Уанбаев
Е.К. п.ғ.к., Уанбаева Ф.Ж. аға оқытушы
С.Аманжолов
атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті,
Д.Серікбаев атындағы
Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті,
Өскемен,Қазақстан
СТУДЕНТТЕРДІҢ
СПОРТ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Еліміздің даму бағытын белгілеген Елбасы
Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы «Қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан
халқына Жолдауында: «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің
айрықша назарында болуы тиіс. Саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Тек саламаты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ.» - деп денешынықтыру мен спорттың қоғамдағы орнына айрықша маңыз бергені бәрімізге мәлім. Сонымен қатар, сол Жолдауында: «Бұқаралық спорт және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт кешенді жүйелі тәсілді талап етеді. Үкіметке әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеу» тапсырмасын беріп, денешынықтыру мен спорт саласының жаңаша даму бағытын көрсетті [1].
Бұқаралық спорт жұмыстарын халық арасына кеңінен таратудың ұтымды жолы студент жастардың дене тәрбиесі және спортпен айналысуына жол ашу. Студент – болашақ мамандық иесі, ал студенттердің дендерінің сау болуы болашақтағы қоғамда қызмет ететін азаматтардың саламаттылығының кепілі. Жоғары оқу орындарындағы дене тәрбиесі және спорт жұмыстарының маңызы зор. Қазіргі заманғы техникалық прогресс, ғылымның жедел дамуы, жедел ақпараттандыру болашақ маманның оқу еңбегінің қарқындылығын арттыра түсті. Осыған орай, жоғары оқу орындарында оқу барысында, күн тәртібінде студенттердің жұмысқа білеттіліктері белгілі бір деңгейде сақталып, көтерілудің оңтайландыру құралы ретінде сабақтан тыс дене тәрбиесі және спорт жұмыстарының маңызы артуда [2].
Студенттер
оқуда және қоғамдық істерде белсенді талпыныстар жасауға, бос уақыттарын қызықты, тиімді етіп өткізуге, денешынықтыру мен спортпен жүйелі түрде айналысуға өздері мүдделі болулары керек. Сол арқылы жастардың оқып жүрген кездерінен бастап іскерлік қабілеттері мен белсенділіктері арта түсіп, мінез-құлқық қалыптасып тұрақтана бастайды. Осының өзі студенттердің келешектегі кәсіптеріне мүмкіншіліктерін молайтып, олардың спорт жаттықтырулары арқылы қалыптасқан қасиеттер жоғарылай түседі [3].
Денешынықтыру және спортпен айналысу студенттер тұлғасының қалыптасуына, сондай-ақ кәсіби ерік қасиеттерінің дамуына ықпал етеді. Сөйтіп, ол студенттердің дені сау, шығармашылық қабілеттері мол, шыныққан, алғыр ойлы адам болып өсуіне жағдай жасайды.
Жоғары оқу орындарындағы дене тәрбиесі және спорт жұмыстарын дұрыс ұйымдастырылуына дене тәрбиесі және спорт кафедрасының оқытушылары жауапты. Оқу уақыты кезінде дене тәрбиесі және спорт жұмыстары оқу сабақтары, факультативті сабақтар түрінде жүргізіледі. Ал, оқу уақытынан тыс кездерде: күн тәртібі ішіндегі жаттығулар, жалпы дене қуаты дайындығы топтарындағы жұмыстар, өз беттерімен орындалатын дене тәрбиесі жаттығулары, спорттық үйірмелер түрінде жүзеге асырылады. Біз мақаламызда жоғары оқу орындарында спорттық үйірмелер жұмыстарының ұйымдастырылу ерекшеліктерін қарастыруды жөн көрдік [4].
Ең алдымен, спорттық үйірмелер жұмысына сипаттама беріп өтсек. Спорттық үйірме – пайда табуды көздемейтін, ҚР-ның стандарттары, нормалары, қағидаларын басшылыққа алып, ақысыз жұмыс істейтін қоғамдық ұйым.
Жоғары оқу орындарындағы спорттық үйірмелердің мақсаты:
- студенттердің дене тәрбиесіне, салауатты өмір сүр салтына, өзіндік дене қуатын дамыту мен өзіндік тәрбиеге, тұрақты дене жаттығулары мен спорт сабақтарына деген қажеттіліктерін қалыптастыру;
- денсаулықтарын сақтауды және нығайтуды, психикалық аман-саулықты, дене қуаты қасиеттері мен жеке тұлға қасиеттерін дамытуды және жетілдіруді қамтамасыз ететін тәжірибелік іскерліктері мен дағдыларын меңгерту;
- спортшы студенттердің спорттық шеберліктерін жетілдіру;
- студенттің болашақ мамандығына деген психикалық, дене қуаты дайындығын анықтайтын жалпы және кәсіби-қолданбалы дене қуаты даярлығын қамтамассыз ету;
- өмірлік және кәсіби мақсаттарға жету үшін дене тәрбиесі-спорт тәжірибесін шығармашылықпен пайдалануды меңгерту.
Осы мақсатттарға жету үшін спорттық үйірмелер келесідей міндеттерді орындауы керек:
- студенттердің денсаулықтарын нығайту мен спорттық жетілулеріне бағытталған оқу-жаттықтыру үрдісін, спорттық іс-шараларын ұйымдастыру;
- университеттегі бұқаралық дене мәдениетін дамытуға үлес қосу;
- спорттық ізбасарлар мен жоғары дәрежелі спортшыларды дайындау жүйесін жетілдіру;
- студенттік құрама командалардың аймақтық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуларын қамтамасыз ету [4].
Қазіргі кезде спорттық үйірмелер жұмыстарын ұйымдастыруда қарастырылатын негізгі мәселелер – жоғары оқу орындарында спорттық үйірмелер жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктері қандай? Жұмыс жүргізу барысында қандай бағдарламаны негізге алу керек?
Жоғары оқу орындарында дене тәрбиесі мен спорт жұмыстары жайлы барлық заң, қаулы, бағдарлама, бұйрықтарда жазылғанымен, әр түрлі топтарда спортттық үйірме жұмыстарын ұйымдастыру жайлы ешқандай нақты мәлімет көре алмаймыз. Яғни, барлық жоғары оқу орындары негізге алып, спорттық үйірме жұмыстарын ұйымдастыра алатын бекітілген ережелер жоқ. Сондықтан да, осы күнге дейін әр оқу орны спорттық үйірме жұмыстарын өз қөзқарастары бойынша ұйымдастырып келуде.
Спорттық үйірмеле студенттердің сабақтан бос уақыттарында, спорттық-материалдық базасы бар, білікті жаттықтырушылық құраммен қамтамассыз етуге мүмкіндік бар спорт түрлерінен ұйымдастырылады. Бұл үйірмелер демеушілер, ақылы қызмет көрсететін құрылымдар, қоғамдық мекемелер, жоғары оқу орнының ректоры мен қаржыландырылу арқылы ұйымдастырылады [4].
Жоғары оқу орындарының спорттық үйірмелеріне негізгі медициналық топтағы, спорттық разряды бар студенттер, магистранттар, мұғалімдер мен қызметкерлер қабылданады. Көптеген жағдайларда спорттық үйірмелерге спорттық разряды жоқ, бірақ, жан-жақты дене қуаты дайындығы, спортпен айналысуға деген ынтасы бар студенттер қабылданады. Оқу топтары студенттердің спорттық дәрежелеріне және жынысына қарай топталады.
Оқу
топтарындағы жаттықтыруларды арнайы орта немесе жоғары білімі бар дене тәрбиесі мамандары өткізеді. Бастапқы дайындық және II, III спорттық разряды бар студенттермен жаттықтыру сабақтарын арнайы курстық дайындығы бар, сол спорт түрінен I спорттық разряды бар жаттықтырушы өткізе алады [4].
Жоғары оқу орындарындағы спорттық үйірме жұмыстарын ұйымдастыру барысында жаттықтырушы – оқытушының жұмысы жан-жақты, әрі сан – салалы болып келеді. Ол әрі оқытады, әрі жаттықтырады және студенттің денсаулығын, мінез-құлқын, қабілетін қадағалайды. Ең басты талап – қолға алған іске немқұрайлықпен қарамау, балаларды және ұстаздық істі сүйе білу, нақты педагогикалық көзқарастарды ұстану, қиыншылықтан қорықпау. Өйткені, студенттердің қазіргі талапқа сай дене қуаты дайындығын жетілдіруге көмектесе алатын, істің мәнісін жетік біле отырып, олардың дене дамуына жәрдемдесе алатын бірден-бір қабілетті адам денет әрбиесі оқытушысы, спорт түрінен жаттықтырушы болып табылады.
Қысқаша қорытындылай келсек, жоғары оқу орындарында спорттық үйірмелерді ұйымдастыру кезінде басшылыққа алатын нақты ережелері болуы керек. Ол ережеде спорттық үйірмелердің анықтамасы, үйірмелердің мақсаты мен міндеттерінен бастап, үйірме мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, әртүрлі оқу-жаттықтыру топтарындағы студенттердің саны мен оқу-жаттықтыру сабағын жүргізетін жаттықтырушы-оқытушылардың біліктілігіне қойылатын талаптар, спорт түрлерінен жаттықтыру сабақтарының жылдық жоспары, спорттық үйірмелердің жылдық күнтізбелік жоспарлары, оқу-жаттықтыру топтарына өту үшін спортшылардың тапсыруға міндетті бақылау түрлері, жаттығатын студенттердің жас ерекшелік негіздері анық көрсетілуі керек.
Сонымен, нақтылы заң-нормаларға негізделіп
жасалынған спорттық үйірме жұмыстарының ережесі
спорттық үйірме жұмыстарының ғылыми
ұйымдастырылып, оқу-жаттықтыру жұмыстарының
жүйелі өткізілуінің мықты қаланған іргетасы
болып табылады. Барлық үйірме жұмыстары тек сол ережені негіз
етіп, дұрыс бағыт-бағдар ала алады. Ал, бағыты
анық, жұмысы ғылыми негізге сүйенген спорттық
үйірме жұмыстарының болашағы зор болмақ.
Қолданылған
әдебиеттер тізімі:
1.
Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауынан «Қазақстан-2050» стратегиясы,
қаңтар 2014ж.
2.
Антонова Т.В. Саморазвитие культуры
здоровья студентов в процессе физического воспитания: автореф. дис. канд. пед.
наук: 13.00.04 / Антонова Татьяна Владимировна. Чебоксары, 2005г.
3.
Бароненко В. А. Здоровье
и физическая культура студента. – М.: Инфра-М, 2009г.
4.
Уанбаев Е.К., Уанбаева
Ф.Ж. Дене мәдениеті және спорттың ілімі мен әдіснамасы:
Оқу құралы. 3-ші басылым. – Өскемен, ШҚМУ
баспасы, 2010 ж.