Физическая культура и спорт 2.Развитие физической культуры и спорта в современных условиях.

Кулейменов А.Ж., Кулейменова Л.М.

Е.А.Бөкетов атындағы қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан

 

ОҚУШЫЛАРҒА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Тәлім – тәрбие адамзат қауымында ең ерте дамыған педагогикалық іс-әрекеттердің бірі деуге болады. Ол қоғамның белгілі бір дәрежеде дамуына байланысты қалыптасқан тұрмыс тәжірибелерін өсіп келе жатқан жас буындарға жеткізу, сол арқылы олардың ішкі жан-дүниесі мен сыртқы сипатына ықпал ету мақсатында алдымен стихиялы түрде, кейін келе арнайы ұйымдастырылған жұмыстар жүйесі ретінде жүзеге асырылды.

Жоғарыдағы ғалымдардың патриоттық тәрбиеге берген анықтамаларын зерделегенде, патриоттық тәрбие – конституциялық және құқықтық нормаларды, патриоттық идеяларды насихаттау, туған елге, салт-дәстүрге, тілге деген құрметті, Отан алдындағы парыз, сүйіспеншілік, адалдық, мақтаныш сезімін қалыптастыру, мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен бірлігін сақтауға, Отанды қорғауға дайын тұру”, - деп қорытынды жасай келе, бүгінгі ХХI ғасыр жастарын ана тілімізді құрметтеуге, мемлекеттік рәміздерімізді жастайынан мақтаныш тұтуға тәрбиелеу, Отанына деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру екенін көреміз [1].

Патриоттық тәрбие адамгершілік тәрбиенің негізгі бір бағыты болып саналса, ал патриоттық тәрбие – әскери, әскери-патриоттық, ерлік, жауынгерлік,  ұлтаралық қатынас, интернационалдық тұрғыда қамтылады:

әскери тәрбие – әскери тәрбие жұмысында жауынгерді, офицерлерді жоғарғы саяси саналық, өз Отанына шексіз берілгендік рухында баулу, жүктелген міндетті тыңғылықты орындауға, адалдыққа, қырағылыққа, соғыс қимылдарына әзір тұруға, әскери қызметте батыл да табанды болуға тәрбиелеу;

әскери-патриоттық тәрбие – жастардың Отан қорғауға әзірлігін нығайтып, патриоттық сана-сезімін қалыптастыратын тәрбиенің бір саласы. Әскери- патриоттық тәрбие арқылы жастар Отанымыздың намысын, бостандығын, тәуелсіздігін қорғауға үйреніп, қарулы күштердің даңқты жауынгерлік дәстүрлерін алға апаруға даярланады;

интернационалдық тәрбие – (лат.іnter -  между, natіo - парыз) қазіргі заман жастарының халықтар достығы және басқа ұлттар еңбекшілеріне деген құрмет сезімін дамытып, қалыптастыратын үздіксіз тәрбиенің басты салаларының бірі;

ерлік тәрбиесі дегеніміз – ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрі негізінде оқушылардың ерік-жігерін, табандылық, батылдық қасиеттерімен бірге ұлттық сана, парыз, намысты қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бүгінгі күн тұрғысынан алып қарайтын болсақ, егемен еліміздің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың санасына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты ендіру.

Көне түркілер, көшпенділер тарихына, халқымыздың ерлік және жауынгерлік дәстүріне шолу жасағанда ерлік қасиеті әрбір жауынгерге тән болғанын көреміз. Әрбір жауынгерден батылдық, табандылық қасиеттерді талап еткен;

Жауынгерлік тәрбие – қазақ халқының көшпелі тіршілігіне байланысты – тұтас қазақ қолының жауынгерлік сипаттағы әзірлігін үзбей ұстауы, елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғауға дайын тұруды қамтамасыз ету. Қазір әскери тәрбие мағынасында беріледі. “Әскери тәрбие - әскери тәрбие жұмысында жауынгерлерді, офицерлерді жоғары саяси саналылық, өз Отанына шексіз берілгендік рухында баулу, жүктелген міндетті тыңғылықты орындауға, адалдыққа, қырағылыққа, соғыс қимылдарына әзір тұруға, батыл да табанды, әскери қызметтің ауыртпалығына төзімді болуға даярлау, өзара жолдастық көмек көрсетуге тәрбиелеуде жүзеге асырылады”.

Жоғарыда көрсетілген патриоттық тәрбие, патриоттық тәрбиенің негізгі бағыттары – бүгін ХХІ ғасырдағы жастардың бойындағы патриоттық құндылықтарды қалыптастыру көзделеді.  Тұлғаның бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруда  тәуелсіз Қазақстанның білім  және тәрбие беру құжаттарында негізгі  ала отырып, тұжырымдамалық теориялық негізін айқындауға мүмкіндік болды [2] .

Құндылық  ұғымы философиядағы, қоғамтанудағы және педагогикадағы негізгі құбылыстардың бірі болып табылады. Мәселен, философияда құндылық қоршаған дүниедегі объектілердің әлеуметтік ерекшеліктерін, олардың адам мен қоғам үшін, қоғамдық өмір мен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнін (игілік, жақсылық пен жаманшылық, әсем және көріксіздік) түсіндіру үшін қолданылады.  Мәдени-тарихи тәжірибе дәлелдегендей, жалпыәлемдік құндылық болып саналатын: қайырымдылық, сүйіспеншілік, еркінділік дегендерді педагогикада адамгершілік өлшемдердің көрсеткіші деп санайды.

Тәрбиенің негізі болып саналатын жалпыәлемдік құндылықтардың бірі – тәрбиенің басқа адамға деген қажеттілігі, басқа адамдарды сүйе білу қажеттілігі болып табылады. Әр адамның тағдыры әрқашан әлемдік дүниемен, адамдармен, ұжыммен байланысты. Сондықтан демократияландыру, адамның құқығы мен бостандығын сақтау жағдайларында ұжымдағы қарым-қатынас мәселелері бұл күнде ерекше маңызға ие болуда.

Оқу орындарында ізгілікті орта, сенімділік пен қызметтестік, ұстаздар мен мектеп оқушыларының  бірлескен шығармашылық ізденістерінің болуы – сабақтан тыс жұмыстардың тиімділігін арттырудың басты шарттарының бірі. Мектеп оқушыларының  тәрбиелеу – оның тұлғалық сапалары мен қасиеттерін, қабілеттерін дамыту оқу мекемесінің басты міндеті болуы керек. Қазіргі кезде жаңа оқу технологиясына өтуге байланысты, оқу үрдісін қайта құру мәселелерін  шешуде оқушы жастарға тәрбие беру мәселесіне тиісті дәрежеде мән беріп келеді. Айталық кейінгі кезде жарық көрген  жоғары мектеп және орта мектеп, тұжырымдамаларында  жастарға тәрбие беру туралы ереже белгіленген. Ал, біз жоғарыда келтірген ғалымдардың еңбектеріне мән беріп қарасақ тәрбие жұмысы оқу үрдісінің жалғасы іспетті сабақ үстінде алған білім, біліктерін тереңдету, таңдап алған мамандығына тән қабілеттері мен қасиеттерін дамытып қалыптастыруды көздеуі керек [3].

Біздің пайымдауымыз бойынша орта білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысы –мектеп оқушыларының  тұлға ретінде қалыптасуына, өз басындағы кейбір мәселелерді шешу мүмкіндігі дамыған, ішкі күш қуатын жұмылдырып болашақ мамандығының қыр - сырын меңгеруге бағыттауына, шығармашылық әлеуетін арттыруына көмектесетіндей педагогикалық тәрбиелік мәні жағынан ерекшеленуі керек. Бұның басты шарттары мыналар болуы тиіс деп санаймыз:

-                        тәрбие жұмыстарының мазмұнында патриоттық тәрбиенің орны оқушы тұлғасы үшін маңызды проблемаларды айқындап, оны шешуге ұмтылу барысында оның ішкі дүниесі жаңғырып, жаңа мәліметтер мен толығып, қабілеттері мен қасиеттерінің мүмкіндіктерінің ашылуына, өз мүмкіндіктерін пайымдауына шарт түзуі;

- тәрбие жұмыстары оқушылардың өзіндік “мен” тұжырымына сай, ішкі сезімін, ой - пікіріне байланысты ұстауға тәрбиелеу арқылы психологиялық қысылудан құтқарып, өз бойындағы мүмкіндіктерін толық пайдаланып көруіне шарт түзуі;

-ұстаздар тарапынан қойылған талаптар, басқару және ұйымдастыру шараларын, осыған орай берілген тапсырмаларды орындауды өз міндеті ретінде қабылдап, оларды орындауға құлшынысы, былайша айтқанда бағына білуі және басқаруға көніп іс - әрекетке кірісуіне шарт түзу;

Қорыта келгенде, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан жауынгерлік және ерлік дәстүрлері арқылы тәрбие беру оқушылар бойындағы патиоттық тәрбие, ұлттық сана-сезімді, намысты, парызды қалыптастырумен қатар егемен еліміздің тәуелсіздігін, ынтымағын, бірлігін сақтап қалатын азамат тәрбиелеуге мүмкіндік зор екені анықталды.

Әдебиеттер:

1.                     Жұмабаев М.  Педагогика. – Алматы:  1992. – 278

2.                     Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. – Алматы: Білім,  2003. - 280 б.

3. Тәжібаев Т.  Психология. – Алматы: 1993.  – 455 б.