Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Болысова Сымбат Балтақызы

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студенті

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан Республикасы

Ақын Мұхтар Шаханов поэзиясы тіліндегі теңеудің стильдік қызметі

Қазақ тіл білімінде теңеуге толық талдау жасаған ғалым – Т.Қоңыров «Қазақ теңеулері» атты еңбегінде теңеулерге мынадай анықтама береді:  «Теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды – экспресссивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы [1; 3б].

       Түрдің өзінің көріну тәсілдері, жүзеге асу жолдары, өмір сүру заңдылықтары болады. Сол түрдің көріну тәсілдерінің бірі – теңеу категориясы. Теңеу категориясы – бүкіл бейнелеу, көркемдеу тәсілдерінің ішіндегі ең бастысы, ең пәрмендісі. Бейнелеу тәсілдерінің барлығы да бастауын осы теңеуден алады.

        Қазақ тіл білімінде теңеу жан – жақты зерттелген. Қазақ тіл білімінің тұңғыш зерттеушісі А.Байтұрсынов «Теңеу заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей – ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді» деп көрсетеді [1; 8б].

        М.Серғалиев «Теңеудің стильдік қызметі әр алуан, бір ыңғайда, негізінен аз сөзге көп мағына сыйғызуды мақсат етсе, тағы бір жағдайда автордың астарлап сөйлеуіне мүмкіндік береді. Сол астарлап сөйлеудің өзі жинақылықтың арқасында болып отырады» деп, теңеудің көркем әдебиет тілінде алатын орнын айқындайды [1; 11б].

            Теңеу лингвистикалық категория ретінде қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттарының бәрінің де зерттеу нысаны бола алады. Халықтың дүниетанымы, өмірге және қоршаған ортаға деген көзқарасы, салт-дәстүрі, көңіл-күйі әр халықтың жалпы фразеологиясынан, оның ішінде әсіресе, фразеологиялық теңеулерден көрініс табады [2; 10б].

            Теңеу - ең алдымен таным құралы. Сонымен бірге теңеу - адамның бейнелі ойының жемісі, белгілі бір ойды жеткізу құралы. Көркем шығарманы әсем теңеулерсіз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Әрбір суреткер өз шығармасында теңеуді қолданады, әр ақынның теңеуі оның эстетикалық әлемнен хабар береді [ 3; 22б].

            Ақын өлеңдерінен ұлтымызға барынша жақын этномаркерленген теңеулерді молынан кездестіруге болады. Әрине бұл сөздер - мәдени мәнге ие әрі ұлттық мәдениетіміздің бірден-бір көрсеткіші. Ақын қолданған теңеулер ұлттық тілдің бейнесін, таңбасын білдірумен құнды болып келген. Ұлтымыздың мәдениеті этномаркерлі теңеулермен репрезентацияланып, ұлт - мәдениет - тіл сабақтастығы негізінде дамыған."... таңба ұлт мәдениетін тілде маркерлеу қызметін атқарады. Себебі, бір этностың мәдениеті екінші этносқа оның тілдік таңбалары арқылы баяндалады" [4; 89б].

            Шығармадағы теңеулер адамның сезіміне ерекше әсер етіп, түрлі стильдік қызметте қолданылуымен құнды болып келеді. М.Шаханов қолданған теңеулер ұлттың таным-түсінігін білдірумен бірге терең мазмұнды, ой-тұжырымды болып келген. Салиқалы ой айтып, салмақты ой түйген мұндай теңеулер ақын өлеңдерінде өте мол кездеседі. Мысалы:

            Орныңнан тұр, данышпаным, өр дауысты атан ер,

            Ел тыныш болса ғана тәтті ұйқыға батады ел.

            Шуда жіптей шатасқан сан жолдан аман өтсін деп,

            Өз жеріңнің басшысына, қосшысына бата бер ("Құрметсіз, шыншыл тұлғалар немесе Түрік қағанатының құлауы", 86 бет).

            Өмір - көкжиек секілді шеті-шегі көрінбейтін уақыттың еншісіндегі жұмбаққа толы сырлардың жиынтығы. Ақын, осы сырға толы өмірдің жолы тарам - тарам екендігін, шатасқан жіпке балайды.

            Парасатсыз шығу қайда құзар даңқ тауына,

            Өзің білген даналықты, әке, өзіңнің жауыңа,

            Қолдануға өрең жетпей, қарақұрттай сорладың ("Қасқыр аулаушылар қулығы және саразбан сабағы (Есүгей елесі)", 99 бет).

            Адам мінезіне қатысты тұжырымдар да теңеулік құрылыммен әсерлі берілген. Қарақұрттай сорладың деп, ақын, қолынан келер істі жасай алмай отырған адамның амалсыз кейпін жәндікке теңей отырып аша түскен.

            Жете алмадың,

            Көлеңкеңнен алыс ұзап кете алмадың,

            Жанар майын жағып біткен машинадай оталмадың

            Еркің қайда,

            Сертің қайда,

            Ең шешуші кез келгенде, тілің тістеп тұрып қалдың ("Махаббатты қорғау. Кіріспе яки ғашықтар жазған хаттардан, 104 бет).

            Ақын өлең жолдарында, жанар майын жағып біткен машинадай оталмадың деп , ойы сан-саққа кеткен, не әрі, не бері қозғала алмай тұрған, амалсыз адам бейнесін жасайды.

             Сәбилік шақ!

             Сүттей аппақ кезең бұл

            Аңғал, бейқам балбұлақтай сыңғырлы ("Достық өлкесінің заңы", 27 бет).

            Сүт - қазақтың ең қасиетті тағамы, ал ақ түсі - қазақ үшін күллі игі жақсылықтың белгісі. Ақ түс - шындықтың, пәктіктің, әдеміліктің, жақсылықтың нышаны. Ақын осы сөздерді қолдана отырып, сәбилік шақты -  періштелік кезеңге балайды.

            Менің малым, анау, әне,

            Құмырсқадай құжынаған қалың жылқы белесте,

            Керек десең, есебінен жаңылыстым емес пе? ("Сенім патшалығы", 194 бет).

            Бұл өлең  жолдарында, көп малды құмырсқа секілді құжынаған, яғни көп деген мағынада қолданған.

            Тіпті жиі соғатын дамылдамай,

            Қайтарушы ем көбіне қабылдамай.

            - Әуре еттім деп Қасымды әні нардай

            Мақтанасыз ақыныңыз әлі бардай ("Қасымды қабылдамаған адам хақында", 58 бет).

            Ақын қазақтың биік тұлғасы Қасымның әнінің төрден орын алғандығын  нардай, яғни биік деп көрсетеді.

            Мен десе көңілің даладай,

            Мен десе күлкің

            мөп-мөлдір ("Тереңдік жыры", 73 бет).

            Бұл жолдарда ақын, адам көңілінің даладай шеті мен шегі жоқ қиырсыз кең-байтақ жазықтай, үлкен, кең етіп көрсетеді.

            Ер жігітке оңайлықпен ұстатпайтын мұраттай,

            Сыңғыр-сыңғыр шат күлкісі таудан аққан бұлақтай ("Жанерке", 24 бет).

            Ақын қыздың жан дүниесінің, тал бойының нәзіктілігін, оның сыңғыр күлкісіне сыйғызғандай. Өлең жолдарында, ақын, қыздың күлкісін - таудан сылдырап аққан бұлақтың дауысына теңейді.

            Тым асығыс демалып иінінен,

            Сәлем берді. Өзгеше күйі мүлдем.

            Шеті сынған ыдыстай көңілі орта,

            есіткен ем түскенін биігінен ("Жароков көшесіндегі кездесу", 61 бет).

            Шеті сынған ыдыс - бүтін емес, яғни толық емес болса, ақын, адамның көңілін осы ыдыс секілді толық емес, көңілі орта дейді.

            ... Мен де кейде адамдығы аласарған жан көрсем,

            Ыза буған жолбарыстай атылғым кеп тұрады ("Гималай жолбарыстары немесе малдық сана туралы мұң", 96 бет).

            Жолбарыс - азулы аң, ақын адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алып, осы аң сияқты болғысы келетінін ашық айтады.

            Ар-намысы, гүлі болар жандарды

            Сүтке тиген мысықтай ғып шетке қағып тастапсыз,

            Сөйтіп, тақсыр, қасіретті, қиын тағдыр бастапсыз ("Құрметсіз, шыншыл тұлғалар немесе Түрік қағанатының құлауы", 83 бет).

Ақын, бұл өлең жолдарында, намысты жандарды иесіне жақпайтын мысықтай етіп, шетке ысырып тастағандығын көрсеткен. Азғындалған заман бейнесін жасайды.

            Қажет кезде кергитін шабандана,

            Өкпем таудай заңға да, заманға да ("Құлыптас кепиеті немесе кері тебу заңы", 50 бет).

            Ақын, заманның азғындалғанын көріп, заңға көңілі толмай налиды және өкпе-ренішін таудай биік етіп көрсетеді. Қазіргі заманғы рухсыздық мәселесін қозғайды, биік тұлғалардың тасада қалып қоятындығын, ал рухсыз адамдардың  жоғары тұратын заман болғандығын ашына баяндайды.

            Теңеу - танымдық қызметі зор, ең көне, әрі қарапайым, тілде жиі қолданылатын логикалық теңеулер тәсілі. Шындық әлемді танудың қисынды құралы бола отырып, теңеу мейлінше көп қырлы, мазмұнды тілдік құбылысты білдіреді. Ойлау өрісі ретінде теңеудің дүниені эмоционалды түрде қабылдауы және ондағы қайсы бір құбылысты салыстыра бағалау тұрғысынан қандай да бір нысанға мән берудегі салмағы ерекше. Философиялық жақтан қарастырғанда, теңеу адамның абстрактілі ойлауын дамытудың көрінісі болса, лингвистикалық тұрғыдан осы ойдың тілдік қолданыста бейнеленуі.

 

                                               Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Қоңыров Т. «Қазақ теңеулері» – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1978. – 192 бет.

2.      Ағабекова  Б.Н. "Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің ұлттық-мәдени сипаты" Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты, Алматы – 2010. – 23 бет.

3.      Бекбосынова А.Х. "С. Мәуленов өлеңдеріндегі теңеу" Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты, Астана – 2010. – 24 бет.

4.      Әмірбекова А.Б. Қазақ мәдениетін таңбалайтын этномаркерлік бірліктердің қалыптасуының // Тілтаным. - Алматы, 2009. - №3 (35). - 88-92бб.

5.      Шаханов М.