Көптілеуова Д.Т., Атабай Б.А.

Әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан

АРАБ ТІЛІНДЕГІ САН ЕСІМДЕРДІ ОҚЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Егемендігімізді алу нәтижесінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде білім беру саласында өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алынуда.

Қоғам өмірінде тіл адамдармен өзара пікірлесу, түсінісу қызметін атқарады. Сондықтан тілді оймен байланысты өткір құрал ретінде ұстарта білу де өнер.

Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс қолдану, сөйлеу үстінде оларды бір-бірімен қиюластырып, үндестіріп, дұрыс айту, емле мен тыныс белгілері ережелерін сақтап, сауатты жазу, тілдің ғасырлар бойы сұрыпталып келген, сөз зергерлері оюлап берген көркемдігі мен әсем өрнегін орнымен қолдану сияқты амал-әрекеттерді қамтиды.  

Тіл білімі жөніндегі материалдың мазмұнына орай әдіс-тәсілдерді таңдау, қолдану, олардың жолдарын көрсету, жаттығу мен дидактикалық материалды таңдап, іріктеумен тікелей байланыста. Мысалы, фонетиканы оқытуға байланысты түрлі фонетикалық, әріптерді талдау, дыбыстарды дұрыс айта білу, ал сөз таптарын оқыту барысында морфологиялық талдау түрлі салыстырулар, жалғау мен жұрнақтың ара жігін ажыраттыру сияқты әдіс-тәсілдер қолданылады [1, 4].

Сан есімді оқыта отырып, студенттің тілін дамытудың  маңызы зор. Сан есімді окыту тұсында кейбір сан есімдердің этимологиясын талдап, студенттерді қызықтыруға да болады. Сан есімді түсіндіріп болған соң, студенттерге келесідей ауызша тапсырманы орындатуға болады: тақтада цифрлар жазулы тұрады, олардың қандай тарихи оқиғаны білдіретінін айтқызу, олардың ауызекі сөйлеу тілін дамыту да мақсат етеді.

Сан есімнің негізгі жүйесін оқушыларға білгізу үшін, оның өзіне тән белгілерін дұрыс танытатындай және практикада қолдана білуге жол ашып, үйрететіндей әдіс-амалдарын қолданып отыру керек

Айталық А1-А2 деңгейдегі 1-курс студенттеріне араб тілі дәрісінде сан есімдерді оқытуда пайдаланатын сан есімдер мен жаттығуларды қолданудың негізгі ерекшеліктерін қарастырайық.

Есептік сан есімдердің саналатын зат есімдермен байланысы әртүрлі болып келетіні және бұл оларды үйренуде студенттерге белгілі дәрежеде қиындықтар туғызатыны белгілі. Араб тіліндегі «бір» және «екі» сан есімдері сын есім сияқты жасалады яғни саналатын зат есімнен кейін келіп әрі онымен толығымен қиысады. Дегенмен, бір және екі затты білдіру үшін әдетте жеке және екілік сан есім түрлері қолданылады, ал «бір» және «екі» сан есімдері тек оларға логикалық екпін қойылған кезде ғана қолданылады.

Күрделі сан есімдердің құрамына кіре отырып, «бір» және «екі» саналатын зат есімдердің жекеше түріндегі тегімен қиысады. Сонымен бірге күрделі сан есімдердің құрамындағы «бір» сан есімі ер тегі үшін –  (أحد) үлгісіне және әйел тегі үшін – (إحدى)  үлгісіне ие болады.

Үштен онға (қоса санағанда) дейінгі сан есімдер әдетте саналатын зат есімдердің алдына септелетін хальде олардың тегіне қарама-қарсы текте қойылады. Саналатын зат есім өз кезегінде, ілік септігінде анық хальдегі көпше түрде болады.

Екінші ондықтағы (11- ден 19- ға дейін қоса алғанда) сан есімдердің бірлігі бірінші орында тұрады да, «он» сөзі екінші орында тұрады. 11 және 12 сан есімдеріндегі «бір» және «екі» бірліктері басқа да күрделі сан есімдер сияқты саналатын зат есімдердің тегімен қиысады. 13-тен 19-ға дейінгі  сан есімдердің бірлігі саналатын есім сөздердің тегіне қарама-қарсы текте тұрады, ал «он» сөзі саналатын зат есімдердің тегімен қиысады. Екінші он­дық­­­­тағы сан есімдер септікке септелмейді және бірінші сөзі септелетін 12 сан есімнен басқалары өзгермейтін [-a-] үлгісіне ие. Екінші ондықтағы (11-ден 19-ға дейінгі) сан есімдерден кейін саналатын зат есімдер табыс септігінде, жекеше түрде анық емес халде келеді.

Дөңгелек ондықтарды білдіретін сан есімдер бірінші ондықтағы сан есімдерге сәйкес келетін негізге ون – жалғануы арқылы жасалады (бірнеше түрөзгешелік үлгіге ие 20 және 80 сандарынан басқасы) және ер және әйел  тегінде де бірдей үлгіде болады. Бұл сан есімдер «тұтас» көпше түрдегі зат есімдер сияқты септеледі. 

21-ден 99-ға дейінгі сан есімдер бірінші ондықтағы сан есімдер мен و шылауы арқылы байланысқан ондықты білдіретін сәйкес келетін сан есімдермен қиысуы арқылы жасалады. «Бірінші» және «екіншіден» басқа бірліктер саналатын зат есімнің тегіне қарсы текте қойылады. 21-ден 99-ға дейінгі күрделі сан есімдердің екі жағы да септеледі. 21-ден 99-ға дейінгі сан есімдерден кейін келетін зат есімдер анық емес хальдегі жекеше түрдің табыс септігінде тұрады.

Дөңгелек ондықтар мен мыңдықтар келесідегідей сан есімдер түрінде беріледі:

1.       Жүз (100) – مئة  (күрделі сан есімдердің құрамында бола отырып, ол жекеше, көпше түрде өзгермейді). Үш жүзден тоғыз жүзге дейінгі жүздіктерді атауда бірліктер «жүз» сөзінің алдына қойылып, септелетін хальде тұрады («жүз» сөзі ілік септігінде тұрады). Бірліктерді септеуде әдеттегідей, септелетін хальде өзгереді.

مائة  - сан есімі жүздеген зат есім мағынасын білдіре отырып,  көпше түрде مئات  үлгісіне ие болады.

Мың (1000) - ألف (көпше түрде екі үлгіде жасалады – آلاف، ألوف;  آلاف үлгісі әдетте күрделі сан есімдердің құрамында қолданылады, ал ألوف үлгісі зат есім мағынасында қолданылады).

Үш мыңнан бастап және одан жоғары мыңдық саны сан есімге сәйкес беріледі, ал сөздің тегі мен жекеше, көпше түрлері осы сан есімге байланысты болады. Мыс.:  Үш мың ثلاثة آلاف ٍ –   / Он бір мың – أحد عشرألفـًا  / Жүз мың – مئة ألفٍ

2.       Миллион (1 000 000) – مليون

3.       Миллиард (1 000 000 000) – مليار

4.       Триллион (1 000 000 000 000) – تريليون

Миллиондардың, миллирадтардың және триллиондардың мөлшері сәйкес келетін сан есімдер және миллион, миллирад, триллион сөздерімен қиысу жолымен беріледі. Мысалы: Үш миллион – ثلاثة ملايين  /

Он бір миллиард – أحد عشر مليار  / Бес триллион – خمسة تريليونات

Дөңгелек жүздіктер мен мыңдықтардан кейін келетін саналатын зат есім анық емес хальдегі жекеше түрдің ілік септігінде тұрады; сан есімнің өзі септік халінде тұрады. Мысалы: Жүз кітап – مئة كتابٍ  /  Мың түн – مئة ليلةٍ

Жүздік немесе мыңдықтан және ондықсыз «бір», «екі» бірліктерден тұратын күрделі сан есімдерде саналатын зат есім жүздік немесе мыңдықтан кейін келіп, сосын жекеше немесе екілік түрде қайталанады. Мысалы:

Жүз бір кітап -  مئة كتابٍ و كتابٌ  /  Жүз екі кітап – مئة كتابٍ و كتابان

100 ден кейінгі басқа күрделі сан есімдерде заттың саналатын зат есімі соңғы айтылатын санға сәйкес қойылады. Мысалы:  Жүз үш кітап – مئةٌ و ثلاثة كتبٍ

2-ден 10-ға дейінгі реттік сан есімдер   فاعلٌ моделі арқылы жасалады («бірінші» реттік сан есімнен басқасы, ер тегінде олأول , әйел тегінде أولي үлгісінде келеді). «Алтыншы» реттік сан есім ست сәйкес келетін түбірден жасалмайды, ол سادِس түбірінен жасалады (سدس).

Сөйлемде бірінші ондықтағы реттік сан есімдер қиылысқан анықтауыш сияқты жасалады: олар саналатын зат есімнен кейін келіп, онымен текте, септікте және халь жағынан қиылысады. Мысалы:  Бірінші оқытушы – المعلم الأول

Алтыншы үйде – عند البيت السادس  / Олар сегізінші бөлмеге кірді – دخلوا الغرفة التاسعة

11-ден 19-ға дейінгі реттік сан есімдер келесідегідей үлгімен жасалады: оларда бірліктер реттік үлгіде қойылады да, ондықтар – есептік үлгіде келеді. Бұл сан есімдер анық емес хальде септелмейді және өзгермейтін [-a-] үлгісіне ие (табыс септігі). Анық хальде бірлікті білдіретін сөз септеледі, ал «он» сөзі өзгеріссіз қалады (анықтық артиклі тек бірліктерге ғана қосылады).

Күрделі реттік сан есімдерде (20-дан жоғары) бірліктер сәйкес келетін реттік сан есімдермен белгіленеді («бірінші» бірлікті білдіру үшін حاد, ал ондық, жүздік және одан да жоғары реттік сан есімдерді білдіру үшін сәйкес келетін есептік сан есімдер қолданылады әрі барлық құрама бөліктері و шылауымен байланыстырылады).

Анық хальде анықтық артиклі күрделі реттік сан есімнің әрбір бөлігіне жалғанады. Үлкен сандарды беретін (әсіресе «жылды» белгілеуде) күрделі реттік сан есімдерді білдірудің қарапайым әдісі алдымен саналатын зат есім, сосын ілік септігіндегі күрделі сан есімнің есептік үлгісі келуіне саяды. Мысалы: 1972 жыл – سنةُ ألفٍ و تِسْعِ مئةٍ و ثان و سبعين

Датаны (күнтізбелік күн) білдіруде және аз мөлшердегі сандарда осы әдіс қолданылады. Бірақ жасты беруде реттік сан есім қолданылады. Мысалы:

Ол өмірінің отыз төрт жасында үйленді – تزوج  في الرابع و الثلاثين من عمره

Сан есімдерді үйренуде біз орындалуы барысында жақсы түсінуге және материалды пысықтауға, сондай-ақ, сан есімдерді жасау ережелерін игеру процесінде туындайтын қиындықтарды жеңуге көмектесетін жаттығулар жүйесін қолданамыз. Жаттығуларды шартты түрде ауызша және жазбаша деп бөлуге болады:

·                   1-ден 10-ға дейін тура және керісінше ретпен санау;

·                   Жұп, сосын тақ сандарды санау;

·                   1-ден 10-ға дейін әйел тегінде санау;

·                   Жүзге дейін санау;

·                   1-ден 10-ға дейін реттік сан есімдер құрастыру.

Мұндай тапсырмаларды сан есімдерді игерудің алғашқы этапында орындау керек. Кейін парақтан күрделі сан есімдерді оқу сияқты біршама күрделі тапсырмаларға өту керек. Мысалы, келесі сандарды оқыңдар:

·                   986.296.724.000

·                   4.654.007

Жаттығудың жазбаша түрі тапсырманың келесі түрін қамтиды:

-  Бірінші ондықтағы әрбір сан есімі бойынша бірнеше қатар жазу;

-  Араб тіліне:  5 үй; 11 үй; 184 түн; 84 кітап; 486507577222 дирхем сияқты сөз тіркестерін аудару.

Сан есімдерді араб тілі дәрістерінде үйретуде біз сонымен қатар карточкаларды қолданамыз. Мысалы, студентке карточканы таңдау ұсынылады. Карточкада әдетте тапсырманың келесі түрлері беріледі, аударыңыз:  76435700201 гиней; 95561790297 роза гүлі.

-  Харакаттарын қойып, келесі сан есімдерді оқып, қазақ тіліне аударыңдар;

-  Харакаттарын қойып, келесі сан есімдерді оқып, араб тіліне аударыңдар;

Карточкамен жұмыс істеуге белгілі бір уақыт бөлінеді. Сонымен екі күрделі сан есімнен тұратын карточкамен жұмыс жасауға орта есеппен 5 минут кетеді. Сан есімдерді үйренуде біз студенттер сан есімдер қосатын, көбейтетін және бөлетін жаттығуларды пайдаланамыз.

Қорыта айтқанда оқытудың түпкі мақсаты – алған білімді өмірде қолдана білу. Бұл дәріс үстінде қалыптасады. Осы мақсатта білім, білік, дағдыларды қалыптастыру, қорытындылау қайталау дәрісінде жүзеге асатыны белгілі. Ал аудиторияда сан есімнің қызметін жақсы білгізу студенттердің ақыл-ойын дамытып, дұрыс сөйлей білуге және сауатты жазуға үйрену жағынан маңызы ерекше екендігін байқауға болады.

Әдебиеттер:

1.     Құлмағамбетова Б. және басқалар Қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы: Білім баспасы, 2000.

2.      Бұзаубақова Қ.Ж. Жаңа педагогикалық технология. -Тараз, 2003.

3. Лебедев В.Г., Тюрева Л.С. Практический курс арабского литературного языка. Части 1-2-3. –М., 2007