Мизамбаева Сымбат, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, қазақ және орыс филологиясы факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенті

Ғылыми жетекшісі: Сейсембай Г.А., аға оқытушы, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

XIX  ғасыр қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы

          Қазақ әдебиетіндегі байырлық рух ХVІІІ ғасырда  жоңғарлар мен қарсы күресте ХІХ ғасырдағы ұлт азаттық күресте, (Махамбет, Нысанбай) қайта көтерілгенмен, Қазақстанның Ресей құрамына өтуі нәтижесінде зар заман кезеңі басталды. Қазақ жеріне қол салған патша үкіметі халықты жарылқау үшін келмегенді. Жерінен айрылған халық әдеп – ғұрып пен қазақы мінезінен де айрыла бастады. Патша үкіметі енгізген жаңа әкімшілік шаралар қазақ болмысына тән еместі. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге өзіндік көз қараста болған және сол бағытта жырлаған ақындарды М.Әуезов «Зар - заман» жыршылары  деп атаған болатын  және әдебиет тану тарихында да олар осылай айтылды. Тарих ғылымының докторы М.Қойгелдиев отаршылдық бұғауына мықтылап байлаған халықтың мың - мұхтажы мен  қайғы - қасіретін жырлаушыларды « зар -заман » мектебінің ойшылдары деп атады. [1,246 б]. Бұл термин алғаш 1927 жылы енгізілген еді. Зар - заман кезеңінде ғұмыр кешкен орталық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң – зармен жырлаған ақындар шоғыры. Оның белгілі өкілдері: Дулат Бабатайұлы,  Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б. Мұхтар Әуезов Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып Нарманбетпен аяқтайды [2,168 б]. Зар – заман тұсынан қазақ әдебиеті жазбаша сипат алғанын атап көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа санатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі зар заман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Олар халықтың жай күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шоғырлары халықтық салт-дәстүрлерді қабығы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық  бітімнен ажырамауға үндейді. Еркіндік пен бостандықтың, дәстүр мен европалық метрополиядан енген жаңа тәртіптердің шегінен шиеленісуі Шортанбай, Дулат және Мұрат сияқты «зар заман» ағымы ақындарының шығармалары арқылы қабылдады. Олар ХІХ ғасырдағы қазақ өміріне тән барлық құбылыстарды аяусыз сынайды. Әлеуметтік үйлесімділік уақыты ретінде өткен дәуірді идеяландыра отырып, бүгінгі заманның келешегінен де үмітін үзіп, түңіледі, жұбататын ешнәрсе таппаған зар заман ақындарының кеудесін кернеген мұң, зар, шер әбден күнәға батқан «замандастарының  құлағына» жете қоймайды. Қазақ халқының шырайлы жерлерін алып, аздырып, діннен аулақтату сияқты империялық пиғылдардың жүзеге асуына қарсылық қозғалысы зар заман ақындарының қайраткерлік поэзиясын өмірге әкелді. Бұрынғы жыраулар поэзиясымен үндескен өршіл рух, әсіресе, Мұрат Мөнкеұлының (1843 – 1906 ) жырларынан айқын байқалады [3,38б]. Зар – заман ақындарының шығармаларындағы ұлттық болмыс, қазақы қадір –қасиетті сақтап қалуға үндеген, ой – пікірлер шарасыздықпен, соңғы төзімді сарқа айтылғандығымен ерекшеленеді. Мұндай өлеңдермен бодандықтың бұғауына бас игісі келмеген ұлт қайраткерлерінің  өршіл үні  айқын аңғарылады. Зар заман ақындарының шығармаларында сары уайымға салыну, қайғы – мұңға берілу сарыны да байқалады. Бұл кезең ақындары келер күннен үміт жоқтығына налиды, тығырықтан шығатын жол таппай қиналады. Олар елдің барлық ісін нәубетті ақыр заманның келгені деп ұғады. Зар  заман мектебінің аса ірі өкілдерінің бірі – Шортанбай Қанайұлы (1818 – 1881 ). «Зар заман» атауы да ақынның сол дәуір халін жырлаған өлеңдерінің бірінің атынан алынған. Шортанбай басқа халықтың заңдары мен тұрмыс ерекшеліктерінің    екінші халыққа күшпен енгізілуінің қаншалықты қатерлі екендігін түсіндіреді. Ғасырлар бойы қалыптасқан биліктің, әдеп – ғұрыптың кенеттен өзгеріске ұшырауын ол халықтың адамгершілік нормаларын бұзатын құбылыс ретінде бағалады. Зар – заман ақындарының өлең – жырларында елмен қоштасу, туған жердің өткенін аңсау сарыны орын алған. Ақындардың бір қатары жұтаған жер мен көшкен елге қайырылып сөз айтып тұрып, басқыншылық пиғыл мен зорлықшыл әрекеттерді жырға қосады. Зар – заман ақындарының көпшілігіне тән ерекшелік – келешекті көрегендікпен болжап, алдағы уақыттағы ел сипатының өзгерісін қолмен ұстап, көзбен көргендей бейнелеп айтуы. Мұндай болжам өлеңдер зар – заман ақындарының шығармашылығын алғашқы бастапқы кезеңінде, яғни отарлаушылардың ойранынан бұрынырақ айтылғандығымен құнды. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарасақ олардың ойлаған қаупі расқа айналғанына куә боламыз. Бұл ақындардың өлең – жырдың бар қуатын пайдаланып, ата – баба дәстүрімен астарлай айтып, батыс пен шығыстан келетін кесапатты бірдей болжап бергені. Зар заман ақындарының шоғырының белгілі өкілі – Дулат  Бабатайұлы қазақ халқының дәстүрлі жыр үлгісін түр жағынан өзгертіп, өлеңді көркемдеп кестенің жаңа үлгісін жасады. Аталған ақындардың қай қайсысы да  ұлттық поэзиямыздың мазмұны жағынан байытуға үлес қосты. Кеңес идеологиясы үстемдік еткен кезде зар – заман ақындардың шығармаларын насихаттауға тыйым салынды, олар барлық оқулықтардан алынып тасталды. Соған қарамастан зар заман ақындарының шығармалары әр жылдарда зерттеу нысанына айналды. Қазақ әдебиеті тарихын оқып  үйренуге арналған ғылыми жинақтарда олардың кейбір өлең толғауларының жарық көрген тұстары да болды. Мысалы, 1978 жылы Ленинградта басылып шыққан  «Поэты  Казахстана» жинағында (құрастырған М.Мағауин ) зар  заман ақындарының отаршылдыққа қарсы жазылған бірқатар өлеңдері орыс тілінде жарық көрді. ХХ ғасырдың соңынан бастап  зар заманның тарихи сипаты, зар заман  ақындары шоғырының белгілі өкілдері, әдеби ағым ретіндегі ерекшеліктері, көркемдік кестелері туралы бірқатар еңбектер жазылды. Зар заман шығармалары жаңалығы мол, өзгеше дәстүрі бар күрделі құбылыс ретінде әдебиеттану ғылымының тұрақты зерттеу нысаны болып қала бермек. Заманның бұзылуын, ел билеудің бұрынғы дәстүрлерінің жойылуынан деп білді, сондықтан ел арасындағы келеңсіз құбылыстар тамырын тереңге жайды деп түсіндірді. Олар патшалық отаршылдық саясатты сынаумен қатар жарқын өмірдің қайта  орын алатынына сенді.

Сонымен қатар, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет өкілдері адам мәселесіне де көп назар аударды. Ұлылардың өмірі мен тағылымы арқылы ұрпағын тәрбиелеу - әсіресе қазақ халқында ежелден–ақ келе жатқан үрдіс. Бұл жерде сөз өнерінің атқарған орны ерекше болған. Ұлтымыздың осы бір жақсы әдет-салты бүгінгі тәрбие үрдісінде тиімді екені даусыз мәселе. Адамзат ақыл-ойы, ақындығының ірі тұлғасы Абай тағылымы білімнің де, тәрбиенің де қайнар бұлағы екені түсінікті. Ұлы дананың қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ол нағыз Адам, Толық адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді. Мысалы, «Атымды Адам қойған соң қайтып надан болайын», «Адамды сүй, алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» - дейді. Абай мұрасы, тағылымының өміршеңдігін бүгінгі тәрбие үрдісінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер арқылы дәлелдеуге болады. Білім мен тәрбиені тұлғаға қарай бағыттай беру мәселесі алдыда тұрған кезеңде Абайға бұрыласың. «Толық Адам қандай болу керек?» деген сұрақ ақынға маза бермейді. Мысалы, «Әуелі бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде:

                 «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

                 Сонда толық боларсың елден бөлек»- деп, ой тастайды.

Ары қарай ақын: Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді.

         Өмірін Абайды зерттеуге арнаған М. Әуезов былай дейді: «Абай сөзінің негізін адамгершілікке тірейді. Барлық өсиет ой-толғау еңбектерінің қорытындысы тағы да адамгершілік тәрбие екенін танытады. Адамды қор қылатын ең залалды жаманшылықтарды санап өтеді. Олар үш нәрсе: «надандық, еріншектік, залымдық». [3,217]

 Ақын адамдар арасындағы береке – бірлік, достық ынымақтастыққа ерекше көңіл бөледі.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      Омарұлы Б, Мұрат Мөңкеұлы. -Алматы, 2005. 246 б.

2.     Мәдібай Қ. Зар заман  ағымы. -Алматы, 2005. 246 б.

3.     Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Т.2. – Алматы, 1960.

4.     Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, Жазушы, 1994.

5.     Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 1998.