ОТАРЛЫҚ ЕЗГІ ҚҰРБАНДАРЫ:  САРЫ  БАТАҚҰЛЫ

 

Жұбаназар Асанов,

филология ғылымдарының докторы.

Гүлсім......

                                                                               Қазақстан.  Ақтөбе қаласы.

 

           Сары турасында әдебиеттанушылар біраз жазды, әйтсе де тәуелсіздік алғаннан кейін ақынға қатысты жаңаша көзқарас тұрғысынан анықтай түсер жерлер баршылық. Осы мақсатпен ақынның туған еліне 2003 жылы үш дүркін барып қайттық. Көргені көп, көңілге түйгені көл, ақылы кеніш, білігі артық, тартынбай сөйлейтін ер, академик Ахмет Жұбановтың қиыннан қиыстырғыштығы арқасында Сары Батақұлының шығармалары қылышынан қан тамған совет империясы тұсындағы жүйе кезінде-ақ елге танылып, «Поэзия народов СССР»  ( «Библиотека всемирной литературы» )  деген алтынмен апталып, күміспен күптелген жинаққа еніп кеткен болатын.

         А. Жұбанов «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» ( кейін «Замана бұлбұлдары» – А.,1975ж.) монографиясындағы «Сары» атты еңбегінде ақынның шығармашылық өмір жолына жан-жақты тоқталады. 1988 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары» деген беделді басылымда ол туралы «Публицистика, кейде көркем очеркке жақын бұл еңбекте Сары өмірінің кейбір сәттері автор қиялының шарықтауына байланысты біраз әсерлеңкіреп берілгенімен, жалпы творчествосы мен өмірі байыпты талданған. Сондай-ақ мұнда оның шығармалары түгелге жуық қамтылған. Ақын мұрасы кейінгі өзге жинақтарға А.Жұбановтың осы кітабының негізінде енді» делінген[1,155-бет]. Орынды сөз. Тек «Сондай-ақ мұнда оның шығармалары түгелге жуық қамтылған» деген сөйлем асығыс айтылған. Академик жария еткен 200 жол шамасындағы өлең – заманға қарай іріктеп алынғандары ғана. Туған ағасы «халық жауы» болып өлімге кесілген, өзі де әлденеше қуғын-сүргінге ұшыраған, «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты есіл еңбегі пышаққа түскен А.Жұбановтың бұлай етпеске, сақтанбасқа лажы жоқ-ты. Сары өлеңдерінің Ақаң білетін негізгі бөлігі ол дүниеге өзімен бірге кеткеніне еш күмән жоқ. Жалғыз Сары емес, Пұсырман, Әкімгерей, Жапаберлі, Жаңаберген,  Молдабай ақынның шығармалары, олардың өміріне қатысты мол мұра да іште кетсе керек [2].   Заманы кінәлі. Қай тарихты ашып қарасақ та, отарлық езгі, құлдық бұғаудағы кіріптар елдің жағдайы осылай болған. Оның үстіне отар елдер ішінде қазақтың көрген қорлығы алабөтен. Есеңгіретіп жібергені соншалық, ұлттық сана қайда, тілін, дінін, атасының атын, тарихын ұмытып қалды.

         Сарыға байланысты зерттеу еңбектердің бірі «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары»[3] деген кітапта берілді. Аталған еңбектердің құндылығы даусыз, әйтсе де сәл жаңсақтықтар бар екенін ашып айтқан жөн деп есептейміз. А. Жұбанов Сары Батақтың кенже баласы еді дейді. Кейінгі өз атынан зерттеу жазғандар осыны қайталайды. Шындығында ең кішісі Мұхамедияр. Дәлел келтірейік. Қазір Шалқар қаласында тұратын шежіреші, зейнеткер Т.Ахмедиев бұл жөнінде былай дейді: «Менің атақонысым –Ұлықұм, руым – Тілеу. Тілеудің бір баласы Әлдеберді, одан Құлтума, Жалтума. Жалтума – менің арғы атам.  Батақтың Сарысы да осы Жалтуманың ұрпағы. Зейнеткер болғаныммен әзір ақыл-есім түзу. Бес саусағымдай білемін: Жалтумадан Тәңірберген, одан Достан, Достанның жеңгелей алған әйелі Қызайдан Мамай туған, одан Батақ. Батақ екі әйел алып, біріншісінен Жәңке, Жолбарыс, Тілеулі, екіншісінен Сары мен Мұхамедияр туған. Мұхамедмияр әйел үстіне менің әкем Ахмедидің туған апасы Әуенді алған. Совет үкіметі ұнатпағанымен, екі әйел алу – ол кезде қалыпты жағдай. Әкем жастай жетім қалып, жездем Мұхамедиярдың қолында өскен. Мұхамедияр Батақтың екінші баласы емес, ең кенжесі. Суырып салма ақын екен, әкем марқұм көп өлеңін жатқа білетін. Бәрін көңілге тоқымағанмен бірсыпырасы біздің де жадта қалды, әсіресе Рысқұл Бекбасұлымен айтысы. Мұхамедияр 1928 жылы конфискацияға ілініп, үй ішімен айдалып кеткен. Әуеннен Сағидан деген ұл сүйген. Сол Сағидан айдаудан қашып келгенде Байекеш атам қой сойып, аңқаулықтан айналасын шақырыпты. Қонақтардың біреуі көрсетіп, Сағидан қайта ұсталып, хабарсыз кеткен».

         Ахаң Сарыны Тілеудің Алтоны десе, кейінгілер бірте-бірте оны «Алтынға» айналдырып жіберген, сірә, әйелдің аты Алтоннан гөрі Алтын болуға лайық десе керек. Осы уақытқа дейін ақынның ата-тегі туралы ортақ пікір жоқ. Ғылыми еңбектерде Тілеудің Алтоны десе, тәуелсіздік алған соң Сары туралы деректер жинап, оны газет бетіне жариялаған Ж. Жансүгіров, Ж. Төлегенов, З.Байдосов Қызайға жатқызады. Шежіреші Т.Ахмедиев былай дейді: «Сары Алтоннан шықпайды, жоғарыда біз айтқандай, Мамайдың немересі, яғни, Қызайдан шыққан, Достанның бәйбішесі Алтоннан Құлекен туған, одан Қарағұл, содан Шолан (болыс) туған. Яғни, Алтоннан шыққан – Шолан. Ахмет Жұбанов Шоланды Қызайдан таратқан. Құдайға шүкір, Алтон – Қызайдың Шалқар ауданында ұрпақтары көп, сұраңыз, жеті атасын жақсы біледі.

Жаладан іс істедің Шолан болыс,

Ісімнің жай-жағдайын шешпей тегіс.

Атам бір, анам басқа сеніменен,

Қашаннан Алтон, Қызай жолың теріс, – дегені  «атамыз–Достан, біріміз – Қызай, екіншіміз –Алтон дегенді» нұсқағаны, бұл шумақта «Шолан Қызайдан тараған» деген сөз жоқ.

         Ахаң марқұм «Замана бұлбұлдары» (1975) деген кітабында «Қызайдан шыққан Мырзағұл» [1.229] деп жаңсақтасқан. Олай емес, Мырзағұлды әкесі Шыманнан бастап 15 атасына дейін таратып бере аламын. Жалтумадан Тәңірберген, Қазыбай бірге туған. Мырзағұл он арыс Қазыбайдың Сәдібегіне жатады. Сәдібектен Жаулыбай, одан Шыман,» – деп сөзін аяқтаған Тіркес Сарының кейбір біз естіген-естімеген өлеңдерін төгіп-төгіп жібереді.

Баласы мен Батақтың, атым – Сары,

Құрысын мендей болса жұрттың бәрі.

Он екі ай абақтыда жатқанымда,

Қара шай бір қайнатым болды дәрі.

Баласы мен Батақтың  Сары батыр,

Шайнайды қара нанды қатыр-қатыр.

Сапырулы сары қымыз ішпейтұғын,

Қара су бір стақан балдай татыр.

         Біз жолыққанда жасы 92-дегі  Шалқар қаласының тұрғыны Жүгініс Төлегенов Достанның Қызай аталығынан екен, осы кісі Сарының інісі Мұхамедияр туралы: «Оны бала кезімде көрдім, қарасұр, орта бойлы, жігерлі адам еді. Кішкене шақшаға насыбай салып, екі танауына кезек апарып иіскеп отыратын. Бай деп кәмпескілеп, жер аударды. Кейінірек бір хаты елге келген. Өлеңмен жазылған ұзақ хаттың төмендегі жолдары ғана есте қалыпты.

Сағыныш хат жазайын халқым сізге,

Қазаннан Орынборға қайттық біз де.

Асаудай жаңа ұсталған талпынамыз,

Күн қайда бұрынғыдай енді бізге.

Жайықтың жағасында босып жүрміз,

Қол ұстасып, мінгесіп «көк дөненге».

Көрмеген бұрын тосу балаларым,

Қор болды-ау осы күні күн көруге.

         Атқұмар адам-ды. Жылқы десе жанын беретін.  Өңшең жүйрік ұстайды.  Батақтың кенжесі еді. Ал Достанның бәйбішесі  Алтоннан үш бала туады, соның бірі – Құлекен. Құлекеннен Қарағұл, Көздібай, Құнан.  Қарағұлдан Шолан туған», – дейді.

         Бұдан соң Жүгініс ақсақал Сарының бұрын – соңды біз естімеген 40 жол өлеңін жатқа айтып берді. Сонымен, Сары –  Қызайдан, Шолан – Алтоннан. Батақтың ең кіші баласы – Мұхамедияр. Мырзағұл Қазыбай аталығынан. Ақиқаты осы.

         Ендігі бірер сөз ақын өлеңнің текстологиясы жайлы. Бұрынғы басылымдардың бәрінде:

Баласы мен Батақтың тұтқындағы,

Көмекей көрінбейді жұтқындағы.

Би-болыс арыз салып жата берші,

Мен де бір қызыл түлкі бытқылдағы, – 

деп берілген жолды Төлегенов:

Баласы мен Батақтың тұтқындағы,

Жел сөзді шығарайын жұтқындағы.

Соңыма орыс-қазақ бірдей түсті,

Біз-дағы қызыл түлкі бытқылдағы, –

дейді. Біз білмейтін тағы бір шумаққа ойысып:

Баласы мен Батақтың, ер Сарыбай,

Жел сөзді боратайын жауған қардай.

Қолында ит орыстың кім бір жатсын,

Түрмесін дал-дүл қылып елге бармай, –  деп бір кетті.

         Ақынның  мұндай шумақтарының кеңес тұсындағы жинақтарға енбеуі – заңды құбылыс. Қазақты айтқанмен, орысты айтуға болмайды. Тәуелсіздік алғанымызға нешеме жыл. Әлі назардан хақас жатыр. Асықпасақ тағыда айтылмай қалуы мүмкін.

         Бұрынғы жинақтарда:

Тарлан ат бас аяғың ұрынбай-ақ,

Салбырар төбе шашың  тұлымдай-ақ, – 

деп келетін жолдарды Жүгініс ақсақал:

Тарлан боз, бас аяғың ұрынбай-ақ,

Кекілің желбірейді тұлымдай-ақ, –  деп толғайды.

         Бала кезінде жаттаған сөзі. Логикаға келеді, себебі қазақта «төбе шаш» тек адамға байланысты айтылады, айуанға емес.

         Сары шығармаларының бірсыпырасы Қыз Қосанға арналған. Қосан жайында осы уақытқа дейін айтылмай келе жатқан бір жайт –  қыздың ата-тегі, шыққан ортасы. Қосан –  Қабақ руынан.

         Сарының:

Басы еді Ұлықұмның Қарашолақ,

Аяғы көрінеді Қаратамақ.

Суаттан мың жылқы ішкен айдын-көлдей,

Ортада отырушы еді Тілеу-Қабақ –  дейтіні бар.

         Осындағы Қабақ. Қабақтың бір баласы Қангелді. Қангелдіден Пұсырман, Пұсырманнан Қарабас, одан Жапақ, одан Бәсен, одан Көтібар, Көтібардан Есет батыр. Көтібардың да, Арыстанның да, Есеттің де аттары атақты «Айман-Шолпан» жырына енген, қазақша мектеп көргендерге тегіс мағлұм. Қарабастың бір баласы –  Тінәлі. Одан Арыстан. Арыстаннан Қыз Қосаннан әкесі Сейдақ туған. Сейдақ ата дәулеті кетпеген, бай болған адам. Екі ұл, төрт қыз сүйген. Қыздарының аты –  Алтын, Алқа, Қосан, Досан. Яғни, Қосан текті  жердің қызы. Ақынның:

Беріпті Қосан бізге мақпал қолғап,

Ауызын таспа зермен қойған торлап.

Қыз Қосан мен келгенше үйден шықпа,

Төртқара алып кетпейд сені зорлап,  – дейтіні бар.

         Қыздың атастырылған жері Төртқара Демесіннің баласы. Шалқар ауданындағы Көкжиде елді мекені Қарабастың қонысы болған. Сейдақ бай осы атақонысында қыстайды. Сары Қарабас ауылын Қосанға байланысты көп төңіректейді. Қарабастың ер көңілді жігіттерімен араласады. Бір сөзінде:

Мен өзім елден шығып Табын астым,

Табында бір жыл жүріп араластым.

Әркім де өз адамын мақтағанмен,

Жігіті артық болад Қарабастың, –  дейтіні бар.

         Қалың малы төлеулі, баталасып қойған келінін Демесін болыс  оңайлықпен берсін бе, тентегіңді тый деп Сарының тумаларына айбат шегеді. Шолан болысқа сызды хабар салады. Мырзағұлды араластырады. Ақынның өз ағайындары да қатты қарсылық көрсетіп, қатқыл қабақ танытады. Сары мен Қосанның қимыл-қозғалысына қатаң бақылау қояды. Күйінген ақынның:

Артықбай не қылайын бөтеніңді,

Балшыққа айдап сабадым Өтеніңді.

Соңыңнан қара айғырмен қуып жетіп,

Бәти-ау бір түсірдім көтеніңді, – 

дейтін тарихи сөздері сол кезде туған.

Ішінде Жалтуманың батыры мен,

Жауласқан жаман екен жақынымен, –  дейтіні де содан.

Өркеуделі ақын:

Қыз Қосан –  шеберлердің құрған кезі,

Жауапты неше түрлі білед өзі.

Өзіме Қосан серік болып тұрса,

Қылатын сырттан билік кімдер өзі?! – деп қанша өрекпегенмен аяғы трагедиямен аяқталады. Ағайынның алауыздығын пайдаланған отарлаушылар Сарыны түрмеге жабады, Сібірге айдайды.

Сәлем айт біздің елдің болысына,

Аямай ұстап берді орысына.

Далада біздің ауыл қалды дейді,

Көшіріп ала көрсін қонысына, – дейді айдалған ақын. «Бәрі де көрген түстей өтті кетті» дейді, енді оралмасын жан-ділімен айқын сезініп. Сібірге жеткізбейді, өктем отарлаушылар қазақ жерінде-ақ сотсыз өлім жазасына кеседі. Қапыда кеткен қайран ер:

Күз болса, құс қайтады жайлауына,

Дұшпанның біздер түстік байлауына.

Артымнын іздейтұғын кісі жоқ боп,

Сібірдің кеттім қапы айдауына, –  деп аһ ұрған еді.

         Ахмет Жұбанов «Сары» атты зерттеу еңбекпен шектелмей, ақынға арнап пьеса жазды. Есебін тауып, әндерін «Амангелді» кинофильміне енгізді. Өлеңдерін жер жүзіне таныту үшін күресті. Артық туған Ахмет аға Жұбанов дүниеден озған соң «Артынан іздейтұғын кісі жоқ боп» Сарының 140, 145, 150 жылдық мерейтойлары  атаусыз қалды.

 

         ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары –– Алматы: Жазушы, 1975ж.

2. Жұбанов А. Соловьи столетия. ––  Алматы: «Жазушы», 1967 г.

3. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары. ––   Алматы: Ғылым, 1962 ж.