Қазақстан Республикасындағы зейнетақы жүйесіндегі реформалар

 

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, э.ғ.к. Бекешева Д.А.

 

2013 жылдың 16 мамырында  Қазақстан парламентінің сенаты бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасымен ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын ауыр және қауіпті өндіріс жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін міндетті жрналар санатына ауыстыру ұсынылған. Осыған орай, қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналарына қосымша еңбекақы қорының 5%-ы мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКСЖ) енгізіледі. Бұл ретте тізбесін Үкімет бекітетін зиянды өндірістерде жұмыс істейтін адамдарға жұмыс берушілер МКЗЖ аударатын болады. Баршамызға белгілі болғандай, ҚР азаматтарының барлық зейнетақы жинақтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылатын болады.

Дәл қазір еліміз ауқымды экономикалық өзгерістер кезеңінде тұр. Мемлекетіміз жан-жақты дамып қана қоймай, экономикалық өсудің жоғарғы қарқынына жетуді мақсат етуде. Ал экономикалық өсудің жоғарғы қарқынына жету үшін саяси тұрақтылықпен қатар, мақсатты, жүйелі реформалар қажет екені сөзсіз. Осындай маңызды реформалардың бірі – зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің реформасы. Зейнетақы жүйесі реформасы қоғамымызда біршама уақыт талқыға түсе келе жақында соңғы нүкте қойылды. Яғни зейнетақы жүйесінің реформасы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін кері шегерілді.

Әйтсе де мамандар зейнетақымен қам­сыздандыру жүйесі түбі қоғамымызға қажет екенін мойындайды. Мәселен, Қа­зақ­стандағы демографиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты, яғни 60 жастан асқан адамдардың саны күрт артып, ал халықтың жұмыс істейтін бөлігінің төмен­деп кетуі, бір зейнеткерге 1,8 жұмыскер келетіндей жағдайдың қалыптасуы жаңа зейнетақы жүйесі реформасының қажет екенін сездіргендей. Мәселен, 1990 жылдары бір зейнеткерге үш қызметкерден келгенін статистика көрсетіп отыр. Алдағы уақытта бұл жағдайдың одан ары нашар­ла­уына байланысты мемлекет үш миллион­ға жуық зейнеткерді ескі жүйе бойынша зей­нетақымен қамтамасыз ете алмайтын­дай жағдай қалыптасуы мүмкін. Сондықтан жаңа зейнетақы жүйесі реформасын қа­лып­тастыру заман талабынан туған өзгеріс бо­лып отыр.

Айта кетер жайт – елімізде зейнетақы жүйесі реформасы, оның ішінде ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту секілді өзгерістер бұған дейін де уақыт өте жоғарылап келген еді. Мәселен, 1998 жыл­ғы 1 қаңтарға дейін республика бо­йын­­ша зейнетақыға әйелдер – 55 жастан, ал ерлер 60 жастан бастап шығатын. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап ер­лер – 61 жасында, әйелдер – 55 жасын­да, 1999 жылдың 1 шілдесінен бастап ерлер – 62 жасында, әйелдер – 57 жа­сын­да, 2000 жылдың 1 шілдесінен бастап, ерлер – 62,5 жасында, әйелдер – 57,5 жасында; 2001 жылдан бастап ерлер – 63 жасында, әйелдер 58 жасында зей­нетке шыға ала­тын болды. Халықтың өмір сүру жасының ұзаруы мен елдегі зейнет­кер­лер са­ны­ның халықтың жұмыс істейтін бөлігі­мен сәйкес келмеуі әлі де болса зей­неткер­лікке шығу жасын ұзартуды талап етіп отыр. Және бұл ахуал жалғыз біздің ел­ге ғана емес, әлем елдеріне тән үрдіс болуда.

Жалпы, еліміздегі зейнетақы жүйесіне қатысты реформалар сәтті жүзеге асып келе жатыр деуге болады. Мәселен, ең төменгі зейнетақы мөлшерінің 2010-2013 жылдар аралығымен салыстырғанда, ай­тар­лықтай көп мөлшерде өскенін байқай­мыз. Егер 2010 жылы ең төменгі зейнет­ақы қоры 18 325 мың теңгені құраса, 2013 жылы бұл сома 28 396 мың теңгені құрап, 10 071 мың теңгеге өссе, ал 2014 жылы бұл көрсеткіштің тағы өскенін білеміз. 1998-2012 жылдар аралығын қамтығанда ең төменгі зейнетақы мөлшері – 11 есеге, яғни 2 440 теңгеден 26 211 теңгеге дейін орташа зейнетақы мөлшері – 10 есеге, 3 964 теңгеден 38 765 теңгеге дейін, ең жоғары зейнетақы мөлшері – 7 есеге, яғни 7256-дан 56 047 теңгеге дейін артқанын ста­­тистика көрсетіп отыр. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап  мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi (МБЗ) – 9 983 теңге, ал зейнетақының ең төменгi мөлшерi – 20 782 теңге. 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап  мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері – 10450 болады.

Зейнетақы мөл­шерінің қоғамдағы өзгерістерді ескере өсіп отыруы халықтың әл-ауқаты­ның артуына тиімді жағдай туғызғанын аң­ғар­тады. Осыны байқаған шетел маман­дары Қазақ­станның жинақтаушы зейнета­қы жүйесінің қызметін жоғары бағалаған. Сон­дықтан еліміздегі зейнетақы жүйесі ре­фор­масы елдегі жағдайды ескере отырып жүзеге асып отыр деуге толық негіз бар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.   «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасы / 2013 жылдың 16 мамыр/