Бейсембиев Болатхан
Калибаевич
Абай атындағы
ҚазҰПУ Магистратура және PhD
докторантура институты
Филология
мамандықтары кафедрасының 2 курс магистранты
Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі
сөздердің жазылу емлесі
Қазақ тілі көне дәуірден аса бай
ауыз әдебиетінің арқасында дана бабаларымыздың
көркем ойы мен рухани өмірінің байлығын, сөз
маржанын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп
отырған, көркем жазба әдебиетінің қалыптасуына
ұйытқы болған, бөгде тілдің шылауында кетпеген,
шет тілден енген қоспалары аз, өзіндік құрылым-құрылысымен
ерекшеленетін жазба мәдениеті бар тіл.
Жазу – адамдардың кеңістік
пен уақытқа тәуелді болмай,
өмірдің барлық саласында
кең түрде қарым-қатынас жасауына
мүмкіндік беретін құрал. Жазусыз
мәдениет атаулыны көзге елестету мүмкін емес. Сауаттылық,
сауатты жазудың қоғамдық мәні зор. Ол
адамдардың бір-бірімен жазбаша қарым-қатынас жасауының
ең тиімді де қажетті жолы, ойды нақты да, түсінікті
берудің амалы болып табылады. Сауатты жазудың негізі
– емле ережелері. Қазақ тіліндегі емле ережелері негізінен бірізге
түсіп, қалыптасқанымен, әлі де
қиындық туғызып жүрген
мәселелер аз емес. Солардың бірі – күрделі
сөздердің бірге және бөлек жазылуы. Ғалым
Қ.Күдеринованың пайымдауынша, бірге және бөлек
тұлғанатын құрама сөздер Қазақ
тілінің орфографиялық сөздігінің 30 пайызын
қамтиды екен. [1].
Қазақ тіліндегі күрделі
атаулардың бірде бірігіп, бірде бөлек жазылуы орфографиялық
сөз нұсқаларының белгілі бір тобын құрайды.
Күрделі сөздердің (біріккен сөздер) жазылуын
бірізге түсіруге
көп еңбек еткен ғалым-филология
ғылымының кандидаты Г.Жәркешова. Біріккен
сөздерді арнайы зерттеген
ғалым мынадай сөздерді бірге жазуды ұсынады:
1)
Дара сөздердің тұлғасы
өзгеріп, қысқарып барып, кірігіп
кеткен сөздерді (бүгін, биыл);
2)
Бір сыңары мәнді,
бір сыңары мәнсіз сөздерді
(айгөлек, алаңғасар);
3)Қазақтың төл сөздерінен бірігіп, жаңа мағынаға ауысқан және көптен бері жазылуы қалыптасқан
сөздерді (бесжылдық, денсаулық);
4)
Интернационалдық сөздер мен қазақы сөздегі бірігу арқылы жасалған
сөздерді
(автоқалам);
5)
Орыс, араб, парсы тілдерінен енген (бірігу арқылы)
сөздерді (жайнамаз, орфография);
6) Екі сөзден құралған
өсімдік жан-жануар, түрлі ауру, індет атаулары
(қосаяқ, алабота). Бөлек жазылатын сөздерге:
күрделі сын есімдерді, анатомиялық атауларды (ауыз омыртқа,
сүбе қабырға), изафеттік құрылыстағы
сөз тіркестерін (радио хабары), ән-күй, ойын аттарын, ру
аттарын, салт, сана, ырымға байланысты сөздер т.т. жатқызады.
[2].
Күрделі сөздердің емлесі: бірге,
бөлек және дефис (жартылай бірге) арқылы жазу айқындалды.
Осылардың ішінде күрделі сөздерді бірге жазуда белгілі
ғалым К.М.Мусаев мынадай ұстанымдарды атап көрсетеді.
1.Фонетикалық ұстаным
Бұл ұстаным бойынша күрделі сөздің бір компоненті
фонетикалық өзгеріске түссе, онда сөз бірге жазылады.
Мысалы, бүгін – бұл+ күн, белбеу- белдің бауы,т.т.
2.
Мағыналық ұстаным
1) бір компоненті дербес
мағынасынан айрылған күрделі сөздер. Мысалы:
ақсақал – үлкен адам, қария
2)
Антропонимдердің компоненттері бірігіп жазылады. Мысалы,
Аллаберген
3) Аң,
жәндік атаулары бірігіп жазылады. Мысалы, тасбақа
4)
Топонимдер бірігіп жазылады. Мысалы, Ақтөбе,
Талдықорған
5)
Күрделі қысқарған сөздер біріктіріліп жазылады. Мысалы, пединститут, т.б.
6)Ұғымдық (понятийный)ұстаным. Бұл ұстаным бойынша бір ұғымды білдіретін күрделі сөздер бірге жазылады. Мысалы,
баспасөз, шикізат, т.б. [3].
Н.Уәлиев
күрделі сөздерді күрделі құрама
сөздер деп атай отырып, оларды біріктіріп не бөлек жазу
үшін бір ғана заттың атауы болуы, бір ғана
сұраққа жауап беруі, сөйлемнің бір ғана
мүшесінің қызметін атқаруы таяныш бола бермейтіндігін
айта келіп, сыңарларының мағынасы көмескіленіп,
контаминацияға ұшыраған сөздердің бір типін-
біріккен сөздерді бірге жазуды ұсынады. Мысалы: сайгүлік,
ашудас, белбау, т.т. Осы сөздердің қатарына
құрама сөз сыңарларының «бүтіннің
бөлшегі» ретінде жұмсала келіп, біртұтас мағынаға
ие болғандарын да жатқызуға болады дей келіп, оларға:
қосауыз (мылтықтың бір түрі), қосаяқ
(тышқан) т.т. мысалдар келтіреді. Яғни құрама
сөздерді біріктіріп жазудың қосымша белгілері ретінде
мағыналық көмескілеу, контаминацияға ұшырау
және бүтіннің бөлшегі ретінде жұмсалып барып, бір
бүтінге айналуы аталады [4].
Ж.Шакенов еңбегінде негізінен күрделі сөздердің түрлеріне тоқталады:
«Біріккен сөз түрлерінің құрылымы
берік-бекем. Ол сыртқы түр-тұрпаты ғана емес,
білдіретін ұғымы мен беретін мағына жағынан да
құрастырушы компоненттерге жай ғана бөле салуға
келмейді. Компоненттері әбден орнығып, бір-бірімен қалыптасып
қалған, демек, ол бір бүтін тұлға ретінде қолданылады.
Оған, біріншіден, оның білдіретін жалпы мағынасына
нұқсан келтірмейінше, компоненттерін жекелеп, яғни бірін
екіншісінен бөліп қолдануға келмеуі, әр
қолданысында тыңнан құрастырып жатуды қажет
етпей, сол қалыптасып, орнығып қалған даяр
күйінде қолдануға болуы: екіншіден, лексика-
семантикалық, лексика- грамматикалық мағынасы жағынан
да іштей ажыратып қолдануға келмеуі: үшіншіден, сол
тұтасқан қалпында сөйлем ішінде де жұбын жазбай,
бір ғана мұшенің қызметінде жұмсалуы:
төртіншіден, бас-басына жеке-жеке емес, бір акцентуациялық екпінмен
айтылуы: бесіншіден, күрделі, яғни терминологиялық атауларды
құруға қатысуы дәлел болмақ» [5],-дейді.
Ғалымның біріккен сөз туралы бұл пікірінен оларды бірге
жазуға негіз болатын факторлады анық айқын
аңғаруға болады. Демек, екі немесе үш сөзден
құралған сөздерді біріктіріп жазуда олардың
мағына тұтастығы, бір ғана мүшенің
қызметін атқаруы, бір екпінмен айтылуы негізгі фактор болып отыр.
Тілдік бірліктердің бірге, бөлек жазылуы – адамның
психо-физиологиялық табиғатына әсер ететін “көру-жазу
тіліндегі” ерекше құбылыс. Ол – графикалық шарттылық
емес, тілдің мазмұн межесіндегі мағыналық
өзгерістерін көрсететін, тілдік бірліктердің сөзайналымдағы
сипатын айқындайтын айрықша белгі. Сондықтан емле
сөздіктері сөздердің бірге, бөлек жазылу нормаларын
қаншалықты кодификациялап отырғанымен, қазақ жазу
тәжірибесінде практикалық дағды сөздерді біріктіріп
жазу ісінен алға озып отырады. Тілімізде кісі аттары мен географиялық
атаулардың, жануарлар мен жәндіктердің аттары,
есімдік пен үстеулерден біріккен сөздердің ғана бірігіп
жазылып, басқасының бөлек жазылғаны дұрыс.
Қорыта
келе, күрделі сөздерді жазғанда бірыңғай
жүйені сақтап, үндесім мен үйлесім
заңдылығына сәйкестендіріп, фонетикалық ұстаным
бойынша жазу орфография мен орфоэпиялық
норманы тиянақтандырып, одан ауытқуға жол бермей,
оқырманды шатастырмай, сауаттылықты арттыруды жеңілдете
түсер еді.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық
негіздері. Алматы: Ғылым, 2006
2.
Жәркешова Г.Біріккен сөздердің жазылуы // Халық
мұғалімі. – 1950. – Ю8
3.
Мусаев К.М. Вопросы разработки и дальшейшеого совершенствования орфографии
тюркских литературных языков Советского Союза //В кн.: Орфографии тюркских
литературных языко СССР. – Москва: Наука, 1973
4.
Уәлиев Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының
фонологиялық негіздері. Филол.ғыл.канд.дисс.: 10.02.02. – Алматы.
1993
5.
Шәкенов Ж. Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен
күрделі тұлғалар. – Алматы: Ана тілі, 1991
Түйіндеме
Мақалада қазіргі қазақ тіліндегі күрделі
сөздердің жазылуы жайлы айтылған.
Резюме
В данной статье
говорится о сложных словах в казахском языке
Resume
This article covers the problems of compound words and their writing in
the Kazakh language.