Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Батырғалиева Ақмаржан Сүлейменқызы

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студенті

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан Республикасы

 

Ақын Ақылбек Шаяхмет өлеңдеріндегі «жүрек», «әйел»  концептілерінің тілдік көрінісі

        «Концепт» термині соңғы жылдары тіл білімінің жаңа бағыттарына сәйке өзекті терминіне айналып, негізгі ұғым – сөз мәнінде жұмсалып, тек мәдениетпен байланысты таным – түсініктерде ғана емес, әмбебап қабаттағы қарым – қатынас қызметіне айналып келеді. Адам санасындағы дүние бейнесі табиғаты жағынан әр алуан болып келетін концептердің көмегімен көрініс тауып, олар сөз арқылы таңбаланып, беріледі.

           В.А.Маслова концептіге өз ұғымы бойынша мынадай анықтама береді: «Концепт дегеніміз – мәдениетке сіңірілген ұғым. Ол коннатацияларға ие, өз табиғаты жағынан бағалы, аксиологиялық қасиеті бар, тілде атауларға, есімдерге ие».

           Ю.С.Степанов «Концепт – адамның ментальдық дүниесіндегі мәдениеттің негізгі ұясы» - деп жазады. Ол концептінің күрделі құрылысына төмендегідей сипаттама береді: «Бір жағынан алып қарағанда оған ұғым құрылысына қатыстының барлығы жатады, басқа жағынан алғанда концепт құрылысына оны мәдени факті ететіндердің барлығы, бастапқы формасы, этимологиясы, қазіргі ассоциациялар, бағалаулар жатады» [1,16].

     Әлемнің тілдік бейнесінде эмоция мен сезімнің символы болып табылатын, әрі эмоция мен сезімнің бірлігі болып табылатын – жүрек.

       СУЛТАНГУБИЕВА А. А.  «ТІЛДІК БЕЙНЕДЕГІ ЖҮРЕК КОНЦЕПТІНІҢ КӨРІНІСІ»  атты еңбегінде:   «Жүрек концепті тілдік әлемнің бейнесін құрайтын «тірек» компонент. Себебі, әлемдегі адамзат танымына сүйенген жүрек  - адам денесінің орталығы. Сонымен қатар әлем тілдерінің барлығында жүрек концепті адамның рухани өмірінің орталығы болып саналатын сезім мүшесі ретінде қызмет атқарады. Жүрек адам бойындағы тек сезімді, эмоцияны ғана емес, күлу, қуанау, ренжу, қорқу, сезіну, жылау, ойлану, бір нәрсеге өз еркімен шешім қабылдау, махаббаттың оянуын, ар – намыстың сезімдерді т.с.с. реттеп отырады. Жүрек адам өміріндегі физикалық және рухани дүниетанымының негізгі көзі болып табылады.

       Ал, діни тұрғыдан қарастырсақ, Жүрек – иманның тұрағы. Алла тағалаға сенім мекені. Адам жүрекпен жетіледі, бойындағы бар игі қасиет жүректен шығады. Жүрек қандай болса, адам да соның ыңғайымен қалыптасады. Әл – Ғазалидің тұжырымдауынша, жүрек адам денесінің барлық мүшелерімен байланысты және «мемлекет әміршісі» секілді оларға билік жүргізеді.Эмоциялық салада ең бастысы жүрек концепті маңызды орын алады» - деген.

    Үш тілде кездесетін жүрек сөзінің сөздіктердегі анықтамаларын жалпыласақ, төмендегідей:

 

Жүрек:

1)     Қан айналымының орталық мүшесі (үш тілде де);

2)     Эмоция, көңіл, күйзеліс, сезім түйінінің символы (үш тілде де);

3)     Ауыспалы: бір заттың орталығы, негізгі бөлігі;

4)     Жүрек формасында болып келетін барлық объектілер, бейнелер (орыс және ағылщын тілдерінде);

5)     Сүйікті адамға қатысты қаратпа сөз (үш тілде де) [2,17].

 

Соқпайды дейді...

Жоқ, жүрек өлген жоқ әлі.

Жалған ғой бәрі!

Ақынның ары жоғары.

Басыңды көтер, ақынның жаны қаралы,

Шын ақын тірі,

Жыр – жүрек мәңгі соғады!

                                   (Ақылбек Шаяхмет «Ақынның жүрегі» 46 - бет).

Жанымды өткен күндер тырналайсың,

Неліктен, беу, жүрегім, тыңдамайсың?

                                               (Ақылбек Шаяхмет «Беу, жүрегім» 77 - бет).

...Өкпені тесер өзгерістерден

Жүрегім менің егілмек.

                              (Ақылбек Шаяхмет «Ағайын, менің сырымды ұқ» 16 - бет).

Бала щағым, жүрегімде сен тастаған бар ұшқын,

Өлшемдерін білемін бе жақын менен алыстың?..

                               (Ақылбек Шаяхмет «Ағайын, менің сырымды ұқ» 76 - бет).

   БАЙҒҰТОВА А.М. «ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ» КОНЦЕПТІСІНІҢ ЭТНОМӘДЕНИ СИПАТЫ атты еңбегінде былай деген екен:  «Жалпы христиан тілінде әйел туралы «зұлым», «күнәһар», «өтірікші», «кекшіл» т.б. деген сияқты өте төмен көзқарас қалыптасқан. Кезінде католик дінінің ресми теологы болып бекітілген Фома Аквинский : «Әйел тез өсетін арамшөп сияқты. Ол толыққанды адам емес, оның денесінің толық жетілмегенінің өзі оның құндылығынығ төмендігінен, табиғат онымен азырақ айналысатындықтан...Әйелдер оларды мәңгі билеушінің немесе ұстаздың басқаруымен ұстап отыру үшін туады» деген. Ал ислам дінінде әйелге, әсіресе, әйел анаға деген көзқарас бұдан өзгеше. Бұған «Жұмақ ананың табаннының астында», «Алдымен анаңды, анаңды, тағы да анаңды, одан соң әкеңді сыйла», «Ең қайырлы болғаныңыз, әйелдерге ең жақсы мәміле жасағандарыңыз болмақ», «Балаларды махаббат пен сүйіспеншіліктен бағу, әйелдерге жақсы мәміле жасау – Исламның бармақпен басып көрсеткен ахлақ ережесі» т.с.с. ислам қағидалары дәлел.

     Қазақта қыз баланың, жалпы әйел затының төменшектік, именшектік, ұялшақтықтан гөрі өжеттік, еркіндік, ақыл, парасат сияқты қасиеттерді жоғары бағалайды [3,15].

    СМАЙЛОВ А.  «ӘЙЕЛ» КОНЦЕПТІСІН ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДІҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ СИПАТЫ» еңбегінде концепт мәселесіне біраз тоқталған. Зерттеуші Қ.Жанатаев өзінің ғылыми еңбегінде адамның жынысына қатысты атаулардың лексика – семантикалық және этнолингвистикалық сипатына талдау жасай келе «Қыз - ана» лексемасын Қыз – келін, Әйел – ана, Бәйбіше – тоқал деген үш тақырыпқа бөліп қарастырады. Онда ғалым Қыз – келін тақырыбына қыз, бойжеткен, қалыңдық, келін, келіншек, аруды жатқызса, Әйел – ана тобына әйел, жұбай, жары, қосағы, қатын, ана, әже, кейуана, кемпір сөздерін, Бәйбіше – тоқал тобына: бәйбіше, тоқал, ханым, ханша, бибі, бикеш, күң, жесір т.б. сөздерін қосады. Зерттеушінің тоериялық пайымдауынан қазақ тіліндегі «әйел» лексемасына қатысты атауларды бұлай топтастырудың маңызы зор екенін байқаймыз. Біз өз жұмысымызда қыз, әйел, ана лексемаларын концепт ретінде, ал тіліміздегі бойжеткен, шеше, келін, қатын, құдаша, құдағи т.б. атауларды мәдени ақпараттарды осы концепт құраушы тірек сөздердің құрамында қарастырамыз [4,11].

 

Дейді жарым:

«Мен анамын

Аман болсын от басым».

Қарғысынан Жер – Ананың

Алла бізді сақтасын.

                                          (А. Шаяхмет «Ақты мұңай, төгілді қан» 18 - бет).

Апатайым, аман – есен бармысың,

Көп қой менің саған айтар алғысым.

Алақанға ап әлдилеші сәбидей,

Балаң бір сәт мызғып алсын,қалғысын.

Ақ сүтіңді келуші еді ақтағым,

Бола алдым ба, енді сенің мақтаның?

Ұмытқам жоқ барарымда оқуға

О, анашым, жалғыз малды сатқаның.

                                          (А. Шаяхмет «Анама хат» 37 - бет).

Анасынан қыз болып туды демесе,

Осы бір үйдің әйелі де өзі, еркегі.

Беліңді буып жүрмісің әлі, жеңеше,

Қайтадан, міне, алдыңа келді тентегің.

                                          (А. Шаяхмет «Жеңеше» 53 - бет).

...Парыз көп қой әйелдерге жүктелген,

Кең дүние қас қағымда тартылды.

Әйел! Әйел!

Бір уыс боп бүктелген,

Сақта дей ме бір шыбындай жанымды...

                                          (А. Шаяхмет «Екіқабат әйел» 104 - бет).

Армысың, Апа!

Өзіңді самғатсын көкке сүйікті ел,

Көтердің талмай ел жүгін, ауырған шығар иық, бел.

Дина мен Күләш, Роза, Әлия, Мәншүк, Зұлфия

Қыздары байтақ шығыстың жарыңа болған кейіпкер.

                                                     (А. Шаяхмет «Армысың, Апа!» 59 - бет).

 

       А.Шаяхмет поэзиясында  концепт мәселесі кеңінен қамтылған. Ақынның «Ағайын, менің сырымды ұқ» өлеңдер жинағындағы 138 өлеңнің 70 – ке жуық өлеңі талдауға түсті. Өлеңді талдау барысында 30 – ға жуық концепт сөз терілді. Ақын таңғажайып әйел бейнесін ғажайып асыл сөздермен, теңеулермен сипаттағанын аңғарамыз. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық танымына жақын шаңырақ, босаға, әруақ, ар, намыс концептілері де кеңінен қолданылған.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.      Есіркепова К.Қ., Қанапина С.Ғ. Мақал – мәтел тіліндегі концептілік құрылымдар. Қостанай 2011 ж. – 16 б.

2.      Султангубиева А.А. Тілдік бейнедегі жүрек концептінің көрінісі (қазақ, орыс, ағылшын тілдері бойынша) .Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялық автореферат, Алматы 2009ж. – 17 б.

3.      Байғұтова А.М. «Қазақ әйелі» концептісінің этномәдени сипаты. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялық автореферат, Алматы 2008ж. – 15 б.

4.      Смаилов А. «Әйел» концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестердің лингвомәдени сипаты. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациялық автореферат, Алматы 2008ж. – 11 б.

5.      Шаяхмет А. Ағайын, менің сырымды ұқ. Алматы «Айқап» баспасы – 1993 ж.