Педагогические науки/ 5. Cовременные методы преподавания
География пәнінің мұғалімі Д. М.
Сейдазимова
Ерекше
балаларға арналған “Дарын” коммуналдық мектеп - интернаты,
Тараз қаласы
География пәнін
сарамандық жүйеде оқыту туралы
Жас ұрпаққа саналы тәрбие,
сапалы білім беру – бүгінгі күннің өзекті
мәселесі екенін қоғамның қазіргі даму
кезеңінде болып жатқан әлеуметтік-саяси және жаңа
технологиялық өзгерістер, тәрбие мен білім беру
жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру үшін
білім саласында жаңа, тиімді әдіс-тәсілдерді
қолданудың қажеттілігі дәлелдеп отыр.
Жалпы білім беру жүйесіндегі және
мектеп мұғалімінің алдында тұған көлемді
әрі жауапкершілігі мол міндеттердің бірі – оқушыға
тиянақты білім беру болып табылады.
Тиянақты білім дегеніміз – жаттанды емес,
белгілі жүйесі бар (қарапайымнан күрделіліге қарай
дамытылған), тұрмыспен, күнделікті өмірмен тығыз
байланысты, оқушының ой-өрісінің дамуына
көмектесетін ұғымдар жиынтығы.
Оқушының ой-өрісінің
дамуына және тиянақты білім алу үшін әрбір
мұғалім география сабағын оқушымен біте қайнасып
жатқан сарамандық жүйеде жүргізіп отырса, мұндай
оқыту жоғары деңгейде өз дәрежесін көрсетер
еді.
География сабағын әңгіме,
баяндау, тек түсіндіру арқылы оқыту айтарлықтай
нәтиже бермейді. Оқушылардың оқу материалын
оқып-үйрену кезінде таным белсенділігі жоғары болатын
сабақтар, білім мен біліктілікті сапалы түрде меңгеруді
қамтамасыз ете алады. Тиянақты білім беру, оқу үрдісін
жандандыру, түрлі әдіс-тәсілді таңдай білуге,
қолда бар көрнекілікке, құрал-жабдыққа,
т.б.көптеген себептерге байланысты.
Жаңа сабақты түсіндіру
мұғалімнің қойған сұрақтарына тікелей
байланысты. Түсіндіру, терең ойлауды қалыптастыру жолында
дәптерге жазу, тақтаны пайдалану, оқулық бетіндегі
анықтамаларды, картаны жүйелі оқу, қосымшаны пайдалану,
танымдар мен түсініктерді қалыптастыруда үлкен роль
атқарады.
Ал енді география сабағын сарамандық
жүйеде қалай ұйымдастыруға болады, осыған
тоқталып өтсек.
География сабағын сарамандық
жүйеде оқыту дарынды оқушының қаншалықты
тиянақты білім алуына жағдай туғызатындығына
тоқталайық. География пәнін 6-сыныптан бастағанда
әр тарау, әр тақырыпты күнделікті оқушының
әс-әрекеті арқылы жүргізіп отыру қажет. Мысалы,
«План және карта», «Атмосфера» тараулары оқушымен бірлесіп,
әр сабақта картамен, географиялық алаңды пайдалана
отырып сарамандық жүйеде жұмыс жүргізуге болады.
Мұнда топтық, серуен, картаны оқу, георафиялық
алаңмен жұмыс жүргізу оқушының география
пәніне деген қызығушылығын арттыра түседі.
Жетінші сыныпта география пәнін оқытуды
күрделендіре түсу керек. Мысалы, әр тақырыпты
мұғалім картадан оқып түсіндіреді. Бұл
оқушының одан әрі қарай сол жаңа сабақты
оқып түсінуіне жағдай туғызады. Осы жүйені
қалыптастыру үшін пән мұғалімінің
теориялық білімі жеткілікті және әр оқушыда атлас пен
контур картасы болуы керек.
Ал енді 8,9,10,11-сыныптарға география
сабағын өту барысында төмендегідей әдістерді
қолдануға болады.
Бірден айта кететін жайт, 8-9 сыныптарда география
сабағын сарамандық жүйеде оқытуға кері
әсерін тигізетін бірден-бір себебі Қазақстанның
физикалық және экономикалық атластың кең
көлемде қамтылмауы.
Сегізінші сыныптарға
Қазақстанның физикалық география сабағында
күнделікті тақырыпты сарамандық оқытуды негізге аламын.
Мұндай оқыту жүйесін қалыптастыру үшін мен 1894
жылы Чикого университетінде енгізген Джон Дьюийдің
проблемалық оқыту әдісін пайдаланудамын.
Бұл әдіс күнделікті сабақта
қолданылады. Тақырып бойынша оқушыға жоспарлы
сұрақ беру, жаңа сабаққа ойын аудару, осыдан
келіп сабақтың соңында эвристикалық әдіс
қолданылады. Яғни оқушының өзіне жаңа
сабақты түсіндіру. Бұл әдіс-тәсіл арқылы
оқушының іздену, зерттеу қабілеті арта түседі. Сонымен
қатар 8-9-10-11-сыныптарға Дьяченконың жұптап
оқыту әдісін пайдаланған дұрыс. Мұнда баланы
бір-біріне үйрету, бірінің білім деңгейін біріне
бағалату, нұсқа бойынша тапсырмаларды беріп, оқушыларды
өзара байланыстыру. Бұл әдістер география
сабағының сарамандық тұрғыда оқытуда
өз септігін тигізеді.
8-сыныпқа қандай тақырып
болмасын, барлығын дерлік сарамандық тұрғыда
өтуге әбден болады. Мына тақырыпқа мысал келтірейін.
«Мұғалжар (Орал) тауы»
Мұғалімнің қысқаша
баяндамасынан кейін оқушылар оқулықтағы немесе
тақтадағы картадан, карта оқу арқылы түсіндіреді.
1. Мұғалжардың физикалық
–географиялық орны
2. Геотектоникалық құрылысы
3. Қазба байлықтары
4. Климаты (есептер шығару)
а) Ылғалдану коэффициентін табу
ә) Ауытқу амплитудасын анықтау, жылдық орташа
температурасын табу.
б) Атмосфералық қысымды анықтау.
5. Ішкі суларын физикалық картадан оқу.
Мұнда оқушы тақтаға шығып,
Мұғалжар тауының физикалық-географиялық орнын
анықтайды, жоспар бойынша атластан оқып береді. Сонымен
қатар, бұл жерде жұптап түсіндіру де жүзеге
асады. Мысалы бір оқушы Мұғалжардың геотектоникалық
құрылысын картадан оқып жатқанда, екінші оқушы
тақтаға Мұғалжар тауының ылғалдану
коэффициентін шығарады да, геотектоникалық құрылысты
түсіндірген оқушыға есеп құрастырып шешуді
ұсынады.
Ол мынадай: Боқтыбай тауының етегінде ауа температурасы + 300С
тау ауа температурасы қандай болады деген есептерді әр
сабақта оқушылар бір-біріне жасыру арқылы ізденушілік
және ойлау қабілетін жетілдіріп отырады.
Сабақты күнделікті өмірмен тікелей байланыстырып
өтуге географиялық алаңның үлесі зор.
Үлгерімі нашар оқушыға сабақтың үй
тапсырмасын сұрау барысында сол кездегі жергілікті
1. ауа температурасын;
2. күн сағаттан дәл уақытты;
3. флюгер арқылы желдің бағытын және
жылдамдығын біліп келуге 4 минут уақыт беріледі де, ал оқушы
келгеннен соң келесі бір оқушыны жіберіп, сол тапсырманы тексеруге
болады. Бірінші оқушы екінші оқушы шығып кеткен соң,
өзінің нені және қалай бағдарлап бергендігін
оқушылар алдында баяндап береді. Екінші оқушы келгенде үшінші
оқушыны сыртқа шығарып, екінші оқушының
жасаған жорамалын тыңдаймыз. Екеуін тыңдап салыстырамыз,
екеуіндегі айырмашылық мол болса, үшінші оқушыны географиялық
алаңға зерттеуге жібереміз. Ал айырмашылық мүлде
жоқ немесе аз болса, онда үшінші оқушыны алаңға
жібермей, алаңға барған екі оқушыны бағалаймыз.
Бағалау оқушының дұрыс жауабына, уақытты
үнемдеуіне байланысты қойылады. Ол төмендегідей жүзеге
асады. Негізгі берілген уақыт 4 минут.
Егер оқушы 3 минутта орындап келсе – «5»
4 минутта орындап келсе – «4»
5 минутта орындап келсе – «3» деген бағалар қойылады.
Бағаның бұлай кемітілуі оқушы алтыншы сыныптан
географиялық алаңда қалай жұмыс істеу керектігін
жақсы меңгереді. Сондықтан, жылдам жұмыс жасауды талап
ету керек. Мұндай күнделікті сабақтағы сарамандық
жұмыстар 9-10-11-сыныптарға барғанда да өз ережесі
бойынша жалғасын табады.
9-сыныпта оқулық карталарын және экономикалық
картаны пайдалана отырып оқушы күнделікті сабақта
өзіндік жұмыс жүргізеді. Экономикалық географияны
оқу барысында да есептер шығарып, карта оқу жұмысы
өз деңгейінде жүргізіледі. Мысалы, аймақтарды өткенде
аймақтың халқы қанша пайызды құрайды.
Ал енді 10-сыныпта дүние жүзінің экономикалық
және әлеуметтік географиясын оқу барысында бүкіл
сабақты сарамандық тұрғыда өтсе, оқушы
дүние жүзі елдерінің экономикасын терең түсіне
біледі.
«Шетелдік мемлекеттер» тақырыбында оқушыларға жеңіл болуы
үшін атлас кеңінен пайдаланған жөн. Азия елдерін өткенде
оқулықта негізгі үш елге: Қытай, Үндістан,
Жапония елдеріне толық сипаттама берген. Ал қалған 45 елге
қысқаша сипаттамамен шектелген. Оқушы осы қалған
45 мемлекет жайлы мәліметті қайдан іздеуі керек деген
сұрақ туындауы мүмкін. Енді осы мемлекеттердің
экономикалық жағдайын оқушыларға тиянақты
түсіндіру үшін атласты кеңінен пайдаланамыз.
Жоспарда көрсетілгендей, Азия елдерін Закавказ елдері,
Оңтүстік Шығыс Азия, Орталық Шығыс Азия,
Оңтүстік Батыс Азия елдері деп төрт топқа бөліп
қарастырамыз. Әр аймаққа кем дегенде 8-10 мемлекет кіреді. Мұның
барлығын мұғалім түгелдеп айтып жеткізу мүмкін
емес. Сондықтан сабақ қарқынды жүру үшін
дарынды оқушылар оқулық атластан оқиды.
Оқулық атласын оқудың өз ережесі бар.
Мысалы, Оңтүстік Батыс Азия елдерін алайық. Оқушы
алдымен атластың саяси бетінен оңтүстік батыс Азия
елдерін анықтап, халыктар
жайлы картаны окиды. Экономикалық картаны оқу
төмендегідей реттілікпен жүргізіліп отырады.
- халықтың ұлттық құрамы;
- діні;
- жыныстық құрамы;
- бала тууы;
- адам өлімі;
- табиғи өсімі;
- халықтың тығыздығы;
- урбандалу деңгейі.
Мұнда тек халық туралы мәлімет алу үшін осындай
салаларды бір немесе екі оқушы оқып шығады. Одан ары шаруашылығы
мынадай жоспарда оқиды.
-энергетикасы;
- қара металлургиясы;
- түсті металлургиясы;
-машина, металл өңдеу;
- химия өнеркәсібі;
- жеңіл өнеркәсібі;
- ауылшаруашылығы;
- транспорты;
- сыртқы экономикалық байланысы немесе
тауар айналымы.
Атластан әр оқушы жеке-жеке оқиды. Мұндай
жүйеде өтілген сабақтар оқушының ойлау, зерттеу,
іздену қабілеттерін арттырады және сыныптағы барлық
оқушыны бағалауға мүмкіндік туғызады.
Міне, осындай жүйеде өтілген әрбір сабақ
оқушы жадында жатталып, әрі ұзақ есте сақталып
қалары сөзсіз. Әсіресе, 9-10-11-сынып оқушыларына
үй тапсырмасын жеке-жеке міндеттеп беру қажет. Мысалы, 10-сыныпта
өтілген тақырыпқа байланысты, атап айтқанда,
қатар отырған екі оқушыға бір мемлекетті реферат
түрінде жазып келу жүктеліп отырса, оқушы сол тапсырманы
өздігінен орындау арқылы сол мемлекет жайлы танымын жетілдіреді.
Қорыта келгенде,
әрбір география пәнінен сабақ беретін мұғалім
жаңа сабақты ауызша әңгімелеп немесе баяндау берумен
шектелмей, карта оқыту арқылы жүргізсе оқушының
қызығушылық, ізденушілік, зерттеушілік, ойлау
қабілеттері жетіле түсері анық. Дегенмен, сабақ арасында
оқушыны зеріктірмес үшін ойын-сабақтарын
жүргізудің артықшылығы жоқ. Сондықтан да
сарамандық жүйеде карта оқыту арқылы өтілген
сабақ оқушының пәнге деген қызығушылын
арттыра түседі. Яғни, мұғалім оқушымен
сабақ барысында үздіксіз жұмыс істеуі керек. Сонымен бірге,
оқушының сабақ барысындағы ролін арттыра түсу
қажет.
Әдебиеттер:
1.
Қисымова
Ә.Қ. Нұрланов Е.Б. Оқыту технологиясы. 1-бөлім.
Алматы, 2007 жыл.
2.
Тілеубергенова К. География бойынша
жүргізілетін өзіндік жұмыс түрлері.
Қазақстан мектебі, №7, 2010 жыл.