Археология, этнология және  

                                                                музеология кафедрасының

                                                                     аға оқытушысы Б.Ш. Солтиева

 

Қазақ халқының той, спорттық ойындарына қатысты кейбір мәселелері

     Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері сан-алуан. Солардың қай-қайсысы да адамға, соның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар. Халықтың ұлттық ойындарының өзіндік тарихи даму жолдары, қалыптасу кезеңдері, тәрбиелік маңызы халықтың саяси әлеуметтік-экономикалық дамуының негізінде болды. Этнограф–ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Сонан бері бізге жетіп ойналып жүрген ұлт ойындарының ішіндегі әр түрлі құмалақ ойындары, бестас, садақ ату, асық, қарагие т.б. шамамен алғанда 5000 жылдар бұрын ойналғандығы жайында ағылшын ғалымы Э.Маккей «... бұл ойындардың барлығы дерлік Азия елдерінде тайпалық одақтардың арасында тарағанға ұқсайды» дейді. Мұндай пікірлерді Венецияның саяхатшысы Марко Поло да қостайды. Ол өзінің Жетісу бойында болған сапарында көрген «Қызбөрі» ойыны да Қазақстан территориясындағы тайпалардың пайда болған кезінен яғни таптық қатынаспен бірге туған дейді(1, 3-4бб.).

     Қазақтың ұлттық ойындары тақырыпқа өте бай және әр алуан болып келеді. Ұлттық ойындар аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, спорттық, той ойындар, Тоғызқұмалақ деп бөлінеді.

     Қазақтың ұлттық ойындары: Көкпар, сайыс, күрес, теңге алу, қыз қуу, алтын қабақ ату, жамбы ату т.б. спорттық сипатпен қатар үлкен маңызға ие болған. Бұл ойындардың бәрі атпен ойналатын болғандықтан, оларға әзірлік, мұқият даярлық қажет. Бұл бір жағынан, халықтық тәрбиенің маңызын арттырса, екінші жағынан, үлкендерге деген ілтипат пен сенімді, басқаның пікірімен санаса білуді үйретеді, үшіншіден, жеңіске жетуге деген құлшынысын туғызады, баланың ақыл-ойын, қиялын ұштайтын  ойындар.

     Халқымыздың өмірінде жылқы түлігінің орны ерекше болғандықтан онымен өткізетін ойындар да ел арасында көп тараған.  Жылқының көмегімен жүзеге асатын ойын түрлері сан алуан. Солардың ішінде, «ер қанаты – ат» дегендей, ат жарысы, қыз қуу, көкпар ойындары қазақтардың өмірінде басты орын алады.

     Қыз қуу – қазақ халқының жиын-той, мереке-мейрамдарына үнемі өкізетін спорттық ойындарының бірі. Ертеде «қыз қашар», «қыз қуалар» деп аталғаны болмаса, біздің заманымызға дейін өзгеріссіз жеткен.  Бұл қазақ ойындарының ішіндегі ең бір қызық ойын. Бұл ойын ұлттық ат спорты ойыны және спорттық дене шынықтыру ойыны ретінде дамыған. Қазір бұл ойынның ережесі жасалып, бір жүйеге келтірілді. Қазақстан-да қыз қуудың алғашқы спорттық жарыстары 1923 жылы өткізілді. Содан бері мерекелік бағдарламаларға енгізіп келеді.

     А. Янушкевич «Дневники и письма из путешествия по казахским степям» атты еңбегінде қазақ халқының қыстаудан жайлауға көшіп келіп қонған күнгі өмірлерін «бұл күн бұлар үшін бақыт күні, қуаныш күнідей келіп, сол күнгі ойын-сауықты, әсіресе «қыз қуу» ойнының көз тартарлық құдіретін сипаттайды. Осы ойын сауық үстіндегі ақындар айтысын: «менің алдымда Демосфен мен Цицеронды естімеген, оқу мен жазудан хабары жоқ ел айтыс үстінде олимпиадағы күрескерлердей біріне-бірі шаба түседі. Не деген талант, не деген жыр менің жаныма сыймай жүрегімнен орын алуда»- деп табиғи дарын құдіретіне бас иеді(2,с.5).

     Қыз қуу ойының шығуы ерте кезден кездеседі, олай болатыны бізге тарихымыздан белгілі Қазақстан жерінде өмір сүрген ең алғашқы сақ тайпаларының өмірі көпшілік жағдайда соғыспен өткен. Ал жайшылықты өмірде жүрген қыздарға үнемі әскерлер тап болып, оларды өздерімен бірге соғысқа ертіп алып, бос уақыттарында атпен бір-бірін қуалап ойнаған, яғни осыдан қыз қуу ойыны пайда болған екен.

     Алғашқы кезде осы ойынның жауынгерлік маңызы болған. Тұрмыс құруға келіскен қыз жауынгерге біршама шарттар қойған. Олардың бірі – ат жарыстыру. Егер жауынгер ұтылып қалса, қызға үйлене алмаған. Бұл ойынға көбінде оңаша сырласуға мүмкіндіктері болмай жүрген жігіттер мен қыздар шығады немесе ел қалауы бойынша ат өнеріне жетік, қимылы шапшаң, ақыл-айласы мол әйелдер мен ерлерді таңдап алып шығарып, оларға ауылындағы ең жүйрік атты мінгізіп, қарсы жақтарының сағын сындырып, ойынды қызықтыруды мақсат етеді.  Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт айналып қайтатын жерге дейін алдында атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюге тиісті. Бұл – жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігітті, оның атын қамшының астына алады. Бұл – қыздың жеңгені. Қыз қуу ойынының да ғылыми мән-мағанасы өте жоғары. Ол адамдардың бір-біріне деген достық сүйіспеншілігін арттырады(3, 85-86 бб.).

     Орта Азия халықтарының арасындағы өте ерте пайда болған көкпар ойыны күні бүгінгі күнге дейін ұмытылмаған. Көкпар Орта Азия халықтарының да сүйікті ойыны. Көкпар жаппай тартыс және дода тартыс болып екіге бөлінеді. 1949 жылы елімізде көкпар жарысының жаңа ережесі бекітілді. Көкпардың түбінде үй жануарын жыртқыштардан қорғау магиясы жатыр. Сонымен бірге осы ойын ежелгі түркілік тотемизмге байланысты(4,с.35).

     «Көкпар тарту» немесе «көк бөрі тарту» деп те атаған. Этнографтардың айтуынша, әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Бұрындары мал баққан көшпелі халықтар көк бөріні соғып алғанда өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып, мәз-мәйрам болған. Кейін ол ұлттық ойынға айналған. Бұл ойын шағын адамдардың ғана қатысуымен емес, атқа шабатын білегінің қарымы мығым, астында жаратқан аты бар ауыл адамдарының барлығы қатысады(1, 56 б).

     «Көкпар» жалпы үш түрге бөлінеді: Бірінші- лақ, екінші- көкпар, үшінші аламан.   Көкпар жаппай тарту және дода тарту деген екі түрге бөлінеді. Алаң көлемі қатысушылар санына сәйкес. Ойында кімге болсын: кәрі- жас, үлкен-кішіге шектеу болмайды, жаппай тарту деп аталуы да сондықтан. Басқалардың мақсаты тартып алып, басып озу. Осылайша көмбеге кім бірінші алып келіп салса, сол адам ұтады.

     Дода тартуда жүйелі және тұрақты тәртіп сақталмайды. Үлкен жікке бөлінген топтар тұтас сайысады. Бұрын осындай тартуға көбіне аталы ауылдар, руларымен түскен. Осындай жағдайда көкпар кімнің қолына түссе, сонда қалады. Кейде мұны «марта тарту» деп те атайды. Көкпардың осы екі түрінен басқа Іле өңірінде «Қызай тарту» дейтін түрі де бар.

     Лақ тарту – көкпардың ең жеңіл түрі. Оған лақты көкпар қып тартады. Әр ауыл аттарының жүйріктігін, азаматтарының қажыр-қайратын арттырып, көкпаршылардың шер-құмарын қандыратын ойындардың бірі болған(3, 94-95бб.).

     Көкпарға тартылатын лақ жеңіл  әрі «мықты» болу үшін ішек-қарыны алынып, суға салынып терісі қайта тігіледі. Егер ойын кезінде тері шыдамай жыртылса, оны біреудің есігінің алдына апарып тастаған. Дәстүр бойынша үй иесі оның орнына басқа лақ беруге міндетті(5,194 б.).

     Көкпар ойыны әдетте қуанышты тойларда ойналатын болған. Бұл ойында кәсібилік шеберлікті қажет етеді және де негізінен жылқышылардың арасында жаттығу ойыны ретінде кең тараған.

        Көкпардың бұл түріне ерен күш-қайраты, ең мықты деген жігіттер ғана өнер көрсетеді.   Әдетте, аламан көкпарға тайынша-торпақ беріледі. Онда тайыншаның бас-сирақтары кесіліп, ішек-қарны алып тасталады да, жарылған жер қайта тігілп қойылады. Сондай-ақ алып жүргенде, тартысқанда қолайлы болу үшін бір-екі бел омыртқасын алып тастайтын болған(3, 94-95 бб.).

       Аударыспақ ойыны – қазақ, қырғыз халықтарының арасында кең тараған ойын. Атқа мінген екі жігіт жекпе-жекке шығып, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады. Аударыспаққа үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалады. Оған он сегіз жастан асқан қарулы жігіттердің қатысқаны жөн. Аударыспақ ойынының ережесі бойынша сайысқа қатысушылар салмақтарына қарай үш топқа бөлініп, күш сынасады. Ептілікті, күштілікті, тапқырлықты, батылдықты талап ететін спорттық ойын. Мұндағы жылдамдық, абайлағыштық, мөлшерлей білу – жеңіске жетудің басты кепілі екенін ер түсінеді. Ат пен жігіттің ебі, қажыр-қайраты сынға түсетін, екі жігіттің бірін-бірі аттан жұлып алу үшін шайқасатын ойын ешуақытта да маңызын жойған емес(6, 25б.).

     Сайыс, аударыспақ, көкпар сияқты ұлттық ойындарда атқа шабу әдісі әртүрлі. Олардың тәсілдерінің бәрін жете меңгере білген жігіттерді халық «ат құлағында ойнаған» деп атаған. Ат құлағында ойнау кішкентайынан даритын қасиет.

     Ертеден келе жатқан ойындарының бірі – теңге алу. Теңге алу ойыны да ат спортына жататын ойындардың бірі. Теңге алу ойынына тегіс жер таңдап алынады. Ойынға жасы 18-ден асқан адамдар ғана қатысады. Ол ертеде  үлкендігі ақ тоқымдай киіздің үстінде 50,20,15 тиындық майда ақшалаларды салып қоятын болған. Қазіргі уақытта тақыр жердің ойықтау тұсына ақ шүберекке түйілген зат тасталынады. Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабондоздық тәжірибені талап етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі. Ойыншылар атқа мініп немесе бірнеше атпен (әрқайсысы өз атымен) кеп ойынға қатыса береді. Алғашқы адам тиынды іліп кетсе, оның орнына тағы да тиын салынады.

     Ойынға жуас жылқылар пайдаланылады. Ат ойыншың қалауы бойынша шабады, бірақ теңге жатқан жерге келгенде, баяулауға немесе тым ағынды шабысқа салуға болмайды(5, 188б.).

     Ептілікті, кереметтей шабандоздықты керек ететін ұлттық ойындардың  бірі – күміс ілу.   Қазақтың сайыс бәсеке көпшілік алдында көрсететін өнер ойындарының бір түрі. Бұл ойын әр жерде әртүрлі аталады. Күміс ілу, күміс алу, күміс теңге ілу, күміс жүзік ілу деп әртүрлі атала береді. Бастысы «асыл темір, қымбат дүниелерді түйген шүберектерді» ат үстінен іліп алатын ойын сайыс түрі. Сондықтанда нағыз ат құлағында ойнайтын шабандоз жігіттер іріктелініп алынған. Күмісті іліп алуға көбінде аласа, жылдам аттар таңдалып алынады. Жердегі шүберекке түйген теңге, күмісті іліп алған жігіт алады. Кейбір қыздар ұнатқан жігітіне арнап жерге жүзігін тастап, оны жігіт іліп алса, оған күйеуге шыққандары да бар. Күмісті тегіс жерге қойып, жігіттер кезекпен іліп алады. Мұндайда ат жалында өскен, ат құлағында ойнайтын жігіттер ғана шыдай алады. Күміc ілу сайысы үлкенді-кішілі той-домалақ, мереке-мейрамдарда көпшілік алдында көрсетілетін ұлттық өнер ойынының бірі. Көбінесе бұл қыз ұзату, келін түсіру  салтанатында ойнатылған. Қалыңдық орамалға түйіп өзінің күміс шолпысын немесе жүзігін алысқа лақтырады. Оны қатты шауып келе жатқан жігіт аттың басын тартпастан іліп әкетеді. Сонда ғана ол беташар айтуға ерік алады. Күміс ілудің спорттық түрі бүгінде жақсы дамыған(7, 20 б.).

     Мергендер сайысының бірі -Алтын қабақ ойыны. Жігіттер садақ жебесін нысанаға әрі тез, әрі дәл тигізуге тиісті. Бұл сайыс үлкен тойларда арнайы жүлде тағайындалып өткізіледі. Алтын қабақ сайысының түрлері: жаяу немесе ат үстінен сырық басындағы теңгені атып түсіру, жоғары лақтырылған қалпақты, басқа да заттарды атып түсіру, ат үстінде шауып келе жатып нысанаға дәл тигізу. Мергендер сайысының тағы бір түрі – жамбы ату, садақ тарту.

     Жер шары халықтарының барлығына ежелден мәлім ойын – садақ ату немесе жамбы ату. Қазақтың ата тегінен бері келе жатқан, болмаса аңшылық кәсібінен қалған ойын. Ол бірте-бірте көңіл көтеретін, бүкіл жұрт болып қызықтыратын ұлттық ойындарға айналған.  Алтын, күміс басқадай қымбат, асыл, темір тектестерді шүберекке орап, биік сырық басына іледі. Көбінде мергендер жамбының өзін емес, оны ілген жіпті қиып атады. Жамбы ату ойыны ертеде жауды жеңіп келген кезде, тойланғанда және үйлену тойларында, келін түсіргенде жамбы атса, кейде жігіттердің мергендігін сынап, олардан «әскер басы» тағайындаса, енді бірде жамбыны атып түсірген жігітке шарт қойған қыздар тиетін болған. Жамбыны әркім өзінің садағымен, өзінің аты үстінде, көбінде шауып келе жатып ататын тәртіп бар. Соңғы кезде жаяу тұрып-ақ жамбы ату да көрініс беруде. Жамбы атушы атып түсірген жамбы, алтын-күмісін өзі алатын болған. Кейде бәйгесін дос-жорандарына байлап та жатады. Ертеде жігіттер жамбыны атып түсіре алмағанда ержүрек қыздар, мерген қыздар жамбыны атып түсіріп, жүлдені алып, жігіттерді жерге қаратып, ұялтатын жағдайларда кездескен(7, 17-18 бб.). Жамбы ату ойынына мергендер тігілген жүлдені атып алғанға дейін жалғаса берген. Кей жағдайда ойын қызығына қанбаған жұрт жамбыны үш ретке дейін тіккен(1, 7-8 бб.).

     Ат бәйгесіне той хабары тарап, ел-жұрт ат бәйгесі өткізілетіндігін білген соң, әр ауыл жүйрік аттарын ұстап арнайы жаратып, баптап, бәйгеге сақадай сайлайды. Шабандоздар іріктеліп, ат айдайтын қол-аяғы жеңіл, тәжірибелі жігіттер тағайындалады. Бәйге өткізетін күні ат айдайтын жігіттер бәйгелер мен шабандоздарды жиып алып 30-40 шақырым, тіпті 60-80 шақырым жерге дейін тобымен айдап барып, мөлшерлі жерге барған соң, ат бастарын кері бұрғызып, түгел қатарластырып қойып. Барлығын тең бір уақытта жарыстырып жібереді де, өздері жолшыбай бәйгелердің шабысын бақылай, ережеге қиғаштық жасаған-жасамағандарына төрелік айтады.

     Әдетте, бәйге аттар айдалып кеткен соң, артта қалған тойшыл қауым бәйгелер шаң бергенше ауылда қыз қуу өткізіп, жамбы атысып, теңге ілісіп, аударыспақ ойнап, арқан тартысып, күресіп өз күштерін сынасып жатады. Бәйгеден озып келгендерге тоғыз-тоғыздан, ал, одан кейінгілерге өз лайығында бәйге береді.  Ат бәйгесіне қазақ халқы ерекше мән берген. Ат бәйгесі адамдардың рухын көтеріп, жігерін тасқындатып, үміт-сенімін арттырады(3, 84б.).                                                                                                                                     

     Қорыта келгенде, қазақ халқының тарихында ерте кезден күні бүгінге дейін халық өнері ретінде өз құнылығы жойылмай келеді. Ұлттық ойындар мыңдаған жылдар бойы мерекенің  аясында туып, сақталып қалған.

1. Б. Төтенаев. Қазақтың ұлттық ойындары. А.,1994.

2. Янушкевич А. Дневники и письма из путешествия по казахским степьям. А., 1966.

3. Ағаш бесіктен жер бесікке дейін. 4-кітап.(қыз сыны, жігіт сыны). А.,2011.

4. Симаков Г.Н. Общественные функции киргизских народных развлечений в конце ХІХ-нач.ХХ вв. Л.,1984.

5. Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл: Әдеби-этнографиялық таным. А.,1994

6. Аупбаев Ж. Ер қанаты. А.,1987.

7. Биқұмар Кәмәлашұлы. Қазақ халқының дәстүрлі той-мереке, сауық-сайран, ұлттық ойын, тамашалары.А.,2005.