Г.Б. Абиева
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті, Қазақстан
Кіші өзен алаптарын экологиялық-географиялық
тұрғыдан бағалау (Қарқаралы өзені
мысалында)
Қазақстан Республикасының саяси
және әлеуметтік саласындағы елеулі жаңа
өзгерістер, нарықтық экономиканың дамуы су ресурстарын
тиімді пайдаланудың оның ішінде, кіші өзендердің
ластануы және тартылуы туралы мәселелерді шешудің жаңа
тұжырымдарын жасаудың қажеттілігін тудырды. Сондықтан бұл
мәселе ұлттық экологиялық мәселелер
қатарына жатқызылды.
Осы мәселелерді шешу үшін
Республикада бірқатар Қаулылар мен заң актілері
қабылданған болатын. Олардан басқа зерттелетін
аумаққа арналған бірнеше табиғат қорғау
бағдарламалары жасалып бекітілді. Ал бұл бағдарламаларды
жүзеге асыру үшін, алдымен кіші өзендердің негізгі
гидрологиялық сипаттамаларын, су режимдерін толық зерттеу
және олардың экологиялық жағдайын бағалап алу қажет.
Осы мақсатта жүргізілген су ресурстары тапшы болып табылатын
Орталық Қазақстандағы кіші өзендердің бірі ̶ Қарқаралы өзені
алабында жүргізілген далалық экологиялық зерттеулердің нәтижесін
қарастырайық.
Қарқаралы өзені Қарқаралы
тауынан басталып, төмен қарай Қарқаралы қаласы үстімен
және аласа таулар аумағымен аға отырып қарасор
маңы жазығына келіп құяды. Өзеннің
ұзындығы бастауынан Қарасор көліне дейін 85 км, су
жинау ауданы 640 км². Өзеннің
жоғарғы ағысы биіктігі 1050-1150 м болатын
Қарқаралы таулы массивінің шегінде орналасқан [1]. Одан
әрі қарай өзен Қарамырза (шыңы 1064 м),
Қаражал (872 м), Сиырлы (833 м) тауларының жанынан
ағып өтеді. Сиырлы тауынан төмен қарай төбелі
сипаттағы биіктігі 700-720 м қыраттар кездеседі [2]. Төменгі
ағысында өзен аңғары БЖ бойынша биіктігі 675-625 м
жазықтармен өтеді. Жалпы алғанда алап беті солтүстікке
қарай еңкіш келеді.
Өзен алабы геологиялық құрылымы бойынша
Жоңғар-Балқаш жүйесінің тектұрмас
көтерілімдер аймағына жатады. Жыныстарында: протерозойдың
эффузивті-шөгінді және палеозойдың гранитті,
қайнозойдың аллювиалды кешендері басым.
Өзен
өзінің ұзындығы бойында салыстырмалы түрде
алғанда бірнеше үлкен салаларды қабылдап алады: оң
жағалауда – Қараөзек (сағадан 67 км,
ұзындығы 11 км), Түлкілі (сәйкесінше 61 км және
11 км) және Жартас (38 км және 17 км), сол жағынан тек
Тасбұлақ өзені (57 км және 10 км) келіп
құяды [3].
Қарқаралы өзеніндегі гидрологиялық бақылаулар
2 бекетте жүргізілген: Қарқаралы қ. 1954-57 жж.
және «1 май» (Бірінші май) ауылында 1954 жылдан бастап, өткен
ғасырдың 90-шы жылдарына дейін. Одан басқа, өзен
алабындағы гидрометрия 1955-1957 жылдар аралығында Мұхтар
өзені-Қарқаралы қаласы гидробекетінде жүргізілген
болатын.
Бірінші май
гидробекетіндегі бақылаулар сенімді әрі дәл. Басқа
бекеттер бойынша мәліметтер өте қысқа және
есептеулер аз жүргізілген. Төмендегі кестеде өзендер мен
олардың су жинау алаптарының негізгі гидрографиялық сипаттамалары
берілген [4].
Кесте 1 – Өзеннің гидрографиялық сипаттамалары
|
Өзен-жарма |
Гидромет-жармаға дейінгі
қашықтық, км |
Өзеннің орташа еңістігі, промилле |
Су
жинау ауданы,
км² |
Су
жинау аудан. орташа
биіктігі, м БЖ |
Су
жинау ауданының орташа еңістігі,
промилле |
|
|
бастау-ынан |
саға-сынан |
|||||
|
Қарқаралы өзені - Қарқаралы қаласы |
12 |
73 |
25 |
44 |
979 |
138 |
|
Қарқаралы өзені – Бірінші май |
56 |
29 |
7,05 |
568 |
824 |
93,1 |
|
Мұхтар өзені - Қарқаралы қаласы |
4,6 |
1,1 |
22,8 |
12,7 |
949 |
161 |
Өзеннен ағып өтетін судың көлемі негізінен
еріген қар суынан, кейде жаңбыр және жерасты суларынан,
оның ішінде Қарқаралы таулары мен тау алдындағы
бұлақтардан қалыптасады. Қарқаралының
төменгі ағысында өзен жайылмасындағы шағын
көлдерді толтырудан су ағынының тез төмендеуі
жүреді. Тасқын кезінде жоғарғы ағыста орта
есеппен 78% ағын өтеді. Кей жылдары тасқын уақытында
жылдық ағын 100% дейін (1976 жыл), кейде 34% - (1963 жыл)
қалыптасқан [4].
Қарағанды облысы өзендерінің лайлылық картасы
бойынша Қарқаралы өзенінің алабы
лайлылықтың 1 зонасына (50-100 г/дм³) жатады,
эрозиялық жағдайы А=0,009 коэффициентімен бағаланады.
Өзендегі тосқындардың орташа шығыны Бірінші май ауылы
маңында 0,077 кг/с , орташа лайлылық - 23 г/м³,
тосқындардың жылдық ағыны 2,4 мың тоннаны
құрайды. Әлбетте, бұл өзеннің
ұзындығы бойынша максималды қатты ағын.
Өзеннің Қарқаралы тауларынан шығар
бөлігінде ең көп лайлылық байқалады.
Қарқаралы өзені арнасына жақын орналасқан
аумақтарда халық сирек әрі әркелкі
қоныстанған. Өзен аңғарындағы
халықтың ең көп тығыздығы
Қарқаралы қаласы орналасқан өзеннің
жоғарғы ағысында байқалады. Одан төменгі
өзен ағысы бойында тек бір елді мекен Ақжол ауылы (М.Мамыраев
атындағы ауыл) орналасқан.
Зерттеліп отырған ауданды салыстырмалы түрде алғанда
қарқынды антропогендік игеру Қарқаралы
қаласының негізі қаланған 1824 жылдан басталды.
Қазіргі уақытта Қарқаралы өзенінің
жағалауындағы антропогендік қызметтің басты саласы ауыл
шаруашылығы болып табылады: ол негізінен мал шаруашылығымен
және аз көлемде егін шаруашылығымен көрсетілген.
Жоғарыда аталған ерекшеліктер, атап айтқанда
халықтың ауылшаруашылық өндірістік
қызметінің нәтижесі, сонымен қатар өзеннің
қос жағалауындағы елді мекен тұрғындарының
өмір сүру үдерісі өзенге түсетін жүктемеге
себепші болады. Өзеннің қала арқылы өтетін
жоғарғы ағысында өзен арнасының едәуір
өзгерістері байқалады. Мысалы, Қарқаралы қаласы
шегінде орналасқан өзен арнасының беткі ағындары
бірнеше шағын бөгендермен реттелген (1- сурет).

Сурет 1 – Қарқаралы
өзеніндегі бөгендер. (Қарқаралы қ.)
Өзен арнасының біршама бөлігі Ақжол ауылы мен
«Қарағанды-Қарқаралы» тас жолын қосатын жол
бойында орналасқан.

Сурет 2 – Ақжол ауылы маңындағы
өзен жағалауында шоғырланған көң
қоқыстар
Зерттеу барысында елді мекен аумағында орналасқан өзен
жағалаулары мен арнасының бөліктері бойында
шоғырланған, сонымен қатар шашыранды ластану көздері
(құрылыс материалдары, тұрмыстық
қалдықтардың, көңнің үйінділері
және т.б.) ұшырасады (2 сурет ).
Қарқаралы өзенінен алынған су сынамаларының
нәтижесі бойынша, беткі суда бірқатар ластаушы заттардың ШМКс
асып кеткені байқалады: өзеннің жоғарғы
ағысында темір – 5,28-5,31, кремний – 1,04, нитраттар – 2,00 ШМК; орта
ағысында (Ақжол ауылына жақын жерде) кадмий – 1,1 ШМК, натрий – 1,48,
сульфаттар – 1,58, хлоридтер – 1,33, құрғақ
қалдық – 2,08 ШМК.
Жоғарыда
аталған заттардың судағы құрамының
жоғары болуы алынған екі сынамада табиғи факторлармен де,
антропогендік факторлармен де байланысты.
Орталық
Қазақстандағы экологиялық мәселелердің
ішіндегі су мәселесі ежелден ең маңызды болып саналады.
Аймақтағы судың жетіспеушілік мәселесі индустрияландыру
кезінде шешілген болса, судың сапасы әлі күнге дейін
өзекті мәселелердің қатарында. Сондықтан
бұл өзендерді ландшафттың тұтас бөлігі ретінде
сақтап қалу үшін, әртүрлі табиғат
қорғау шараларын өткізуді қажет етеді [5].
Қарқаралы өзені алабындағы
экологиялық-географиялық жағдайларды жақсарту
мақсатында келесі технологиялық және
санитарлық-техникалық іс-шараларды ұйымдастырған
жөн:
Технологиялық
іс-шаралар: өзен жағалауында орналасқан елді мекендердің
кәріздік жүйелерінің техникалық жағдайын тексеріп
отыру; егіншілік жер телімдері шегіндегі жер беті және жерасты суларын
тыңайтқыштар және пестицидтармен ластанудан
қорғау бойынша МемСТ талаптарын сақтау.
Санитарлық-техникалық: елді мекендер
аумағын, ауыл шаруашылығы нысандарын санитарлық талаптарға
сай ұстау; су қорғау аймақтары мен белдеулері шегіндегі
көң-қи үйінділерін жою; су қорғау
аймақтары мен белдеулері шегіндегі ұйымдастырылмаған
қоқыс қалдықтарын жою; улы өнеркәсіптік,
өндірістік және басқа да қалдықтарды
санитарлық талаптарға сай жинақтау, тасымалдау.
зарарсыздандыру және көму.
Мұндай
су шаруашылық және су қорғау шараларын жобалау
және оны жүзеге асыру жедел және ұзақ мерзімді
басқару шешімдерін қабылдауды оңтайландыру мақсатында
су ресурстары мен кіші өзендердің қоршаған ортасына
әсерін болжаумен қатар жүргізілуі қажет.
Әдебиеттер:
1.
Божков И.И. и др. Гидрогеологический очерк Карагандинской области КазССР. -
ЦКГУ, г.Караганда. 1959.
2.
Кауланбаев Ш.З.
Геоморфология Каркаралинского низкогорно-мелкосопочного региона. А.1972.
3.
Беркалиев З.Т.
Гидрологический режим рек Центрального, Северного и Западного Казахстана.
Алма-Ата, 1959. 278 с.
4.
Фалевич И.Е. и др. Гидрогеология (Св.работа). Центральный Казахстан. XXXIV том монографии Гидрогеология СССР. - ЦКГУ,
Карагандинская гидрогеологическая экспедиция. г.Караганда, 1967 – 701 с.
5.
Ақпамбетова К.М., Абиева Г.Б. Қарасор көлі алабы
өзендерінің экологиялық-геоморфологиялық
мәселелері. ҚарМУ жаршысы. Биология, медицина, география
сериясы.- 2009. - №3 (55).-Б.82-86