Хожағайын Касипбек

Ховда мемлекеттік университетiнiң Баян-өлгей аймағындағы бөлiмшесi

 

МЕТАФОРА – КӨРКЕМДЕП СӨЙЛЕУДІҢ ТӘСІЛІ

 

Метафораның  ең көп қолданылатын жері публицистикалық стиль, әсіресе, көркем әдебиет стилі. Сөздің метафоралық мағынасы шешендік сарындағы өсиет өлеңдерден, мақал-мәтелдерден, айтыс-жырларынан, қиссалардан, жұмбақ пен жаңылтпаштардан, ауыз әдебиетінің  өзге де үлгілерінен кездеседі. Бірақ осылардың ішінде өте-мөте көркем әдебиет стилінде жиі және әр тарап түрде келіп отырады [1,73].

Сөз бақпаған момын ағайынның бәрі де Қодарды қараламады (М.Әуезов). Өмір бойы кімге кездессе де ылғи тарқап кеткен базардың соңына ілінумен өткені ме? Өткен соң базар, Қайтқан соң ажар... Сен едің базарым (Абай). Балуан қолы Лениннің, Ұстады заман тұтқасын (А.Сүлейменов). Бұзау тіс қамшы құйрығын шаншып алып қайқайып барады (Ғ.Мүсірепов).

Осы үзіндідегі қараламады деген етістік метафоралық тәсілмен өзінің тікелей мағынасынан шығып, стильдік жаңа ұғымда жұмсалған. Метафораның ең басты стильдік ерекшелігі – бейнелілігі, ойды бейнелі түрде жеткізетіндігі. Ол сондықтан да көркем әдебиет стилінде жиі қолданылады. Ал ғылыми, кеңсе, ресми іс қағаздары стильдерінде метафора дәл мұндай дәрежеде кездеспейді. Поэтикалық метафора көркем әдебиет стилімен тығыз байланысты. Әрбір жазушы образ жасауда осы метафоралық сөз қолдану тәсіліне көбірек барады. Мысалы: Даусы гүжілдеңкіреп шығатын, жарықшақ үнді Ділдә Әйгерімнің жүзінен көз алмады (М.Әуезов). Барлық жаңағы жас әйелдердің шыншыл сезгіш жүздерінде жағалай дуылдап шапшаң толқын, жеңіл қызғылт нұр жүгірді (сонда). Сол кеште үнсіз қоңыр тартып, жайлау-жайлауларына қайтысты (сонда). Бұл мысалдардағы метафоралық сөз қолданыстар мыналар: жарықшақ (үн), жеңіл (нұр), қоңыр тартып. «Көркем шығармада метафоралардың стильдік қызметі неше алуан болып келеді. Тіпті жалпы халықтық сипат алып кеткен метафораның өзін де жазушылар әдетте неше алуан сақта түрліше құбылтып, құлпырта пайдаланады», - дейді [2, 104].

Бұл қағазда Ғайша жүрегінің қайғысы мен өз өмірінің өкінішті арманын түгендеп, тізіп жазып еді (М.Әуезов). Сондай кездің қарсаңында өз елінің ішімен қағаздасып жату лайық емес (сонда). Молдалар қызылды сезген қарақұстай жанталасып жүр (М.Әуезов). Ылғи қызыл бер деп, тағы керілмейді (сонда). Қызылы қырманымның мая, қырдай (Керімбеков).

Қағаз, қызыл метафоралары тура мағынада да, метафоралық мағынада да қолданылған. Жалпы халықтық сипат алып кеткен мұндай метафоралар тілімізде өте көп, бұлардың қолданылу аясы, стильдік бояуы әр алуан болып келеді.

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды...

Бұл іске кім виноват

Я Семейдің қаласы?

Я қазақтың аласы?... (Абай).

Осындағы аласы сөзі екі түрлі мағынада: біріншіден, тура мағынада (аласы аз көз), екіншіден, метафора ретінде жұмсалып тұр. Ол көбінесе жалпы халықтық сипаттағы метафоралық мағынада (ала ауыз, ала қол, мал аласы сыртында, адам аласы ішінде, алтау ала болса тәріздес тұрақты тіркестер құрамында) жұмсалады. Ал көркем әдебиет стилінде белгілі бір көркемдік қажетке орай бұл тұрақтылық үнемі сақтала бермейді, яғни жоғарыдағы сияқты тіркестердің ара жігі кейде ашылып, ондағы компоненттер ара-тұра өз алдарына жеке-жеке де қолданылады. Абай ала сөзін әділдік, адалдық, береке-бірлік, жоқтық, алауыз мағынасында, дағдылы сөз орамын өзгертіңкіреп, өзінше стильдік ыңғай беріп, жаңаша қолданып отыр. Бірақ ол бұл жерде (ала сөзі) өзінің жалпы халықтық ауыс мағынасынан ажырамаған. Осы тәріздес стильдік құбылу тәтті сын есімнің метафоралық мағынасында да айқын байқалады.

Метафора біткеннің бәрі бірдей жалпылық сипат алып кете бермейді. Өйткені ол сөздің тура (лексикалық) мағынасымен және қандай стиль түріне бейім, соған байланысты. Кей сөздің метафоралық мағынасы белгілі бір стильде контекстік қана болып келеді, яғни белгілі бір ғана аяда көрінеді. Мұндай, контекстік метафора көбінесе көркем әдебиет стилі мен публицистикалық стильден байқалады. Ол әр автордың өзіндік сөз қолдану шеберлігімен байланысты мәселе. Себебі, метафора түрінде келген ондай сөз белгілі бір контексте бір-ақ рет қана ұшырасады да басқа жерде қайтып қолданылмайды. Жалпы тілдік аяда кездеспейді. Сөздің метафоралық мағынасы стильдік құбылыс дегенде, әсіресе оның осы контекстік мағынасы негізге алынады. «Контекстік метафора сөздің жалпы халықтық ауыс мағынасынан бөлек тұрған нәрсе емес, көркем әдебиет стиліне тән контестік ауыс мағына жалпы халықтық ауыс мағынадан келіп шығады», - дейді [3,108].

Мұндай контекстік метафора үнемі жалпы халықтық сипат ала бермейді.

Жыртың-тыртың қызылдан шығады тер...

Оқыған білер әр сөзді...  (Абай).

Жоғарыдағы қызыл, тер есімдері контекстік метафоралар. Алдыңғысы, мысалы, сырты жылтырақ, ал ішінде түгі жоқ бос кеуде, ойсыз жеңілтек адам деген мағынада қолданылған. Оның мұндай мағынада жұмсалып тұрғандығын жалпы контекске, яғни айналасындағы сөздердің өз ара мағыналық байланысына қарап та байқауға болады. Ақын терін зат есімі арқылы еңбегін дегенді айтпақшы. Ал сөз есімі екі түрлі метафоралық мағынада жұмсалып тұр. Біріншіден, оқыған адам әр түрлі нәрседен хабардар болады, көп біледі деген мәнді білдірсе, екіншіден, соңғы шумақта өлең (өлең шығардық) мағынасында қолданылған.  Көркем әдебиет стилінде кейбір метафораның мағынасы тұтас бір контекст ішінде ғана айқындалады. Бұл ретте ондай метафораның контексте әлденеше ретқайталанып қолданылатын да кезі болады. Мысалы, Ғ.Мүсірепов бір ғана қоңыр сөзінің өзін бір контекст ішінде мына төмендегіше неше түрлі құбылтып қолданған. Қоңыр көлеңке үйдің қоңыр сәулесі Шайзаны да қоңырландырып, сұрғылтқа таңдық түс береді. Үй де қоңыр, көлеңке де қоңыр. Қоңыр үйдегі тұрмыс та қоңыр. Қоңыр үйдегі жандар да қоңыр. Қоңыр ойлы Шайзаның әні де қоңыр. Қоңырлатып, ыңырсып өлең айтып отырады. Өлең емес, қоңыр күймен ішіндегі зарын төгіп отырады.

Осы үзіндіде қоңыр сын есімі он үш рет қайталанады. Екі-ақ жерде етістік түрінде (қоңырландырып, қоңырлатып) қолданылады. Ал қалған жердің бәрінде есім қалпында жұмсалған. Алынған мысалдардағы қоңыр сөзі тоғыз жерде өзінің тура мағынасында, алты жерде метафора ретінде келген (тұрмыс та қоңыр, жандар да қоңыр, қоңыр ойлы әні де қоңыр, қоңырлатып өлең айтады, қоңыр күймен). Осы метафоралар контекст арқылы бірінің стильдік сырын бірі аша түскен. Шебер суреткердің қоңыр сын есімін әр сөйлем сайын осылай жарыстыра қолдануы кездейсоқ емес. Контекске кірген әрбір сөйлемді жеке-жеке алып талдасақ, қоңыр сөзінің шын мәніндегі стильдік қызметі толық ажыратылмай қалады. Автордың қоңыр сөзін бұлай әр түрлі құбылтып қолдануынан кейіпкердің бір сәткі көңіл күйін, ішкі жан дүниесін, айналасындағы өмір құбылысымен, сыртқы ортамен органикалық байланыста нанымды суреттегенін байқауға болады. Демек жазушының қоңыр сөзін соншама көп қайталап қолдануындағы мақсаты біреу-ақ. Ол - өзінің суреттеп отырған кейіпкерінің тұрмыс жағдайындағы тапшылықты, оның басындағы көңілсіздікті, көңілінде бұдан басқа да әлдеқандай алаң бар екенін көрсету.

Кәрі әже күндегі машығы бойынша бесік жырын айтады... Осындай қоңыр кештің қоңыр күйі. Бейуағына жеткен әженің өмірлік көй-көйі (М.Әуезов). Мұндағы қоңыр күйі дегендегі метафораның (қоңыр сөзінің) дәл мағынасын тұтас контекске қарап қана ажыратуға болады. Автор бұл арада оны сәл бір кірбің, мұң мәнінде қолданып отыр. Бір сөзді осылай метафоралық мәнде әлденеше рет қайталап қолдану арқылы белгілі бір көркемдік мақсатқа жету – көбінесе әдеби шығарма стиліне тән ерекшелік.

 

Әдебиеттер:

1.Мұсабаев Ғ. Қазақ тілінің лексикасы.  Алматы, 1960.

2. Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі.  Алматы, 2007.

3.Сыбанбаева А. Қазақ тіліндегі концептуалдық метафораның қолданылуы.

    Алматы,   1998.