Дизайн ғылымының магистрі Тольтебаева Г.А., Аханова М.Ш.

физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі,

Төрткөл орта мектебі, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қ.

 Өнер сабақтастығы арқылы оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру

 

Өркениетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің гүлдене түсуі өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылығын, кәсіби біліктілігі мен білімдігін талап етеді. Жаңару, жаңғыру заманы өміріміздің бар саласында жаңаша ойлау, басқаша бағалау принциптерін алға тартып отыр. Өзгерістер дәуірі қоғамның бүкіл өміріне өзінің жаңаша ойлау, әлеуметтік сфераны жандандыру, шапшаңдата өркендету ең алдымен адамды ояту, ойландыру, яғни, адамдық фактордың ролін өсіріп, белсенділігін арттыру арқылы жүзеге асырылмақ. Демек, бар өзгеріс, қозғалыс адамның ойынан, ойлануынан басталады. Әр адам – жаңа идеалдардың генераторы болуы тиіс. Ал, генераторды қозғайтын күш, жаңа ойды туғызатын жанар май – білім, рухани байлық, рухани азық. Оның бәрі өнер мен әдебиеттен келеді.

Бүгінгі ұрпақ жаңа ғасырдың жаңа тұрмыс салты бойынша өмір сүруі  қажет. Оқушы бойына адамгершілік, ақыл-ой, танымдылық сана-сезімді қалыптастыру салауатты тәрбие беру мазмұнын жаңаша құруды керек етеді. Дүниенің терең де нәзік сырын сезіне алатын жас ұрпақты тәрбиелеу - әр адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қасиетті борышы.

Ж.Баласағұнның балаға ұстаздық ету жөніндегі көзқарасы тәрбие мен білімнің сабақтастығы жайлы салмақты ойға жетелейді. Бала жас кезінен білім мен өнерге, еңбекке араласуы тиіс. Тән мен жан тазалығы сабақтас. Тәрбие мен білім берудің бұл жүйесі парасатты ұрпақ өсірудің мәнін ашады.

Сол талаптардың бірі – оқушының дүниетанымын қалыптастыру. Қоршаған дүниені білу – танымға байланысты. Таным – адам санасын дамытудың негізі және ол арқылы адам өзін қоршаған ортаны игеруге де үйренеді.

Философтардың (И.Кант, М.С. Кант т.б.) дүниетаным туралы айтқан ой-пікірлеріне сүйене отырып, дүниетаным сыртқы дүниенің адам санасындағы жай ғана көрінісі емес, тұлғаның дүниеге қарым-қатынасы деп қорытындылауға болады.

Өнер — көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы.

Дүниетаным – адамдар мен табиғатта, жалпы құндылықтарға, моральдық нормаға тұлғаның жалпы қатынасын білдіретін негізгі сенім, қалып, таным немесе қоғам мүшелерімен ортақ көзқарас қалыптастырып, қоршаған ортамен қатынас орнатуда негізгі өлшем болып табылады. Оның ауқымы өте кең. Адам дүниетанымды, яғни қоршаған дүние болмысындағы шынайы көріністі тану үрдісімен ұштастырады. Дүниетаным арқылы тұлға өнер әлеміне «тартылады»,  «ақиқатты іздеп табуға» әрекет жасап, одан сырт қалмайды, керісінше, рухани жол ашылудың шаттық сәттерін, мазасыз және жүрекпен «өмір сүруді»  сезіну үшін оған «жабыса түседі».

Тұлғаның өнермен қарым-қатынасы барысында рухани-дүниетанымдық сананың белсенділігі артады және интеллектуалдық сипаттағы әрекеттерге ғана сүйене қоймай, ең алдымен, өнердің, көркем-шығармашылық практиканың құндылық-мағыналық мәніне сәйкес болатын тұлғаның көркем-рефлексивтік процестері арқылы белгілі бір мақсатқа бағытталады. Егер ғылым адамға бірінші кезекте білім түрінде «дүниенің ғылыми көрінісін» беретін болса, ал өнер ең алдымен оның рухани әлемінің әр түрлі құбылыстарына белгілі бір тұлғалық-құндылық қатынастарын ояту және дамытуға бағытталған. Өнердің арқасында адам өмірінде рационалдық және эмоциялық, тұлғалық және әлеуметтік «полюстердің» арасында тепе-теңдік сақталады. Өнер – ол әлемнің тұтастай көрінісін жасайтын, сонымен бірге ой мен сезімнің тұтас бірлігін беретін адам әрекетінің бір түрі.

Халық өз дүниетанымын, салты мен дәстүрін, ғұмырлық тарихын ең алдымен өнерге сіңірген. Сол арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Халқымыздың ғасырлар бойы жиған асыл рухани қазыналарын, қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, дүниетанымын қалыптастыруды өнер арқылы тәрбиелеу өзекті мәселелердің бірі.

Өнер адамның рухани өміріне тұтастай әсер етеді. Өнерде көркемдік, жасампаздық, танымдық, бағалы хабардар ету бағыттары жеке тұлғаның әлеуметтенуіне, оның шығармашылық әлуетінің дамуына ықпал етеді. Өнер арқылы дүниетанымды қалыптастыру оқушыларға тек көркемдік құндылықта бағыт табуды ғана емес, сонымен қатар қоршаған орта,табиғат, кеңістік, әлем туралы білімдерін кеңейтеді. Тыңдаған, көрген, естіген көркем шығармаларын терең талдай білуге, оның қайталанбас әсемдігін сезініп қабылдай білу мәселелері шешімін табады.

Ә.Кекілбаевтың пікірінше: «Өнер жанның жүгін ауырлату үшін емес, жеңілдетуге арналған». Білімді тұлғаның дүниетанымдық санасының маңызды және ажыратылмайтын бөлшегі ретінде мойындай отырып, қазіргі педагогикалық ой бүгінгі күнде тек «білетін» ғана емес, сонымен біге түсінетін – басқа адамдарды, басқа мәдениеттерді, қазіргі болмыстың ерекшелігін түсінетін адам қажет екендігін естен шығармайды.

Өнер құралдары арқылы жеке тұлғаның рухани әлеміне мақсатты түрде әсер ету үшін, алдымен оқушылардың өнер шығармасына  деген қызығушылығын оятып, оны көре, әсерлі тыңдап қабылдай білуге, көркемдікті, әсемдікті сезіне білуге баулу қажет.

Бұл қасиеттер жеке тұлғаның бойында өнер туындыларымен жүйелі қатынаста болып, өнертану туралы білім алған кезде көрінеді, қалыптасады және дамиды. Мәселен, жеткіншек дүниетанымын қалыптастыруда сабақтастық, пәнаралық байланысты қолдану да өз нәтижесін беретіндігін практика көрсетіп отыр.

Ұлттық танымның бастауы – ұлттық мәдениетті танып-түсіну үшін сырт бітіміне-жанрлық ерекшелігіне, композициялық құрылымына ғана ден қою жеткіліксіз. Әрбір өнер туындысының тарихи тегін біліп, оның қадір қасиетін, өнердің рухани шапағатын сезіндіру мақсатында өнер салаларын халықтың өткен өмірімен сабақтастыра зерделеп, әлеуметтік аспектіде саралап бергенде ғана оқушы мәдениеттің түп тамырын ұлттық таным-түсінікпен терең түсіне алады.

Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие беру жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі, жас ұрпақты өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиесінің озық-өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстырып, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамытуға байланысты тәрбие мен білім беруде мұғалімнің кәсіптік даярлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені егеменді еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты. Сондықтан да қоғамның білім беру жүйесін жаңарту мен жетілдіру мәселесі ұстаздардың алдында зор міндеттер жүктеп отыр.

Қандай да бір жаңа білімнің меңгерудің бет алысы танымдық қабылдаудан басталады. Яғни, бұл – оқушының оқып отырған пәнімен құбылыстың немесе процестің оның санасында тікелей сәулеленуі. Сондықтан мұғалім танымдық қабылдауға арнайы дайындық жасап, оны мақсатқа сай ұйымдастырып, оның нәтижелі болу мүмкіндігін іздестіруі керек. Сабақтың бір бөлігі мен түрін нәтижелі өту жолында ізденіс жасауға қатысты және өте орынды айтылған К.Д.Ушинскийдің мына сөздерін келтіруге болады: «Баланы белгілі нәрсені, пәнді түсіну дәрежесіне көтере алмаған адам сол пәнді баланың өте төмен түсінігінің дәрежесіне дейін жеңілдеткісі келеді, бұл педагогикалық жол емес деп айтып, қандай нәрсе болса да  қабылдағанда сезім мүшелері неғұрлым көбірек қатынасса, зат я құбылыс жөніндегі қабылданған түсінік есімізде соғұрлым берік тиянақты орнығады да, кейін олар оңай еске түседі» - дейді.

Осы орайда оқытудың жаңа әдістемелік жүйесі жолдарының бірі – оқушының іс-әрекеттерін белсендіру мен білім алуға құштарлығын арттыру қажет. Осы тұрғыда орта мектептерде  оқытуды ұйымдастыру мәселесіне, оқу-тәрбие жұмысының деңгейін көтеруге және оның беделін жоғарлатуға көңіл бөлу қарастырылған. Әр жас өспірімнің қалыптасып дамуына өздері күнбе-күн өмірден сезінетін, еститін заттары мен құбылыстары, оқиғалары үлкен орын алады. Соның ең негізгісі – Қазақтың халықтық педагогикасы. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесін, танымдық мұрасын, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз-ертегілері, өлең-жырлары, ұлттық ойындары ерекше мәні бар, баға жетпес қазына. Мектеп оқушысының сәндік қолдабалы өнерге баулу процесіне қазақ этнопедагогикасының материалдарын пайдалану олардың дүниетанымын қалыптастыруға тікелей себепші болады. Бұл оқушының терең білім алуына, жан-жақты дамуына мол мүмкіндік жасайды. Оқушы әр өнер туындысында жан толғанысынан туған өзіндік қайталанбас өнер құдіретімен танысады. Өнегелі оқиғалар, үлгілі кейіпкерлер-образдар арқылы жас өспірімдерді тәрбиелеу, адамгершілік биіктікке, үндесудің маңызы ерекше, орны бөлек. Сәндік қолданбалы  өнерінің негізгі мақсатының бірі – оқушыларды халқымыздың ғасырлар бойғы жасаған рухани мәдениетімен, көркем шығармашылық, жекелеген озық үлгілерімен таныстырып, көркемдік талғамын, өзіндік дүниетанымын қалыптастыру. Сондай-ақ өмір танудың ерекше құралы сәндік қолданбалы өнеріне сүйіспеншілігін оятып, одан эстетикалық ләззат ала білуге, ізгілік, биік адамгершілік, шынайы жарасымды мінездерге баулу болып табылады. Білім, тәрбие беруде өнердің әр түрінің бір-бірімен ұштасуы, бірін-бірі толықтыруы заңды әрі жиі кездесетін құбылыс. Көркем өнердің қай саласы да халық өмірінің негізгі ерекшелігін бойында сақтайды және сол ерекшеліктер негізінде өзінің халықтық, ұлтттық табиғатын белгілейді.

 Сәндік қолданбалы өнер түрлерінің қай-қайсысы болса да баланың жан-жақты дамуына үлкен әсер  етеді. Сәндік қолданбалы өнердің әрбір бұйымын бір-бірімен байланыстыра отырып, әр түрлі пәндер арасындағы сабақтастықпен байланыстыра атқаруға болады. Бұл тұрғыда қазақ билерінің де алатын орны ерекше, қазақ ою-өрнек түрлерін бірнеше би қимылдарына сала білген. Сондықтан өнер түрлерін осылайша байланыстыра тәрбие беру оқушының адамгершілік, имандылық, ізглік, өнерге сүйіспеншілігін, еңбек етуге ықыластық сияқты қасиеттерді жан-жақты қамтуға жол ашады.

Қазақтың сәндік қолданбалы өнерінің оқушылардың дүниетанымын қалыптастыруда өзіндік ерекшелігі ол - әсемдік әлемін көзбен көру арқылы сезім мүшелеріне әсер етеді. Сол арқылы баланың қиялы дамиды, сұлулықты сезеді, айнала қоршаған дүниеге өзіндік қамқорлық көзбен қарауға үйренеді. Сондықтан сәндік қолданбалы өнер арқылы тек эстетикалық толғану ғана алып қоймайды, сонымен қатар олар ақиқат шындықты, дүниенің болмысын тани білуге үйренеді, сөйтіп дүниетанымдық көзқарасы қалыптасады. Осы арқылы оқушы өз ұлтының мол мұрасымен танысуна мүмкіндік алады. Әрбір тақырыпқа байланысты шығармашылық кеш, тәрбие сағаттары, саяхаттар ұйымдастыруы, оған керекті материалдыр жинау оқушыны дүниетану  мәнін түсінуге оған шығармашылық қатынас жасағанда ғана болатынын сезінетін дәрежеге жеткізеді. Яғни, оқушыны шығармашылық әрекет жасауға баулиды.

Қорытындылай келе, қазақтың бай тарихы, мәдени мұрасы, ою-өрнегі, ісмерлігі қолтумасының қайталанбас сипаты, киім кешегі т.с.с. әрбір оқушыда ұлттық мақтаныш сезімін оятып, оның дүниетанымын қалыптастыруға септігін тигізері анық. Ал ұлттық тәрбиенің міндеті – жас ұрпақты өмірдің барлық салаларындағы: адамның өмірі мен тұрмысындағы, еңбектегі, көркем өнердегі, табиғаттағы, халық өнерінің тарихи дәстүріндегі сұлулық пен әсемдікті көре білетін, яғни дүниетанымы жоғары азамат тәрбиелеу.

Литература:

1.   К.Д.Ушинский. Собрание сочинений. – М.: 1980.-Т.6

2.            Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері.- Алматы: Өнер, 1987

3.             Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ..- Алматы: Қазақстан, 1977