Сейсембай Гүлмира Амангелдіқызы, аға оқытушы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

Медетова Назерке  Капиетоллақызы

Қазақ және орыс филологиясы факультеті,  «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенті, Қазақстан

 

Абай қарасөздері  мен "Қабуснаманың"  үндестігі

 

         "Абайдың қара сөздері - оның ақындық мұраларына қосылған бағалы қазына дейміз. Абайдың өз тұсында болған тарихи шындықпен, қоғамдық құрылыспен, күнделік сан алуан надандық, қанаушылық, озбыр зұлымдық атаулының барлығымен байланысты туған шығармаларды көрдік. Қара сөздердің бағасы - Абай заманындағы жағдайды, тарихтық шындықты өз қалпында бұлжытпай толық танытып береді. Рас, біздің заманымыз үшін Абай сынап, суреттеп отырған ортаның барлық болмысы, барлық дерті және Абайдың сол ортада отырып, күнделік өмірмен байланысты атап отырған мақсаттары, кейбір ұсыныс ойлары- бәрі де ескірген.   

Екінші - Абайдың адамгершілік жөніндегі моральдық өсиеттерін алсақ, олардың ішінде біздің заманға да бағасы зор шындықтары, тәрбиелік ойлары аз емес. Бұл жағы айрықша таратып, талдауды қажет етпейтін түсінікті жайлар"[1,219-220б.] деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өзінің "Монографиялық зерттеу" еңбегінде Абайдың қара сөздерінің алар бағасын айта келіп, қара сөздерінің барлығына дерлік жан- жақты талдау жасаған. Сонымен қатар, Абай мұрасының рухани нәр алған қазыналы көздері жөнінде алғаш рет ғылыми тұрғыда жүйелі пікір қозғап, өз танымын батыл түрде ұсынып дәлелдеген де осы жазушы Мұхтар Әуезов болатын.

Абай оқыған әрі көп мәселеде оның қара сөздерімен қарым-қатысы бар көне деректердің бірі - Шығыс әлеміне ертеден әйгілі Унсурал Моалий Қайқаус бинни Искандар бинни Қабус бинни Сушмагирдің "Қабус- намесі" (кейде оны "Насихат- наме" деп те атайды) деп танимыз.

          "Қабуснама"- 1082- 1083 жылдар ішінде жазылған аса бағалы педагогикалық мәні бар туынды. "Қабуснаманың авторы- Қайқаус Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында мекендейтін Гилан ру-тайпасының ұсақ феодал отбасында (1021- 1022 жылдарда) дүниеге келеді [3,3б.].

       Қайқаус 63 жасында "Қабуснаманы" өзінің ұлы Гиланшахқа арнап жазады.Үгіт- насихат жазушы Искандар ұлы Қабус, Қабус ұлы Бушмагир, Бушмагир ұлы Амир Қайқаус өзінің перзенті Гиланшахқа: "Ей, перзентім, мен қартайдым, тәнімді күн сайын қуатсыздық жайлап келеді, өлім уақыты да жақындап қалды. Тірлікте мәңгі өлмейтіндердің бірі- кітап, оны құртып жіберетіндей құдіретті күш жоқ. Мен өзімнің төрімнен көрім жақын екенін сезіп, өлім жарлығы қолыма тимей тұрған шақта білген ақыл- кеңесімді кітапқа жазғым келді. Әрбір қиын істі жеңіп, соңғы ұрпақтарға үлгі болатындай жақсы атақ қалдыру үшін әрекет жасау жөнінде бірнеше әңгіме баяндаймын, сен ғибрат алғайсың, ал мен аталық парызымды өтейін"[3]-, деп бастайды өзінің өсиетнамасын.

       Ал Абай қарасөз жазудағы мақсатын өзінің бірінші сөзінде былай деп береді: «... Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде - кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» [4].   

     Абайдың қарасөздері мен "Қабуснаманың" құрылысы жағынан  ұқсастықтарын байқауға болады, яғни шығармалар саны бірдей. Негізгі айырмашылық "Қабуснамада" тараулардың тақырыптары берілсе, ал Абайдың қарасөздерінде нақты берілмеген.

      Абай өзінің қарасөздерін тікелей халыққа арнаса, ал Қайқаус өзінің "Қабуснамасын" ұлы Гиланшахқа, ол арқылы бүкіл адамзат баласына арнап жазады. Ол – “Алла тағаланы тану туралы”, “Пайғамбарлардың қасиеті туралы”, “Ата-ананы құрметтеу туралыдан” бастап, өнер, қарттық, жігіттік, нəпсіні тыю, қонақ күту, дүние-мал жию, саятшылық, соғыс өнері, дем алу, дос таңдау, бала тəрбиесі, жаза беру, кешірім жасау, дəрігерлік емдеу, жұлдыздар ғылымы, падишаға қызмет ету, жомарттық туралы т.б. қарапайым тіршілік тынысынан бастап, ел билеу биігіне дейінгі аралықтағы өмір- тəжірибесін, тəлім-тəрбиесін ұрпағына өсиет еткен атаның ұлына арнаған ғибрат сөздер жинағы болып табылады.

      Абай қарасөздерінен  "Қабуснаманың" тағы бір ерекшелігі бірнеше тараулары жоғарыда айтып кеткендей, падишалық және падишаға қызмет етуге арналған, ол тараулары мыналар: "Падишаға қызмет істеу туралы","Падишаға жәрдемші болу туралы", "Падишалықтың шарттары мен әдеті туралы" т.б. Сонымен қатар Қабуснамада этикалық, эстетикалық мәселелер көп қамтылған. Олар: "Шарап ішудің шарттары туралы" "Қонақ күту, қонаққа бару туралы", "Әзіл- күлкі,шахмат, дойбы ойнау тәртібі туралы", "Моншаға бару туралы", "Ұйқы және демалу туралы", "Саятшылық- аң аулау туралы", "Ат үстінде доп ойнау туралы" т.б.

       Екі шығарманың тағы бір ұқсас тұсы- Қабуснаманың сегізінші тарауы мен Абайдың отыз жетінші қарасөзі. Бұл шығармалар түгел афоризмдерден тұрады. Абайда 23 нақыл сөз берілсе, Қабуснамада 38 афоризм қамтылған, бірақ Қабуснамадаға берілген афоризмдер Қайқаустың өзінікі емес Анушированың үгіт- насихаттары. Абайдың нақыл сөздері қазіргі таңда мақал-мәтелге айналып кеткен.

      Абай қарасөздері мен "Қабуснаманың" өзара үндестігін олардың адамгершілік мәселесін кеңінен қамтуынан, сонымен қатар алланың ақ жолын насихаттауынан көреміз. Қайқаус: "Алла тағалам дүниені жаратумен бірге, ризық-несібені қоса жаратты. Алла тағала адамзатты жаратты, оған қажетті заттық игіліктердің алуан түрін пайда қылды... "(14). Абай: "...Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара. Адам екі аяғын тік басып тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты. ...Ол дəлел болса, адам баласын артық көріп, қамын əуелден алланың өзі ойлап жасағанына да дəлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма?"

    “Қабуснамада”: Жақсылықты білмейтін кісіге жақсылық істеу сортаң жерге сепкен ұрық сияқты зая кетеді (6 тарау). “Қарасөзде”: Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады (37-Қарасөз).

      Қайқаус: Жаман істерден, өтіріктен, қанағатсыздықтан ұял: тура сөз, ізгі тілек, жақсы бастамадан ұялма ... қай жерде ұялып, қай жерде ұялмауды білгенің жөн (6-тарау). Абай: ...Шын ұят шариғатқа теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады... (36- Қарасөз).

        Зерттеуші ғалым Жұмағали Ысмағұлов Абай қарасөздері туралы былай дейді: "Абайдың әдеби- шығармашылық мұрасында өлеңдері өрнекті ой тізбегінен өркеш- өркеш болып жарыса бой көтерген құз қия, шыңдардың тұтасқан бір жүйесін құраса, қарасөздері асқаралы алып жартастай өз алдына бір байтақ  әлемді алып жатыр.  Ол - дүниенің небір тылсым құпияларынан шым- шымдап  шындық тартып,  адам тіршілігінің сан сала тәжірибесінен сыр түйгендей  ғажап бір тағылымды ой- пікір әлемі" [5,259 бет]. 

         Қос ғұламаның да көздейтін мақсаттары бір – ғибратты ой айту, жастарға тағылымды тәрбие беру.               

 

Әдебиеттер:

1. Мұхтар Әуезов. Абай Құнанбаев. Алматы. Санат, 1995.

2. Қабуснама. Өзбек тілінен аударған- Т. Айнабеков.- Алматы: Жазушы, 2005.- 160 бет.

3. М.Мырзахметов. Абай және Шығыс. 1994

4. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы. Жазушы, 1995.

5. Ысмағұлов Ж. Абай: Даналық дәрістері- Алматы: «Өнер» баспасы, 2007.- 400 бет.