Магистрант Жанқарақызы Аида

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық

медицина университеті, Қазақстан

 

ТҰРҒЫНДАР АРАСЫНДА СОЗЫЛМАЛЫ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЕМЕС ЖӘНЕ ТУБЕРКУЛЕЗ АУРУЛАРЫНЫҢ АРТУ ҚАУПІНІҢ АЛДЫН-АЛУ ШАРАЛАРЫ

Созылмалы инфекциялық емес аурулар – ұзаққа созылған және баяу күшейетін ауру. Инфекциялық емес аурулардың негізгі төрт түрі – бұл (инфаркт пен инсульт сияқты) жүрек-қантамыр ауруы, обыр, (созылмалы обструктивті өкпе ауруы мен демікпе секілді) созылмалы респираторлық ауру және қант диабеті.

Инфекциялық емес аурулар дүниежүзіндегі өлім-жітімнің негізгі себебі – оған жыл сайынғы барлық өлім-жітім оқиғасының 63%-ы тиесілі. Инфекциялық емес аурудан жыл сайын шамамен өлім-жітімнің 36 миллион оқиғасы орын алады. Осы өлім-жітім оқиғасының 80%-ы табыс деңгейі төмен және орта елдерге тән. Созылмалы инфекциялық емес аурулар мүгедектік пен мезгілсіз өлімнің себебі болғандықтан Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің маңызды бір индикаторы болып отырған өмір сүру ұзақтығының көрсеткішіне айтарлықтай әсер етеді.

Ғаламдық деңгейде жүрек-қантамыр аурулары жылына шамамен 17 млн. өлім-жітім оқиғасының себебі, ол жалпы өлім-жітім оқиғасының үштен бір бөлігі. Оның ішінде гипертонияның асқынуы жыл сайын әлемде 9,4 млн. өлім-жітім оқиғасын тудырады. Гипертонияның үлесіне жүрек ауруынан туындаған кемінде 45% және инсульттан туындаған 51% өлім-жітім оқиғасы тиесілі. 2008 жылы 25 жастағы және одан үлкен ересек адамдардың 40%-ында гипертония анықталған, ал бұл аурумен ауыратын адамдардың саны 1980 жылғы 600 миллионнан 2008 жылы 1 млрд.-қа өскен.

Соңғы жылдары республикада қан айналымы жүйесі ауруымен (ҚАЖА) аурушаңдылық деңгейінің үздіксіз өсуі байқалуда, сонымен ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес халықтың ҚАЖА-мен ауру аурушаңдылығының көрсеткіші ҚР бойынша 2011 жылы 100 мың адамға шаққанда 2277,1-ді құрады, ал 2012 жылы 100 мың адамға шаққанда 2454,0-ді құрады. 2005 жылдан 2013жыл аралығында қан айналымы жүйесі ауруынан өлім-жітім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 535,5-тен 217,88-ге динамикалық төмендеу үрдісі бар.

ҚАЖА-ның таралу деңгейінің артуы халық санының өсуімен, демографиялық қартаюмен және дұрыс тамақтанбау, шамадан тыс алкогольді тұтыну және дене белсенділігінің жеткіліксіздігі, артық салмақ пен үнемі күйзелісте жүру секілді мінез-құлықтық қауіпті факторларға байланысты.

Қант диабеті (бұдан әрі - ҚД) қазіргі заманның және қоғамдық денсаулық сақтау саласының маңызды мәселесі болып отыр. ҚД айтарлықтай медициналық-әлеуметтік мәселе тудырады және әлемдегі ұлттық денсаулық сақтау жүйесі үшін басымдылықтардың бірі болып табылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметі бойынша қазіргі таңда әлемде ҚД-мен ауыратын 347 млн.-ға жуық адам бар және 2030 жылға болжамға сәйкес 530 млн. адамға дейін көбеюі мүмкін. ҚД-мен ауыратын науқастардың 50–80% өлім-жітім оқиғасының себебі болғандықтан, әсіресе қант диабетімен, жүрек-қантамыр ауруымен ауыратын насқастарда даму қаупінің жоғарылығына байланысты жер шарындағы тұрғындардың мезгілсіз аурушаңдылығы мен өлім-жітімінің жетекші себептерінің бірі. ҚД-ның қауіпті факторлары екі түрге бөлінеді: модифицикациялық және модифицикациялық емес, біріншісіне – семіздік, артериялық қысым деңгейінің жоғарылығы, аз қозғалысты өмір салты, темекі шегі, алкогольді тұтыну, екіншісіне – адамның жынысы, жасы, тұқымы жатады.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес ҚД-мен халықтың аурушаңдылық көрсеткіші ҚР бойынша 2011 жылы 100 мың адамға шаққанда 158,3-ті, ал 2012 жылы 100 мың адамға шаққанда 170,8-ді құрады.

ДДҰ-ның сарапшыларының пікірінше келесі 10 жылда ҚД-дан өлім-жітім оқиғасының саны 50%-ға өсетіні болжанып отыр.

Онкологиялық ауруға алаңдаушылық пен аса назар аудару – қазіргі денсаулық сақтау саласының ерекшелігінің бірі.

ДДҰ-ның болжамы бойынша қатерлік ісікпен аурушаңдылық және өлім-жітім 2020 жылға дейін бүкіл әлемде 1,5-2 есе көбейеді.

Қазақстанда онкологиялық аурудан болатын өлім-жітім халықтың өлім-жітімдік құраламында екінші орынды иеленуде. Жыл сайын обырдан 17000 адам қаза табады, оның 42%-ы – еңбекке қабілетті жастағы тұлғалар.

Республикада соңғы бес жылдың ішінде қатерлі ісікпен ауыратындардың нақты саны артқан: егер 2006 жылы 28573 науқас тіркелсе, олардың саны 2011 жылдың аяғында 30299 дейін өскен. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың жыл сайынғы өсімі 5%-ды құрайды.

Әлемде обырдың дамуының негізгі қауіпті факторлары темекі мен алкогольді тұтыну, дұрыс тамақтанбау және дене белсенділігінің жоқтығы болып табылады. Табыс деңгейі төмен және орта елдерде обырдың дамуының негізгі қауіпті факторлары В (HBV) вирустық гепатитінен, C (HCV) гепатитінен және адамдағы папиллома вирусының (HPV) кейбір түрлерінен туындайтын созылмалы инфекциялар.

ҚАЖА, ҚД, онкологиялық аурумен аурушаңдылықты және өлім-жітімді төмендету мақсатында ерекше рөл созылмалы инфекциялық емес аурулардың пайда болу қауіпті факторларын төмендету мәселесіне халықтың сауаттылығы мен белсенділігін арттыру, скринингтік тексеріп-қараудан дер кезінде өту мен денсаулықты күшейтуге және сақтауға ықпал ететін ережелерді сақтауға, оның ішінде көкөністер мен жемістерді тәулігіне 400 гр аса тұтынуды арттыру, тұзды тұтынуды тәулігіне 5 граммға дейін төмендету, майды, тез сіңетін көміртегі (фаст-фуд, тәтті газдалған сусындарды) тұтынуды шектеу, дене белсенділігін 30-дан 60 минутқа дейін арттыру, дене салмағын бақылауда ұстау, шылымқорлықты және алкогольді тұтынуды шектеу немесе бас тарту үшін азаматтардың ортақ жауапкершілігіне бөлінеді. Осы жылы өткізілетін ақпараттық-коммуникациялық «Денсаулық жолы» науқанының басты назары қан айналымы жүйесі ауруының, қант диабетінің, онкологиялық аурулардың және мінез-құлықтық қауіпті факторлардың алдын алуға аударылады.

Науқан терапевтік, кардиологиялық, эндокринологиялық, онкологиялық қызмет және салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметі мамандарын тарту арқылы оңтайлы медициналық бригаданың шалғайдағы ауылдарға баруымен жүзеге асырылады.

Туберкулез ауруын емдеу, алдын алу мəселелері жаңа технологиялармен толықтырылып, жылдан жылға жетілдірілуге қарамастан бүгінгі күні туберкулез ауруы алдыңғы қатарлы дамыған елдердің жəне бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең күрделі мəселелерінің біріне айналып, əлем ғалымдарын ойландырып отыр. Жер шарында тек туберкулез ауруымен жылына 9 миллион адам жаңадан тіркелсе, 2 миллион адам осы аурудан көз жұмады. Сондай ақ бұл аурудың халық экономикасына тигізер зардабы да айтарлықтай. Туберкулез ауруымен көбіне 15-50 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті жастағы адамдар ауырады. Бүгінгі күні ғалымдарды ойландырып отырған мəселе – өкімет тарапынан туберкулез ауруын емдеу үшін тегін дəрілер бөлініп, тегін тексерулер жүргізіліп, жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді, туберкулезге қарсы диспансерлер жаңа үлгідегі құралдармен жабдықталады. Дегенмен, туберкулез ауруы азаяр емес. Бұның себебі – біріншіден, туберкулез жұқпалы ауру, екіншіден жалпы бұл аурудың жұғу жəне алдын алу жолдары туралы біздің тұрғындарымыздың сауаттылығы өте төмендігі.

Туберкулез адам ағзасына туберкулез қоздырғышы бар Кох таяқшасының енуі арқылы пайда болатын жұқпалы ауру болып табылады. Туберкулез таяқшасынан ең көп зардап шегетін ағза ол өкпе, кей жағдайларда ми, сүйек, бүйрек, лимфа түйіндері жəне тағы басқа да мүшелер туберкулез ауруына шалдығуы мүмкін. Егер аурудың белгілерін өз уақытысында тауып, тиімді емделсе, туберкулез ауруынан толық сауығуға болатыны – бүгінгі таңда дəлелденіп отырған мəселелердің бірі. Туберкулез ауруы негізінде ауа тамшылары арқылы жұғады, Кох таяқшалары үлкен тұрақтылықпен ерекшеленеді. Күннің көзі жоқ табиғи жағдайда көше шаңында екі жетіге дейін, кітап беттерінде үш айға дейін, қарда бірнеше жылға дейін оның өміршеңдігі сақталады. Тікелей түскен күн сəулесі туберкулез таяқшаларын 5 минут ішінде өлтіреді. Туберкулез ауруын кез келген жаста жұқтырып алу қаупі өте басым, айта кететіні қорғаныш қабілеті толық қалыптаспаған жас балалар мен қорғаныш қабілеті төмендеген ересектер үшін бұл өте қауіпті. Темекі шегу, алкоголді ішімдіктерді қолдану, дұрыс тамақтанбау: бұлар қорғаныш қабілетінің төмендеуінің басты себептері, яғни туберкулез ауруына алып баратын бірден-бір жол. Туберкулез ауруының белгілері: 2 аптадан артық жөтелу, тəбетін жəне салмағын жоғалту, дене қызуының көтерілуі, түнде терлеу, əлсіздік, кеуде қуысының ауыруы сияқты болып келеді. Адамдар бұл белгі түрлеріне көбіне көңіл аудармайды немесе дəрігердің көмегісіз өзіне-өзі ем жасаумен айналысады.

Бүгінгі күні туберкулез ауруының белгісін анықтаудың басым бағыты қақырықты микроскоп арқылы Кох таяқшасына тексеру, сондай-ақ флюрография жəне рентгенография жасау. Осындай тəсілдермен туберкулез ауруын ертерек анықтау аурудан тезірек айығудың яғни алдын алудың бірден-бір жолы болып табылады. Туберкулездің алдын алу жолдары: туберкулез ауруымен жасына, жынысына, əлеуметтік сипатына қарамай əрбір адам ауыруы мүмкін. Бірақ денсаулығы мықты жандар сирек ауырады яғни салауатты өмір салтын ұстану, дене шынықтыру белсен- ділігін арттыру, уақытында толыққанды тынығу, қоршаған орта тазалығын сақтау, темекі шегуден, алкоголді ішімдіктерді, есірткі қолданудан бас тарту, жеке гигиена ережелерін сақтау сіздің туберкулезбен ауырмауыңыздың кепілі. Тұрғындардың 26% жуығы, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас адам бойындағы жұқпасын жылына 10-15 адамға дейін жұқтыратындығынан жəне аурудың ауа тамшылары арқылы жұғатындығынан беймəлім. Ауру белгілерін жақсы білетін жəне туберкулезден күдіктенетін, бойында туберкулез ауруының белгілері пайда бола бастаған əрбір бесінші науқас жауап алу кезінде медициналық көмекке келмегендігін көрсетті. Соның ішінде жастар қауымы да туберкулезді жұқтыру жолдарын, анықталған ауруды емдеу мен тегін диагностикалық тексерістен өтуге болатындығын жақсы біле бермейді. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мамандарымен облыстың барлық елді мекендерінде туберкулез ауруының алдын алуға бағыт- талған жалпы тұрғындарды, соның ішінде мақсатты топты көптеп қамти отырып, жыл сайын айлық жарияланып ақпараттандыру, насихат, жұмыстары жүргізіледі. Туберкулездің алдын алу Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған “Салауатты Қазақстан” 2011-2015 жылдарға мемлекеттік бағдарламасында басым бағыттардың бірі ретінде көрсетілген. Үстіміздегі 2011 жылы “Саламатты Қазақстан” 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасына сай келесі іс-шараларды өткізу жоспарлануда:

1. Тұрғындардың соның ішінде мақсатты топтың, туберкулез ауруының алдын алуға бағытталған іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ете отырып қауіпті факторларға, туберкулездің негізгі белгілері мен жұғу жолдарына назарын аудару.

2. Туберкулездің алдын алу шараларына медицина қызметкерлерін, барлық тұрғындарды жұмылдыру.

3. Туберкулездің алдын алу мен алғашқы белгілері, отбасындағы туберкулез науқасының күтімі жайында тұрғындардың білімін жетілдіру.

4. Туберкулездің алдын алу мақсатында салауатты өмір салтын ұстануға, қоғамдық жəне жеке басының гигиена ережелерін сақтауға, міндеттті түрде туберкулезге қарсы екпені уақытында қабылдауға, жыл сайын флюрографиялық тексерістен өтуге шақыру.

Қорыта келгенде, айлық өткен соң жалпы облыс тұрғындарының, оның ішінде мақсатты топтың туберкулез ауруына деген көзқарастары қалыптасып, алдын алу, қауіпті факторлармен күресе білу, туберкулезге қарсы ерікті тексеріліп тұруы, салғырттыққа жол бермеу жалпы тұрғындардың ақпараттануы мен білімі көтеріледі деп күтілуде.

Әдебиеттер:

1.                 Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы.

2.                  ҚР ДСМ «2014 жылға арналған саламатты өмір салтын қалыптастыру мен аурулардың профилактикасы жөнінде іс-шараларды өткізу туралы» 2014 жылғы 27 қаңтардағы №45 бұйрығы.

3.                 Иманбекова Г.М. Туберкулез ауруы жəне оның проблемалары. Практическое здравоохранение. –Алматы, 2011. №1. С.170.