Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

 

Тажибаева Мерей Ардаковна, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3курс студенті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

Ақын Күләш Ахметова поэзиясы тіліндегі "әйел" концептісінің көрінісі

 

Қазақ халқының дүниетанымында, рухани болмысы мен тіршілігінде, оның «ғалам бейнесінде» қыз, бойжеткен, келін, ана, шеше, қатын, тоқал т.б ұғымдарды іргелі концептілер мен олардың өрісіне енетін культуремалар жүйесі ретінде «әйел» атты тұтас мәдени концептосфера аясында қарастыруға болады.

Бұл зерттеу жұмысында қыз, әйел, ана лексемаларын концепт ретінде, ал тілдегі бойжеткен, шеше, келін, қатын, тоқал, құдаша, құдағи т.б. атаулардағы мәдени ақпараттарды осы концепт құраушы тірек сөздердің құрамында қарастырылған.

Қазақ тіліндегі «әйел» бейнесін танытатын тұрақты тіркестерді концептуалдық тұрғыда қарастырғанда әйел жанының тазалығын, әдемілігін, көркін, ажарын сипаттайтын тілдік бірліктер сұлулық символын білдіретін метафизикалық концепт төңірегіне топтасады.

Әйелге қатысты зерттеу жұмысында сұлулық, қыз, әйел, ана, жарқосақ концептілері қарастырылады. «Әйел» концептісін білдіретін тілдік бірліктер ұлттық психологияның негізі болып саналатын ұлттық салт-дәстүр, ұлттық таным, ұлттық мәдениеттің тілдік көрінісі әдеби шығармаларда метафоралар, фразеологиялық бірліктер, мақал-мәтелдер арқылы жиі беріледі. Әр халықтың ұлттық мәдени ерекшеліктері оның ғасырлар бойы жасалған тілінен көрінеді. Кейде сол ұлттың тілінде ұлттың әлде бір қасиеттерін өзгелерден оқшау етіп бағалайтын, анықтайтын тіркестер қалыптасады. Жалпы ұлт тілінің ішінде концептуалдық тілдік қолданыстары көбірек немесе эмоционалдық тілдік бірліктер басым түсіп жататын тілдер болады. Мысалы, «Баланы жастан, әйелді бастан», «Алтын ердің ішінде – алтын ерлі ат жатар, ақылды әйелдің ішінде – алтын бесікті ұл жатар», «жақсы әйел жаман еркекті түзетеді», «жақсы әйел жігітке біткен бақ, жақсы жер, жайлы қоныс – алтын тақ», «еркек сергек ұйықтаса ырыс бітеді, әйел сергек ұйықтаса жұмыс бітеді», «Әйел жерден шыққан жоқ, о да еркектің баласы. Ерлер көктен түскен жоқ, әйел оның анасы» тәрізді мақал-мәтелдер арқылы құрылымы кеңейеді[1;10-12 бет].

Қазақ дүниетанымындағы «әйел» концептісінің көрінісі. Жалпы христиан дінінде әйел туралы зұлым, күнәһар, өтірікші, кекшіл т.б. деген сияқты өте төмен көзқарас қалыптасқан. Кезінде католик дінінің ресми теологы болып бекітілген Фома Аквинский «Әйел тез өсетін арамшөп сияқты. Ол толыққанды адам емес, оның денесінің толық жетілмегендігінің өзі оның құндылығының төмендігінен, табиғат онымен азырақ айналысатындықтан... әйелдер оларды мәңгі билеушілердің немесе ұстаздардың басқаруымен ұстап отыру үшін туады» деген. Ал ислам дінінде әйелге, әсіресе, әйел анаға деген көзқарас бұдан өзгеше. Бұған «жұмақ ананың табанының астында», «Алдымен анаңды, анаңды, тағы да анаңды, одан соң әкеңді сыйла», «Ең қайырымды болғаныңыз, әйелдерге жақсы мәміле жасағандарыңыз болмақ», «Балаларды махаббатпен, сүйіспеншілікпен бағу, әйелдерге жақсы мәміле жасау -  Исламның бармақпен басып көрсеткен ахлақ ережесі» т.с.с. ислам қағидалары дәлел. Қазақта қыз баланың жалпы әйел затының бойынан төменшектік, именшектік, ұялшақтықтан гөрі өжеттік, еркіндік, ақыл-парасат сияқты қасиеттерді жоғары бағалайды. Қазақ қыздарына, қайсарлық, өжеттік, тәкаппарлық, көрегенділік пен даналық сияқты қасиеттер ғасырлар бойы ел аузындағы аңыз-әңгімелерге, батырлар жырына, ән-жырға арқау болған Тұмар, Зарина, Роксана, Домалақ ене, Айша бибі, Құртқа, Гүлбаршындардан келгені анық. «Жақсы әйел» мен «жаман әйел» концептісінің көрінісін ақын-жыраулар шығармаларынан да, шешендік сөздер үлгілерінен де көруге болады: «Жақсы қатын алсаңыз, жақсылығын білдірер, Ерін жөнге көндірер,анық осы, бозбала, Жұмақтан шыққан хормен тең. Алғаның жаман жолықса, жамандығын білдірер, ер қадірін кетірер, оның өзі, бозбала, маңдайға біткен сормен тең.» (Шал ақын) [2;16-17 бет].

К. Ахметованың «Бақ» өлеңдер жинағында кездесетін «әйел» концептісі:

Әйелдің әнін қорғауға әр кез даярмын,

Мәніне қара қайсыбір жырдың, қай әннің.

Айшаға күмбез орнатқан ел ғой,

туғызған –

Бейнесін асыл Қыз Жібек пенен Баянның

Күмбезге қарап тумайды қалай шалқыма,

Ерлік пе әлде елімнің үлгі салты ма?..

Айтайын алғыс атынан бүкіл әйелдің

Әйелге тозбас ескерткіш қойған халқыма (Ахметова К. «Бақ», 25 бет).

Ақын өзінің жыр шумағында қазақ халқының әйел затын құрметтегендігіне өзінің ризашылығын білдіреді.

Ерлер жоқта мәні жоқ тіпті үміттің.

Ерлер жоқта сәні жоқ түк қылықтың.

Жүк ауырын көтерсе азаматтар,

Керегі не әйелге мықтылықтың (Ахметова К. «Бақ», 54 бет).

Ер азаматтармен салыстырғанда әйел заты нәзік болып келетіндігін, сондықтан да көп ауырлықты өз мойындарына алмай, өздерінің нәзік жандылар екендіктерін ұмытпау қажет екендігін  айтқысы келген.

Тапсырып тағдырымды сенгем, күткем,

Өлеңге ойып қосқам зергерлікпен.

Бақытты әйел сияқты өмір кешсем –

Сен мені сонша жақсы көргендіктен (Ахметова К. «Бақ», 83 бет).

Әйелдер нәзік болғандықтан оларға ер азаматтарымыздың қолдауы, ерекше ықыласы, сүйіспеншілікпен қарауы қажет екендігін айта кетеді. Ақын осыларды әйелдің бақытты ғұмыр кешуінің бір себебі етіп көрсеткен.

Менің өлең өмірім –

Менің үлкен сыбағам –

ұлы майдан, ұлы алаң.

Бар әйелдің жеңісімен қуанып,

бар әйелдің көз жасымен жылағам (Ахметова К. «Бақ», 96 бет).

Бұл өлең шумағында ақын өзінің барлық әйел затына тілектес екендігін, барша әйелдің қуанышы мен қайғысына ортақ екендігін айтып көрсеткен.

Азаматқа серік болған әйелдің,

Дүниеге көрік болған әйелдің,

Толғақ қысып, бала туған әйелдің,

Бейнет үшін жаратылған әйелдің,

Оған қоса қалам ұстап қолына,

Илхам кешіп ықтиярлы кеңесте

Жыр жазғаны бір ғаламат емес пе (Ахметова К. «Бақ», 103 бет)?

Бұл өлең шумақтарында К.Ахметова әйел затының бойындағы қасиеттерге, жан-жақтылығына өзінің таң қалатындығын білдіріп, тағзым етеді. Осыдан біз әйелдердің де сегіз қырлы бір сырлы екендігін аңғаруымызға болады.

Басқа әйелде басқа арман, басқа мұрсат,

Отырады асықпай әңгіме айтып.

Ал мен үшін әрбір күн – қас-қағым сәт,

Еркіндікке енбеймін енді қайтып.

Күтусіздеу сәбилер, гүлдерім де,

Әйел үшін ақындық – ерек сынақ.

Өз ісімді үлгермей жүргенімде,

Хат жазады көбісі көмек сұрап (Ахметова К. «Бақ», 119 бет).

Нәзік жандылардың өмірде атқарар қызметтері өте көп. Бірақ олар өздерінің нәзік жанды екендіктерін ұмытпай ерлермен қатар еңбек етіп, жеке өміріне де, отбасына да, жұмысына да үлгеріп қайсарлық танытады. Осылардың ішінде К. Ахметова ақын әйелдердің еңбектері ерең екендігін айтқысы келген.

 

 Өлеңдердің мазмұнымен таныса келе ақын К.Ахметованың әйел затына деген көзқарасын анық көруімізге болады. Ақын жыр шумақтарында "әйел" концептісін қолдану арқылы әйел болмысының қандай екендігін ашып көрсеткен. Қорытындылай келе әйел затының бойынан ер азаматтарымыздың бойынан табылатын өжеттілік, қайсарлықтың көрінетіндігін, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен әйелдерге деген таң қалысын, әйелдерге деген тілектестігін аңғаруымызға болады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.     Смайлов А. «Әйел» концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестің лингвомәдени сипаты.Кандидаттық диссертациясы.

2.     Байғұтова А. «Қазақ әйелі» концептісінің этномәдени сипаты. Кандидаттық диссертациясы.

3.     Ахметова К. Бақ.Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Атамұра, 2005. – 240 бет.