ОҚУ ЖЕТІСТІКТЕРІН БАҒАЛАУ

 

 Тлеубай С.Т., Тойымбекова Ж.Б.

 

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша  педагог  қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты

 

 

Бүгінгі күні Қазақстандық білім беру жүйесіне сындарлы оқыту теориясының енгізілуі – игілікті істердің бірі болуда. Осыған орай 3 (базалық) деңгей курс Бағдарламасы бойынша кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында келген ауыл мұғалімдерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін серіктестік қарым-қатынаста жүйелі жұмыс түрлері орындалу үстінде. Әрбір мұғалімнің тағдыры, оның ойлауының, үнемі өзін-өзі жетілдіру және білім беру үдерісінің «жаңа форматты» мұғалімі болуға деген ынтасының өзгеруі тренердің кәсіпқойлығы мен құзыреттілігіне байланысты екені баршаға мәлім.

Тыңдаушылармен жүргізілген әрбір тренингте оқытушы емес, бағыттаушы ретінде іс-әрекет жасау қажеттігін де естен шығармадық. Мұғалімдердің дәйектеу дағдыларын шынықтырып, өзін-өзі реттеуге, сыни тұрғыдан ой қозғай білуге жетеледік. Бірте-бірте мұғалімдер де зерттеушілер «ішкі уәжді» ояту,  «өзіндік мақсатты» қоя білу  деп, атаған қасиеттерді бойларына қалыптастыруы керек екенін,  берілген тапсырманы дер кезінде саралау әрі зерделеу арқылы нәтижеге қол жеткізуге болатынын ұғынды. «Ұстаз  үздіксіз  ізденгенде  ғана  шәкірт  жанына  нұр  құя  алады»  -  деп, педагог-жазушы  А.Байтұрсынов  айтқандай, мұғалім үнемі ізденіс үстінде болып, өз кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында курс кезінде және курстан кейінгі уақытта да дамыту жұмыстарының көшбасшысы болуда.

 Қазіргі таңда әрбір мұғалімнің жеке жетістіктерін серіктесімен салыстырмай, оқудың нәтижесін әкімшілік қорытындысы ретінде  қарастырмай, мектеп тәжірибесіне формативті бағалау тәсілдерін енгізу міндеті  маңызды мәселенің бірі болып тұр.  Бағалаудың бұл түрінің қалыптастырушы болып аталатындығы - бағаның нақты бір оқушыға, оның білім мазмұнын меңгерудегі кемшіліктерін анықтауға және өзіндік  орнын барынша тиімді толықтыруға бағытталғаны. Мұғалім бұл бағалау әрекеті арқылы пәнді меңгерудің мақсатын нақты анықтай алады. Оқушының өткен тақырыптарды біртұтас, үйлесімді сурет түрінде елестетуіне, нәтижені бақылаудың сәйкес тәсілдерін өзі анықтай білуіне,  жоғары деңгейге жетуге ынталануына ықпал ете алады. Формативті бағалаудың мақсаты - оқу материалын меңгергендігі жөнінде объективті ақпарат алу, білім алушының  кемшіліктерін дер кезінде анықтау, мұғалім-оқушы  арасында кері байланысты орнату. 

Ресей ғалымдары И.С.Фишман, Г.Б.Голуб та мұғалімнің қалыптастырушы бағалауды ұйымдастырудағы  алгоритмін былайша ұсынады: жоспарланған оқу нәтижелерін анықтау; оқушының маңызды оқу нәтижелерін жоспарлау және оған жету әрекетін ұйымдастыру; оқушылардың жоспарланған оқу нәтижелеріне кері байланыс механизмі көмегімен жетуін жүргізу. Осылайша, мұғалімнің оқушылардың белгілі бір оқу нәтижелеріне жетуін қамтамасыз ететін дәстүрлі құралдары әдістемелік нұсқаулардан бөлек бұл тәсіл мынадай дәстүрлі емес  ресурстармен де  ерекшеленеді. Оқу нәтижелерін жоспарлау ресурстары: біріншіден, оқушының   оқу  нәтижелерін ой операцияларының күрделілігіне қарай тізбектеп қоюға  мүмкіндік беретін талаптар болса; екіншіден, оқушының түйінді құзіреттіліктерді қалыптастыруға берілетін еркін мазмұнды жүзеге асыруға қойылатын талаптар.

Формативті бағалаудың ерекшеліктері - оқушының күнделікті білім сапасы;  білім алудағы олқылықтарды күнделікті түзеу;  «5» балдық бағалау жүйесінің жақсы қасиеттерін сақтау; оқушының қиындық тудыратын сұрақтарын анықтау және оны жою; оқушының бағалаудан алған  эмоционалды негативінің азаюы, психологиялық жайлы ортаның болуы; бағалаудың объективтілігі, анықтылығы және ашықтығы; өзін-өзі бағалау  дағдылары.

Формативті бағалауда мұғалім жұмысты қадамдап жоспарлап,  табысқа жету алгоритмін құра білуі керек. Сондықтан қадамдап жоспарлау кезінде оқу материалының аралық деңгейін анықтау мақсатында, бағдарламалық материалды қайталауда әрі қорытындылауда формативті бағалау  техникасын орынды жоспарлап, қолданған жөн. Осы уақытқа дейін көптеген мұғалімдердің, оқушылар мен олардың ата-аналарының тәжірибесінде бағалау оқыту мен сабақ беру үдерісінен кейін болған. Бүгінгі күні бағалау сабақ беру мен оқытудың ажырамас бөлігі болып табылатыны туралы идея мұғалімдердің түсінігіне елеулі өзгерістерді талап етеді, алайда бұл оқыту үшін бағалауды болжайды. Формативті бағалаудың өзіне тән ерекшеліктерін курс кезінде танытқан сабақтың төмендегідей үлгісін ұсынбақпыз:

 «Сабақ бірден топқа бөлуден басталды. А, Б, В, Г, Д жетондары арқылы 5 мұғалімнен шағын топтарға бөлдік және қалған 5 мұғалімді «Сарапшылар» тобына жинақтадық. Алдыңғы сабақ тақырыбындағы жиынтық бағалауды бекіту мақсатында «Бағалай білеміз бе?» рөлдік ойыны жүргізілді. А мен Б тобының ойыншылары - «Оптимистер», В, Г, Д тобының ойыншылары - «Пессимистер» болды. Ақпарат қағаздар таратылып, ойынға қатысушылар бағалау түрлерінің қысқаша сипаттамасымен танысады. «Оптимистер» мен «Пессимистер» өздеріне бөлінген рөлдерге байланысты ұтымды пікірлер мен нақты айғақтарды атап өтіп, талдайды. Ойын соңында «Сарапшылар» қорытынды жасайды. Мұғалімдер жиынтық бағалау туралы мәліметтерді кері байланыс парағы арқылы пысықтаған соң, « -Қандай бағалау формативті бағалау болады?  Тоқсандық, жылдық бағалау формативті  бағалау болып табыла ма? Неге? Не себепті?» деген сұрақтарға жауап алынды.  Жеке, жұпта, шағын топта пікіралмасу, топ алдында қорғау, өзара бағалау әрекеттері жүргізілді. «Венн диаграммасы» стратегиясы бойынша мұғалім білімі, түсінігі анықталды. Жиынтық және қалыптастырушы бағалаудың ортақ белгілері, өзіне тән ерекшеліктері салыстырылды. Бұл бағалау түрлерін терең ұғындыру мақсатында «Формативті  бағалау» мәтінімен жұмыс жүргізілді және сабақ жоспарының критериалды бағалау бойынша таныстырылымы, бейнеролигі көрсетілді. Мұғалімдер үшін теориялық білімді тәжірибемен байланыстыру барысында сабақ жоспарының үзіндісін дайындау, қалыптастырушы бағалау мүмкіндігін жоспарлау, сабақ жоспарына енгізу үшін ұсынылған бірнеше үлгіні пайдалану  әрекеттері де іске асырылды».  Демек, «бағалау арқылы оқу үдерісін жақсартуға ықпал ететін бес қарапайым ерекшелікті - оқушылармен тиімді кері байланыс орнату,  оқу үдерісіне қызу араластыру, оқыту мен бағалау нәтижелері арасында байланыс орнату, оқу табыстылығының негізгі факторлары бағалаудың мәнін түсіну,  өз жұмысын өзі бағалау және өзін-өзі жетілдіру жолдарын түсіне білуді дамыту» (МАН., 32 б.) деп,  атап өтуімізге болады.

Соңғы жылдары өзінің тиімділігін танытып отырған формативті бағалаудың маңызды компоненттерінің тағы бір түрі - өзін-өзі бағалау және өзара бағалау. Өзін-өзі бағалау – өзіне-өзі баға қоймаумен, бірақ бағалау қызметімен байланысты  бағалау әрекетінің бір түрі. Ол тапсырманы орындау үдерісі сипаттамасымен, яғни оның оң және теріс жақтары, әсіресе, ұпайлармен тығыз байланысты. Мұғалім оқушыға өзін-өзі бағалаудың төмендегідей алгоритмін ұсына алады:

1. Тапсырманы  орындауда нені жасау қажет?  Мақсат қандай болды? Қандай нәтиже алу қажет болды?

2. Нәтиже алу мүмкін болды ма? Шешу жолы, жауабы табылды ма?

3. Тапсырманың барлығын дұрыс орындады ма, әлде қателер жіберді ме?

4. Толығымен жеке орындады ма, әлде біреудің көмегіне сүйенді ме?

5. Тапсырманы орындау барысында қандай біліктіліктер дамыды? Егер тапсырманы орындай алмаса, онда қандай қателер жіберілді  және бұл қиындықтар неден туындады?

 Әр мұғалім сабақ барысында оқушылардың кез-келген сабақтың соңында міндетті түрде қандай әсер алғанын анықтау үшін рефлексия жасатып, оны стикерге жазып ілдіру, эссе жазғызу, "Екі жұлдыз, бір тілек", «Қосу, алу, қызықты», «Білемін, үйрендім, білгім келеді...» әдістерін және смайликтерді қолдану арқылы қалыптастырушы бағалау жүргізіп отыруы қажет. Мектеп тәжірибесінде жеке тұлғаның  шегініс жасау арқылы күнделікті әрекетіне бағалау жасайтын жеке бас күнделігінің болуының да маңызы зор. Бұл күнделіктің ересек жастағы оқушылардың дамуы мен өсіп-жетілуі жөнінде көп мәліметтер берері сөзсіз.         

Біліктілікті арттыру курсы Бағдарламасының 1-«Бетпе-бет» кезеңіндегі әр тренингте теория мен іс-әрекетті өзара бірлікте жүзеге асыруда толықтай формативті бағалау қолданылды. Курстың бірінші кезеңінің  төртінші аптасында мұғалімдер формативті өзін-өзі бағалау кестесін толтырады. Мақсаты - курс бағдарламасы бойынша 7 модуль идеясын  қаншалықты  меңгергендігі жөнінде  өзін-өзі бағалауы.  Бұл формативті өзін-өзі бағалау кестесінде мұғалімдердің  теориялық білімді толық алғандығы, мектепте жүргізілетін тәжірибеге дайын екендігі көрініс тауып отырды. 2-«Бетпе-бет» кезеңінде де оқу, талдау, кеңес беру арқылы жалғасын тапты. Себебі мұғалімдердің қай тізбектелген сабақтар топтамасын алып қарасақ та соңында өзара бағалау, қолдау, мадақтау жүргізіліп отырғаны - соның дәлелі. Курсаралық және курстан кейінгі кезеңде де мұғалімдер бірлескен әрекетке түсу арқылы өздерінің кәсіби даму деңгейлерін танытып, бағаланып отырылды. Ізденімпаз педагогтардың жаңа жоба идеяларын түсініп, түйсінгендері әрі оны мектептегі іс-тәжірибелерінде қолдана отырып, жүзеге асырғандары ой қозғау, таныстырылым, Шеберлік сағаттарында, он-лайн семинарларда айқын дәлелдене түсті. Бірден бәрі еш қиындықсыз өтті деуге болмайды. Бұл ойымызды нақтылау үшін мұғалімдердің электронды үлгідегі кері байланыс парақтарына түсірген ой-пікірлерін тілге тиек етуге болады: «Көкейде сайрап тұрған идеяны әрекетке түсіруде қиналған кездер болды. Бірақ серіктестеріңмен, тренермен тілдесіп, кеңес алғаннан кейін шешімін таппайтын нәрсе болмайтынын ұғындым...» десе, енді бір әріптестеріміз «Өз мектебің, өз сыныбың болса да жүрексініп, тәжірибені қалай бастарыңды білмей дал болған кездерің де болады екен. Дегенмен,  шегінерге жол жоқ. Тез арада шешім қабылдап, іс-әрекетке көшуің керек екенін ойлағанда, жауапкершілікті сезінгенде әлдеқайдан батылдық келе қалып, бар қиындықтың артта қалатынының да куәсі болдым... Мүмкін болашаққа деген нық сенімнен бе екен?!» деп, ақтарыла шын сырларын айтып та, жазып та жатты. Әрине, Бағдарламаның жеті модульге негізделген идеясын аз уақытта қабылдап, озық стратегияларды тиімді  қолдана білгендерін ой елегінен өткізіп жазудың да қиынның қиыны екенін түсінгендей.

Формативті бағалаудың тағы бір маңызды компоненттерінің бірі - кері байланыс әрекеті деуге болады. Кері байланыс әрекеті ауызша және жазбаша түрде жүзеге  асырылады. Бұл әрекеттің қай түрі болмасын, тренер мұғалімнің нені жақсы орындағанын белгілеп отыруы тиіс. Қателіктер болған жағдайда мұғалімге өзінің жұмысын жақсартуға байланысты нақты ұсыныс бере алады. Кері байланыс - бұл оқушының жеке жетістіктері мен білім алудағы олқылықтарды сезінуіне және өз іс-әрекетіне өзгерістер енгізуге көмектесетін, алға жылжуға бағыттайтын нақты ұсыныстар үшін алынған ақпараттар. Мұғалімдердің өз  мүмкіндіктерін жетілдіруде кері байланыс  алғашқыда мәдени күнделік жазу, ой толғаныс және рефлективті есептерді өзара талдау кезінде байқалса, курстан кейін желілік қоғамдастықта және онлайн-семинар, вебинарлардағы ой-тұжырымдамаларынан жеткен жетістіктері  көрініс тауып отырды. Ойымыздың дәлелі  ретінде  кері байланыс жасау  үшін мұғалімдермен өткізілген жұмыс түрін де айтуымызға болады. 22 қаңтар 2014 жылы облыс көлеміндегі сертификатталған мұғалімдерге арналған «Критериалды  бағалау – мұғалім мен оқушы әрекетін түзету құралы» тақырыбында оn-line семинар өткізілді. Оn-line семинарға деңгейлік бағдарламалар орталығының тренерлері мен  мектеп ұжымдары белсенділікпен қатысты. Алға қойған мақсатымыз - шалғайдағы білім  беру ошақтарындағы мұғалім тәжірибесін бақылау және   оқушының  оқу-танымдық  құзырлығын қалыптастыруда  табыс өлшемдеріне, оқу жетістіктеріне қаншалықты жете алатындығын анықтау, қадағалау.  Оn-line семинарға қатысқан мұғалімдердің іс-әрекеттерімен танысу, пікіралмасу барысында Сәтбаев қаласы, №16 ЖББОМ-тің ағылшын тілі пәні мұғалімінің «...бағалау парақтарын толтырар алдында оқушыларға шыншыл болуға және нағыз ойындағы әділ бағаны қоюға шақырып отырамын. Себебі оқушылар бағаны өздерінің сыни көзқарастарының қорытындысы және өздерінің нақтылы ой-пікірлері бойынша бергенін қалаймын. Осы бағалау нәтижесін саралай отырып, жиынтық баға шығаруға мүмкіндік туындаса, рефлексияны «3 жұлдыз, 1 тілек», «+, -, қызықты» арқылы оқушы   іс-әрекетінің өзіндік талдауы және оның нәтижесінен көрдім...» деп, «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулін сабақтарында қалай тиімді қолданғаны жайлы ойын ортаға салса,   Әлихан Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ химия пәні мұғалімі мен КММ “92 гимназия”физика пәні мұғалімдерінің «Баға оқушының кемшіліктерін табу үшін емес, келешекте дамуына ықпал ету үшін қойылады. Бaғалау бaрысындa бaлa  мақтағанды қалайды және соған лайық болуға тырысатыны белгілі. Сондықтан баланы мақтау арқылы жұмысының дұрыстығына   тоқталып, соңынан қате кеткен тұстарына ұсыныс жасау барысында оқушыға жеткізіп отырсақ, онда  сабаққа деген құлшыныстары арта түсетіндігін анықтадық. Рефлексия жасау арқылы  да бағалау оқушылардың ойлау қабілетін дамытады және өзін-өзі бағалауы жақсарады. Қазіргі таңда оқушыны тек сабақ үстінде бағаламай, үй тапсырмасын тексеру кезінде де бағалаудың бірнеше «Ыстық орындық», «Бізден сұрақ, сізден жауап», «Серпілген сауал» сияқты түрлерін қолданудың да пайдасы бар екенін түсіндік...» деп, ой қорытты да  бірлескен түрде  «Формативті бағалау біздің  сабақ беру тәжірибемізде» атты тақырыптағы тұсаукесерлерін ортаға салды.   Сонымен бірге Қарағанды қаласы №8 ЖББОМ-нің  бастауыш сынып мұғалімі де «өз тәжірибемде формативті бағалаудың  «өзін-өзі  бағалау», «жұптық және топтық бағалау» сияқты ауызша түрлерін қолдануға жете мән бердім, ал «Жазбаша  түсініктеме», «Бір  жолды  эссе» сияқты   жазбаша түрлерінің де оқушының қызығушылығын арттыруға қол жеткізетінін көрсетті...»

Біз, тренерлер ұжымы, бағалаудағы қиындықтарды шешуге бағыт-бағдар бере отырып, мұғалімдердің кәсіби дамуында оқушыларды нақты, әділ бағалауға үйретеміз, дағдыландырамыз. Ізденімпаз мұғалімдерден білім алған әрбір жеткіншектен қоғам құрылады. Ал біздің қоғамымыз шыншылдықты, әділдікті, парасаттылықты, білімді басты мақсат етіп ұстанса, Тәуелсіз еліміздің дамыған елдердің қатарынан көрінетініне, биік шыңдарды бағындыратынына сенімдіміз. Бастапқыда мұғалімдер формативті бағалауды тілек айту деп түсінсе, бірте-бірте  серіктесінің артықшылығын, жетілдіру қажет тұстарына өзіндік көзқарас танытып,  баға беру керектігін ұғынды. Дж. Роттердің «өзін-өзі реттеу, өзіндік баға білім алушылардың кәсіби тәжірибесін байытуға мүмкіндік береді...» деген пікірін де бір сәт естен шығармады.

Қорыта келе, Теодор Сайзердің «Баға беру және есепке алу – керемет мақсаттар. Білім алу үдерісіне кедергі тигізбейтін және біздің жан салып жасап жатқан ісімізге пайдалы да әділ баға беретін жүйе...» дегендей, формативті (қалыптастырушы) бағалау дұрыс ұйымдастырылған жағдайда тренер мұғалімге олардың іс-әрекеттеріне байланысты түсінік, ұсыныс т.с.с. бере отырып, жүйелі түрде кері байланысты қамтамасыз етеді. Кері байланыстың әсерінен мұғалімдер  өздерінің оқу үдерісін ұйымдастыруға белсенді қатысады. Ол үшін мұғалім оқушылардың оқу нәтижелерінің өзгеруіне байланысты оқыту және оқудың жаңа әдіс-тәсілдерін, техникасын өзгертіп отыруы қажет. Мұндай бағалау жаппай тәжірибеде мұғалімнің қалыптастырушы бағалаудың теориялық негіздерін және оны ұйымдастырудың алгоритмін меңгерген кезде ғана жүзеге асады.

              

      Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Alexander, R., (2001). Culture and pedagogy. [Мәдениет пен педагогика] Wiley-Blackwell Assessment Reform Group, (2002а). Assessment for Learning: 10 Principles. [Оқыту үшін бағалау: 10 ұстаным] University of Cambridge Faculty of Education. (Нұсқаулық, )  

2. Assessment Reform Group, (2002b). Testing, Motivation and Learning. [Тестілеу, қызықтыру және оқыту] University of Cambridge Faculty of Education.

3. Формативное оценивание на уроках математики. Практическое пособие для учителя/ Сост. Р.Х. Шакиров, М.Ф. Кыдыралиева, Г.Н. Сахарова, А.А. Буркитова. – Б.: «Билим», 2012. – 76 с.

4. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарының Бағдарламасы, үшінші басылым,  «НЗМ» ДББҰ, 2012              

5. Тренерлерге арналған нұсқаулық, үшінші басылым, «НЗМ» ДББҰ, 2012