Э.ғ.к Джрауова К.С
Қорқыт Ата
атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан
МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ
САЛЫҚТЫҚ ЖОСПАРЛАУ МЕН БОЛЖАУ
Мемлекеттік салықтық
жоспарлау- салық функцияларын орындау, салық потенциалы
шеңберінде бюджет жүйесіне салық түсімдерінің
максималды мүмкін болатын көлемін қамтамасыз етуге
бағытталған экономикалық негізделген салықтық
параметрлерді анықтаудың және басқарудың тиісті
мемлекеттік органдардың шешімдерінің нысандары мен
әдістерінің жиынтығы.
Мемлекеттік
салықтық жоспарлау мемлекеттің салық саясатының
негізіне салынған. Мемлекеттік салықтық жоспарлау мен
болжаудың негізгі мақсаты – бюджеттік тапсырмалардың
және мемлекет жүргізіп жатқан экономикалық және
әлеуметтік даму бағдарламаларының экономикалық негізді
орындалуын қамтамасыз ету. Сондай ақ, салық
түсімдерінің жоспарлы мөлшерін белгілеу ғылыми
негізделген болу керек. Бұл жерде салықтар бойынша
бюджеттердің орындалуы салық тактикасына жатқызылса,
белгіленген салық концепциясына сәйкес мемлекеттік ұзақ
мерзімді бағдарламалардың жүзеге асырылуы- салық
стратегиясына жатқызылады.
Мемлекеттік
салықтық жоспарлау міндеттеріне мыналар жатқызылады:
-
құқық аясын және
салық заңдылығын қалыптастыру;
-
әлеуметтік-экономикалық жағдайды,
жиынтық салық ауыртпалығын, қолданыстағы
салық жеңілдіктерін есепке ала отырып, оңтайлы салық
жүйесін қалыптастыру;
-
бюджеттердің барлық деңгейлерінің
тепе-теңдігін қамтамасыз ету;
-
мемлекет экономикасындағы резервтерді табу
және жұмылдыру;
-
салық түсімдерінің
тұрақтылығын қамтамасыз ету;
-
белгілі бір аймақтың салықтық
мүмкіндіктерін анықтау;
-
бюджеттердің барлық деңгейлерінің
алдағы қаржы жылы мен орта мерзімге салықтық
болжамдарын жасау;
-
салықтар мен алымдыр бойынша бақылау
тапсырмаларын жасау;
-
макродеңгейде салықтық жоспарлау мен
болжауды жетілдіру бойынша ұсыныстар қалыптастыру.
Қандай да бір аймақтың
(мемлекеттің, облыстың, ауданның) мемлекеттің бюджет
жүйесіне белгілі бір уақыт кезеңінде салықтық
түсімдердің түсімін қамтамасыз етуінің максималды мүмкіндігі
оның салықтық әлеуеті болып табылады.
Салықтық әлеует мөлшерін анықтау
салықтық жоспарлау мен салықтық реттеу, салық жүйесін
реформалау, мемлекеттік салық менеджментін жетілдіру үшін
қажет. Салықтық әлеуеттің екі түрі бар:
-
жалпы салықтық әлеует;
-
жеке салықтың әлеуеті.
Қандай да бір территорияда қолданылатын
барлық салықтардың әлеуеттерінің қосындысы
жалпы салықтық әлеуетті құрайды. Оны есептеу
өндіріс пен айналым сферасынан алынатын болжамды жиынтық
қоғамдық өнім арқылы жүзеге асырыла алады.
Нақты салықтың әлеуеті бұл салық бойынша
салықтық базаны болжау негізінде есептеледі. Тәжірибеде
аймақтың салықтық әлеуеті ретінде бұл
аймақтағы қолданыстағы барлық
салықтардың әлеуеттерінің сомасы алынады, ал
нақты салықтың әлеуеті – бұл салық бойынша
салық міндеттемесін есептеудің заңдылық
тәртібінен ол бойынша максималды
түсетін сома.
Мемлекеттік салықтық жоспарлау жоспарлау
кезеңінің ұзақтығы мен шешілетін
міндеттердің мазмұнына қарай ағымдағы және
перспективалық болып бөлінеді. Ағымдағы
салықтық жоспарлау шеңберінде бір айға немесе
тоқсанға жасалатын опреативтік салықтық жоспарлауды
бөліп көрсетуге болады.
Ағымдағы жылға салықтық
жоспарлаудың салық органдарының белгіленген
тапсырмалардың толығымен орындауы үшін маңызы зор
және болжамның дәлдігіне олардың оңтайлы
қызмет етуі байланысты. Ағымдағы салықтық
жоспарлау шеңберінде нақты қаржы жылының
салықтық түсімдер жоспары қалыптастырылады және
тактикалық сипаттағы келесі міндеттер шешіледі:
1.
салықтар мен алымдар түрлері бойынша
салық базаларын анықтау;
2.
табыстарының көлемдерін есептеу және
нақты салықтар мен алымдардың жиналу деңгейлерін
анықтау;
3.
салықтардың жекелеген түрлері,
экономика салалары бойынша салықтар мен алымдар бойынша берешектердің жағдайларын бағалау.
Перспективті мемлекеттік салықтық жоспарлау
ағымдағыдан айырмашылығы бар. Перспективтік
салықтық жоспарлау шеңберінде салықтар мен алымдар
бойынша егжей-тегжейлі талдау жасалмайды, ол әдетте салықтар мен
алымдардың бүкіл жиынтығы бойынша салықтық
түсімдер көлемін анықтауға бағытталған.
Қазақстанда перспективалық салықтық жоспарлау
жалпы экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы,
макроэкономикалық жоспарлау үшін қажетті
ақпараттық базаның жеткіліксіздігі және басқа
факторлар әсерінен жеткілікті деңгейде дамымаған.
Әдебиеттер тізімі:
1. Галеева Н, Корякина А, Глубокова Н. Налоговый
менеджмент: учебное пособие- Издатель:Евразийский открытый институт, 2011
2. Селезнева Н.Н Налоговый менеджмент:
администрирование, планирование, учет: учебное пособие- Издатель: Юнити-Дана,
2015