Бекбосынова Асия Хасанқызы

Филология ғылымдарының кандидаты

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан Республикасы

 

“СОҒЫС” КОНЦЕПТІСІНІҢ ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ 

 

         Өлеңдері сырға толы лирик ақын – Сырбай Мәуленовтің бір топ өлеңдері Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған. Ақынның жастық шағымен тұспа-тұс келген осы кезең жайлы ақын былай деп еске алады: «Қырқыншы жылдар мені майдан шебіне алып барып, сұрапыл соғыстың сынына салды. Менің жүрегіме көп оқиғаның ізін қалдырды. Көп ойлардың теңізіне жүзгізді. Енді сол ойлардың толқынымен ағып, өткен күндерді өлең тілімен сөйлетуге тиіс болдым» [1, 8].

         С.Мәуленов өлеңдерінде ақынның танымдық білімдер жүйесін зерделейтін концептінің бірі – “соғыс” концептісі. Адамзат баласына үлкен қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысын жырлауда ақын өзінің аялық біліміне сүйенеді.

Жалпы тілдік қолданыста “соғыс” концептісін бейнелеуде күрес, қару-жарақ, шабуыл, шайқас, жарақат, жанын қию, жеңіс т.б. тілдік бірліктері жиі қолданылады. Ал С.Мәуленов өлеңдерінде “соғыс” концептісі түрлі қырынан танылып, ақынның өзіндік көзқарасын қалыптастырған. Мысалы,

         Жер шеңберін таба алмай адасқандай,

         Аспан көлдей, боп кетті көл аспандай.

         Қызыл-жасыл ажалдың көздеріндей,

         Зуылдады оқ топан толастамай.

                                          /“Жер шеңберін таба алмай адасқандай”, 432/

 

         Тұратұғын дүниенің көркі боп,

         Жиырма жаста талайларды өлтірді оқ.

         Жиырма жаста тұратұғын толықсып,

         Жиырма жаста қалды қыздар кемпір боп.

                                          /“Ауыр бомба алып соғып толқыны”, 220/

        

         Адамның тамызыққа құйып қанын

         Соғыс ұйтқыды шашып өртті.

                                        /“Мәлік”, 349/

        

         Соғыстың жұттым жалынын,

         Отына күйдім тамұқтың.

                                         /“Қап-қара бомба түскенде”, 441/

 

         Қан болды талай көк жейде,

         Жеткізбей өмір – жол алыс.

                                       /“Соғыста жүрмін қан кешіп”, 443).

 

         Тұрғандай үңгіп қолымды оқ,

         Соғыстың жүрген жолы боп.

         Шұп-шұңқыр қолым қалғандай

         Соғыстың қазған оры боп.

                                     /“Бұрқансам дауылдай”, 447).

         Аспанның көлдей, көлдің аспандай болуы, оқтың ажалдың қызыл-жасыл көздеріндей болып толастамай зуылдауы, дүниенің көркі – жиырма жастағы жастардың өлім  құшуы, ал қыздардың кемпір болып қалуы, адам қанының тамызыққа құйылуы, соғыстың жалынын жұтып, тамұқтың отына күйгендей болуы, талай көк жейденің қан болуы, шұп-шұңқыр қолының соғыстың қазған орындай болып қалуы – бәрі де “соғыс” концептісін танытып тұрған тілдік бірліктер.    

         С.Мәуленов өлеңдерінде “соғыс” концептісі теңеулік құрылымға салынған. “Соғыс” концептісін беруде қара түс атауы жиі қолданылған.

      Қап-қара бомба түскенде

      Қап-қара күн боп күндізім,

      Қап-қара түн ішкендей

      Көре алмай қойдым күн жүзін.

                                        /“Қап-қара бомба”, 114/.  

Соғыс танымын білдіруде қолданылып тұрған қап-қара түн ішу – ақын қолданысында ғана кездесетін  тың теңеу. Соғыс танымын білдіретін сөздер де әр адамда әртүрлі сезім, түсінік, қабылдау туғызады. “Концепттің негізінде адамның жеке өмірлік тәжірибесі тұрады, яғни концепт ядросы – өмірлік тәжірибе, өмір сүру тәжірибесінен туған танымның тілдегі репрезентациясы” [3, 383]. Мысалы:

                Соғыс селдей жайылған қанды тасқын,

       Апат болды басына кәрі-жастың.

       Соғыс қиып өмірін жігіттердің,

       Махаббатын ұрлады қарындастың. 

                              /(Соғыс селдей жайылған қанды тасқын), 55/.

“Соғыс” концептісі селдей жайылу – тұрақты теңеумен берілген, ақын жер бетін қан сасытқан алпауыт соғыстың өрши түскенінен хабар беріп тұр. “Соғыс” концептісінің бір көрінісі метафоралық теңеулермен бейнеленген.

      1. Бақсылардай сарнап тал

         Бірде аңдай ұлиды.

         Келе жатыр солдаттар

         Арман етіп жылы үйді.

                                      /(Бақсылардай сарнап тал), 99/.

     2. Соғыс даусы алыстан тұр естіліп,

          Аш қасқырдай көшпелі құм есті ұлып.

          Біз де сонау майданның кебін киіп,

          Суды, нанды мөлшермен үлестірдік.

                                       /(Соғыс даусы алыстан тұр естіліп), 109/.

Теңеу белгісінің ауыспалы мағынаға ие болуынан жасалған метафоралық теңеулерде теңеулік мағына өткірлене түскен. Соғыс жағдайы суреттеліп отырған жағдайда талдың бақсылардай сарнауы, бірде аңдай ұлуы немесе құмның аш қасқырдай ұлуы – бәрі де оқиғаны барынша бейнелі, әсерлі етіп жеткізу мақсатында жасалынған метафоралық теңеулер. “Соғыс” концептісі эпитеттік теңеу арқылы былай суреттелген.

         1. Қып-қызыл боп тұтылып,

            Бұлтқа кірді азалы ай.

            Қара аспанда қанжардай

            Жарқылдады нажағай.

                                 /(Нажағай), 40/.

        2. Көк төсіне қадалған оқ

            Күннің көзін жаба алған жоқ,

            Жолбарыстай жаланған от

            Жерді жаулап ала алған жоқ.

                               /“Көк төсіне қадалған оқ”, 301/.

                   3. Келе жатты ол қан сасып үсті-басы,

Күн сәулелі егіннің үстін басып,

Жалғыз көзді обаған жалмауыздай,

Келе жатты ол ысқырып, ұшқын шашып.

/(Соғыс – сойқан ), 223/.

Нажағайдың қанжардай жарқылдауы, оттың жолбарыстай жалануы, соғыстың жалғыз көзді обаған жалмауыздай ысқырып, ұшқын шашуы – соғыс шындығынан алынған іс-оқиғалар суреті теңеулік құрылыммен өте әсерлі етіп берілген. Соғыс танымын білдіру үшін теңеулік құрылымдағы сөздер өзара үйлесімділікке түскен. “Соғыс” концептісі градациялық теңеумен берілген жағдайда оқиғаның барынша дамып, өрши түскені көз алдымызға келеді.

1.Сол сәтте өзен өксіп жылағандай,

   Сол сәтте аспан жерге құлағандай,

   Сол сәтте көк ормандар тұра қалды

   Қанды өртте жанып жатқан тірі адамдай.

                                             /“Сол сәтте өзен өксіп жылағандай”, 45/.

                   2. Найзалар соқтығысып қағысқандай

 Жер мен көк бір-біріне жабысқандай.

 Зіркілдеп минометтер ақырады.

  Бұлқынған, бұрқ-сарқ қайнап, арыстандай.

                                      /“Найзалар соқтығысып қағысқандай/, 205/.

Өзеннің өксіп жылағандай болуы, аспанның жерге құлауы мен көк ормандардың қанды өртте тірі адамдай жануы – бәрі “соғыс” концептісін білдіріп тұр. “Соғыс” концептісі күн-түн антонимдік теңеуімен берілген, күн мен түн теңеу образдары қызметін атқарып, қарама-қарсы мәнде жұмсалған. Түнге күннің, күнге түннің образ болуынан күні-түні жалынға оранған соғыс алаңындағы оқиғаның суретін елестетеміз.

            Түндерді көрдім:

            Жанған күндей.

            Күндерді көрдім:

            Қараңғы түндей.

                    /“Түндерді көрдім”, 68/.

Сонымен, С. Мәуленов өлеңдерінде “соғыс” концептісі түрлі қырынан сипатталып, ақынның өзіндік стилдік қолтаңбасын қалыптастырған.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Мәуленов С. Шығармалар жинағы: 3 томдық. Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1982. – Т. 1. – 480 б.

2. Хасанов Ғ .Қ. Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы: ғылыми монография. – Алматы: “Үш қиян”, 2009. – 488 б.