейкесті болу себебі, қазіргі заманғы әлемде ол кәсіпорын жұмысының басты көрсеткішіне айналды. Жұмыстың сапа жағынан нәтижелілігі кәсіпорынның нарық жағдайында  қалайша тіршілік етуін, ғылыми – техникалық прогресс қарқынын, өндіріс тиімділігінің өсуін, кәспорында  пайдаланылатын ресурстардың барлық түрлерін үнемдеуді  анықтайтындықтан, отандық тауарлардың шетел тауарларына бәсеке бола алатын және кәсіпкерлердің өнім сапасын басқаруды халықаралық деңгейге жеткізу алға қойған мақсаттардың бірі болып табылады.

Бүгінгі күні басты мақсат тек қана өндірісті жандандыруға бағытталып қоймай, өндіріс мекемелерінің инновациялық белсендігін  көтеруге, өнім сапасын арттыруға, өндіріске жаңа жаңа технологияларды ендіруге, сол арқылы қолдағы бар ресурстарды тиімді пайдалануға аз шығын щығарып, сапалы әрі мол өнім өндіруге, өнімнің өзіндік құнын арзандатып, еңбек өнімділігін арттыруға да бағытталуы тиіс.

Сапа менеджменті жүйелерін енгізуге кәсіпорындардың қызығушылықтарының төмендігінің негізгі себептерінің бірі сапа саласындағы саясатын әлсіз насихаттау мен ғылыми-әдістемелік базаның болмауы еді. Таяу жылдарда отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін арттыруды қамтамасыз ету үшін кәсіпорындарда сапа менеджменті жүйелерін және қоршаған ортаны қорғауды енгізу мен сертификаттау жөніндегі жұмыстарға мемлекеттік қолдау қажет.

Қазіргі уақытта жалғастырылуы қажет өнеркәсіптің басым салаларындағы кәсіпорындарда 9000 және 14000 сериялы ИСО халықаралық стандарттарын енгізу кезінде туындайтын проблемаларды талдау жөнінде қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Сынақ қорын жабдықтау үшін өнімнің, шикізаттың және материалдардың әлеуетті қауіпті түрлеріне сертификаттық сынақтар жүргізу жөніндегі аккредиттелген сынақ орталықтары желісін құру және жетілдіру қажет.

Бағдарламаның негізгі іс-шаралары халықаралық стандарттар салаларына енгізуге бағытталған, ол үшін:

-       Республиканың кәсіпорындарында, салаларда стандарттау қызметтерін     құру;

-       Қазақстан Республикасы экономикасының басым салалары үшін дамыған шет елдердің халықаралық өңірлік және ұлттық  стандарттарын сатып алу;

-       Экспортқа шығарылатын отандық өнім мен обьектілерге арналған қолданыстағы нормативтік құжаттарды үйлестіруді жүргізу болжанып   отыр.

Кез-келген өнімдерді шығарудан бұрын оны жасаушылар нормативтік және технологиялық құжаттармен, әдістемелермен және өлшеу, бақылау құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.

Кәсіпорын қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін өндірістегі технологиялық үрдістерді жетілдіруіміз қажет. Ол үшін ең алдымен инновациялық жаңашылдықтар керек.

         Қазақстанның қарқынды даму экономикасында инновациялық қызметтің жандануы көптеген өндірістік және коммерциялық мәселелерді шешу құралы болып табылатын – инновацияларға деген шаруашылық етуші субьектілердің сұранысының артуымен түсіндіріледі. Жаңашылдықтарға деген қажеттілік тұтынушылардың төлем қабілетті сұранысы түрінде көрінеді. Ол экономикалық жағдайлармен, қажеттіліктің қанағаттану деңгейімен, тұтынушы мүмкіндігімен түсіндіріледі.

Жаңашылдықты тұтынушының мойындауы, оны неғұрлым тиімді түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Ендірілген жаңашылдықтарды қоғамның мойындауы ауқымы, сатып алушылардың өнім сапасына деген талаптарымен, табыс деңгейімен, ұлттық дәстүрмен және тұрғындардың әдет-ғұрыптарымен, алдын-ала анықталған қоғамдық сұраныстың қалыптасуына септеседі. Инновацияларға кәсіпкерлердің қызығушылық танытуы келешектегі жаңашылдықтарды өткізуден алынатын табысты бөлудегі үлесімен түсіндіріледі. Жаңашылдықтар саласының таралу мүмкіндігі нақты инвесторлардың инвестицияларды ұлттық экономиканың негізгі даму секторларының басым бағыттарында шоғырландыра алуына тәуелді.

         Өндірістің инновациялармен қанығуы жолындағы кедергілердің бірі болып Қазақстанның өндірістік саласындағы дағдарыстық жағдайлар саналады. Ол шаруашылық етуші субьектілердің қорларды өнеркәсіптік қажеттіліктерге жұмсауға бөгет болады. Сондықтан жаңа өндірістердің инвестициялар алу мүмкіндігі төмен.

Тәжірибе көрсеткендей, жаңашылдықтардың таралуына олардың ұзақ уақыт бойы жетілдірілуі кедергі болады. Құрамында жаңашылдықтарды дайындауға оларды пайдалануға негіз болатын және алдыңғы өнеркәсіптік үлгілерді пайдалану нәтижелері туралы мәліметтерді біріктіретін білімнің жинақталуы, келешегі бар нұсқаларды дайындауға, өнеркәсіпті меңгеруде жаңашылдық сипаттамаларын арттыруға, оны дайындауды технологиялық ерекшеліктеріне, нақты өндірісті ұйымдастыру және басқару әдістеріне икемдеуге мүмкіндік береді. Жаңашылдықты игеру үрдісінде өндірісте оған қатысушылардың өзіндік тәжірибелері қалыптасады, олардың еңбектерінің ынталандырылуы жоғарылайды, бұл өз кезегінде жаңашылдықтардың технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Жаңашылдықтарды дайындау мен игерудегі зерттеулердің нақты өндірістің технологиялық мүмкіндіктеріне бағытталғандығы өндіріс саласындағы шығындарды қысқартады.

         Жаңашылдықтардың таралу жылдамдығына жаңашылдық тиімділігі, оның алдыңғы өніммен немесе кәсіпорынның шаруашылық ету параметрлерін жақсартуға мүмкіндік беретін әдіспен  салыстырмалы прогрессивтілігі, сонымен қатар жаңашылдықтарды игеру үшін тартылған инвестициялардың өтелімдік уақыты әсер етеді. Осылайша Қазақстан экономикасының дамуын анықтаушы болып ғылым жағынан ұсыныс емес, ал жаңашылдыққа деген сұраныс табылады.

         Жаңа инновациялардың пайда болуы мен оларды өндіріске ендіру көп жағдайда айтарлықтай қаржылық салымдарды талап етеді. Кәсіпорынның технологиялық деңгейін жоғарылатудың ең тиімді әдісі болып қолда бар патенттерді лицензиялау, лицензия пакетін құру болып табылады.         Инновациялық фактордың басқа құрамасы ірі корпорациялармен технологиялық нарықты монополизациялау болып табылады. Патенттеу мұнда негізгі тетік болып табылады. Патенттеудің мақсаты қысқа уақыт аралығында бәсекелес корпорациялар дайындайтын жаңа ашулар мен технологиялар есебінен технологиялық шешімдерді неғұрлым көбірек көлемде жаулап алу. 

         Талдау көрсеткендей инновациялық қызмет әлі де жаңадан қолға алу деңгейінде, өйткені осы саладағы жоғарғы басшылықтың қолда бар нәтижелермен қанағаттанып, инновациялық қызметті ұйымдастыруда жүйелендірілген жұмыстардың атқарылмай жатқандығы байқалады. Кәсіпорын аумағында жүргізілген стратегиялық талдау рентабелділіктің басқа көрсеткіштері өсуге қабілетті болғанына қарамастан соңғы жылдардағы атқарылған жұмыстардан сату рентабельділігінің төмендегенін көрсетеді. Мұндай жағдай тұрақты нарықтық коньюнктураны ұстап тұру үшін сапаны, өндірістің жабдықталу параметрлерін төмендету кезінде сипат алады. Кәсіпорынның жалпы проблемаларын анықтау үшін SWOT-талдау жүргізіледі. Біздің пайымдауымыз бойынша, кәсіпорын жағдайындағы инновациялық қызмет: біріншіден, нақты мүмкіндіктердің (квалификациясы жоғары мамандардың, төлем қабілетті сатып алушылардың, бәсекелестердің алдында бағалық басымдықтың болуы) күшеюіне; екіншіден, қауіп деңгейінің төмендеуіне (бәсекелестермен баға деңгейінің төмендеуі, түрлі себептермен басқа марка өнімдерін қалауына байланысты сұраныстың төмендеуі, жеткізушілер өнімдерінің сапасының төмендеуі, кредиттік ресурстарды тартудың қиындауы) және осының нәтижесінде әлсіз жақтардың әсерін азайтуға негізделуі тиіс. Бірақ бұл үшін:

-       қажетті тауарды іздестіру мен қойма аумағында сатып алушыға жеткізіп беру үрдісін автоматтандыратын құрылғыны дайындау;

-       тұрақты сатып алушылармен компьютерлік желіні ұйымдастыру;

-       кәсіпорынның әлеуметтік ортасын жақсарту;

-       сервистік қызмет сапасын қадағалайтын жүйені ендіру қажет.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.   Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан халқына Жолдауы – Астана, 27 қаңтар 2012 ж.

2.   Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы. –Алматы, 2003ж., 52 б.

3.   Дуламбаева Р. Кәсіпорын экономикасы. Оқу құралы – Алматы: Қазақ университеті, 2009 ж.

4.   Жұмамбаев С.К. Өндірістік менеджмент: Оқулық. Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2011 ж.

5.   Ғаламтор сайттары: www.google.kz, www.rambler.ru, www.yandex.ru.