Ж. Қ.МАДАЛИЕВА - Абай атындағы   ҚазҰПУ әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты

Алматы қаласы, Қазақстан

ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ДІН

Қазіргі кезде әлемдік және отандық қоғамдық ғылымдарда  «мәдениет» ұғымын негіздейтін, оның қырларын зерделейтін көптеген тұжырымдамалар мен көзқарастар қалыптасқан.  Олардың көбі «мәдениет» ұғымына байланысты адамның табиғатқа қатынасына ерекше көңіл бөледі. Адамның табиғатқа қатынасы үнемі мәдениетпен «өңделіп» отырды. «Шынайы мәдениет табиғат пен адамзаттық қоғамның үйлесімді бірлестігінің болуын қарастырады» [1]. Мәдениет адамның тұрмысының іске асуының, оның дамуының факторы болады. Адам бүкіл әлеммен мәдениет арқылы өзара әрекеттеседі.Жеке тұлғаның руханилығы, оның рухани қажеттілігінің мәнін көрсетеді. Адам мәдениетінің руханилығы оның мәдени идентификациясы, өмірдегі мәдениеттілігі. Адамның мәдениеттілігі артқан сайын оның өмірге деген мақсаты, құндылық бағдары, білімі, адамгершілік және өмір құндылығы, өмірде өзін-өзі тануы, және өзін-өзі іске асыруы, өзінің сенімі мен дүниеге көзқарасы, біліктілігі артық, өзін-өзі жетілдіреді.

Әрине адам білімді мәдениетті жетілуде жетекше орын алып, жаңаша, өсіп-өркендеудің басты тірегі болу үшін өзін-өзі білу тиіс. Өйткені бүгінгі күні адамның рухани байлығы мен мәдениетін көтеру заман талабы. Мәдениеті сау елдің, халқы да сау деген сөз осы.

Дін және мәдениеттің өзара байланысы мәселесі бүгінгі күнде де маңызды болып табылады. Мысалы, қазақтың мәдениет зерттеушісі Б.Нұржанов мәдениеттің және діннің басты жағы салт-жоралар деп есептейді. Біз «мәдениеттанушы» маман болғандықтан жан жақты ойлана отырып жаһанданудың тиімді жақтарын да көре білуіміз керек. «Құдайлық ғашықтық арқылы сомдалған шынайы діндарлық пен діни төзімділік (толеранттық) адамды рухани кеңпейілділікке апарады. Діни кеңпейілділік болмаса, адамдар арасында махаббат та, сүю де, өзара сұхбат пен бейбітшілік те болмайды» /2/.

Профессор Т.Ғабитов пен А.Қасымжановтың қазақ рухани мәдениетің зерттеудегі бірнеше кемшіліктерге назар аударады: «Қазақ мәдениеті тарихына кеміте қарау, оның қисындылығын бекерге шығару. Мәдениет тарихын қазіргі уақыт талаптарына сай «қайта жазу», билеуші топ мүдделерімен сәйкестендіру»/3/.

«Бүгінгі таңда біздің елімізде қазақ ұлтының тарихи мұрасы, рухани байлықтары, мәдениеті мен өркениеті, яғни мәдени құндылықтары өз орнына дамыған жоқ... Ділі мен дініміз білімсіз, немқұрайлы қараумен сипатталып, пікірталас болып жатыр. Елімізде түрлі секталар жайлып таралуда»/4/.

Адамзат тарихында дінсіз мәдениет болмаған. Алғашқы қоғамдық құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда болған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан. «Қазақ мәдениеті қайта жаңғыру үшін мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру қажет, оның ішіне философиялық мұралар да кіреді»/5/.

Дін адамдардың іс-әрекеттеріне бірінші дәрежеде ықпал жасайтын құдірет. Дін мәдениеттің негізгі салаларымен шұғылданады да егжей-тегжейде адамға таңдау еркі береді.  Біз мәдени құндылықтарымызды бір-бірімізге тек түсіндіру ғана емес, таратып жеткізуміз керек.Дін – халықты және халықтарды бір-бірімен байланыстыратын, жақындастыратын өте маңызды әлеуметтік құрал болып саналады. Діні жоқ ұлттардың өмір сүру мүмкіншілігі де жоқ.

Негізінде дін адамзатты ізгілікке тәрбиелеп, елді ұйыту негізінде пайда болған. «Дін» – араб тілінен енген сөз. Сөздікте «Бас ию, мойынсұну, әдеттену, басқару, қызмет ету» мағыналарын береді.Дүние жүзi халықтарының ғасырлар бойы қалыптастырған сан қырлы рухани мәдениетiнiң бiр саласы – дiнтану. Дiнтану ғылымы – дiннiң пайда болуы, оның маңызы, мағынасы, адамға әсерi, коғамдағы, тарихтағы, мәдениеттегi орны, мыңдаған жылдар бойы әлемдегi алатын маңызы жайлы мәселелердi зерттеу. Басқаша айтқанда, дiнтанудың мақсаты – дiндi анықтау, түсiну және оның қоғамдық сана есебiнде әлеуметтiк құбылыс екенiн түсiндiру болып табылады.

Адамның рухани тазару дәрежесi көтерiлмесе және дiннен бас тартар болса, қоғам зандылықтары бұзылып, дүние ойран болады. Негізінен мемлекетте қай дін «ресми» дін ретінде мойындалса, мемлекеттік саясат соның ыңғайына құрылады. «Дін - мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық - дәстүрлі діндерінің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық»/6/.

Соңғы жылдары Қазақстан қоғамының саяси-әлеуметтік, экономикалық саласында болып жатқан өзгерістерге байланысты халықтың дәстүрлі мәдениетінде қалыптасқан озық мәселелерді зерттеп, зерделеуге аса назар аударылып отыр. Бұны елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деген Қазақстан халқына арнаған Жолдауы да, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының «жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде, жастардың өз Отанына сүйіспеншілігін, халық дәстүрлеріне құрметін тәрбиелеу» қажет деген жетекші міндеттері де дәлелдейді.

Қазақ халқының дәстүрлі тарихи-мәдениеті де, рухани мұрасы да аса қызығушылық туындатады, өйткені халықтың және халық арасынан шыққан ұлы ғұламалардың дүниетанымдық көзқарастары мен құнды идеяларын дәстүрлі мәдениетті зерттеу арқылы ғана танып білуге болады.Қазақ халқы өзінің ғасырлар бойғы тіршілігінде өзіндік мәдениеті ретінде анықталатын рухани құндылықтарды жасап, жинақтап, шашауын шығармай сақтап келді. Қазақтарға өзіндік генотип, өзіндік биологиялық, әлеуметтік байланыстар, жер бетінде нақты анықталған орнының болуы, кеңістік пен уақыт аралығын түсіну тән. Бұның бәрі болмаса халық кеңістіктен жойылып, бүкіл дүниеден байланысын үзеді.

Қазақтардың санасы мен дүниетанымы мәдениет пен дін өзара тығыз байланысында қалыптасқан. Нақ осы құбылыстардың өзара байланысы нәтижесінде қазақ халқы өзінің тіршілігін жалғастырып, этникалық бет-бейнесін, ұлттық абырой-намысын сақтап қалған.

Қазақ халқының осы өзіндік дүниетанымдық, сана-сезімдік көзқарастары түрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген ұлы ойшылдар мен жыршы-жыраулардың, ағартушы-қоғам қайраткерлерінің шығармашылық  еңбектерінде көрініс алады. Егер, Әбу-Насыр әл-Фараби қоғам дамуының, әлеуметтік өмірдің, этикалық қасиеттердің көптеген мәселелеріне тоқталса, Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» дастанында қарапайым халықтан бастап, түрлі дәрежедегі әлеуметтік топтардың, түрлі кәсіп иелерінің мінез-құлық нормаларының, қоғамда алатын орындарының қандай болуы керектігіне тоқталады.

Қазақтың аузы дуалы жыршы-жыраулар мен шешен-билері болса (Асан қайғы, Шалкиіз, Доспанбет, Жиембет, Марғасқа, Бұқар, Қазтуған, Ақтамберді, Шал жырау, Әнет және т.б.) елге басшылық жасап, ақыл-кеңесші болумен бірге, сол дәуірдегі халықтың ауыр тұрмыс жағдайын, ел мұңын, азаттық үшін болған қанды майдан көрінісін, ерлердің ерлігі мен қаһармандығын, тарих шындығын өз жырларына қосады. Халықты өнегелі сөздерімен, жыр-толғауларымен ынтымағы жарасқан ел болуға, береке-бірлікке, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға шақырады. Қоғамдық өмір сахнасынан көкейкесті ойлар айтып, ел ұйытқысына айналады.

Қазақ даласы ойшылдарының даналық ойларынан нәр алған ғұлама ағартушылар Ш.Уәлиханов, Ы.Атынсарин, А.Құнанбаев та өз еңбектерінде олардың идеяларын әрі қарай ұтымды сабақтастыра білді.

Ш.Уәлиханов өзі жинаған ауызекі шығармашылығы арқылы халықтың арман-тілегін, тұрмыс-қарекетін, көзқарасын, дүниетанымын баяндады, халық арасында ұмытылып бара жатқан мәдени дәстүрлерге (поэтикалық, музыкалық, сәндік-қолданбалы өнер және т.б.) көңіл аударып, оны халықтың бала тәрбиесіндегі жетекші құралы деп қабылдады.

Халықтық принцип Ы.Алтынсаринніңде шығармашылығы мен ағартушылық қызметінің қызыл өзегі болды. Ол өзінің оқулықтарында, оқу-тәрбие процесінде халықтың поэтикалық ауызекі шығармашылығын (мақал-мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, эпос және т.б.), ән-күйлерін, ұлттық ойындарды, салт-дәстүрлерді, қол өнерді кең көлемде пайдаланды. Әсіресе, халықтың шешендік сөз өнеріне аса мән берді. Ата-бабалардың ежелден тіл, сөз, сөйлеу мәдениетіне ерекше көңіл бөлгенін ескерте отырып, балаларды осы өнерді қадірлеуге, түсіне білуге үйретті, тұжырымды нақты, көркем, бейнелі сөйлеуге машықтандырды.

Халық қайнарынан бастау алған ұлы А.Құнанбаев та тағылымды даналық ой-пікірлерді өзінің поэмалары мен қара сөздеріне арқау ете білді. Мақалдардың тәрбиелік мәнін (адамгершілік, ынтымақтастық, әділдік, гумандық және т.б.) халықтың өмірімен тығыз байланыстыра отырып, қоғамдық мәні тұрғысынан, өзінің тарихқа, этикаға, дінге, дүниетанымға деген көзқарасы тұрғысынан бағалады.

Халық даналығы мен осындай сабақтастықта берілетін демократиялық идеялар қоғам қайраткерлері, «Алаштың» ардақты азаматтарының шығармашылығында да кең өріс алады. Қазақ азаматтары ана тілінің, сөз өнерінің рухани күш-қуатын таныту жолында халық ауыз әдебиетіне жүгінеді. Сөз өнері мен тілдің сауаттылығы адамның рухани дамуымен, адам санасының үш негізімен, ақыл, қиял, көңілімен байланысты деп ой тұжырымдайды. Сөйтіп, кейінгі жастарға туған тілдің табиғи өзіндік ерекшелігін айқындап танытуды, аталы сөздің құдірет күшін жеткізуді, ұлттық мәдени-рухани күштің осы халық тілінде екендігін санаға ұялатуды көздейді.

Жоғарыда айтылғанның бәрі ұлы ойшылдар мен жыршы-жыраулардың, ағартушылар мен қоғам қайраткерлерінің халықтың дәстүрлі мәдениетін аса жоғары бағалағанын, оның мүмкіндіктері мен мәндік мағынасын жетік түсініп меңгергенін дәлелдейді. Қазақ халқының көрнекті ойшылдары мен ағартушылары әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрім, Ы. Алтынсарин діннің адамның ішкі дүниесінің мәнін түсінудегі, қоршаған табиғи және қоғамдық ортамен оның үйлесімді дамуындағы  гуманистік және рухани-адамгершілік мағынасын ашып берді. Сондықтан қазақ деген сөзде мәрттік, жомарттық, адалдық, сабыр мен төзім, ұят пен ар, ынсап пен қанағат, тұрақтылық пен қайсарлық болатын. Қысқартып айтқанда барлық рухани қасиет қазақтың бойынан табылатын деген қорытындыға келеміз.

Қазіргі замандағы халықаралық саяси қатынастар дінаралық өзара түсіністікке көп байланысты. Сол себепті толеранттық тәрбие адамзаттың күн тәртібінен ешқашанда түскен емес. Бірақ басқаға деген құрмет пен сыйластықтың іргестасына рухани ілім қалануы керек. Сонда ғана төзімділік кемел, сыйластық берік болады. Бізге рухты сауықтыратын, кемел келешекке жетелейтін діни толеранттық қана керек.

Сонымен XXI ғасырда мәдениет ұғымының өзі өзгеріске ұшыраған. Қазақстан Республикасының ішкі саясат концепциясындағы басты мәселенің бірі – ұлтты жаңашаландыру, яғни, модернизациялау. Ұлтты модернизациялау үшін біз мәдениет мәселелерін жоғары деңгейде көтеруіміз керек. Өйткені, әрбір елдің саяси жүйесі халықтың мәдени құндылықтары мен салт-дәстүріне, сондай-ақ, жалпы елдің мәдени деңгейіне байланысты болады. Сонымен бірге, XXI ғасырда елдің мәдениетінің тереңдігімен және мәдениетінің дамуына байланысты болады. Бұл жердегі басты мәселе – жалпы қазақ мәдениетін халықаралық деңгейге шығаратындай тетіктер жасақтау. Біздің пайымдауымызша, рухани құндылықтар жалпы құндылықтар жүйесінің шыңы, биігі, қаймағы, түпнегізі болғандықтан тарихи үдерістің тұтастығын, бірлігін, сабақтастығын қамтамасыз ететін ерекше рухани күш, фактор. Олар - адамдардың ұлтына, дініне, нәсіліне, жасына, мамандығына, өмір сүрген тарихи кезеңіне, мемлекеттегі саяси билікке қатынасына қарамай, адами негіздердің әлеуметтік кеңістік пен уақыттағы жаршысы, жетекшісі, рухани дамудағы реттеушісі, әрқашанда болашақ көкжиегін белгілейтін шамшырағы. Заман талабына сай ұлттық рухани құндылықтар әсерінің ұлғаюына сәйкес, түрлі ғылым салаларында да зерттеулер саны көбейе түсті, құндылықтарға деген қызығушылықты жандандыру әрекеттері кең етек алуда. Алайда, дін мен рухани ұлттық құндылықтар аясындағы жаһанданудың маңызы мен көріністерін анықтау, осыған байланысты әдіснамалық мәселелерді қарастыру, жаһандану үдерісіндегі исламның орны мен рөлін анықтау жағдайы, әлі де болса, отандық ғылыммен қатар шетелдік ғылымда да белгілі бір дәрежеде ғылыми зерттеулерде көрініс тапқан жоқ. Дегенмен, осы мәселелерді зерттеу, әлемдік діндер арасындағы ахуал мен өзара қатынастар жағдайына, XXI ғасырдағы әлемдік қауымдастықтарды дамытудың басты бағыттарын анықтауға байланысты маңызы күшейе түсті.

Қорыта айтқанда, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, бұрын қағажу көрген тілімізді, өнерімізді, ұмыт бола бастаған саят-дәстүрлерімізді жалпы мәдениетіміздің даму деңгейін көтеріп, қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік туды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қоғам мүшелерінің қайта дінге бет бұру процесі қарқынды жүрді. Бұл жақсы. Бірақ қазақтың салт-дәстүрін, тілін жатырқамайтын дәстүрлі діннен адаспау керек.

 

1.     Жидков В. Культура как «генетический код человечества»// Общество и экономика, 2001, №9

2.     Кенжетай Д. Иасауи хикметі – дін және ұлтаралық татулықтың кені//Человек и мир – Алматы, 2010 – 352с. – с.139-143

3.     Бірінші Қасымжанов оқулары. Халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 2003 – 466б. -21б.

4.     Абирова Б.И.Нурманова Ш. Ұлттық құндылықтар және салт-дәстүрлерге жаңаша қарау// Человек и мир – Алматы, 2010 – 352с. – с.139-143

5.     О философской школе Казахстана / сост. А.Х.Касымжанов – Алматы: Қазақ университеті, 1999ж. – 227с. – с.105

6.     Әбдіраманов Ж. Ақпарат көзі: http://muftyat.kz/1155-memleket-t1201tasty1171yna-d1241st1199rli-emes.html