Д.филос.н. Кодар З.М., PhD докторант
Турганбеков С.К.
Институт социальных и гендерных
исследовании Казгосженпу
Қазіргі қазақ
қоғамындағы әйелдердің кейбір мәселелері
Республикамызда әйел
мәселесі және оның қоғамдағы орны мен
қызметі туралы пайымдағанда көпшілік пікірлер толқыны
«отбасының ұйтқысы» деген дәстүрлі қорытындыға
сай келеді. Кейбір іргелі зерттеушілер деп саналатындар мұндай пікірмен
келіспейді және олар дәстүрлі емес өзгелік
стандарттарды немесе еркіндікті, заманауи деп аталатын батыстық
үлгіні насихаттап келеді. Сондай-ақ, дәл осылар секілді
қазіргі қазақ қоғамында әйелге
біржақты баға берушілік басым үрдіс алғандығын
ғылыми және БАҚ беттерінен, қоғамдық
санадан аңғаруымызға болады. Мұның себебі
көптеген зерттеушілердің пікірінше коммуникациялық
құралдардың қарқынды дамуымен, жаппай өзге
мәдениет пен құндылықтарды еркін тұтынумен
түсіндіріледі. Ондағы өзіндік санасының іргесі
қаланып келе жатырған жастар санасы ерекше назарды өзіне
аударып отыр деп айтсақ қателеспейсіз. Қарқын
алған үдерістегі болашақ ана, саясаткер, мемлекеттік
қайраткер қыздарымыздың үлес салмағы
айтарлықтай екені анық және кешенді ойланатын, шешімдер
қабылдайтын, іргелі ғылыми-зерттеулерді талап ететін мәселе.
Сол мәселенің кейбір тұстарына объективтіліктен гөрі
субъективті сараптамаларымызды жасап көрелік.
Қазақстан
Республикасының демографиялық ахуалына үңілетін
болсақ, мемлекеттік стратегиялық маңызды саналатын
халық санының төмен көрсеткішін еріксіз түрде еске
аламыз. Мұны шешудің республикада екі ғана жағдайы бар
екендігі айқын: 1) азаматтарды әлеуметтік пакеттің қанағаттандыруы;
2) шет ел қазақтарын квотамен тарту. Аталмыш жобалардың аясы
көл-көсір болмаса да, мемлекеттің саяси,
әлеуметтік-экономикалық шама-шарқына қарай жүзеге
асып келеді. Егер бірінші жобаға жекелей тоқталатын болсақ,
қазіргі қазақ әйелінің үкімет тарапынан
әлеуметтік қамтамасыз етілуі қандай дәрежеде
жүзеге асып жатыр және қаншалықты көңілді көншітеді
сынды сұрақтарға баға берушілік – іргелі түрде
әлеуметтанулық, психологиялық, мәдени зерттеулерді
қажет етіп тұр. «Халықтың демографиялық
жағынан өсуі қай кезеңде де әлеуметтік
тұрмыс шарттарымен тікелей байланысты болған. Қоғам
ең алдымен дүниеге келетіндердің емес, келгендердің
қамын ойлап, жағдайын жасауға тиісті. Нақты
тұрмыстық проблемалар шешімін таппай тұрып, жаңа
демографиялық толқын туралы сөз қозғау
қиын» [1, 24 б.]. Өйткені, ана мен баланың денсаулығы,
әлеуметтік жағдайы, психологиялық
көңіл-күйі – ел болашағының, ұлт
іргесінің қалыптасуының кепілі. Сонымен қатар,
мұндай әлеуметтік мәселелерден бөлек өте
маңызды саналатын рухани құндылықтар әлемі
және бар. Қарнымыз тоқ болып, рухани аш болсақ, ешбір
мақсат пен міндетке қол жеткізе алмаймыз.
Дәл сол секілді қазіргі
бойжеткеннің ел азаматы ретінде қалыптасуы, білім алуы,
денсаулығы, дүниетанымы, қоршаған ортасы т.т.
қоғамдағы шешуші мәселелердің бірі. Өйткені
бұл маңызды құрамдастар рухани
құндылықтар бойжеткеннің бойында отбасын
құрмай тұрып қалыптасатын дүниелер және
отбасын сақтап қалудағы маңызды шарттар болып та
табылады. Әрине қазіргі көпполярлы, көпвекторлы
жаһандық, жедел коммуникация құралдары әлемінде
белгілі бір әйел стандарттарын немесе идеалдарын қалыптастыру
мүмкін емес. Бірақ әрбір адамның бақытты
өмір сүруге құқығы бар секілді, әрбір
индивид өз әрекетін саналы түрде және ол әрекеті
үшін өз бойына жауапкершілікті жүктей алатын дәрежеде
болуы тиісті. Яғни бақытты болудың қарапайым формуласы
әл-Фарабидің сөзімен айтқанда – парасат күші
арқылы жаманнан жақсыны айыра білуге сәйкес келеді.
Жоғарыда атап
өткен «әйел отбасының ұйтқысы» стереотипін
негізге алып, қазіргі отбасындағы өзекті
мәселелердің бірі саналатын ажырасуға баға беруге
тырысып бағалық. «Кейбір деректер бойынша еліміздегі әрбір
төртінші неке сәтсіз аяқталады екен. Мысалы,
соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда 683 мың отау
тігілсе, оның 179 мың 800-і ажырасып кеткен. Соңғы бес
жылда отау тігу 14-те 4 пайызға артса, ажырасу да 21-де 9 пайызға
көбейіпті. Ал біздің облыс [Қызылорда] бойынша 2012 жылы
6.893 отбасы құрылса, оның 1.491 ажырасқан, бұл
21 пайызды құрайды» [2, 60 б.]. Аңғарып отырғандарыңыздай
бұл бір ғана еліміздегі облыста болып жатырған үрдіс,
енді мұны республикалық көлемге шағып
көріңіз. Айталық мәселенің мемлекеттік
қаупі бар, бірақ оның шешу жолдары айқындалмаған.
Мұны көтеріп жүрген жекелеген ізденушілер бар, бірақ
қоғамдық сана мен қозғалыс
аңғарылмайды. Ал іргелі зерттеулер туралы біз үн қата
да алмаймыз. Әрине біз мұнда мәселені тек әйелге
ғана теліп қоюдан аулақпыз, оның себептері өте
көп, бірақ біз әйел мәселесін тек соның
құрамдас бөлігі ретінде ғана көтеріп отырмыз. Қашанда
дәстүрлі дүниетанымымызда, тіпті барлық
халықтарда да отбасы түсінігі өте қастерлі болған
дейміз. Бірақ сол түсініктің құнсыздануы немен
байланысты деген сауал еріксіз еске оралады. Әйтсек те жауап жалқы
емес, себептер толқыны өте көп.
Мәселеге тереңірек
үңілсек, «тәрбие тал бесіктен» демекші қазақ
қыздарының, бойжеткендерінің де заманауи ахуалы
көңілді көншітпейді. Соңғы БАҚ беттері
қазақ қыздарының киім үлгісі, шаш қою,
азамат ретінде, адам ретінде қалыптасуы сынды мәселелерді жиі
көтеріп, талқылап келеді. Бұл жолда рухани бастамаларға,
тарихи тұлға аналарымызға жүгіну қажет екендігін
де ерекше бағамдауда. Елімізде бәсекеге түскен
дәстүрлі және дәстүрлі емес діни сарындардан да
сақтап қалуға барынша тырысып бағуда. Бірақ
заманына сай дәстүрі демекші көтеріліп жатырған
мәселелерге сай ұсыныстар жаппай оң баға беріп жатыр
деп айту да қиын, тіпті қоғамдық пікірлер ұсынып
отырған үлгілер де өте көп болғаны соншалық
қазіргіні құндылықтар хауосы әлемі деген
түйінге келесің. Өйткені либералды-демократиялық
саясаттың талабы да, көксегені де дәл осылай.
Бойжеткендеріміз жайлы келесі
мәселеміз мынаған сайып келеді: «Қазақстанда жылда 100
мыңнан астам бойжеткен түсік тастайды. Криминалды түсік сол
санның 0,1 пайызын құрайды. Бұл негізінен
жасөспірім қыздар өз еркімен түсік жасатады деген
сөз. Мамандардың айтуынша, жасанды түсікті 15-18 жас
аралығындағы қыздар жасатады. Қызылорда облысы бойынша
2012 жылы 18-ге дейінгі қыздар арасында 29 түсік тіркелген.
Олардың 8-і 15 жасқа дейінгі жасөспірім қыздарға
келеді. Соңғы кездері мектеп табалдырығында жүріп
қыздарымыз жүкті болып қалу фактілері жиіленіп барады.
Дегенмен, бұл мәселе әлі күнге «жабулы қазан
жабулы күйінде» қалуда» [2, 60 б.]. Бұл жабулы қазан
туралы тіпті қоғамдық пікір де қалыптасып
үлгермеді, яғни бұл шекті еңсермей келеміз. Тіпті
статистикалық мәліметтердің де қаншалықты
объективтілікке жақындығы ескерілмеуде және мұндай
мәліметтер қайдан алынғандығы да белгісіз. Десек те,
аборт, жасанды түсік тастау сынды мәселелердің себептері мен
салдары, алдын алу жолдары көп. Бірақ бұл
мәселелердің білім беру жүйесіндегі «этика» пәнінде
мораль тұрғысынан оқылмай жатқандығы және
ғылыми зерттеу ізденістердің кенжелеп отырғандығы бізді
алаңдатады.
Мәселен, «Қазақстанда
қазіргі таңда 15 пен 19 жас аралығындағы
әйелдердің 4,5 пайызы некеде тұр (некеде отырған
әйелдердің жалпы санына шаққанда). ... Ерте некеге
тұру қыздар үшін білім беру мен еңбекпен қамтылуда
көптеген шектеулер қояды. 18 жасқа дейін тұрмыс
құрған қыздардың көпшілігінде тек орта
білімі ғана бар немесе көпшілігінде ол да аяқталмаған
күйінде. ... Тәжірибе көрсетіп отырғандай
кәмелетке толмаған жүктіліктің 70 пайызы абортпен, 15
пайызы түсікпен, ал тек 15 пайызы ғана туылумен аяқталады» [3,
67-68 б.]. Егер мұндай бойжеткендердің орта білімді де
толығымен ала алмауына, яғни сауатсыздануына жол беретін
болсақ, ол тәрбиелейтін ұрпақ қандай азамат болып
шығуы мүмкін деген сауал туындайды. Ал білім беруді кең
мағынада алып қарастыратын болсақ, мұндай
аналарға арнайы психологиялық, этикалық, клиникалық
білім беретін орталықтардың да жетіспейтінін аңғарамыз,
ал оның әлеуметтік қорғалуы тағы бір мәселе
екені айқын.
Кәмелетке
толмағандар арасындағы жүктіліктің 70 пайызы абортпен
аяқталатынын атап өттік. Орташа статистика көрсетіп
отырғандай аналық қабілеттен айрылған
әйелдердің 75-80% алдын аборт жасағандар болып шығады
екен. Тіпті аборттың арты аналық қабілеттің жойылуына
да алып келетіні баршамызға аян. Мұндай ерте жыныстық
қатынасқа түсу салдарынан туындап отырған проблема
біздің қоғамда өз шешімін таппай отырған ең
өзекті мәселе. Мәселен, осыдан 10 жыл шамасында
кәмелетке дейінгі жыныстық қатынас 16 жасты қамтыса,
қазіргі таңда оның көрсеткіші 12 жасты көрсетіп
отыр. Мұның өзі мәселенің шешілуінен гөрі
үдеп бара жатырғандығын аңғартады [3, 69 б.].
Қандай түйін қабылдауымызға болады?
Кейбір
психологтарымыздың қазақ қыздары 22-23 жаста
тұрмыс құрулары тиіс деген ұсынысына бір жағынан
келісуге де болатын секілді. Себебі бұл уақытта бойжеткен
сұлулығының кемелдігіне жетіп, толысып, арнайы маман иеcі болып,
оңды-солын танитын кезі. Енді мәселенің екінші жағы
бар, статистика көрсетіп отырғандай 2009 жылы
қыздарымыздың тұрмысқа шығуы орташа есеппен 24
жасты құраған. Қазіргі таңда арнайы зерттеулер
мен бақылаулар жүргізілмесе де бұл жас ерекшеліктен асып
кеткен қыздарымыздың саны айтарлықтай екендігі мәлім.
Мәселен, «қартаюдан қорықпайсыз ба» деген
сұраққа қазақ қыздарының басым
бөлігі «әр жастың өз қызығы» бар деген
жауапты белгілеген. ... Алайда «еркіндікке не жетсін» деген жауапты
алғандар да біршама (33,8%)» [4, 50 б.]. Әрине мұның
барлығы неке түрлерінің қалыптасуына алып келгендігін
аңғартады. Отбасы сөзінің кейбір қазақ
қыздары тарапынан да, ұлдары тарапынан да құнсызданып,
қастерлі ұғым дәрежесінен айрылып бара жатырған
себебінің мәні мүмкін осында шығар.
Сөзімізді
қорытындыласақ, ойландыратын мәселе қазіргі
қазақ қоғамындағы әйелдердің отбасы
туралы түсініктері мен құндылықтарының
трансформациясы, ойланатын мәселе әйелдер туралы өзекті
мәселелердің ғылыми-зерттеушілік, бағалаушылық,
алдын алу шараларының әлсіздігінде жатырса керек.
Әдебиет:
1.
Әбдірәсілқызы А. Қазақ
қоғамындағы әйел мәртебесі: кеше мен бүгін
/ А. Әбдірәсілқызы // Әйел және дін: халық.
форум материалдар жинағы. – 2013. – 249 б.
2. Ахметова Р.Қ.
Бүгінгі қазақ отбасының хал-ахуалы / Р.Қ.
Ахметова // «На пути к гендерному равенству: Конвенция ООН о ликвидации всех
форм дискриминации в отношении женщин»: материалы республиканской конференции. –
Астана, 2013 г. – 350 с.
3. Байкошкарова С.Б.,
Мурзагалиева Г.Ж. Проблема ранних браков / С.Б. Байкошкарова, Г.Ж. Мурзагалиева
// «На пути к гендерному равенству: Конвенция ООН о ликвидации всех форм
дискриминации в отношении женщин»: материалы республиканской конференции. –
Астана, 2013 г. – 350 с.
4. Аманбекқызы А.Г.,
Шамахай С. Бұқаралық мәдениет және
қазақ әйелі / А.Г. Аманбекқызы, С. Шамахай //
Әйел және дін: халық. форум материалдар жинағы. – 2013.
– 249 б.