Абылайханова Т.А. – аға оқытушы, Мешелов Б.Т. - магистрант

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қазақстан

Шағын бизнес: мәні мен ерекшеліктері

 

Шағын бизнес - жеке және заңды тұлғаның өз күш - қабілетін танытуының, белгілі бір мақсаттарды жүзеге асырушының іс әрекетінің тиімді тәсілі. Ол адамдардың өзіне сенімін арттырады, іскерлігін қалыптастырады. Кәсiпкерлiк қызметке талдау жасау - оның жалпы экономикалық ой-пiкiр сияқты ұзақ тарихы мен терең тамырының бар екендiгiн  көрсетедi.

Нарықтық экономикасы дамыған елдерде әрбiр азаматтың кәсіпкерлікпен айналысуға құқығы бар. Алайда оны жүзеге асыру қоғам мүшелерiнiң кез-келгенiнiң қолынан келе бермейдi. Сондықтан, кәсiпкерлiктiң шын, нақты субъектiсi - бұған деген алғышарттары бар, ең бастысы капитал иемдену құқығы бар субъектілер жатады.

кәсiпкерлiктiң  соңғы нәтижесi өндiрiлген өнiм мен көрсетiлген қызмет және ең бастысы - әр кәсiпкер оның тек өзiне тиiмдiсiн,  пайдалысын ғана жасайды. Мiне, осы себептен кәсiпкерлердiң басты мақсаты өз кәсiпорынының пайдасын барынша жоғарылату  немесе шығындарын барынша азайту болып табылады.

Ал, кәсiпкердiң табысы көбiне оның бизнестi ұйымдастыруына тiкелей байланысты. Қызметiнiң бастапқы кезеңiнде кәсiпкер қатаң бәсеке жағдайында нарықтан шығып қалмас үшiн өндiрiс факторларын жүйелеудің жаңа жолдарын iздейдi, яғни, бұл кәсiпкерлiктiң ең басты мәселесi.

С.А. Туржанов «Шағын және орта бизнес  монополияланған экономика жағдайында маңызы ерекше бәсекелестік ортаны құрайды» - деп пайымдайды [1].

Шағын бизнес - бұл шаруашылық жүргізуші субъектілердің толық экономикалық жауапкершілігіне, ынталы, инновациялық қызметіне негізделген, қаржы қорларының шектелген жағдайларында жұмыс істейтін, қауіптің және белгісіздіктің жоғарғы үлесімен жанасатын, табысты алу мақсатымен өндірістің барлық факторларын қозғалысқа келтіретін және меншік иесінің өндіріс пен басқару процесіне жеке қатысуын талап ететін, өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі жаңарту процесі.

Б.К. Мейірбековтің пікірі бойынша, шағын бизнес өзінің табиғаты жағынан монополияға қарсы, ол оның қызметінің әртүрлі жақтарында көрінеді. Бір жағынан ол, монополияны қалыптастырушы элементтердің сирек және қозғалыс жылдамдығының жоғары деңгейде болатындығынан монополиялауға аз ұшырайды. Екінші жағынан, тар мамандану және жаңа техниканы пайдалану барысында шағын және орта бизнес ірі корпорациялардың монополистік позицияларын бұзатын, қауіпті бәсекелес ретінде болады [2].

Қазіргі уақытта бизнесті жандандыру процесі экономикалық және инвестициялық дағдарыстармен; білікті мамандардың жоқтығымен; нормативті-құқықтық базаның жетілдірілмеуімен, коррупциямен, тікелей шаруашылық-коммерциялық қызметпен, тұрақты қауіппен; капиталдың тапшылығымен; шаруашылық жүргізуші субъектілердің моралды және табиғи тозған материалдық базасымен байланысты қиын жағдайларда өтуде. Осыған қарамастан Республикада шағын кәсіпкерлік қызметтің алғашқы жемістері бар, бірақ оның көпшілігі сауда мен делдалдық қызметтерде.

   Нарыққа негізінен миллиондаған айналымы бар корпорацияларға жол ашық. Ал шағын бизнес құрылымдарына кіруге мүмкіндік жоқ деген пікір бар. Басты дәлел шағын фирмалардың жақсы жетілген ірі компаниялармен бәсекелес бола алмауы. Шын мәнінде, шағын бизнес бірнеше себептерге байланысты ірі компаниялармен сәтті бәсекелес бола алады. Мысалға, ірі компаниялардың стратегиясын өзгерту үшін 6 жыл уақыт керек, ал оған жаңа стратегия енгізу үшін 10 жыл қажет. Ал шағын фирмалар үшін бұл уақыт жарты жылдан бір жылға дейін уақытты алуы мүмкін.

Шағын бизнесті сипаттаудың көптеген критерийлері бар. Олар: өндірістің көлемі, жұмысшылардың саны, негізгі өндіріс құралдарының актив бөлігінің өлшемі, басқару әдісі және кіріс мөлшері.Осылардың ішіндегі көп тараған бірі жұмыс істеушілердің саны.

   Кейбіреулер жұмысшылар санының 100-ге, 50-ден 1000-ға дейін немесе  100-ден  1500-ге дейін жететін кәсіпорындарды шағын бизнес кәсіпорындары деп те санап жүр. Германияда ереже бойынша жұмыспен қамтылған адамдар саны 1-ден 500-ге дейін жететін кәсіпорындарды шағын бизнеске жатқызады [3].

   Қазіргі кезде Қазақстанда қабылданған заңдарға сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің орта жылдық жұмыскерлер саны  50-ден және жылдық активтердің жалпы құны  60 еселік есептік көрсеткіштен аспайтын кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке және заңды тұлғаларды жатқызады. 

   Нарықтық қатынастарды енгізуші ТМД республикаларының біразында, соның ішінде Қазақстанда, шағын кәсіпкерлік кеңінен тарады, «өйткені шағын бизнессіз нарықтық экономика не қызмет ете алмайды, не дамымайды». Нарықтың әр түрлі аймақтарын жеңіп алу және көптеген елдердегі шағын кәсіпкерліктің әлемдік нарықта өркендеуі, экономиканың осы сферасының  шаруашылық жүргізуші субъектілерін мақсатты түрде мемлекеттік қолдау, ғалым зерттеушілерді оның негізгі сипаттамаларын негіздеуде, ұлттық экономикадағы ролі мен орнын анықтауда қызығушылығын тудырмай қоймады.

Шағын бизнестің өзіне тән ерекшеліктері келесі сапалық сипаттамалармен анықталған:

- шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншік иелері, жалдамалы жұмыскерлермен және клиенттермен үнемі байланыста бола отырып, өндіріс пен басқару процесіне тікелей қатысады;

- өндірісті қайта жабдықтауға, өндірісті басқару мен ұйымдастыруға байланысты, шешімдерді қабылдаудағы жоғары икемділік, шапшаңдық;

- бәсекелестік ортаны құрайды;

- өндірістік және басқарушылық жүйелерде жаңалықтарды қабылдау қабілеті;

- орташа және ірі кәсіпкерлік субъектілерімен салыстырғанда «тіршілік әрекеті» төмен;

- белгісіз жағдайларда, шектелмеген жауапкершілікте ресурстардың барлық түрлерінің тапшылығына негізделген қауіптің жоғары деңгейі;

- банк несиелеріне қол жетімділігінің шектелуі және тағы басқалар.

Берілген анықтама шағын бизнес процесін толық көлемде сипаттайды, оның мәнін инновация ретінде анықтайды, кәсіпкерлер қызметінде қауіп және белгісіздік элементтерінің болатындығын білдіреді; кәсіпкерлік процесс өндірістің барлық факторларының өзара әрекеттесуі арқасында мүмкін болатындығын көрсетеді, өндіріс пен басқару процесінде меншік иесінің ролін анықтайды және ең бастысы кәсіпкерлік қызмет ынталандырушысы алынатын табыс екендігін айтады.

Сонымен, кәсіпкерліктің ұсынылған тұжырымының және шағын және орта бизнестің қолдағы бар тұжырымдарын талдау негізінде, шағын және орта бизнестің келесі анықтамасын көрсетуге болады: Шағын және орта бизнес – бұл шаруашылық жүргізуші субъектілердің толық экономикалық жауапкершілігіне, ынталы, инновациялық қызметіне негізделген, қаржы қорларының шектелген жағдайларында жұмыс істейтін, қауіптің және белгісіздіктің жоғарғы үлесімен жанасатын, табысты алу мақсатымен өндірістің барлық факторларын қозғалысқа келтіретін және меншік иесінің өндіріспен басқару үдерісіне жеке қатысуын талап ететін, өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі жаңарту жүйесі болып табылады.

 

Әдебиеттер

1.   Туржанов С.А. Малый и средний бизнес: проблемы развития, поиск решений. Алматы, 2005. - 244 с. - 32 с.

2.   Мейірбеков Б.К.  Шағын кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау жолдары мен дамыту әдістері. - Алматы : 2010ж. - 159б.

1     Сәбден О., Тоқсанова А. Шағын кәсіпкерлікті басқару. - Алматы: Білім, 2002 ж. - 158 б.