Мажитаева Ш., Есембаева А.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

ТҮР-ТҮС АТАУЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫНА ҚЫСҚАША ШОЛУ

Шындығында,  түр-түс атаулар тамыры алыста жатқан, халықтың ұзақ тарихымен сабақтас, оның рухани, мәдени өмірімен астарласа келіп, эстетикалық талғам-танымымен, ұлттық психологиясымен, салт-санасына, әдет-ғұрпымен ұласатын қоғамдық, филологиялық, этнолингвистикалық мәні үлкен мәселелер қатарына жатқызуға болады. Түр-түс ғылымының дүниеге келіп, жан-жақты зерттелу нысанына айналғанына екі ғасырға жуық уақыт өтті. Ең алғашқыда түс табиғаты олардың практикалық қажеттілігіне орай көбірек зерттелінді. Бұл тұрғыдан есімдері белгілі болғандар – Ньютон, Ломоносов, Вернер, Саккарде, Рунге, Освальд, Гете, Мерц, Поля, Рехтер, Раткин, М. Люшер т.б.  Түр-түстің лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі жалпы тіл білімінде – Л. Уроф, А. Мэтьюз, Р. Фрумкина  т.б., түркі тілдері әлемінде – А.Н. Кононов, Э.В. Севортян, А.М. Щербак т.б. есімдерімен байланыстырамыз.

Қазақ тіліндегі түр-түстердің зерттелу тарихына  келсек, олардың семантикалық ерекшеліктерін, символдық мәнін, қолданылу аясын қарастырған  Ә.Т. Қайдар, Р. Ғ. Сыздықова, З. Ахтамбердиева, Б. Өмірбеков, Ш. Жарқынбекова,  Ұ.Б.Серікбаева, Қ.Т. Қайырбаева, Р.Т. Лауланбекова  және тағы да басқа зерттеушілердің еңбектерін  атауға  болады [1].

Зерттеушілердің  тұжырымдауына қарағанда, қазақ және ағылшын тілдеріне түр-түс мәселесін жан-жақты, тілдік  материалдар негізінде тұлғалық-мағыналық ерекшеліктерін аша отырып зерттеген еңбектер көп емес. Түркі тілдеріндегі түр-түс атауларының семантикасын алғаш рет академик А.Н. Кононов зерттеуді қолға алды. Осы мәселеге қатысты түркі тілдеріндегі географиялық терминологияда кездесетін «ақ» және «қара» сөздерінің  семантикасын,   түс  атауларының  мағыналық ерекшеліктерін қарастырған  А.Н. Кононовтың «О семантике слов «ақ» и «қара» в тюркской географической терминологии», «Семантика цветообозначений в тюркских языках» [2] еңбектері   жатқызылады.  Бұл  еңбектерінде  автор  түркі халықтарының тіліндегі түр-түс  атауларының жасалу жолдары мен олардың  беретін мағыналарын  зерттейді.

Бұл бағыттағы танымдық лингвистиканың бастау көзі Аристотельдің, Платонның, кейін В.Гумбольдт және оның шәкірттерінің философиясы концепцияларында жатыр. Танымдық үрдістің негізгі айырым белгісі тіл туралы жаңаша зерттеулерінде, зерттеу әдістеріне жаңа тәсілдер енгізуінде емес, таза танымдық бағдарының жаңалығында, тілге танымдық тұрғыдан келуінде [3]. Тұңғыш когнитивтік зерттеулер этнолингвистикалық және лингвистикалық типологияны шендестіру деңгейінде сипат алды.  Тілдік әмбебеп құбылыстарды терең түсінуге талпыныс Н.М.Хомский,  Д.Ж.Лакофф, Р.Лангакер және орыс тіл білімінде Ю.Д.Апресиян, Е.С.Кубрякова, Н.Н.Караулов т.б. еңбектерінен басталады.

Қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыттың қалыптасуында этнолингвистикалық зертеулердің мәні ерекше. Атап айтқанда, Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, М.Копыленко, Ж.Манкеева, Г.Гиздатов, Б.Қасым, Г.Қосымова, Қ.Жаманбаева, Г.Зайсанбаева, С.Жапақов т.б. ғалымдардың зерттеулерінен когнитивтік бағыт бастау алады. Танымдық ғылымның нысаны болып саналатын таным, тіл мен ақыл, олардың өзара қатынасы сонау көне заманнан пікірталас тудырып келген түсініктер. Тіл мен ойлаудың өзара қатынасы – ертеде философтарды да ойландырған мәселе. Платонның «Кратилі» –  тілдің танымдық жағынан ең алғаш философиялық талдауы болды. Платон пікірінше тілдің негізі  – атаулардың қоршаған ортаны танып білуде абсолюттік дәлме-дәл еместігінде. Атаулар көмегімен қоршаған ортаны танып білу танымдық құрылымның төменгі сатысын ғана құрайды, ал бұл процестің ең жоғарғы сатысын байқап бағдарлап, мән мағынасын түсіне танып білу болып саналады. Дүниетаным жеке адамның өмір сүруімен байланысты болумен бірге адамның қоғамдық өмірдегі орнына да қатысты.  Дүниетанымның жинақы  көрінер жері –  ұлттық дүниетаным. Ұлттық дүниетаным ұлттың бүкіл бітім-болмысымен, қоршаған ортасымен, шаруашылық жүйесімен, табиғат құбылыстарымен өте тығыз байланысты. Ұлттық дүниетаным түр-түс компонентті күрделі атауларда да орын алады. Түр-түстік ұғымды білдіретін сөздерден жасалған күрделі атау да басқа күрделі ұғымдық атаулар сияқты біртұтас лексика-грамматикалық бірлік деп танылатын, сыңарлары кем дегенде екі мағыналы лексемалардан тұратын аталым болып табылады. Күрделі ұғымдық атаулар номинациялық қызметпен қоса, танымдық қызмет атқарады. Қазіргі кезеңге дейін түр-түс атаулары түркі тілдерінде тіл білімінің морфологиялық саласында қаралып, лексика-грамматикалық тұлғалары анықталды. Этимологиялық тұрғыдан зерттеуге алынып, нәтижесінде күрделі ұғымдық атаулар категориясы белгілі бір жүйеге түсірілді. Түр-түске қатысты сөздер «сапалық сын есім» деп аталатын категорияда қамтылды.

Бірақ Америкалық лингвистер Б. Берлин мен П. Кей еңбектерінде түстерді топтастырып анықтауға ерекше үлес қосты. Олар 98 тілдегі түр-түс атауларын зерттеп, жинақтаған материалдың негізінде 11 негізгі түсті көрсетті: basic colour terms – black (қара), white (ақ), red (қызыл), yellow (сары), green (жасыл), blue (көк), brown (қоңыр), purple (алқызыл), pink (қызғылт сары), orange (қызылсары), gray (сұры) [4].

Яғни, қайсыбір тілде бар болғаны үш қана түс атауы болатын болса, онда олар – ақ, қара, қызыл. Орыс тілші ғалымдарының көпшілігі осы жіктемені мойындайды және орыс тілінде 11 негізгі түс бар деп санайды, олар  – ағылшын тіліндегі blue дегеннің орыс тілінде екі баламасы бар деп есептейді: blue – көк (синий) және көгілдір (голубой).

Алайда, қазақ тіл білімінде түр-түс проблемасын жан-жақты, түркі  және басқа шетел ілдерінің фактілері негізінде тұлғалық-мағыналық ерекшеліктерін аша отырып жан-жақты зерттеген еңбектер шамалы. Түр-түс атауларының семантикалық ерекшеліктеріне алғаш рет көңіл бөліп зерттеген академик А.Н.Кононов [2]. Ғалымның осы мәселеге қатысты «Семантика цветообозначений в тюркских языках», «Способы и термины определения стран цвета у тюркских народов», «О семантике слов «ақ» и «қара» в тюркской географической терминологии» атты ғылыми зерттеулері жарық көрді. Ал  филологы Вайлер.  “Colour Terms in the Crowd: Colour Terms in Use [5,25]” деген зерттеуінде ағылшын тілінде түр-түс атауларының қолданылуын зерттеген бірқатар Ньютоннан бастап Остфальдқа дейінгі зерттеушілерді атап өтіп, олардың мысалдарын келтіреді. Вайлердің ойынша, Берлин мен Кей аса көлемді жұмыс атқарып, ежелгі ағылшын тіліндегі түр-түс атауларын жіктемелеп көрсеткенін. Мәселен көне ағылшын тілінде 25 түстің атауы белгілі болған: bleo, fah, hiw, blanc, sweart және т.б. 

Кейінгі жылдары туыс емес тілдердегі түр-түс атуларын салғастыра зерттеген жұмыстар жарық көруде  [1].

Түр-түс атаулары түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілінің тілдік материалдары түр-түс атауларының негізгі доминант (атауыш) мағынасынан басқа да  семантикалық ерекшеліктері мен олардың халық дүниетанымына, тіршілігіне қатысты әр түрлі символдық мән-мағыналары да өз алдына зерттеу нысаны бола алатынын көрсетеді.

 

Әдебиеттер:  

1 Mazhitaeva Shara, Kaskataeva Zh.//European Reseаrcher. Vol. (32), Number 10-2. 2012. P. 1772-1775.

2 Кононов А.Н. Семантика цветообозначений в тюркских языках.   М., 1978.   367 с.

3 Гумбольдт В.  Избранные труды по языкознанию.  М.: Прогресс , 2000. 400 с.

4 http://www.sensationalcolor.com/category/color-meaning/color-meaning-symbolism-psychology

5 Siegfried Wyler. Colour and Language: Colour Terms in English, 1992.  203р.