Заң
ғылымдарының магистрі Шиндавлетова М.Н.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
университеті, Қазақстан Республикасы
Салық төлеуден жалтару
Азаматтың салық төлеуден жалтаруы (ағылш. tax evasion of citizen) - Азаматтың декларация табыс етуі міндетті болып табылатын жағдайларда табыстары туралы
декларация табыс етпеу арқылы не декларацияға немесе
салықтарды немесе мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді есептеумен немесе
төлеумен байланысты өзге де құжаттарға кірістер
немесе шығыстар туралы не салық салынуға тиісті мүлкі
туралы көрінеу бұрмаланған деректерді еңгізу
арқылы салық немесе мемлекеттік бюджетке төленетін езге де
міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы, егер бұл әрекет
ірі мөлшердегі салық немесе міндетті төлемдерді
төлемеуге әкеп соқса, экономикалык
кызмет саласындағы қылмыс ретінде айқындалып,
айыппұл салынады не қоғамдық жұмыстарға тартылады,
не бас бостандығынан айрылады (егер төленбеген салыктың
сомасы бес жүз айлық
есептік көрсеткіштен асса) [1].
Салық
төлеуден жалтару – салық төлемдерін толық немесе
ішінара төлемеу мақсатымен салық төлеушінің
салық салу объектісін (табысты, пайданы, тауар айналымын, мүлікті)
әдейі жасыруы және азайтуы. Салық төлеушілердің
мұндай заңсыз іс-әрекеті мемлекет мүддесіне
айтарлықтай нұқсан келтіреді. Оның негізінде
мемлекеттік бюджет едәуір қаражаттарды алмайды, салық
заңнамасын бұзушылар кірістерінің қосымша
криминалдық көздері жасалынады, кәсіпкерлік қызмет
сферасында, салада, аймақта және құн
қозғалысының негізгі үйлесімдері бұрмаланады.
Салық төлеуден жалтарудың
себептері әр түрлі болуы мүмкін:
1) шаруашылық, кәсіпкерлік
немесе өзге де қызметті қалыпты жүргізуге
мүмкіндік бермейтін елеулі салық ауыртпалығы;
салықтардың көптігі және жоғары
мөлшерлемелері салық салынатын субъектінің
«көлеңкелі» экономикаға өтуіне жәрдемдеседі;
2) салық заңнамасының
күрделілігі, сонымен қатар оның анық еместігі,
нұсқаулармен ережелердің қағидалары мен
нормаларының түрліше түсіндіретін ондағы
толықтырулардың, өзгертулердің,
түзетулердің көптігі;
3) салық службасын
ұйымдастырудағы кемшіліктер: қызметкерлердің
төмен біліктілігі мен біліксіздігі, экономикалық білімдер мен
құқықтық мәселелердің шектес
салаларын жеткіліксіз білуі;
4) салық сомаларын баю немесе
көлеңкелі бизнестегі инвестициялау мақсатымен
субъектілердің оларды төлемеуге қасақана, әдейі
ұмтылуы;
Бүгінгі
таңда кейбір мәліметтер бойынша Қазақстан астыртын
экономика жалпы ішкі өнімнің 30 пайыз шамасында құрап
отыр.
Бүгінгі күннің ең негізгі
талабы «Көлеңкелі экономика мен сыбайластық
жемқорлықпен» күрес жүргізу барысындағы
қоғамдық даму заңдылықтарын орындау. Ол
үшін әрқашанда бақылау жүйесіндегі тексеру,
талдау әдістерін кеңінен қолдана біліп оны тек
құқықтық негізде жүргізе білу қажеттілігі
туындап отыр. Осындай көлеңкелі экономиканың келеңсіз
әрекеттерінен еліміздегі күнделікті тұрмыстық
қажеттіліктерге аса зәру болып отырған
тұрғындардың бөлігі көп зардаптар шегуде. Екінші
жағынан, салық салынатын базаның кемуінен, экспорттаушы емес
экономиканың басқа салаларында қызмет атқарып
отырған кәсіпорындарға жүктелетін салық
ауыртпалығы арта түсуде.
Салық комитеті салықтық
басқару ісінің жылдан-жылға жақсарып келе
жатқанын, табыстар жоспарының жылда артығымен орындалып
жатқанын айтады. Бірақ басты факт — экономика өссе де,
мемлекеттік табыстары экономикадан озық өсім көрсетпейді.
Мұның екі-ақ себебі болуы
мүмкін: не көлеңкелі экономика өспей отыр
(бұған сену қиын), не салық басқармасы оның
табыстарын қадағаламай отыр.
Көлеңкелі экономиканы қаржымен
демдеп отыратын түрлі каналдар бар. Біріншіден, бұл — мемлекеттік
бюджеттің шығындары. Екіншіден, қаражат көлемі
өсіп келе жатқан шикізаттық сектор. Айтпақшы,
шикізаттық сектордағы жалақылар еңбек
өнімділігінен жылдамырақ қарқынмен өседі.
Өкінішке қарай, қазір
мемлекеттің көлеңкелі экономикаға қарсы
күресті тиісті деңгейде жүргізбей отырғанын
айтуға мәжбүрміз. «Көлеңкедегілерге» қарсы
шабуыл жасауда ең маңызды күш — тиімді салықтық
басқару болуы керек. Алайда біздегі салық ісінде сол тиімділік
болмай тұр [2].
Салық қызметі
органдарының басты міндеті салықтар мен басқа да міндетті
төлемдердің бюджетке түсі толықтығын
қамтамасыз ету, салық төлеушілердің
салықтық міндеттемелерді орындауына салықтық
бақылау жасау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен
күресу болып табылады.
Салық
төлеушілерді салықтық мәселелер туралы
ақпараттандыру мақсатында жүргізіліп жатқан
түсіндіру жұмыстары мен салықтық бақылаудың
әр түрлі әдістерінің жүзеге асырылуына
қарамастан салық төлеушілер салық салу объектілерін
жасыруға, салық салудан жалтарудың әр қилы
жолдарын жасау арқылы салық төлеуден жалтаруға бейім
екендіктері іс жүзінде байқалып отыр. Заңды ұғыну
мен салықтық мәдениет дәрежесі әр салық
төлеушіде әр түрлі болып келеді. Олардың ішінде
өз бизнесін салық салуға, анығырақ
айтқанда, одан жалтаруға құратындар да бар. Бұлар
халық арасында жалған кәсіпорындар ретінде белгілі.
Олардың мемлекетке келтіретін залалы миллиардтармен есептеледі.
Жалған кәсіпкерлік – Қазақстанда жиі қолданылатын
салықтан жалтару жолдарының ішіндегі біріншісі. Жалған
кәсіпорындар несиелерді, оның ішінде мақсаттық
несиелерді заңсыз алу үшін де жиі құрылады.
Жалған кәсіпорындардың жалған шот-фактуралар мен
басқа да есепшілік құжаттарды беру арқылы сауда
құрылымдарына салық төлеуден жалтару бойынша қызмет
көрсету үшін құрылған жағдаятары бар.
Компаниялар оларды күмәнді келесімшарттар арқылы өз
табысын асырып көрсету арқылы салық төлеуден жалтару
үшін пайдаланады. Әдетте
жалған кәсіпорындар жоғалған құжаттар
арқылы тіркеледі.
Таралу бойынша екінші (және қарапайымдылығы
бойынша бірінші) салық салудан жалтарудың жолы
бақылау-кассалық машиналарын қолданбау деп танылады.
Қызметтердің басым бөлігі кассалық аппараттарды
қолданусыз қолма-қол есеп айырысу арқылы
көрсетілетіні айқын. Бұндай жағдай тұтынушылар
тауарды сатып алу кезінде чек талап етпейтіндіктен орын алып отыр.
Үшінші орынды ҚҚС-ны
экспорттаушыларға қайтарумен байланысты жоспарлар алады. Кей
салық төлеушілер бюджеттен қайтарылуға жататын
ҚҚС-ның асырылуын қасақана өсіріп көрсетеді.
Мысалы, «А» компаниясы өзіне үлестес «В» және «С»
компанияларынан өсірілген бағамен өнім сатып алады, сосын ол
өнімді экспортқа төмендетілген бағамен шығарады,
бюджеттегі ҚҚС-ның орныны толтырады да шығындарға
қатысты КТС төлемейді. Кейбір экспорттаушылар таратылған
кәсіпорындардан немесе банкрот кәсіпорындардан қызмет
қабылдаған болып, қайтарылуға тиісті
ҚҚС-ның асырылуын өсіру жоспарын пайдаланады.
Астық экспортымен байланысты салық төлеуден жалтару жолдары
да осы қатарда тұр. Жекелеген жағдайларда экспорттаушы іс
жүзінде өндіруші болып табылатын, бірақ кәсіпорындар
тізбегі арқылы қайтарылуға жататын ҚҚС сомасын
өсіретін үлгілер қолданылады. Аталмыш жоспардың атап
өтерлік тағы бір тұсы: мемлекет өндірушілерге
салынған ҚҚС сомасына 80% көлемінде жеңілдік
береді, бұл ретте кейбір азаматтар бұл жеңілдікті
қаржылай түрде қайтарғысы келеді.
Төртінші орында – әдетте
құрылыс саласында қолданылатын үлгілер. Бас мердігер
«кілтке тапсырылатын» құрылыс жұмыстарын жасау үшін
мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді тартады, бұл ретте
бұл үшеуінің заңдық тұрғыдан
өзара қарым-қатынастары болмаса да, олар бір-бірімен
байланысты тараптар болып табылады. Қолданыстағы заңнама
жұмысты қосалқы мердігерден мердігерге және мердігерден
бас мердігерге 15-тен 40%-ға дейінгі баға өсімімен беруге
мүмкіндік береді.
Cалық
төлеуден жалтару фактілерін анықтау үшін Астана қ.
бойынша Салық департаменті қаржылық-шаруашылық
әрекетті, олардың салықтық жүктемесін талдау,
салық есептілігі нысандарын әр түрлі дереккөздерден
алынған ақпараттармен салыстыру, яғни камералды бақылау
жүргізу арқылы салықтық әкімшілендіруді
күшейту жұмыстарын жүргізуде.
Салық органы
алынған мәліметтер мен салық төлеушілер тапсыратын
салық есептілігі нысандарының негізінде салық
заңнамасын бұзу жағдаяттарын анықтауға
қатысты камералды бақылау жүргізеді, бұндай
жағдаят анықталса, салық төлеушіге ҚР Салық
кодексінің 607-бабына сәйкес қателіктерді түзету туралы
хабарлама жіберіледі, салық төлеуші оны қосымша салық
есептілігін тапсыру арқылы 30 жұмыс күні ішінде
орындауға міндетті. Камералды бақылау нәтижесінде
анықталған қателіктерді түзету туралы хабарлама
орындалмаған (уақтылы орындалмаған) жағдайда,
Салық кодексінің 611-бабына сәйкес салық органы
барлық банк шоттары бойынша шығыс операцияларын түгелімен
тоқтатады.
Салық төлеуші
мен салық органы арасында ақпарат алмасуды электронды түрде
жүргізу туралы келісім жасалған жағдайда, хабарлама
салық органы оны электронды байланыс арқылы жібергеннен кейін 5
жұмыс күннен соң тапсырылған болып саналатынын атап
өту керек [3].
Шымкенттегі
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не қарасты мұнай
өңдеу зауыты 2 млрд 916 млн теңгеден астам салық
төлеуден жалтарды деп айыпталып отыр. Бұл туралы
Оңтүстік Қазақстан облысының қаржы полициясы
департаментінен хабарлады.
«Шымкент МӨЗ
қызметкерлері 2005 жылдан 2010 жылдың бірінші тоқсаны
аралығында салық декларациясына бұрмаланған
мәліметтер енгізген. Салдарынан «ПетроҚазақстан Ойл Продактс»
ЖШС мемлекетке орасан зор көлемде шығын келтіріп, 2 млрд 916 млн теңгеден
астам салық төлемеген», - делінген хабарламада.
Аталған факті
бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр
[4].
Әдебиеттердiн тiзiмi:
1. Азаматтың салық төлеуден
жалтаруы: http://kk.wikipedia.org
2. Қазақстан Республикасы салық жүйесінің даму
перспективасы: http://bigox.kz/kazakstan-respublikasy-salyk-zhujesinin-damu-perspektivasy/
3.
Р.Р.Чукалова. Салықтан жалтару
жолдары анықталып әшкереленуде: http://www.astananalog.kz/kaz/novosti/stati_i_materialy/?cid=0&rid=233
4. Шымкент МӨЗ бюджетке 3 млрд теңгеге жуық салық
төлеуден жалтарға: http://www.kazenergy.com/association/soviets/.