История\ 1.Отечественная
История
К.ф.н. Аухадиева Ш.Д., к.и.н.Қарабаева З.М.
Казахский Университет международных отношений и мировых языков им.
Абылай хана, Казахстан
Қазіргі
түркілік қатынас негізінің әлемдік формуласы
ХХ ғасырдың 90-жылдары қалыптасқан
кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістік, әсіресе
Орталық Азия аймағына қатысты геосаяси мүддеге
қатысты шоғырланған әлемдік назар болмысындағы
кеңістік жаңа түркілік ой өлшемін де
жаңартқан еді. Бір текті, бірдей тілдес
және бірдей мәдениетке ие көптеген түркі
халқының бір-бірімен жақындасуына кедергі болған
дуалдар да құлатылды. Осылайша Балкандардан Tүркияға,
Кавказдан Орталық Азияға,
Оралдан Сібірге, сонымен қатар Шығыс Түркістанға дейін
үлкен түркі дүниесі қайтадан әлемнің
күн тәртібіне келді.
Бүгінде 30-дан астам ұлт пен ұлыстан тұратын
түркі халықтарының саны 200 миллионға жуықтады.
Олар оңтүстік-батыста Жерорта теңізінің
жағалауынан бастап, солтүстік-шығыста Солтүстік
Мұзды мұхитқа дейінгі Еуразияның апайтөс алып
даласында алты тәуелсіз мемлекет, оның ішінде Ресей
Федерациясының өзінде 20-дан астам түркітілдес
халықтардың түрлі субъектілерімен, кей жерде
автономиялық, кей жерде еш субъектісі болмаса да үлкен облыстар
құрамында өмір сүріп жатыр. 200 миллионға
жуық халық бір кездері бір мемлекеттің құрамында
болған. Егер адамзат тарихының кейінгі 1,5 мың жыл бұрынғы
тарихын санамалайтын болса, түркі жауынгерлерінен қорғану
үшін Ұлы Қытай қорғаны салынған.
Өзінің басты қарсыласы түркілер деп есептеген
Қытай тарихында бірыңғай сақтану, күшею,
нығаю тарихы жүрді. Ал түркі жұртының тарихы 745
жылы Түрік қағанаты ыдырағаннан кейін ыдырау,
бөліну, бөлшектену тарихы болды. Нәтижесінде, ХХ ғасыр
басында дүниежүзі картасында жалғыз тәуелсіз
түркі мемлекеті – Түркия орын алды, қалған
30-ға жуық үлкенді-кішілі, жалпы саны ондаған
миллионнан асатын үлкен түркі этностары алпауыт мемлекеттер
құрамындағы басында билігі жоқ бодан елге айналды.
Орталық
Азия аймағында орналасқан төрт түркі тектес мемлекетпен
қатар Азербайжан елінің де геоэкономикалық және геосаяси
мүмкіндіктеріне деген мүдделер әлемнің жетекші
күштеріне ие мемлекеттер
бағдарын жаңаша түгендеді. Аталмыш уақыт
өлшеміне тұспа тұс келетін мәселелердің санатында
түркі тектес Еуразия құрлығы елдерінің ерекше
байланысының қалыптасуына негіз болар алғышарттардың да
пайда болуы белең алды.
Жаһандану үдерісі
түркі тектес Еуразия құрлығы елдері байланысының
әлемдік формуласын түркілік қауымы басым мемлекеттердің
көшбасшы идеялары жарақтады. Идея мәні Түркия
мемлекетінің басым сыртқы саяси курсына айналған «Ұлы Тұран»
бағдары аясында басталып, мәдени-рухани және
экономикалық ынтымақтастық шаралары бағытында
жалғасын табуда.
Тілдері
фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жағынан
бір-біріне жақын, ұқсас, туыстас түркі әлемі
Тынық мұхитынан Атлант мұхитына дейінгі аралықта
созылып жатыр. Қазір түркі әлемінде 40-тай
(кейбір зерттеушілер – 25, енді біреулері – 49 деп, көрсетеді) тілде
сөйлейтін 200 миллиондай адам өмір сүріп жатыр. Түркі әлемінің
тілдік көрінісін көру үшін алдымен, цифрлар арқылы
талдау орынды. Сол 200 миллион халықтың 40 пайызы бір, 70 пайызы 6
тілде де қалған 30 пайызы 34 тілде сөйлейді екен.
Халқының саны жағынан алғашқы ондықты
80 млн. түрік, 35 млн. әзірбайжан, 30 млн. өзбек, 12 млн.
қазақ, 9 млн. ұйғыр, 7 млн. түркімен, 6,5 млн.
татар, 4,5 млн. қырғыз, 2,2 млн. башқұрт, 1,5 млн.
қашқай тілдері құрайды. Саны ең азы – 2 500
адамдық шұлым, 5 000 адам сөйлейтін долған және
жұғыр, 7 000 адамнан тұратын айну
тілдері. Қарайым мен тофа тілдерін бірде есепке алып, енді бірде
өлі тілге жатқызып жүр. Қырықтай түркі тілдерінің ішінде
алтауының ғана мемлекеттік тіл, он екісінің
мемлекет ішіндегі автономиялық тіл мәртебесі бар болса,
мұның өзі мүмкіндігіне, заңдық күшіне
орай сол тілдердің қалыпты өмір сүруін
әрқалай қамтамасыз етіп отырса, қалғандарын
қорғансыз тілдер қатарына жатқызуға болады [1].
Еуразиялық жаңа
интеграциялық одақ – Түркі Одағын құру
туралы идея төңірегінде көп мәселе көтеріліп
жүр. Туыстас әрі мүдделес, дүниетанымы ортақ елдер
үшін бұл заңды да! Шынын айту қажет, бұл идея бір
ғасыр бойы өзектілігін жоймаған еді. Тіпті, тарихтың
өзінен түркілердің бірлігі еш бас қоспағанын
көруге болады, сол түркілердің түгенделетін кезі жеткен
тәрізді. Бұл халықтардың бірлігі болғанда
бүкіл әлемдегі ең қуатты күшке айналатынын талай
зерттеушілер айтқан да, сол себепті де кешегі патшалы Ресей мен КСРО
осынау түрік тектестерді ыдыратумен болды, геноцид ұйымдастырумен
болды. ХХ ғасырдың басында басталған пантюркизм идеологиясын
бірден-бір қолдамаған, құртқысы келген де Ресей
еді. Алайда бұл пантюркизм парадигмасы бүгінгі күнге дейін еш
прагматикасын жоғалтпады. Тәуелсіздік алған жылдары да,
өткен ғасырдың 90-жылдарында да, ХХІ ғасырда да
көтеріліп келеді. Қараса , ЕуроОдақтың
өзінің ЕуроПарламенті, ЕуроКомиссиясы бар, сол тәрізді
түркі тектестерде ТүркіПарламенті (ТүркіПа Ассамблеясы,
Бакуде), ТүркіКеңесі (Түркі Консейі) бар, енді ЕО
сияқты ТО құру қалды. Аталған
құрылымдардың барлығы белгілі бір мақсат пен жүйеге
негізделген. Түркі тілдес халықтар мен мемлекеттердің
рухани-мәдени өмірін байланыстырып отырған Түріксой
үлкен халықаралық ұйымы бар. Бұл ұйым
«түркі дүниесін» әлемге таныту мен өзара байланыстыру
қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар түркі тектестердің
мәдени, рухани құндылықтармен, түркі тілдері мен
әдебиетін зерттейтін әрі ортақ түркі тілін жасау
тәрізді ғылыми ауқыммен айналысатын Түркі Академиясы
(Астанада) да құрылған.
Осы академияның ашылуында «түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең
тұңғиық. Сондықтан түркітілдес
халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін,
оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық
құру керек. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ
теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге
өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына
қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге
болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, темірді,
шалбарды, жебені, етікті және үзеңгіні ойлап тапты. Осындай
батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол
үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру
қажет», деген еді Президент Н.Ә.Назарбаев [2]. Бұл игі
бастаманы іске асыру мақсатында 2010 жылдың 25 мамырында Астана
қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған
«Түркі өркениеті:
дәуірлер жалғастығы» атты халықаралық еуразиялық конгресс өтті.
Конгрессте Қазақстан Президенті Н.Назарбаев және Түркия
Президенті А.Гүл Халықаралық Түркі академиясының
және кітапхананың, Түркі дүниесінің
мұражайының тұсауын кесті.
Түркі тектес мемлекеттер
арасында өзара рухани-мәдени контакт пен прогресс бар. Жоғарыда аталған
институттардың барлығы бірте-бірте құрылған, сол
тәрізді бұл құрылымдар ертеңгі уақытта
одақ құруға үлкен резонанс жасап беретіні белгілі
Американ ғалымы Самюэль
Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» атты саяси
трактатында болашақта жаңа мемлекеттер мен тілдердің пайда
болуын жазыпты. Тіпті, кейбір тілдер жойылып, кейбіреуі империялық
деңгейге де жетеді. Ең негізгісі, олар
қақтығысады деген еді. Байқап қарасаңыз,
солай болып та жатыр. Бірақ, бірлігі мен тірлігі жарасқан
түркі халықтары ортақ тіл жасай ала ма? Жасай қалса
құба-құп. Бұл көтерілген мәселе
түркілердің ынтымағында жатыр. Қазіргі
жағдайға қарап отырса, аталған үдеріс
ұзаққа созылатын сыңайлы.
Қалыптасқан
ұстанымға жаңаша көзқарас Тарихтың
қазіргі даму кезеңінде әлемнің күшті
мемлекеттері, тіпті дүниежүзілік державалар да экономикалық
және мәдени интеграция мәселесіне терең мән
береді. Бұл ретте, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан
Назарбаев қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық
халықаралық жағдайда кез келген елдің жалғыз,
жеке-дара дами алмайтынын шегелеп айтып, тарихи-мәдени және
географиялық-экономикалық тұрғыдан мүдделес
елдермен одақ құрып, аймақтық деңгейде
бірлесу мәселесіне ерекше назар аударуда.
Қазақстан ТМД, Кеден
одағы, Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия
ынтымақтастық ұйымы сияқты әртүрлі
аймақтық экономикалық интеграциялық жобаларға
белсене қатысып келеді. 2011 жылы Алматы қаласында Президент Н.Ә.Назарбаевтың
ұсынысымен Түркітілдес елдердің ынтымақтастық
кеңесі (басқаша атауы Түркі кеңесі)
құрылды. Оған дейін, 2009 жылы Нахчыванда өткен
Түркітілдес елдердің ІХ саммитінде Елбасы Түркі кеңесі аймақаралық ұйымын
құру жөнінде ұсыныс жасаған еді. Оның
мақсаты түркітілдес елдердің арасындағы
экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды
нығайту, ортақ қауіпсіздік мәселелерді шешу болып
табылады [3].
Еуразиялық
экономикалық одаққа енумен қатар, түркі
интеграциясын жүзеге асыра беруге бола ма деген сауалға да жауап
іздеу қажет. Ескерілуі тиісті маңызды саяси бір жайт,
түркітілдес елдердің мәдени, ақпараттық
және экономикалық интеграциясы қазіргі Еуразиялық
экономикалық кеңістіктің шеңберінде жүзеге
асырылуы керек. Жалпы, Ресей мен Беларусь мемлекеттерімен экономикалық
одақ құру жөніндегі үлкен шешімнің
астарында геосаяси және геоэкономикалық себептер жатыр. Еуразия
интеграциялық жобасы бұрынғы КСРО-лық
интеграцияның жаңа саяси және экономикалық
жағдайларға икемделген, ықшамдалған және
жетілдірілген, анағұрлым демократиялық үлгісі боларына
үміт зор. Ал Қазақстанның Түркі кеңесіне
мүше мемлекеттермен бірлесуінің астарында геомәдени
және геостратегиялық мақсаттар жатыр.
Түркі тектес
елдердің конфедерациясы – Қазақстанның ұзақ
мерзімді қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететін
өміршең геосаяси жоба. Сондықтанда келешек түркілік тарихи
ынтымтақтастықтың жарқын сипатын да аталмыш
жобаның жүзеге асыратындығына түркілік негіздегі
жетекші мемлекеттер аса зор сенім артады.
1992 жылдың
көктемінде түркі тілдес тәуелсіз алты мемлекеттің
Мәдениет министрлері Ыстамбұлда кездесіп, бірлесіп жұмыс
жүргізу жөніндегі Меморандумға қол қояйған
еді. Ал осы жиыннан бастау алған ТҮРКСОЙ ұйымының құқықтық
мәртебесін айқындап, құрылымын бекіту сол жылғы
желтоқсанда өткен түркі тілдес елдердің Мәдениет
министрлерінің Тұрақты кеңесі мәжілісінің
еншісіне тиді. Бакуде өткен бұл басқосуда
ТҮРКСОЙ-дың тұрақты атқарушы органы – Бас дирекцияны
құруға шешім қабылданды. ТҮРКСОЙ-дың
жұмыс жүргізу принциптері жөніндегі шарт Алматыда 1993
жылғы 12 шілдеде жасалды. Осы жиынға ұйымға мүше
алты елдің — Түрік Республикасы, Қазақстан,
Қырғызстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және
Өзбекстанның мәдениет саласының басшылары
қатысты. Бұл ұйымның өмірге есік ашқан
күні болып есептеледі. Кейіннен шартқа бақылаушы ел ретінде
Татарстан, Башқұртстан, Солтүстік Кипр, Хакасия, Гагауз,
Тыва қосылды. Уақыт өткен сайын халықаралық
ұйымның аясы кеңейе түсті. ТҮРКСОЙ түркі
халықтарының мүддесіне орайлас келетін шаруалардың
ешқайсысынан да шетқақпай қалған емес.
Әсіресе, туыстас елдердің мәдени өміріндегі елеулі
шараларды ортақ мереке ретінде өткізіп, бас біріктіруге
айрықша маңыз береді.
ТҮРКСОЙ-дың Тұрақты кеңесі ұйымның
ең жоғарғы жиыны болып саналады. Ең негізгі және
маңызды мәселелер осында қабылданады. Тұрақты
кеңестің мәжілісі Қазақстанда да бірнеше рет
өткізілді [4].
Жиын өткізетін
елдің Мәдениет министрі ТҮРКСОЙ-дың уақытша
үйлестірушісі болып есептеледі. Мысалы Түркия үйлестіруші
болған тұста Түрік Республикасының Мәдениет
және туризм министрі Ертұғрұл Гүнай
басқосуды өзі жүргізіп, әріптестеріне елінің
қонақжай шаңырағын көрсетті.
ТҮРКСОЙ – түркітілдес халықтардың арасындағы
мәдени байланыстардың дамуына қызмет ететін бірден-бір
халықаралық ұйым. Олардың ортақ тұстарын,
озық үлгілерін насихаттауға, асыл мұраларды
өскелең ұрпақ санасына сіңіріп, жадына жазуды
мұрат тұтады. Бұдан 2011 жылы Шығыс
Қазақстан облысы басшысынан «Алтай – түркі
әлемінің алтын бесігі» атты мәдени-этнографиялық форум
өткізу туралы ұсыныс түскенде, түбі бір түркі
жұртының ата қонысы болған құт мекенге
Алтай тауларының етегінде мұндай шараны ұйымдастыруды шын
ықыласпен қарсы алғандарын жиі айтады. 2013 жылғы халықаралық
форум екі жылда бір рет өткізілетін ірі жиынға
айналғанының куәсі болды. 2011 жылы ғылыми конференция
мен дәстүрлі музыка фестивалімен қатар, ТҮРКСОЙ
фотосуретшілерінің кездесуі де ұйымдастырылып, түркі
елдерінен келген фотоөнер мамандары Шығыс
Қазақстанның әсем табиғатын суретке
түсірген еді. Сол кездесудің нәтижесінде ТҮРКСОЙ
халықаралық ұйымы «Алтай – алтын бесігім» атты фотоальбом
шығарып, соңғы екі жылда ұйымның
әлемнің түкпір-түкпірінде өткізілген шараларында
тегін таратылды. Мұны облыстың туризмін дамытуға қосылған
аз да болса нақты үлес деп білген жөн.
ТҮРКСОЙ
ұйымының құрылғанына 20 жылдан асты. Ұйымның
жетекшілерінің айтуынша, бұл 20 жыл түркі
халықтарының мәдениеті мен өнері өрге
басқан, ұдайы даму үстіндегі, жаңалықтарға
толы жылдар болды. ТҮРКСОЙ түркі дүниесі
мемлекеттерінің даму динамикасына сәйкес дамып, күшейіп,
кемелденіп келеді. Ұйым мерейтойы 2013 жылы тамыз айында
Әзербайжанның Габала қаласында түркітілдес мемлекеттер
басшыларының қатысуымен өтсе, қыркүйек айында
ЮНЕСКО штаб-пәтері орналасқан Парижде және Страсбург
қаласында, қазанда Түркияның Анкара,
Эскишәһир қалаларында жоғары деңгейде атап
өтілген еді.
Жалпы түркі
әлемі қазіргі кезеңде өзара жақындасудың
мәдени-рухани ынтымақтастық үдерісін кеңінен
насихаттау арқылы аса танымал. Келешектегі аймақтық
мүдделер тоғыстыратын түркілік ерекше жақындасу
мазмұнының шынайлығы өзге де бағыттармен
өрістене түсетініне сенім білдіруге болады.