Әмірбекова М.Р.,Медиева С.Х., Аналбекова Қ.Т.,Скакова А.К.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарму

Ақпараттық технологиялар арқылы
ауызекі сөйлеу тілін дамыту

 

                                                                                                   

 «Адам ата - анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды - дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады» деп Абай бабамыз айтқандай, естігенді қолмен ұстап, іс жүзіне асыруға ат салысуға ұмтылайық!

Оқытудың жаңа ақпараттық-коммуникативтік технологияларын меңгеру– қазіргі заман талабы. ХХІ ғасыр–ақпараттық технология ғасыры. Қазіргі қоғамдағы білім жүйесін дамытуда ақпараттық–коммуникативтік технологиялардың маңызы зор. Білім беруді ақпараттандыру және пәндерді ғылыми–технологиялық негізде оқыту мақсаттары алға қойылуда. Ақпараттандыру технологиясының дамуы кезеңінде осы заманға сай білімді, әрі білікті жұмысшы мамандарын даярлау оқытушының басты міндеті болып табылады. Қоғамдағы ақпараттандыру процестерінің қарқынды дамуы жан- жақты, жаңа технологияны меңгерген жеке тұлға қалыптастыруды талап етеді.  

        Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие және білім беруді жетілдірудің, мемлекеттік тілді оқытудың басым бағыттарын айқындау педагогика тәжірибесінің көкейкесті мәселелерінің бірі болып отырғаны анық[1].

       Тіл тағдырын жетілдіру көп ретте мектепте атқарылатын жұмыс деңгейіне байланысты. Өйткені, өскелең ұрпақтың балғын санасына бай тіліміздің нәрін сіңдіріп, көкірегіне ұялатуға әр пән мұғалімі ауқымды істер атқаруы тиіс.Осыған орай жаңа экономикалық және әлеуметтік-мәдени жағдайларда Қазақстандық білім беру жүйесінің алдында тұрған білім беру сапаларын арттыруға, стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған түбегейлі қайта өзгертулер педагогикалық үрдіске жаңа талаптар жүктейді.

       Елбасы бекіткен Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2003-2015 жылдарға арналған бағдарламасы ақпараттық технологиялар саласындағы ақпараттық теңсіздікті төмендетудің және білім деңгейін арттырудың шешуші тұтқасы болып табылады.

       Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында еліміздің білім беру жүйесінің басты міндеттері атап көрсетілген. Соның бірі: «Білім беру жүйесін ақпараттандыру, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Бұл міндеттерді шешу үшін, нәтижеге бағытталған білім берудің жаңа жүйесіне көшу үшін әр мұғалім, жеке тұлға күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа ақпараттық технологияларға, әлеуметтік, тұлғалық және жеке құзыреттіктерге ие болуы тиіс. Бұл талаптар күнделікті әдістемелік жұмыстың жүйелі түрде ұйымдастырылуы негізінде жүзеге асырылады.

      Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, қашықтан оқыту, дара тұлғаға бағыттап, оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылату–бүгінгі күннің басты талабы [2].

      Орыс мектептерінде Қазақ тілін, мемлекеттік тілді оқыту жүйесі қарапайым және бастапқы, негізгі, орта және ортадан жоғары деңгей бойынша базалық және пәндік құзыреттерді жүзеге асыра отырып, қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан меңгерту; сөйлесім әрекетінің түрлеріне сай оқушыны тілдік білім негізінде әдеби тілде сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету арқылы дара тұлғаның тілдік қабілетін дамыту, бір-бірімен сабақтас, жүйелі тақырыптарды коммуникативтік тұрғыдан ұсына отырып, оқушыларға қазақша тілдік қатынасты игерту мақсатын көздейді. Осы аталған мақсатқа қол жеткізу үшін оқытудың ақпараттық технологияларын пайдаланған орынды.

Қазақ тілі сабағында оқу ақпаратын ақпараттық технология жағдайында меңгерумен байланысты оқу әрекетінің түрлері;

1) эмпирикалық әрекет қабылдау кезеңі ретінде;

- монитор экранындағы фонына назар аудару;

- фондағы жекеленген жаттығуларға зейін аудару;

- нақты жаттығуды және айрықшаланған сөздерді суреттеу;

- нақты сөйлемдерді кешенді бейнелеу;

2)жаттығуды танытуға бағытталған эвристикалық әрекет ретінде;

- жаттығуды абстрактілі ойлау;

- жаттығуды түрлендіру жолдарын іздеу;

3)жаттығуды түрлендіру мен жаңа білім алуға бағытталған репродуктивтік әрекет ретінде;

- таңдалған жаттығу бойынша сөйлемді түрлендіру;

- таныс жаттығу түрлерін жасау;

- берілген жаттығуды бағалау;

4) дағдыны қалыптастыруға арналған практикалық әрекет;

- дағдыны таныс жағдайда қолдану;

- таныс емес жағдайда дағды қалыптастыру

Осы кезеңдер бойынша сынып оқушыларының қазақ тілі сабағында оқу әрекеті қалыптасып, белсенді қызмет етуге ұмтылады.

      Ақпараттық технологияны қолдануда, әдетте шынайы өмірлік жағдайлар келтіріліп, бірігіп шешу мәселелері ұсынылады, рольдік ойындар пайдаланылады, білгірлігінің қалыптасуы барысында жеке белсенді позициясын қалыптастыруға жағдай тудырады, қарым-қатынас дағдыларын орнықтырады, сыни тұрғыдан ойлауға үйретеді. Демек, ақпаратты технологияны пайдалану оқу үрдісіне енгізу тіл үйретуде тиімді.Тыңдап–түсіну, көріп–байқау құралдарының концепциясында оқыту былайша орналасады: тыңдау–сөйлеу–оқу–жазу.Оның ішінде ауызша қабылдау (тыңдау мен сөйлеу) әрдайым ілгері шығып отырады. Ақпараттық-қатынастық технология арқылы бастауыш сынып оқушыларының ауызекі тіл байлықтарын дамытуды басқару.

       Ауызекі сөйлеу әдістемесін суреттеуге келгенде ауызекі тілде ойдағыдай сөйлеудің төмендегі негізгі шарттарын ескергеніміз жөн:1.ауызекі тілде сөйлеудің монологты және диалогты формалары оқытудың барлық кезеңдерінде қатар жүреді; 2. Тілді меңгеруге кешенді түрде ықпал ету жүзеге асырылады. Яғни бұл ауызекі тілде сөйлеу мен оқытуға бір мезетте үйрету, тілдік және сөйлетуге арналған дайындық жаттығуларының жүйелі түрде орындалуы; 3. Қосымша оқыту құралдарының жиі-жиі қолданылуы;4.лингафонда, компьютерлі кабинеттерде ауызекі тілде сөйлеуге бағытталған жаттығуларды кең көлемде қолдану [3].

      Сонымен, бастауыш сынып оқушыларының ауызекі сөйлеу тіл байлықтарын ақпарттық қатынастық технология арқылы дамыту дегеніміз-оқушының өзіндік білім алу іс-әрекетін компьютерлік бағдарламалық және техникалық жабдықтардың көмегімен іске асыру.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.     Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан халқының әл–ауқатын арттыру–мемлекеттік

саясаттың басты мақсаты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халқына Жолдауы.–Астана. «Елорда», 2008.

2.Назымбекова Г.Қ. Тіл үйретуде ақпараттық технологияларды пайдалану тиімділігі. халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдар жинағы, Алматы, 2009 ж., 21-22

3.Жақсыбаева Г.Б. Білім берудегі ақпараттық технологиялар.Алматы 2010ж