ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ
Ныязбекова
К.С., п.ғ.к.,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
доценті
Қоғамдағы
қазіргі кездегі қайта құрулар, экономиканы
дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарлар,
қоғамның ашықтығы, оның жедел
ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруге қойылатын
талаптарды түбегейлі өзгертті. Әлемнің жетекші
елдерінің көпшілігінің білім беру жүйесі білім беру мақсатын,
мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап
бағалайтын болды. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты
білім алып, білік пен дағды машыққа қол жеткізу
ғана емес, олардың негізінде дербес, әлеуметтік және
кәсіби біліктілікке ақпаратты өзі іздеп табу, талдау
және ұтымды пайдалану болып табылады.
Қазақстан
Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасында «Жоғары білім беруді дамытудың негізгі
үрдісі мамандар дайындау сапасын арттыру, қарқынды
ғылыми-зерттеу қызметімен ықпалдастырылған инновациялық
білімді дамыту, жоғары оқу орындары зерттеулерінің
әлеуметтік сала мен экономиканың қажеттіліктерімен
тығыз байланысты, білім беру және ақпараттық
технологияларды жетілдіру болып табылады» деп атап көрсеткендей-ақ,
білікті мамандарды даярлау – өзекті мәселелердің бірі.
Болашақ
мұғалімдерді даярлау – қай уақытта да ең
өзекті мәселелер қатарына жататыны белгілі жайт. Олай
болатыны, қоғамның әлеуметтік – экономикалық
міндеттеріне сай, өскелең ұрпақты өмірге
бейімдеудің жаңа талаптары туындап отырады.
Қазіргі кезеңде
білім берудің ұлттық моделіне өту оқыту мен
тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін,
инновациялық педагогикалық технологияларды игерген,
психологиялық-педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын,
педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы
ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және
нақты тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік
даңғыл жол салуға икемді, шығармашыл педагог-зерттеуші,
ойшыл мұғалім болуын қажет етеді.
«Технология»
ұғымы соңғы кездері ең көп
қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Технология
ұғымының:
·
оқытудың технологиясы;
·
педагогикалық технология;
·
білім беру технологиясы;
·
тәрбие технологиясы;
·
қарым-қатынас технологиясы;
·
даму технологиясы;
·
қалыптасу технологиясы;
·
модульдік технология;
·
топтық оқыту технологиясы, т.т. сияқты
психологиялық-
педагогикалық
ұғымдармен байланысы саналуан. Жоғарыда аталған
технологиялардың қай түрі болмасын, өзінің мәнін анықтап, сипаттама беруді
қажет етеді. Қазіргі кезеңдегі ғылыми айналымда «технология» және технологиямен байланысты жеке
ұғымдарға берілген анықтамалар баршылық. Алайда
білім беру жүйесінде дәл қазіргі кезеңде жүріп
жатқан процестердің
технологиясының мәнін ашып, түсіндіретін жалпы
анықтама жоқ.
Білім беру жүйесі басқару
органдарынан, түрлі типтегі және деңгейдегі білім беру
мекемелерінен, жүйенің жұмыс істеуі және дамуын
қамтамасыз ететін қаржы қорлары мен материалдық
объектілерден, ғылыми орталықтардан тұратын күрделі
құрылым болып табылады. Технологиялық тәсіл білім беру
жүйесінің кез-келген саласында (басқару, білім беру, қаржыландыру,
мониторинг т.б.) қолданылуы мүмкін. Сондықтан, «білім беру технологиясы»
деген сөз тіркесін бірыңғай түсіндіру
мүмкін емес. Бұл ұғымды тек қана оқытушы
мен оқушы арасындағы арнайы ұйымдастырылған процестерге
ғана қатысты қолданады. Егер осы процесті оқыту процесі
деп атайтын болсақ, онда оған технологияның осы салаға
арналған жиынтығы жатады.
«Технология» ұғымы «Tehne» – өнер, шеберлік, «logos» – ілім, білім, оқу, ғылым деген мағыналарды
білдіретін, грек тілінен енген екі
сөзден тұрады. Сондықтан, «технология» терминін қазақ тіліне «өнер туралы ғылым немесе
шеберлік туралы ғылым» – деп
аударуға болады.
«Технология» –
бұл қандайда болсын істегі, шеберліктегі, өнердегі
амалдардың жиынтығы. (Педагогикалық сөздік).
«Технология» –
өндірістік процесті жүргізудің әдістері мен
тәсілдері жайлы білім жиынтығы. (Шетел сөздігі)
«Технология» –
оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы
оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу бірлескен
педагогикалық әрекетті жобалаудың жан-жақты
ойластырылған үлгісі. (В.М.Монахов).
Бұл
ұғымға пәндік саланы сипаттайтын терминдерді
қосамыз да кез-келген нақты технологияның мәнін
айқындаймыз.
АҚШ пен Батыс Европада
XX-ғасырдың екінші жартысынан бастап оқыту процесінің
технологиясын жасау бағытындағы ізденістер белсенді түрде
жүргізіле бастады. 1940-50 жылдары оқыту үрдісіне техникалық
құралдардың енуіне байланысты «білім берудің технологиясы» термині кеңінен қолданыла
бастады. Кейінірек, 50-60-шы жылдары түрлі техникалық
құралдарды қолдану әдістері жөніндегі
еңбектердің ықпалымен бұл терминдер «педагогикалық технология» деп атала бастады.
60-шы жылдардың ортасында технологиялық әдіс шет елдерде
кеңінен талқылана бастады. Мұнда негізгі екі бағыт
көзге түсті. Біріншісі,
бұрынғыша технологиялық әдісті, техникалық
құралдарды қолданумен байланыстырылса, екіншісінің құрамында оқу процесінің
өзін ұйымдастырудағы технологиялық әдістер дами
бастады да педагогикалық технология «оқытудың
технологиясы» деген термин пайда болды.
60-шы
жылдардың аяғы, 70-ші жылдардың бас кезінде АҚШ,
Англия, ФРГ, Франция, Италия, Жапония, т.б. көптеген елдерде
оқытудың технологиясын жасау, дамыту жұмыстарымен айналысатын
мекемелер жұмыс жасай бастады. Дегенмен, оқыту үрдісі білім
беру үрдісінің бір ғана бөлігі болып
табылатындықтан, «оқытудың
технологиясы» терминінің
мағыналық аясы өте тар. Мұндай олқылық «тәрбиенің технологиясы», «дамыту технологиясы», «қалыптастыру
технологиясы» ұғымдарына
да тән. Қазіргі кезеңде батыста білім беру саласындағы
технологияны белгілеу үшін «білім беру технологиясы» ұғымы пайдаланылып жүр. Осы ұғымның ғана мейлінше аясы кең, білім
берудің түрлі салаларында (басқаруда, материалдық
жабдықтауда, қаржыландыруда, біліктілікті арттыруда, кадрлар
даярлауда, түрлі оқыту мекемелеріндегі оқыту процесінде
және т.б.) қолданылатын кез келген технологияны қамти алады.
Сондықтан, «білім беру
технологиясы» терминін бүкіл білім беру жүйесін технологияландыру
заңдылықтарын зерттейтін ғылыми пәнге қатысты қолданған
дұрыс болар еді. Бірақ, әзірше бұл термин көп
жағдайда тек мектептегі
оқыту үрдісі төңірегін сипаттауда ғана
қолданылып жүр.
Сондықтан, бұдан
әрі қарай «білім
беру технологиясы» ұғымын
мұғалімдер мен оқушылардың білім берудің
жоспарланған мақсаттарына бағытталып, арнайы
ұйымдастырылған өзара қарым-қатынас процесі
технологиясы ретінде қолданамыз.
Білім берудің технологиясына – оқытудың техникалық
құралдары, білім беруде қолданылатын ақпараттық
технологиялар, қашықтан оқыту да жатады. Сондықтан,
оларды жеке-жеке талдаған кезде
бұл технологиялардың өздеріне тән ерекшеліктерін атап
көрсетуге тиіспіз.
Сырттай
қарағанда, технологияның әдістемесі мен оқыту
үрдісіңдегі әдістемелік және технологиялық
әдіс-тәсілдер арасында карама-кайшылық жоқ. Себебі, «оқытудың әдістемесі»
ұғымы «білім беру технологиясы» ұғымынан
әлдеқайда кең.
Дәлірек
айтсақ, әдістеме «не үшін, неге және қалай
оқыту керек?» негізгі үш
сұраққа жауап береді. Ал, технолог болса, мақсат
белгілі болып, оған жетудің нақты іс-әрекетін, жолдарын
анықтау қажет болған сәтте ғана іске кіріседі. Олай болса, технология әдістемелік
процестің құрамына еніп, әдістемені жүзеге асыруға
қызмет етеді деген қорытынды жасауға болады
(1-сурет).
Бір қарағанда,
технологиялық әдіс жеке пәндерді оқыту
әдістемелері ішінде де дами алар еді деген ой туады. Бірақ,
әдістемелік және технологиялық амалдардың
мақсаттық ұстанымдары қалыптасқан.
1 – сурет.
Әдістеме мен технологияның өзара байланыстығы

Технология ұғымы тар
мағынада – бір нақты объектінің технологиясы ретінде
және кең мағынада – ғылым саласы ретінде
қарастырылады. Егер, технологияны педагогикалық
ғылымдарға қатысты алсақ, педагокалық технология
ұғымының мәнін анықтап алу қажет.
Ғылыми-педагогикалық
әдебиеттерде педагогикалық технологияның мәнін
ғалымдар түрліше анықтайды. Атап айтқанда:
Дегенмен, барлық
анықтамаларға ортақ басты негіз бар. Осы негізді арқау
ретінде алып, педагогикалық технологияның мәнін былай
сипаттауға болады: «Педагогикалық технологиялар – бұл білімнің
басымды мақсаттарымен біріктірілген пәндер мен
әдістемелердің; оқу-тәрбие процесін
ұйымдастырудың өзара ортақ тұжырымдама мен
байланысқан міндеттерінің, мазмұнының, формалары мен
әдістерінің күрделі әрі ашық жүйелері.
Мұнда әр позиция басқаларына әсер етіп, ақыр аяғында
оқушының дамуына жағымды жағдайлар жасайды»
(М.М.Жанпейісова).
Педагогикалық
технологияларға барлық елдер ғалымдары
қызығушылық танытуда. Сондықтан 1979 ж. АҚШ-та
педагогикалық коммуникация мен технология Ассоциациясында ресми
түрде төмендегідей тұжырым қабылданды:
«Педагогикалық технология –
комплексті, интегративті процесс. Соның ішінде адамдарды, идеяларды,
ұйым іс-әрекетінің құралы мен
әдіс-тәсілін мәселенің анализі мен шешімін
басқару, білімді меңгерудегі барлық аспектілердің
орамды болуын іске асырады».
«Педагогикалық
технология» ұғымы оқыту мен тәрбиелеу саласында
кең қолданылады. Педагогикалық технологияның пайда
болуының екі жолы бар:
·
технологияның
теорияда пайда болуы (В.П.Беспалько,
В.В.Давыдов, В.К.Дьяченко, Л.В.Занков, П.Я.Гальперин, Н.В.Кузьмина және
т.б.);
·
технологияның
тәжірибеде пайда болуы
(Е.Н.Ильин, С.Н.Лысенкова, Б.Ф.Шаталов және т.б.).
Педагогикалық технология теориялық педагогика мен практика
аралығында орын алып отыр. Педагогикалық технология деп
мақсаттар қою, оқу жоспары мен оқу бағдарламасын
үнемі жақсартып отырудың, педагогикалық жүйелерді
бүтіндей бағалаудың және ол жүйелердің
тиімділігі жөніндегі жаңа ақпарат туындауына байланысты
жаңа мақсаттар қоюдың тұтас үрдісін
айтамыз. (С.Сполдинг, 1969.).
Сонымен, педагогикалық технология – оқыту
үрдісін түгелдей қолдану және бағалау, сол
сияқты, білімді адамдар мен техника ресурстарын ескеру арқылы
білімді игеру, білім берудің тиімді түріне жету үшін оларды
жоспарлаудың жүйелі әдісі ретінде түсіндіріледі.