Нургалиева Ш.Т. экономика ғылымдарының магистрі

 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Ақтөбе облысының аймақтық инфрақұрылымның даму перспективалары

 

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму міндеттері аймақтарды экономикалық өркендеу  және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайту орталығы  ретінде қалыптастыруды талап етеді. Ақтөбе облысында 2015 жылға дейінгі Инвестициялық бағдарлама жасақталды. 12,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын 617 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр, сөйтіп 35,0 мың жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Осы бағдарламаны жүзеге асырудың арқасында Ақтөбе облысының, оның аудандары мен облыс орталығының экономикалық қуаты елеулі түрде мығымданбақшы. Бұл мақсаттарға жету облысты дамытудың 2015 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарымен нақты үндесіп тұр.

Президентіміз алға қойған міндеттерге сәйкес, 2020 жылы Қазақстан бизнес- ахуалы ең қолайлы деген 50 елдің қатарына енуі тиіс. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға басым назар аударуды талап етеді. Жолдауда «Он жылдықтың соңында шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға дейін көтерілуге тиістігі» айтылған.

Ақтөбе облысында ішкі азық-түлік рыногының жалпы көлеміндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 19,1 пайызды құрады. Алдағы онжылдықта бұл көрсеткіш 2 еседен астам өсуі тиіс. Ішкі азық-түлік рыногында шағын және орта бизнес үлесінің өсуі «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы шараларының орындалуына ықпал етеді. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы берілген несиенің сыйақы қойылымын қаражаттандыру және жаңа  жобаларды несиелеу арқылы кәсіпорындарды сауықтыруға; жаңа жобалар үшін ішінара кепілдікті несие беруге; өндірістік инфрақұрылымды дамытуға; бизнесті жүргізу үшін сервистік қолдау көрсетуге бағытталатын болады.

Бизнес пен халықтың кәсіпкерлікке ынталы бөлігі мен нақты кәсіпкерлерді оқытуға арналған «Бизнес-кеңесші» Бағдарламасын «ФРМП «Даму» акционерлік қоғамымен бірлесіп қаржыландыру бағдарламасын, шағын несиелік ұйымдардың, бизнес-инкубаторлардың қызметтерінің аясын кеңейтуді жүзеге асыру жалғастырылуда. Жасалған болжамдарға қарағанда Ақтөбе облысында 2015 жылы-ақ шағын және орта бизнес үлесі 40 пайызға  жетіп болады. Бұған бизнесті масштабты түрде қолдау, шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру, соның ішінде ірі кәсіпорындар маңайынан сервистік компаниялар ашу, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында жол сервисі объектілерін дамыту, т.б. арқылы қол жетеді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму Стратегиясы өңдеу өнеркәсібіне бұрынғыдан да жіті назар аударуды талап етеді. Бұл секторда өнім өндіру көлемін көбейту қарқынын өсіру экономикалық дамудың негізі болмақшы. Мемлекет басшысының Жолдауында тұтас алғанда республика бойынша ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2015 жылға 12,5 пайыздан кем емес, ал 2020 жылға 13,0 пайыз болуы керектігі нақты айтылған.

Президентіміздің Жолдауында атап көрсетілгендей, «Еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібінде 2 есе, ауыл шаруашылығында кем дегенде 4 есе артуы тиіс». Нақтылай айтқанда, 2015 жылға 2 есе, 2020 жылға 4 есе өспек. 2009 жылы біздің облысымызда өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігі 7,5 миллион теңге, ал ауыл шаруашылығында 312,7 мың теңге болды.

Президент Жолдауындағы межені орындау үшін қайта өңдеу саласындағы еңбек өнімділігін арттыратын, жоғары технологиялық өндіріс негізінде қосымша бағаны жаңаша реттеуге бағытталған жобаларды іске асыру  жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек. Айталық, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жылына 441,0 мың метрикалық тонна жоғары көміртекті феррохром өндіру қуаты бар № 4 цехын (жаңа зауыт) іске қосу еңбек өнімділігін 4 есеге өсіруге мүмкіндік береді. «Юбилейный» кен орнындағы жылына құрамында алтын бар 5,0 млн. тонна руданы қайта өңдейтін кен байыту кешенінің құрылысы, жылына 10,0 тонна никель штейнін өндіретін қуаты бар «Батамша никель зауыты» ЖШС да осы қатарға жатады.

Ауыл шаруашылығы бойынша алға қойылған міндеттерге қол жеткізу өндіріске ғылым жетістіктерін енгізу арқылы алқаптар мен фермалардың өнімділігін арттыруға, осы заманғы технология мен өндірісті ұйымдастыру әдістеріне зор көңіл бөлуді талап етеді. Бұған ауыл шаруашылығына, яғни дән алқаптарына 80 пайыз көлемінде ылғал ресурстарын сақтағыш технология енгізу мен тамшылатып суару және жылыжай әдісін қолдану арқылы картоп, көкөніс өсіретін мамандандырылған шаруашылық құру да жатады. Сондай-ақ ірі бордақылау алаңдары мен мал өсіру комплекстерін құрып, озық технологиялық өндіріс арқылы шошқа, құс, ірі қара, қой, жылқы етін, сүт өндіріп, оны экспортқа шығару қажет.

Кәсіпорындарда техникалық қайта жарақтандыру жүргізу мен өндірісті жаңалау, өндірісті ұйымдастыру мен басқаруды жетілдіру, соның ішінде менеджмент сапасы жүйесі мен еңбек ресурстарын тиімді пайдалану өңдеу саласындағы еңбек өнімділігін 2020 жылы — 2 есеге (7,5 млн. теңгеден 15 млн. теңгеге), ал ауыл шаруашылығында — 4 есеге (312,7 мың теңгеден 1250,6 мың теңгеге) өсіруге мүмкіндік береді.

Ел Президенті республиканың 2020 жылға дейінгі дамуы стратегиясындағы басты элементті анықтап берді — инновацияға сүйену. Міне, осы инновациялық индустрияландыру мен инновациялық адам капиталын дамыту еліміздің қайырлы болашағын қамтамасыз етудегі шешуші фактор болмақ. Алдағы бес жылда облыс кәсіпорындарының инновациялық-активтік үлесі 15 пайызға, ал 2020 жылы 20 пайызға өседі. Біздің аймағымызда бұған мүмкіндік мол: қуатты өндірістік, көліктік-логистикалық және ғылыми потенциал бар. Технологиялық инновацияларды қолдану арқылы жүйелі түрде жаңа қуаттар іске қосылуда, ассортимент ұлғаюда және өнімнің жаңа түрлері игерілуде. Соңғы үш жылда инновациялық кәсіпорындар үлесі облысымыз бойынша 4-тен 6 пайызға өсті. Кәсіпорындардың инновациялық белсендігін арттыру, олардың өндіріске жаңа технологиялар енгізуін ынталандырау шаралары ойластырылуда. Өнімнің жаңа түрлері пайда болмақшы: никель-колбаттық руда, штейндегі никель, қырланған шойын, ферроникель, ыстық және салқын прокат, калий фосфоры тыңайтқышы, цемент, целлюза-қағаз өнімдері, т.б.

Облыста алғашқылардың бірі болып  құрылыс материалдары кластері құрылды. Соңғы жылдары «Қазақстан даму банкі» және «Инвестициялық қор» қаржыларын тарту арқылы бірнеше объектілердің құрылысы аяқталды, ал шығарылатын құрылыс материалдарының атаулары жиырма шақты атаудан асты, ішкі қажеттіліктердің 69 пайызы жергілікті өндірушілер арқылы қанағаттандырылады. 2015 жылға ішкі құрылыс рыногының қажеттілігі 80 пайызға дейін қамтылатын болады. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен құрылыс индустриясы дамуда, бұл шығарылатын тауарлардың номенклатурасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ақтөбе қаласы қазіргі  Қазақстан Республикасының сервистік орталығы ретінде қалыптасуы жеке және мемлекеттік инвестицияларды көптеп тартуды талап етеді.

Қазір қолда бар инфрақұрылымдық жобалардың толық тізімін жасап, ашық жерлерін толтырып, осы заманғы әлеуметтік инфрақұрылым объектілері құрылысы желілеріне артықшылықтар беру керек.

Территорияны дамытудың мемлекеттік саясаты сондай-ақ аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуының барлық бағыттарындағы мемлекеттік-жеке әріптестіктің күшейе түсуін де қалайды.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.   Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы. –Алматы, 2003ж., 52 б.

2.   Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан халқына Жолдауы – Астана, 27 қаңтар 2012 ж.

3.   Ғаламтор сайттары: www.google.kz, www.aktobegazeti.kz