ЖИЕНБАЕВА Ж.Ж.

                                                                                                      ЮКЭТ колледж «Мирас»

                                                                                                      Казахстан, Шымкент

 

ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТУ ІСІНДЕ ТІЛ ДАМЫТУ  

ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ ӘДІСТЕМЕСІ

 

     Өзге ұлт мектептерінде және кәсіби білім беру орындарында мемлекеттік тілді оқытумен орай жалпы білім беретін және кәсіптік мектеп реформасының арнаулы бағыттарын, реформа материалдары бойынша үкімет қаулыларын оқып – үйрену және іс жүзіне асырудағы жұмыстар оқытушылардың  алдына жауапты міндеттер қойып отыр. Атап айтқанда, өзге ұлт өкілдеріне ғылым негіздерінде терең де тиянақты білім беру, оларды іс-тәжірибеде  қолданудың қабілеттілігі мен дағдыларын қалыптастыру, оқу жоспарларын, бағдарламаларды, көрнекті оқу құралдарын әлеуметтік – экономикалық және ғылыми–техникалық прогрестің талаптарын, оқушылардың жас ерекшеліктерімен сәйкестендіру, еңбек тәжірибесін, оқытуды және кәсіптік бағдар беруді жолға қою, түбегейлі жақсарту міндеттері қойылып отыр. Бұл оқытушыға деген шын қамқорлық, халық ағарту ісін одан әрі дамыту, қазақ тілі пәнін жоғары ғылыми негізінде ұйымдастыру, жаңа сатыға, жаңа белестерге, соны мазмұнға көтеру мақсатын іске асырудан туған жайлар екенін көруге болады. Жалпы білім беретін мектептерге бағытталған реформалардың негізгі мақсаты, атап айтқанда, оқыту процесіне аса көңіл бөлу қажеттігін, әсіресе күнделікті сабаққа барлық оқу-тәрбие ісінің мүмкіншіліктерін пайдалануға міндеттеп отыр. Өзге ұлт өкілдерінің тілін дамыту – қазіргі мектептегі және кәсіби білім беру орындарындағы  оқу–тәрбие ісіндегі басты проблема. Тіл мен сөйлеу үрдісін дифференциалды қарастыра оқыту қажет, өйткені оқушының дұрыс сөйлей білуіне көңіл бөлініп отыр. Сондықтан, оқытушының  қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту, байланыстырып сөйлеуге айрықша көңіл бөліп, тілдік материалдарды дұрыс таңдай білу (сөздің, сөйлемнің үлгілерін беру), оны дұрыс бере білу, тілдің теориясы мен сөйлеу практикасының бір-бірімен қарым-қатынасы түрлі жаттығу жұмыстары арқылы іске асырылыды. Демек, қазақ тілі пәнін оқыту барысында оқытушы оқушының ойын логикалық жағынан дұрыс, анық, қазақтың әдеби тілінің мөлшері лайықты, дұрыс айта білуге үйретумен бірге, екінші жағынан ойын орфографиялық және пунктуациялық жағынан дұрыс жаза білуге жаттықтырылады. Оқушының жазбаша және ауызша ойын дұрыс бере, айта білуіне үлгі беретін–оқытушы. Сондықтан оқытушы тілдің тарихын, грамматикасын, стилистикасын, орфографиясын, лексикасын, пунктуациясын жақсы біліп, меңгеруі қажет. 
     Әр оқытушы қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту жұмыстарын шығармашылық мәнде жүргізіліп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол оқушының күнделікті өмірдегі құбылысты жан-жақты түсіне білуіне, үйренуіне,білген нәрселерін ауызекі сөздерінде қолдана білуіне жағдай жасайды. 
     Демек оқушылардың тілін дамыту жұмысы – ол баланың жалпы ойын дамыту деген сөз.  Өйткені, оқушы қай пәнде оқып – үйренсе де, ол өзінің істеген жұмысы, көрген-білгені туралы күнбекүн сөйлеп, ойын қалыптастырып отырады. Тіл дамыту жұмысы, негізінен, мынадай төрт бағытта жүргізіледі: бірі – мәдени, әдеби сөйлеу білудің мөлшеріне үйрету, яғни орфографиялық дағдыны меңгерте отырып, оқушыға мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру. Екіншіден, лексикалық жұмыстар жүргізу арқылы оқушының сөздік қорын байыту. Демек, тілдің лексика және фразеология бөлімдерінен кеңірек білім беру көзделді. Үшіншіден, жаңа сөздер үйрету, сөздерді үйрете отырып жаңа сөздер жасайтын формаларды меңгерту арқылы сөз бен сөздердің байланысын, сөйлем құрап үйрету, сөйлемнің құрылысын білдіру арқылы синтаксистік лексикадан мәлімет беру. Төртіншіден, оқушының ойын жазбаша дұрыс, сауатты жаза, әрі сөйлей білуге үйрету мақсат етіледі. Міне, тіл дамыту жұмысының негізгі мазмұны осындай төрт мәселе айналасында қарастырылып іске асырылды. 
     Қазақ тілін оқытумен байланысты тіл дамыту жұмысы да мынадай дидактикалық негізделе жүргізіледі:
     1.Сөйлеу мен ойлаудың бірлігі қағидасы арқылы оқушы тіл мен ойлау бір – бірімен байланыста екендігін ұғады. Тілсіз ойлаудың болмайтындығы, әрбір ой тіл арқылы ғана көрінетіндігін, яғни сөйлеуді ойлаудан бөліп алудың мүмкін еместігін түсінеді. Бұл қағида арқылы оқушының ойлау әрекетін дамыта отырып, түрлі ой қорытындыларын жасай білу дағдылары қалыптастырылады. Яғни, бір нәрсені екінші затпен салыстыру, талдау, жинақтау, қорытындылау, жүйелеу, белгілі затты белгісізбен салыстыру тағы да басқа түрлі ойлау әрекеттерін үйренудің нәтижесінде ой арқылы білім жүйелерін меңгереді. 
     Оқытушы бұл қағидаларды негізге ала отырып, қазақ тілінің бағдарламалық материалдарын мұқият қарастырып, әр тақырыпты оқытумен байланысты түрлі тапсырмалар беріп, оны оқушы қалай орындады, одан қандай қорытынды шығарды, ол тапсырманы, жаттығуды орындауда неге сүйенді, қандай ойлау әрекеттерін жасады деген мәселерге көңіл бөлінеді. Сондай–ақ, қағиданы іске асыруда екінші басты мәселе – оқушылардың орфографиялық ережелерді саналы меңгеруін қалыптастырып, дұрыс сөйлей білуге, сауатты, қатесіз жазуға дағды беру. 
     Сөз тіркесі, сөйлем құрауға үйрету жұмысы оқушы ойын байланыстырып айта білумен бірге, жаза білуге дағды береді. Грамматиканы, синтаксисті жақсы меңгерген оқушы сөз тіркесін, дұрыс біліп, сөйлемді қарастыра алады.   Оқытушы  жаттығу жұмыстарын грамматика – стилистикалық бағытта ұйымдастырылды. Дайын мәтін ала отырып, оған грамматика – стилистикалық талдау жасауына болады. Оқушылардың назарын сөйлем құрылысына аударып, қалай жасалғанаын, қандай стильдік қателер барын немесе қандай ерекшелікпен (сөзді қолданудағы) көрінетіндігін байқатады. Оқушылырға мынадай жұмыстар орындату тиімді: сөз тіркестері арқылы сөйлем құрату, жай сөйлемді жалпылама сөйлемге айналдыру, аяқталмаған сөйлемді аяқтау, диалогты сөйлем құрату, әңгімені аяқтау, белгілі таныс тақырыптар бойынша бір-бірінің жұмысын реакциялату тағы басқа – осындай жүйелі жүргізілген жұмыстар арқылы оқушы дұрыс сөйлем құрастыруға бейімделеді. Оқушы сөз тіркесі мен сөйлемнің түрі және мазмұны арасындағы байланысты меңгеруге тиісті.  Мысалы, сөз тіркесінде “қоңыр” деген сын есімнің мағынасындағы өзгерісті, оның тура және ауыспалы мағынада тұрғандығын талдау жасау арқылы түсіндіріп отыру пайдалы: оқушыға “қоңыр бояу, қоңыр мата” деген сөздің тура мағынада айтылып тұрғандығын, ал “қоңыр дауыс, қоңыр күз” деген сөз тіркестерінің ауыспалы мағынада қолданылып тұрғандығын салыстыру арқылы түсінік беріледі. Оқушы тілдің осындай нәзік құбылыстарын байқау арқылы ана тілінің қыр-сырын біле түсуге құмартады. 

     2. Тіл дамыту жұмысының бұл қағиданың тәрбиелік маңызы да бар. Тіл дамыту жұмысында ауызекі сөйлеу мен жазба тілінің бір – бірімен байланыстылық қағидасы да басты орын алады. Адам бір-бірімен сөйлеу тілі арқылы тікелей қарым қатынас жасайды. Сөйлеу тілі арқылы адам екінші бір адамның айтқан сөзін естиді, тыңдайды әрі онымен пікір алысып сөйлеседі. Адам осындай сөйлеу барысында тілдің түрлі көркемдік тілдік құралдарын пайдаланылады. Мысалы, мақал-мәтел, теңеу, салыстыру, әсірелеу, сөзге екпін түсіріп айту, ымдау тағы да басқа әрекеттер арқылы сөйлеу үрдісінде екінші бір адамға ойын жеткізеді.  Ал жазбаша сөйлеу – графикалық жазу таңбалары арқылы іске асады. Жазбаша сөйлеу тілінде адам ойын жай сөйлеммен де, құрмалас сөйлем түрімен де бере алады. Демек, жазбаша сөйлеу тілінде белгілі жүйелі байланыс болады. Адам сөйлеммен ойын жүйелі беруде тілдегі түрлі жалғау, жұрнақ, түрлі тыныс белгілерін (нүкте, қос нүкте, үтір, сызықша, тырнақша, леп белгісі, сұрау белгісі т.б.), синоним, омоним, теңеу, салыстыру сияқты тілдік құралдарды пайдаланады.  Ауызекі сөйлеу тілін жақсы меңгерген, оған жаттыққан оқушы ойын жазбаша да дұрыс , жүйелі бере алады. 3. Тіл дамыту жұмысын грамматика, орфография, пунктуация және әдебиетпен байланыстыра жүргізу қағидасы да ерекше орын алады. Оқушының ауызша және жазбаша тілін дұрыс дамытуда грамматикалық ережелерді жақсы білудің, тыныс белгілерін дұрыс қоюдың көркем әдебиетті көп оқудың үлкен мәні бар. Демек, оқытушы қазақ тілі сабақтарында үйретілген ережеге сай түрлі жаттығу жұмыстарын орындатып, тыныс белгілерін дұрыс қоя білдірудің жолдарын көрсетіп, көркем әдебиетті көп оқуға бағыт беріп, оның үлгісін көрсетіп отыруы қажет. Оқытушы  оқулықтағы жаттығулардан, дидактикалық материалдар жинағындағы мәтіндерден стильмен жұмыс істеудің жолдарын көрсетіп отырады. 
Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабақтары бойынша жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарын жоғарыдағы айтылған қағидаларды ескере отырып ұйымдастыру пайдалы.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер: 


1. Артыкова Т.М. Педагогические условия формирования учебной языковой среды при обучении государственному языку.-Алматы,2003.-176 с. 
2. Әбдікаримова Т.М. Бастауыш сыныпта текст арқылы ауызша тіл дамыту.-Алматы,1993 
3. Әбілқаев Ә., Құлмағамбетова Б. Қазақ тілін оқыту. Метод. нұсқау 7-сынып.-Алматы,1984 
4. Әлімжанова Д., Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы.- Алматы,1965 
5. Әміров Р. Бірінші сыныпта оқушылардың тілін дамыту үшін істелетін жұмыстар.-Алматы,1967