Экономикалық ғылымдар/4.инвестициялық қызмет және қор нарығы

 

Экономика магистрі Теңізбаева Д.С.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуал мен даму алғы шарттары

 

Инвестиция саласындағы нарықтық өзгерістердің ұзақ мерзімге арналған бағыттарын белгілейтін инвестициялық стратегияның басты жолдарын еліміздің Президенті Н. Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында көрсетіп берді. Сонымен қатар, қазіргі кезеңдегі инвестициялық саясаттың басымдық таңдаулары мен күрделі қаржыны пайдаланудың мәселелері, оның тиімділігі туралы мәселелер Қазақстандық ғалымдар еңбектерінде жан-жақты талданған.     

Инвестиция дегеніміз- бүгінгі күні қолда бар ақшаны, мүлікті және басқа да заттарды , яғни капиталды қандай да бір өндірісті дамыту үшін жұмсап, сол арқылы ке келешекте , яғни алдағы уақытта пайыз түрінде немесе басқадай үлкен кәсіпкерлік табыс табу болып табылады. Бұл жоғарыда айтылған процеспен екі фактор байланысты болып келеді. Оның біріншісі – уақыт, ал екіншісі – тәуекелдік. Сонымен қатар инвестиция экономикалық өсудің негізі бола отырып, елдің әлеуметтік дамуына жағдай жасайды. Осы айтылғандармен қатар инвестиция экономикалық дамудың жоғарғы және тұрақты қарқынын қалыптастырудың, ғылыми- техникалық прогресс жетістіктерін өсірудің, инфрақұрылымды дамытудың маңызды факторы болып саналады. 

Шетелдерден инвестиция тартуды толықтай елімізге білім мен жаңа технологиялар трансферттеу үшін пайдалану керек. Шетелдік компаниялармен бірлесіп, жобалық және инжинирингтік орталықтар құру қажет. Бізге ірі мұнай-газ және тау-кен металлургиялық нысандарында жұмыс істейтін жетекші трансұлттық компанияларды олар осында өз қажеттілігі мен сервисін қамтамасыз ету үшін өндірістер құруға шақырғанымыз жөн.

Қазақстан Республикасы республика экономикасына инвестиция тарту саласында елеулі нәтижеге жетті. Мемлекеттің ұстанған инвестициялық саясатының арқасында жоғары экономикалық нәтижелерге қол жеткізілді. Елдегі инвестициялық ахуалдың жақсаруы мемлекет қызметі басымдығының бірі болып табылады. Тұрақты және мақсатты жұмыс жүргізудің арқасында Қазақстан, халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша, ТМД елдері арасында инвестициялық реформа жүргізудің көшбасшысы болып танылды.

Қазақстан өзі таңдаған инвестициялық саясатта инвесторлармен жасалатын қарым-қатынастарда тұрақтылық пен айқындылық, заңнама нормаларының ашықтығы, инвесторлар мүдделерінің қорғалу, жергілікті және шетелдік инвесторлар үшін тең жағдай жасау, бұрын жасалған келісімшарттардың орнықтылығы қағидаларын ұстанады.

2000 жылдан бастап жалпы экономикалық жағдайдың тұрақтануының және кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржы жағдайының жақсаруының нәтижесінде инвестициялық және құрылыс қызметі жанданды. 2000-2011 жылдар аралығында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі бірнеше есеге ұлғайды.

2013-2014 жылдарға арналған Дүниежүзілік экономикалық форумда жарияланған инвесторлардың құқықтарын қорғау индексіне сәйкес, Қазақстан бірқатар Еуропа елдерін басып озып 10-шы орынды иеленген.

Қазақстанда Кеден одағына мүше елдердің ішінде салық салу бойынша ыңғайлы аудан болып отыр.

Инвестициялық салық преференцияларын беру арқылы өңдеу өнеркәсібінің тіркелген активтеріне инвестиция тарту жөніндегі саясат айтарлықтай нәтижеге жеткізді. Республикада инвестициялық қызметтің қүқықтық өрісінде сапалы өзгерістер орын алды.

Қазақстан экономикасына шетел инвестициясын тартудың тиімді формаларының бірі – әлемдік нарықта қазақстандық кәсіпорындар мен салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде біріккен кәсіпорындарды құру. Бұл мәселені толығымен қарастыру үшін, қазақстандық инвестициялық ақуалын ғана талдап қоймай, сонымен қатар серіктестердің іс-қимылдарын да қарау керек.

Біріккен кәсіпорын құру кезінде қазақстандық серіктестер белгілі бір мақсаттарды қарастырады:

·                 тауардың нарықтағы, саладағы бәсекеге қабілеттіліктің жоғарылауы;

·                 қосымша қаржы және материалдық ресурстардың тартылуы;

·                 алғы шетел техникасы мен технологиясын қолдану;

·                 бәсекеге қабілеттілікті жоғарылату және өткізу процесін жақсарту үшін серіктестерінің тауарлық белгісін қолдану;

·                 өндірістік процесс пен кадрларды басқару өрісінде тәжірибелерін қолдану;

·                 қаржылық тоқырау кезінде шетел серіктесімен коммерциялық тәуекелді бөлісу.

Біріккен кәсіпорын формасында тікелей шетел инвестициясын тарту формасын таңдау, яғни біріккен кәсіпорындар құру туралы нақты шешімді қабылдау кезінде бірнеше факторлардың әсер етуін есепке алу керек. Оларға: өндірістік-технологиялық потенциал көлемін, ресурстарды пайдалануға берілетін рұқсат, нарықтық тартымдылығына кәсіпорынның салыстырмалы позициясының бағасы, нарық сыйымдылығы, істің салыстырмалы пайдалылығы, нарыққа ену кезіндегі шектеулер, нарықтың көлемі, оның даму тенденциясының бағасы (бәсекелестердің саны ма, өзінің артықшылықтары, өткізуді ұйымдастыру) жатады.

         Қазақстан Республкасына инвестиция тарту елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жоғарлататыны сөзсіз анық.

 

Әдебиеттер

1. Курганбаева, Г.А. Экономика Казахстана в ХХI веке/ Гульмира Аманжоловна Курганбаева; Каз. ин-т стратег. исслед. при Президенте РК.- Алматы: КИСИ при Президенте РК, 2009.- 139

2. Тілеужанова, М.Ә. Макроэкономика: оқу құралы / Манатжан Әшімқұлқызы Тілеужанова.- Алматы: Экономика, 2008.- 511.

3.www.newskaz.kz

4. Темірбекова А.Б. Экономикалық теория. -  Алматы, Экономика 2008.