ТРЕНИНГ- КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІС  РЕТІНДЕ

Ж.Ж.Картбаева –

педагогика ғылымдарының кандидаты

                                               Ж.О.Оразова – аға оқытушы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті

Қазақстан Республикасы

 

ХХ ғасырдың екінші жарытсынан бастап психологияның қолданбалы және тәжірибелік салаларында «тренинг» түсінігі пайда болды және кеңінен қолданыла бастады. Қазіргі таңда «тренинг» түсінігінің нақты бір анықтамасы болмағанмен, бұл әртүрлі іс-әрекеттердің, әдіс-тәсілдер мен құралдардың ортақ термині ретінде кеңінен пайдаланылуда.

Тренинг – бұл, тұлғаның қарым-қатынас стилінің үйлесімділігіне, оны өзгертуге және басқалармен қарым-қатынастағы қарама-қайшылықтарын, тұлғаның ішкі қарама-қайшылығын шешуге бағытталған эмоционалдық  тұрғыдан қанық, жарқын өткізілетін сабақ.

Тренинг жеке адамға басқаларды, қоршаған ортаны тануға көмектесіп, оны түсінуге, өз ойын ашық айтуға, ішкі күйзелісін жеңуге, оны басқамен бөлісуге, өзіне деген сенімділігін арттырып, өзін-өзі түсінуге, өз бойындағы басқада қасиеттерді көруге мүмкіндік береді және тұлғаның өзін-өзі бақылауына, байқағыштыққа баулиды.

Тренинг терминін ғылыми қолданысқа М.Форверг енгізді. Ол тренингті оқытудың бір формасы ретінде ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты, балалар мен ата-аналарының арасындағы қарым-қатынасты реттеуге пайдаланған.

Ю.Н.Емельянов тренингке іс-әрекеттің кез-келген қиын түрін игеру мен оқыту қабілеттілігін дамыту әдістерінің топтамасы деген анықтама береді. Ресейлік психолог Л.А.Петровская әлеуметтік-психологиялық тренингті «өзара қатынастағы білімді, әлеуметтік белгілеулерді, қабілеттілік пен тәжірибені дамытуға бағытталған әсер ету құралы», ретінде қарастырады.

К.Левин жеке адамдарды топ арқылы өзгертудің мүмкіндігінің үстемділігін ескере отырып, оған психологиялық әсер етудің тәжірибелерін өз еңбектерінде қарастырған.

Тренингтік топтардың жетіліп, дамуы К.Левин есімімен тығыз байланысты. Ол 1933 жылдан бастап АҚШ-та топтық динамика, әлеуметтік әрекет және басқа да топтық феномендер мәселелерін шешумен айналысқан. Осыған қатысты К.Левин өріс теориясын индивидтің мінез-құлқын анықтайтын бірлескен және байланысқан факторлар жиынтығын құрайды. Бұл факторлар жиынтығы жеке адамды, оның ортасын қамтып, бір психологиялық өріс болады.  Сонымен қатар, «топтық динамика» ұғымын да алғаш қолданысқа енгізген К.Левин болатын. Ол тренингтік топ әдісін коррекция, терапия жүргізудегі ең тиімді деп есептеді.

Соңғы кездері дамыту, коррекциялау тәжірибесінде аса тиімді психологиялық әдістердің негізінде пайда болып, синтетикалық, кейде өзіндік бағыты бар тренингтік жұмыстардың жаңа модификациясы қолданылуда. Ата-ана мінез құлқы, жанұялық, қорғану, қауіпсіздік т.б. қарым-қатынасқа негізделген арнайы тренингтерді тиімді ұйымдастыру принциптері мен әдіс-тәсілдері белгілі. Тренинг әдістері алғашқы кезеңде ересектерге ғана арналса, қазіргі кезеңде мектеп жасына дейінгі балалардан бастап, зейнеткерлерге дейін қолдану мүмкіндіктері бар.

Л.А.Петровская, А.Г.Ковалев, Т.С.Яценко және басқалардың еңбектерінде басты тренингтік әдістерге топтық пікірталастар мен рольдік ойындарды жатқызады. Ю.Н.Емельянов психофизикалық жаттығуларға вербалды емес өзара әрекеттесуді жатқызса, И.В.Вачков басты тренингтік әдістерге медиативтік және суггестивтік техникаларды жатқызады.

И.В. Вачков әлеуметтік-психологиялық тренингтерде топтық пікірталас тікелей қарым-қатынас процесінде топ мүшелерінің көзқарасын, бағыт-бағдарын, позициясын  анықтауға, зерттеуге мүмкіндік беретіндігін атап көрсеткен. 

К.Роджерс топ-анализ сияқты топтық жұмыстарды психотехникалық құрал ретінде қолданады. Тренингтік бағыттардың қайсысында болмасын ойын әдістері маңызды орынға ие, олар: ситуациялық, рөлдік, дидактикалық, шығармашылық, ұйымдастырушылық-әрекеттестік, имитациялық іскерлік ойындар. Бұл жерде ойын гештальттік теориялардың негізіндегі психотерапиялық әдіс ретінде қолданылады. Мысалы, психодрамма, трансактілі талдау диструктивті ойын ретінде қарастырылады.

Жоғарыда ғалымдардың пікірлерін негізге ала отырып,  психологиялық тренинг әр адамның өзін-өзі көрсете алуына, өзін-өзі бағалауының жоғарылауына, өзін-өзі түсінуіне, басқаларды түсінуіне, өз ойын толық жеткізе білуге, ашық айтуға мүмкіндік береді деген қорытынды жасауға болады.

Қазіргі кезеңде тренинг термині әр түрлі теориялық қағидаларға негізделген кең мағынада қолданылады. Тренинг терминінің нақты, біртекті, ғылыми анықтамасы жоқ. Тренингтер төмендегідей бағыттарда қарастырылады:

-                     өзін-өзі реттеу дағыларын дамытуға бағытталған тренингтер;

-                     оқыту тренингі

-                     өзін тану   тренингі;

-                     әлеуметтік психологиялық тренингтер   және т.б.

Өзін-өзі реттеу дағдыларын дамытуға бағытталған тренингтерге мыналар жатады:   түрлі нұсқадағы аутогенді жаттығулар, биологиялық кері байланыс тренингі. Аталған әдістер тұлғаның бақылау қабілеттерін дамытуға және физиологиялық қызметтерін басқаруға, эмоционалдық күйін көтеруге, психологиялық қозуды төмендетуге бағытталған.

Оқыту тренингі. Оқыту тренингтері бірінші кезекте кәсіпке қажетті дағыдаларды жетілдірудегі маңызды фактор болып табылатын қарым-қатынас тиімділігіне бағытталған топтар жиынтығынан тұрады. Мұндай тренингтердің бағдарламасы нақты топтың тапсырысы бойынша құрылады. Мысалы, психотерапевтер үшін зертханалық тренингтер емделушімен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыруға бағытталады, профессионалдар үшін әдістемелік тренингтер тақырыптық тренинг  болуы мүмкін, яғни келіс сөз жүргізу дағдыларын жетілдіруге, қалыптастыруға бағытталған тренинг, басқару іскерлігіне бағытталған тренингтер т.б.

Тренингтердің әртүрлілігі мен теориялық айырмашылықтарына қарамастан оның негізгі тәсілдерін немесе процедураларын атап өтуге болады: рөлдік ойындар мен топтық дискуссияның негізгі әдістемелік тәсілдерін вербальды емес әр түрлі коммуникациялық жаттығулар нұсқаларымен толықтыру, сөздік қорын байытуға бағытталған жаттығулар және т.б.

Психотерапияда, психокоррекцияда, қолданбалы психологияда тренинг ұғымының мағынасы кеңеюмен байланысты оның тиімділігі де әр түрлі бағытта қарастырылады.

Өзін таныту тренингі. Бұл мінез-құлықтық психотерапия әдістерінің бірі, өзіне деген сенімділікті арттыру тренингтеріне жақын келеді және Сэлтердің (Salter A.) шартты-рефлексторлық терапия негізінде пайда болған. Автор тұлға бойындағы өзіне деген сенімсіздік, өзін-өзі тежеу – бұл оқыту, үйрету процесінде оларды келеңсіз мінез-құлықтары үшін жазалауда пайда болады деген болжам жасаған. Өзіне деген сенімділік – бұл адамның өз ниетін, қажеттілігін, махабатын, наразылығын, ашуын білдіре алу мен сын айта білу білігі. Тұлға бойындағы сенімділікті қалыптастуры үшін мыналар ұсынылады:

1)                өзін сенімсіз сезінетін және көңілінде қорқыныш сезімін ұялататын әлеуметтік жағдаяттар тізімін жасау;

2)                сенімсіздік тудыратын жағдаяттарды қиындық дәрежесіне сәйкес бөліп, оларды шешуге негіз болатын жолдарын, нұсқаларын қарастыру;

3)                әрбір жағдаят бойынша өзін сенімді ұстауға, қорқынышты жоюға негіз болатын альтернативті мінез-құлық реакцияларын анықтау;

4)                өзіне сенімділікті ұялататын мінез-құлықтарды бойында қалыптастыруға жаттығу;

5)                мінез-құлқындағы өзгерістерді қиындық дәрежесіне сай рөл таңдап басқа  адаммен бірге немесе айна алдында жаттығу, өз бойында қалыптастыруға тырысу;

6)                әлеуметтік контактіде үрей мен қорқынышты жеңуге бағытталған эпизодтарды және оны шешу жолдарын қарастырып, тәжірибеде қолданып, өз бойына қалыптастыру, бекіту.

Өзін таныту тренингі көбіне невроз, психопатияға шалдыққан науқастарды емдеуге, мінез-құлқында түрлі кемшіліктері бар жасөспірімдерге жүргізіледі.

Әлеуметтік–психологиялық тренинг – қарым-қатынас жасау құзырлығын дамыту мақсатында топтық психологиялық жұмыстың белсенді әдістерін қолдануға бағытталған және тәжірибелік психология аймағында кеңінен қолданылады. 

Әлеуметтік–психологиялық тренингтің мақсаты келесі міндеттер арқылы нақтыланады:

1)                психологиялық білімді игеру;

2)                қарым-қатынас жасауға қажетті білік пен дағдыны қалыптастыру;

3)                сәтті қарым-қатынас жасауға қажетті дағдыларды қалыптастыру, дамыту, түзету;

4)                басқаны және өзін тану қабілетін дамыту;

5)                тұлғаға қарым-қатынас жасау жүйесін дамыту.

Әлеуметтік–психологиялық тренингке қатысушылар тығыз қарым-қатынасқа түсуді қажет ететін мамандық иелері мен басқа адамдармен қатынасқа түсуде қиналатындар.

Әлеуметтік–психологиялық тренинг қатысушылардың ашық кері байланысқа түсе алатындай бойында сенімділікті ұялатуға бағытталады. Топта сенімділікті ұялату сабақты ерекше формада өткізуді талап етеді. Тренинг алға қойған мақсатына жету үшін жүргізуші топтың жоғары деңгейде дамыту шарттарын белгілеуі тиіс. Сабақтарды ұйымдастыру келесі қағидаларға сүйенеді:

1)                қатысушылардың белсенділік қағидасы – сабақ барысында топ мүшелері әрдайым түрлі әрекеттерге қатысады: қатысушылардың өздері ұсынған жағдаяттарды рөлдерге бөліп орындау және оны талқылау;

2)                зерттеушілік позициясы қағидасы – тренинг барысында топпен жұмыс жасауда жағдаяттар ұсынып, адамдар арасындағы өзара әрекеттестікті және қарым-қатынастың психологияда белгілі заңдылықтарына сәйкес оны шешу жолдарын өзбеттерінше іздестіру;

3)                серіктестік қатынас қағидасы – тұлғаның құндылығын, ойын, қызығушылығын мойындау, шешім қабылдауда қатысушылардың қызығушылығын мүмкіндігінше ескеру.

      Жоғарыда аталған тренинг түрлеріне  ортақ ережелер бар.Тренинг ережесі - қатысушылар өзара жасайтын келісімдер.

1)   Осы тренингте ынтымақтастықты қалайша жүргіземіз? Бұл ережелердің кейбірі тренинг өткізу тәжірибесіне және оқыту теорияларының принциптеріне негізделеді.

2)   "Біз" орнына "Мен". Бірінші жақта сөйлеу: "Мен .... деп санаймын", "Мен .... келіспеймін".

3)   Жеке жауапкершілік. Өз ісіне, таңдауына жауапкершілік.

4)   Өз пікірін айту. Өзінің жеке қабылдауы туралы айту.

5)   Жалпылаудан аулақ болу. Өз тәжірибесіне сүйену, жалпыламау.

6)   Өз интерпретациясын тексеру.  Өз интерпретациясын бақылап отыру.

7)    Кедергілер туралы белгі беру. Тренинг кезіндегі пайда болған қиындықтар туралы айтып отыру.

Тренинг ережесін қабырғаға іліп қойып, қажет болған жағдайларда назар аударып отыру қажет. Топ бұл ережелерді қажетті жағдайларда өзгертуге, толықтыруға болатындығын түсінуі керек.

Егер алдыңызда қандайда бір нақты тренингті өткізу жоспарланып тұрса, дайындық барысында оқу үдерісіне әсер ететін барынша көп факторларды ескеруге тырысқан жөн. Тренингті жоспарлаудың екі түрі бар: схемалық, нақтылай.

Схемалық жоспарлау - алдымен тренингке әсер ететін барлық факторлар туралы мәлімет жинақтау. Бұл мәліметтер төмендегі сұрақтардың көмегімен жүйеленеді:

Кім? Не? Неге? Не үшін? Қашан? Қайда? Ненің көмегімен? Нені? Қалай? Не үйренеміз?

Бұл сұрақты одан әрі жетілдіру үшін сұрақтарды нақтылай түсеміз:

Кім? Тренингке кімдер қатысады? Қатысушылар туралы Сізде қандай мәліметтер бар (жасы, лауазымы, аймақ)?

Қатысушылар тренингтен не күтеді?

Не? Тренинг тақырыбы нені білдіреді?

Бұл тренинг туралы қатысушылардың ұғымы?

Олардың тақырыпқа қатынасы?

Неге? Бұл тақырып неге таңдап алынды?

Білім беру саясатының жалпы міндеттерімен байланысы?

Не үшін? Тренинг тақырыбының қатысушылардың практикалық әрекетіне қатысы?

Оларға бұл тақырып не үшін керек?

Қашан? Тренинг қашан болады?

Сіз үшін немесе қатысушылар үшін тренингтің өткізілу уақытының ерекше маңызы бар ма?

Қайда? Тренинг қайда өткізіледі?

Қатысушыларға тренинг өтетін жер таныс па?

Тренинг өткізілетін бөлме қандай?

Бөлменің сыртқы түрін өзгерте аласыз бы?

Ненің көмегімен? Сізде қандай оқу жадығаттары бар?

Нені? Қалай дайындау керек?

Қалай? Сіз жұмысыңызда қандай әдістер қолданасыз?

Тренингті жалғыз немесе командамен өткізесіз бе?

   Бұл тек кейбір сұрақтар ғана. Тізімді өзіңіз де оңай жалғастыра аласыз. Осы сұрақтармен айналыса отырып, тренингтің нақты дидактикасын жасайсыз.

Әрбір сұраққа екі көзқараста жауап беру керек:

1. Тренингке қатысушылардың көзқарасы.Тренингке қатысушылардың роліне кіріп көріңіз. Қандай сезімді бастан кешірдіңіз?

2. Тренинг жетекшісінің көзқарасы. Осы сұрақтарға өзіңіздің қатысыңыз қандай? Сізде қандай сезімдер туғызады?

Схемалық жоспарлау дайын болған кезде нақтылап жоспарлауға кірісе аласыз.

Тренингтің жекелеген бөліктері бойынша (оқу блоктары) әзірлікті мына жоспарлар бойынша жүргізуге болады:

Тақырыбы. Осы бөліктің тақырыбының атауы?

Оқу мақсаты. Тренинг бөлігінің мақсаты?

Әдісі. Қандай әдістерді қолданасыз?

Оқу жадығаттарын. Қандай оқу жадығаттарын қолданғыңыз келеді?

Уақыты. Оқу блогы қанша уақытқа созылады?

Неғұрлым нақтырақ жоспарлағыңыз келсе, осы сұрақтарға соғұрлым дәлірек жауап беруіңіз керек. Тақырыптар мен оқу мақсаттарын, әдістерді таңдауды, уақыт аралықтарын анықтауды барынша нақтылай анықтаңыз.

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологий. 2 том.- М,. АНСССР., 1989г.

2. Выготский Л.С. Избранные психологические исследования. Москва, 1956г.

3. Леонтьев А.Н. Деятельность. Сознание. Личность. -М.: Просвещение, 1975.

4. Хайдаров Ж.С. Теория и практика организации игровой деятельности студентов в учебном процессе. Дис. канд.пед. наук. -Алматы: КазПИ,  1982г.

5.Абулханова, Славская К.А. Развитие личности в процессе жизнедеятельности. В кн. Психология формирования и развития личности,  1981г.

6. Танирбергенова А.Ш. Мамандану практикумы. –Астана, 2014. 186 б.

7. Tanirbergenova A.Sh., Kartbaeva Zh.Zh., Akhtanova S.K. Concerning a Problem of Communication Postulates Inadequacy and Psychological Failures in a Process of  Intercultural Communication. Life  Sci  J. 2014;11(4s):185-192] (ISSN:1097-8135). http://www.lifesciencesite.com. 28