ҚР-да инвестициялық несиені пайдалану тиімділігін жетілдіру жолдары

 

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, э.ғ.к. Бекешева Д.А.

 

 

Қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық деңгейде бәсекелестік қабілетін арттыратын маңызды фактор – инновациялық жобаларға салынатын инвестицияларды ынталандыру болып табылады. Елімізде инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту бойынша біршама тәжірибе жинақталған, мысалға, Қарағанды, Екібастұз, Өскемен, Шымкент қалаларында инновациялық сипаттағы жобалар іске асырылған болатын. Айта кету керек, жаңа өндірістердің басты ерекшілігі – бастапқы шикізат көзі ретінде техногендік өнімдер, өнеркәсіптік тауарлар және өндірістік қалдықтар қолданылды, ал негізгі шикізат көздері, баршаға мәлім, экспортқа және басқа елдерге жөнелтілуде.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанда инновациялық қызметтің қажетті инфрақұрылымының жоқтығынан, инвестициялық жаңалық ашқан кәсіпорындар бірқатар қиындықтарға тап болады. Сол себепті жаңа технологияны ойлап табудан, оны жүзеге асырып, өндіріске енгізуге және өнімдер шығаруға дейін ұзақ уақыт кетеді. Атап айтсақ, қаржы институттары, әдетте, технологилық сипаттағы инвестициялық жобаларды тәуекел деңгейінің жоғары болатындығына байланысты қаржыландыруға құлықсыз. Сондай-ақ, несиелерді кепілдендіруге жоғары талаптар қойылады, ғылыми-зерттеу жұмыстарының құнын бағалау механизмі жоқтың қасы, несиелердің мөлшерлемелік деңгейі әлі де болса жоғары деңгейде қалып отыр [1. 45 б.].

Жоғарыда айтылған мәселелерді шешумен қатар, инвестициялар туралы заңнаманы да жетілдіріп, инвестициялық белсенділікті арттыратын жағдайлар жасау керек. «Инвестициялар туралы» жалғыз заң еліміздегі инвестициялау және инвестициялық жобалау мәселелерін шешуге жеткіліксіз. Атап айтқанда, тікелей, қоржындық және ішкі инвестицияларды тарту арқылы инвестициялық жобаларды тиімді құруға және жүзеге асыруға кедергі болып тұрған келесі жағдайларды айтуға болады:

-  заңнамалық актілердің жетілмегендігі, шетелдік және отандық инвесторлар үшін айырмашылықтардың орын алуы және жиі өзгерістерге ұшырауы;

-  инвестициялық жобаларды талдау және бағалау мамандарының төмен біліктілігі және жауапкерсіздігі, олардың жиі алмастырылуы;

-  инвестициялық жобалаудың әдістемелік негіздерінің жоқтығы; бұл өз кезегінде шетелдік әдістемелердік отандық экономикалық жағдайларына үйренісіп кетуіне біраз бөгеттер жасады, нәтижесінде оларды қолданудың тиімділігін төмендетіп жіберді.

Қазіргі таңда кәсіорындардың тиімді инвестициялық саясат жүргізуі үшін аталған мәселелерді шешу қажет, атап айтқанда келесі шараларды жүзеге асыру керек:

-  салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық преференцияларды тек жаңа кәсіпорындарға жаңа өнімді өндіру барысында ғана беру;

-  Қазақстан Республикасының «Тікелей инвестицияларды қолдау туралы» Заңын инвестициялық жобаларды сараптауды ұйымдастыру мен жүргізу бойынша баптарын жетілдіру;

-  отандық және шетелдік инвесторлардың құқықтарын теңдестіру мақсатында жаңа «Инвестициялар туралы» заңды жетілдіру;

-  «Құнды қағаздар нарығындағы инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы» Заң қабылдау;

-  инвестициялық жобалардың қаржылық тиімділігін бағалау бойынша әдістемелік нұсқаулар әзірлеу, жобаларды талдау үшін нақты қаржылық көрсеткіштер мен қаржылық ақша ағындарын негізге алу;

-  инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалау үшін экономикалық көрсеткіштер жүйесін әзірлеуде экономикалық, әлеуметтік, құрылымдық сипаттағы факторларды ескеру; инвестициялардың тиімділігінің экономикалық негіздерін анықтау барысында өндірістік шығындарын толық есепке алып, кәсіпорынды да, тұтынушыны да қанағаттандырарлық табыс алынуы тиіс;

-  инвестициялық жобаларды бағалау бойынша әдістемелік нұсқауларда тәуекелділік факторларының міндетті түрде ескерілуі, инвестициялық жобаларға инфляция деңгейін ескере отырып  түзетулер енгізу;

-  инвестициялық жобалардың тиімділігін анықтаудың уақытша әдісін әзірлеу [2. 17 б.].

Аталған шаралардан басқа инвестициялар және инвестициялық жобалау туралы біртұтас заңдық және нормативтік-құқықтық негіздерді дәлірек айтқанда, Инвестициялық кодексті қалыптастыру қажет. Бұл инвестициялық саясаттың және инвестициялық жобалауды жетілдірудің негізгі бағыттарын нақты анықтауға мүмкіндік береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. А.Т Рахимжанов «Долговые ценные бумаги и финансовый кризис: Аналитическое исследование рынка ценных бумаг». //— Алматы, 2012

2. Ә.Д.Шелекбай, Н.А.Әлмереков «Банк ісіндегі тәуекел-менеджмент: теориясы, әлемдік практика, Қазақстан тәжірибесі» // Оқу құралы. Алматы: «Экономика», 2007ж.