Ерманова С.Б., аға оқытушы  Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

          Ерман К.Б., Ақтөбе қаласының  № 30 орта мектебі, Қазақстан

 

Ұлықбек Мұхаммед Тарағай

 Қара түнек тар заманда мансаптан да, байлықтан да ғылымды жоғары қойып, болашақ үшін өлмес құралдар қалдырған ұлы жерлесіміз – Ұлықбектің есімін туған халқы қадір тұтып, үлкен мақтаныш етеді. Оның есімі астрономия ғылымы тарихында Птоломей, Насыреддин әт-Тусидің, Николай Коперник, Галилейдің, Джордано Брунолардың есімдерімен қатар тұрған , өз дәуірінің алдыңғы қатарлы, озат ойлы азаматы еді. Ол жан-жағына ілім шарапатын мол шашуға тырысты. Ұлықбек бірнеше жерде Бұхарада, Ғиждуанда, Самарханда жаңа типті оқу орындарын ашты.Ұлықбектің мемлекет қайраткер ретінде істеген ең ірі жұмысы – Самарханда аса зор астрономиялық обсерватория салдыруы болды. Ғылым мүдесін көздеп, болашақ үшін жасаған үлкен ерлігі болып саналады. Ұлықбек Темір әулетінде 1394 жылы 22 наурызда Мұхаммед Тарағай деген есімде дүниеге келеді. Кейін оған Ұлықбек  деген лақап ат беріледі. Ұлықбек деген сөз «ұлы кінәз» деген мағынаны білдіреді.Оның әкесі Шахрух Темірдің үшінші баласы еді. Шахрух біраз билеуші болып, кезінде ғылымның өркендеуіне үлкен қайырым жасаған кісі еді.Ұлықбек жастайынан поэзияға, тарихқа, астрономия мен математикаға құштар болады. Ұлықбектің ғалымдығының қалыптасуына оның атасы Темірге  ілесіп мәдени, ғылыми дәстүрлері бай елдерді аралауы үлкен әсер етеді. Жас шағында Армения, Азербайжан, Грузия, Иран, Түркия және Ауғанстан т.б.қалаларды аралап көреді.Сонымен қатар әкесі Шахрух жиыстырған Самархандағы аса бай кітапхана да себепші болады. Ұлықбек Платон, Аристотель, Гиппарх, Птоломей сияқты ежелгі грек ғалымдарының классикалық еңбектерімен жақсы таныс болады. Ол өзінен бұрын  өмір сүрген Орта Азияның көрнекті оқымыстылары Хорезми, Фараби, Ферғани, Бируни, Ибн Сина, Насыреддин әт-Тусилердің негізгі еңбектерін жете білген.

Қоршаған билеуші топ жас Ұлықбекті ғылымға ден қоюын құптамайды.Темір өлгеннен кейін империясы ыдырап екі мемлекет құрылады: Бірі – Хорасан, екіншісі – Мавераннахр.Соның екіншісіне 15 жасар Ұлықбекті әкім сайлайды.Оңтүстіктегі Отырар, Тарази т.б қалалары Ұлықбекке тиеді.

Ұлықбек мәдени көрнекті құрылыстардың өркендеуіне көп көңіл бөледі. Самарханда, Ғиждуанда, Бұхарада  көрнекті құрлыстар салдырады. Темірдің тұсында аяқталмай қалған құрлыстарды аяқтайды.

        Ұлықбек обсерваториясының ең басты еңбегі – «Зидж Гурганидің» (Ұлықбек зиджі) жасалуы болып табылады. Бұл Ұлықбектің басшылығымен жүргізілген көп оқымыстылардың еңбегі болып табылады. «Зидж» деген парсы сөзі , ол астрономдар мен географтар үшін жасалған таблицалар жинағы дегенді білдіреді. Ұлықбектің обсерваториясында түрлі елдердің байырғы астрономиялық білім – дағдылары жинақталып, «Ұлықбектің баяндауындағы Қытай, Серия, гректің, арабтың, парсының, Хорезмнің атақты астрономдары» деген атпен жеке кітап болып жарыққа шығады. «Зидж Гургани» төрт бөлімнен тұрады: 1.Календарьлар туралы. 2.Уақыт өлшеу жөнінде.3.Планеталардың қозғалысын анықтау жайында. 4.Астрономиялық басқа мағлұматтар туралы.Мұнда астрономияның теориялық негіздерімен қатар 1019 жұлдыздың  орнын көрсететін каталог жасалған.

Бұл каталог дәлдігі жөнінде Тихо Брагенің   каталогы алдыңғы қатарда еді.Ол Лондонда 1650 – 65жылдарда  үш рет басылып шықты.ХІХ ғасырдың орта кезінде Ұлықбек табилицаларын Лондондағы астрономиялық қоғам  қайта бастырады. Ал Парижде сол таблицаларға жазылған «Кіріспенің» толық аудармасы жарияланады. Ұлықбектің  өлшеуі бойынша бір жылда 365 күн 6 сағат 9минут 15 секунд бар. Сонда жіберілген қате бір минуттан да аз.

Осы обсерваториядағы жүргізілген өлшеулердің тамаша дәлдігіне дән риза болған оқымысты Лаплас Ұлықбекті өте көрнекті бақылағыш деп бағалаған.

Ол көптеген ғылыми трактаттар жазды.Күн жүйесі мен жұлдыздардың аспандағы орналасу негіздеріне сүйене отырып, «аспан әлемінің таблицасын» жасады. Обсерваторияда  астрономия мен қатар, математиканың да көп тараулары зерттеліп ілгері дамытылды. Астрономия мұқтаждығын өтеу мақсатында аса кемелдендірілген тригонометриялық таблицалар жасалған. Мұнда математикалық жаңа әдістер мен есептеулерді қолданады. Европада тригонометрияның негізін қалаған  Региомонтанның таблицаларының дәлдігі бұдан көп төмен жатыр.

Ол маңайына Кәши, Руми,Куши сияқты атақты ғалым – ойшылдарды жинады. Ұлықбек араб тілін, шариғат заңдарын жақсы меңгерді.Астрономия, математика, логика, әдебиет теориясы, музыка негіздері ғылымдарына жетік болды. Математика дамытуда, әсіресе Ұлықбек обсерваториясының бірінші меңгерушісі Жәмшид әл – Кәши еңбектерінің мәні зор. Ол математика тарихында бірінші болып ондық бөлшектерді ашты.Ұлықбек ғылыми прогреске қарсы күресуші дін иелерінің феодалдық кертартпалық қарсылықтарын жеңе отырып, әл-Хорезми,Ибн Сина, Бируни т.б. бастаған прогрессивтік идеяларды бүкіл Орта Азия елінде кеңінен насихаттаушы аса ірі қоғам қайраткері болды. Оның «Мырзалар өсиеті» атты еңбегі ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ. бүкіл Иран, Түркия, Египет, Үндістан елдерінде әлденеше рет араб, парсы, хинди, түрік тілдерінде басылып шығып, бүкіл шығыс әлеміне тарады.

Ұлы әмірші Тимурдың немересі Ұлықбек мырза былайша өсиет қалдырады. «Ғылыми шындықтың негізі ақыл парасаттан шығады.Кімде-кім шындықтың түбіне жетем десе күндіз-түні сарыла іздеу керек.Ол әсіресе философия ғылымында қажымай – талмай ізденетін қайраткерлікті талап  етеді.Әлемде бір халық кетіп, орнына екінші бір халықтың келуі заңды құбылыс.Ол заңдардың, діндердің, тілдердің түлеп жаңаруын  талап етеді..»

Ұлықбек өлгеннен кейін мұсылман дінін жақтаушылар Обсерваторияны талқандап, кітап – құралдарды шашып, талан-таражға салады. Ұлықбек мектебінің белсенді өкілі әл-Құсшы Меккеге тауап қылуды сылтау етіп, ең басты ғылыми еңбектерді шет елге алып кетпегенде, Ұлықбектің астрономиялық мектебінің тамаша жетістіктері жайлы тарих еш нәрсе білмей қалған болар еді. Алғаш әл-Құсшы, кейіннен Қазы-заденің немересі Мариям Шелеби ол еңбектерді іріктеп, түсініктемелер жазып, Стамбулда жарыққа шығарады.Осылар арқылы Ұлықбек обсерваториясының негізгі жетістіктері Европада кейіннен ғылымның дамуына белгілі дәрежеде ықпалын тигізеді.

Айта кетерлік бір жәйт: қазір бірсыпыра  тарихшылар арасында әл-Құсшы Ұлықбек кітапханасының көп кітаптарын Самарқан маңайындағы бір төбенің үңгіріне тығып кетіпті деген жорамал-аңыздар бар.  

Ұлықбектен сәл кейін өмір сүрген данышпан ақын Әлшер Науаи ол туралы былай деп жазады: «Сұлтан Ұлықбек, Әмір Темірдің әулеті, дүниеде теңдесі жоқ патша болды.Оның туысқандарының бәрі ол дүниеге  сапар шекті.Оларды қазір кім біледі? Ал Ұлықбек ғылымға қол созып көп нәрсені игерді.Ол десе аспан төмен түсіп, жұлдыздар жақын келер еді. Оның ашқан заңдары мен ережелері дүниенің ақырына дейін әр уақытта да адамдар кәдесіне жарай береді» Халық Ұлықбек есімін әр кезде жоғары тұтып,оның мәдениет үшін істеген көрнекті еңбегін аңыз етіп, айтып жүреді.

     

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Ә. Қоңыратбаев Көне мәдениет жазбалары. А., 1991.

2.     Ө. Күмісбаев  Терең тамырлар. А., 1994.

3.     Ә.Дербісалиев Шыңырау бұлақтар.А., 1982.

4.     Б. Ысқақов Ұмытылмас есімдер.А., 1994.

5.     Сөз зергерлері Жинақ.А., 1966.

6.     Әлемдік педагогикалық ой-сана А., 2010.

7.     Ә. Науаи Таңдамалы шығармалары. А., 1948.

8.     Шығыс жұлдыздары.А., 1973.