Мұхтар
Шаханов поэзиясындағы «Елдік» концептісінің
құрылымдық сипаты
Жумашева Камшат Берікқызы,
ҚР, Орал қаласы,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ
магистранты
Адам
өмір сүру барысында обьективті дүниені тани отырып,
танымның нәтижесін сөзде бекітеді, құлыптайды.
Алайда, тілдік бірліктің өзі дүние бейнесін бермейді, ол тек
дүниені елестетудің тәсіліне – концептілерге апарады.
Өйткені дүниенің тілдік бейнесін негізінде концептілер жатыр.
«Концепт» этномәдени санада сақталған, белгілі бір
ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілетін
ықшам, әрі терең мағыналы шындық болмыс,
ұлттық мәдени құндылықтары жөнінде
сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым»
ретінде халықтың білім мен тәжірибесінің
дүниетанымдық, рационалдық, эмотивті, мәдениет танымдық
т.б. түрлі жақтарын қамтиды.
Жалпы
концепт ұғымы ғылыми шеңберде кең
қарастырылып, бірақ әлі өзінің шешімін
толық таппаған өзекті мәселелердің бірі.
Ғалымдар арасында дау туғызушы басты сұрақ –
адамның дүниені тану барысында тілде көрініс тапқан
ұғым-түсініктердің қайсысы концепт болады
және концепт болып табылса, оған қандай ерекшеліктер
тән?
Бұл
сұрақтарға жауап ретінде кез-келген тілде көрініс
тапқан ұлттық түсінік концепт, оның ішінде
мәдени концепт бола алмайды дегенді айта аламыз. Концепт болуы
үшін, ең алдымен, ұғым-түсініктің
мәдени реңкі күшті ұлттық дүние танымды
ерекше таныта алатын қасиеті болуы керек. Басқаша айтқанда,
концептіні белгілейтін тілдік бірліктің астарында ұлт үшін
маңызы жоғары, кейде тіпті символ дәрежесіне көтерілген
ұғым жатуы керек.
Құдіретті
сөз өнері, оның ішінде поэзия ХІХ ғасырдың екінші
жартысында Абай өлеңдері арқылы ең биік
тұғырға көтерілді. Ал жаңа буын ғасырда
ұлттық құндылықты жандандыру жолында Мұхтар
Шаханов тұрды. Ұлт, рух, халық, тіл, өмір этикасы, адам
төңірегіндегі сұрақтар ақынның
шығармашылығында концепт шеңберінде әсерлі де
ұтымды қолданылды.
Мұхтар
поэзиясы – ұлттық сананы сілкіп оятатын қуатты
дәру, жан – жүйеңе ізгілік нұрын шашатын энергия
көзі. Құт – береке құюшы
құндылық. Оларды өзінің қара өлеңдерінің
қарымы, мол мүмкіндігі арқылы танытып отырады. Қара
өлең Мұхтар үшін – қазына кені. Ананың
ақ сүті, әкенің жасындай жарқылдаған
жігері, қайрат – күші! Ол қара өлеңді биік
ұстайды, құдіретті рухқа, ұлы ұстазға
балайды. Оның түпсіз терең, сұңғыла сыры
бар. Ол қарапайымдылығында, бейнелеушілік мүмкіндігінде,
шеберлігінің шексіздігінде, даналыққа
суғарылғандығында. Қара өлеңнің
күйсандығында ойнай білген, сөйлете алған жан
ғана даласына тартып туған перзенті болмақ. Бұл
әрі ұлттық сананың сырына қанықтырып,
сиқырына үңілту. Сондай-ақ көне
мұраға деген көзқарас.
Мұхтар
Шаханов: «Әр халық дүниелік болмысты тануда өз
хал-қадырынша ғаламды түйсініп, санасында оның
ұғымдық бейнесін қалыптастырады және өз ана
тіліне байлайды. Сан салалы семантикалық категориялар
тұрғысында дүниенің тілдік бейнесін
қалыптастырады. Дүниенің тілдік бейнесі әр тілде
өзіндік ерекшеліктерге ие. Ол ерекшеліктер тілдің негізгі
сөздік қорында, құрылысында, тілдік категорияларда
және фразеологиясында айқындалады да, сол тілдің көркем
әдебиетінде, әдет-ғұрпында мәдениетінде
айшықталып, әлгі халықтың өзіндік бет бейнесін
қалыптастырады» дейді.
«Еркіндік»
концептісі бірнеше рет лингвистикалық зерттеулердің нысаны ретінде
қарастырылды: еркіндік
ұғымы «адам-тыйым көзі-таңдау жасаудың нормативті
аймағы» құрылымымен түсіндіріліп келді. Алайда,
«еркіндік» концептісінің кейбір аспектілері әлі де зерттеуді
қажет етеді. Мысалы, аталмыш концептінің тілдер
концептосферасындағы когнитивті мазмұны кешенді және
көпаспектілі зерттеуде әлі де анық көрсетілген
жоқ. Осыған қоса «еркіндік» концептісінің
әлеуметтік және саяси шарттарының қызмет етуі
оның мазмұны құрылымында этноспецификалық
ерекшеліктерді туындатады.
М.Шаханов
«Елдік» концептісін ұлттық рух мағынасында көрсеткен. Мұхтар рухы күшті рухани
қазына жасады. Оның жырлары қарапайымдылығымен
қасиетті, дәлдігімен дәмді, ой-ырғақ еркіндігімен
ерекше, «тілге жеңіл, жүрекке жылылығымен»
құрметті де құдіретті.
Ұлтымыздың
әр мұңының басында,
Салт пен
сана, тіл мен дәстүр қасында,
Арал зары
шапқан кезде насырға,
Қорғаушы
боп тағы да біз жүргенбіз
Мейірім
қосып мейірімсіздеу ғасырға
Сан
ғасырлық ұлтымыздың шайқасы
Сендейлерді
тайраңдату үшін бе?
деп «Жаңа
қазақтар немесе рухани байлықсыз мемлекет
құруға болады деп ойлайтын жас бизнесменге хат» атты
өлеңінде М.Шаханов ұлттың сақталуы үшін тер
мен қанның төгілгенін паш етеді. Және де бұл
қайрат, ерік-жігер ұлт рухы үшін болғандығын
айғақтап кетеді.
Рухы – өр,
Тәні – бекем,
Бұл бір қайсар
халық екен,
Тірліктен де артық
қойған бірлікті.
Ескермедік сенім арту қылмыспен
тең екенін
Рухани байлығы жоқ, айдыны жоқ адамға.
Сондықтан да қарт
тұлғалар ар-намысты, ұятты
Бір кездегі ебедейсіз динозавр
сияқты
Артықтығы сезілді де,
қалып сыйсыз, желексіз,
Дәуіріне болып шықты
керексіз.
Рух, сана жалғыздығы - ең азапты жалғыздық.
Ғасыр арсыз боялған
соң ба, Ұят, Намыс жүр киімсіз,
Ал Рухты жалаңаштау қоғам үшін тым тиімсіз.
Ұлт рухы – қай кезде де қанаттыға астана.
Дапрын едің алдыңа
жан салмаған,
Ұлт сезімін арқалаудан талмаған.
Отырардың еңкеймеген рухын
Әр
қазаққа ән арқылы жалғаған.
Екіншіден, «Елдік» концептісін елдің ары мен намысы ретінде сипаттайды.
Әр адамның пенделік
осалдығынан
Даңғаза шуға,
думанға босаңдыңынан
Саудагерлер ардан аттап,
бақ табуға талпынар,
Қазір Ар мен Намыстың да
материалдық нарқы бар.
Тек жеңіспен көзін
ашқан
Менің алғыр
ұрпағымның сүйегіне зор таңба,
Намысыма сызат түсті мына сенің арқаңда.
Ар-намыстың құбандығы
Аз болмапты, қайраулы
әрі әділеттің балтасы.
Жердің аман
тұрғандығы-
Сол намысқой еркектердің арқасы.
Ұлттың бағы
жанар ма
Намысыңның көйлегін сиялатсаң
Бізді намыс асырады
Намысымды алмаймын ба жаралап
Өз тіліңді
жерсінбеудің,
Өз анаңды
менсінбеудің
Арсыздығы қай дәуірде болып еді
тапқырлық?
Ол – рухи мүгедектік
әрі ұлттық сатқындық!
М.Шаханов
«Өз ана тіліңде сөйлемеу мен ойламаудың залалы
және космополиттік ағым» атты рухани - проблемалық
трактатында дүниенің тілдік бейнесі әр тілде
әрқалай екендігін нақтылай түседі. Бұл
дегеніңіз, ұлт өз мінезін қалай көрсетіп,
қоршаған ортаға қалай таныта алса, әлемдік таным
сол деңгейде қабылдайды. Елдік рухы жоғары тұрып,
сезімі күшейіп, қара күші артып, намысы алауласа –
халық үшін ең құдіретті бақыт жоқ деп
есептейді.
«Елдік» концептісі – философиялық маңызды
категориялардың бірі, күрделі ментальды объект. Сондықтан ол
санада сан түрлі ақпараттармен репрезентацияланады. Бүкіл
халықтың өміріндегі саяси, тарихи, әртүрлі
жағдайлар қосындысының көрінісі ретінде
қолданылады. Жоғарыдағы талдауымыз да оның
ауқымдылығын, маңыздылығын, әмбебаптығын
көрсете алды деп ойлаймыз. Мұхтар шахановтың поэзиясына ден
қойып, «Елдік» концептісін шығарма тілі арқылы
зерделеу – бүгінгі ұрпаққа мұра боларлық
тілді, ұлтты терең танып, білуге игі ықпал ететін қажет
дүние.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Арутюнова Н.Д. Типы языковых значений: Оценка. Событие. Факт. М.: 1998. -
215б.
2.
Бекмағанбетов Ш. Тілдік таным және тілдік символдар. А.:
«Ғылым», 1999. - 218б.
3.
Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі
дүниенің тілдік суреті (салыстырмалы-салғастырмалы
лингвомәдени сараптама)//Филология ғылымдарының докторы
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертацияның авторефераты. А.: 2004. – 54б.
4.
Оразалиева Э. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. А.:
«Ан-Арыс» баспасы, 2007. – 311б.