Педагогические науки/2. Проблемы подготовки специалистов

 

Абилова Г.А.- педагогика магистрі,   Омарбекова Ш.О. - п.ғ.к.,

Дарханова А.Ж .- педагогика магистрі

( Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, Алматы қаласы)

 

Оқытудың бағалау құралдары және өзін-өзі бағалау

 

XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында білім беруді ізгілендіру мен гуманитарландыру үдерістері кеңінен енгізіле бастады. Білім сапасын көтерудің бір үлкен көрсеткіші – бағалау. Бағалаудың белгілі екі түрі бәрімізге аян. Ол оқушыны бағалау және оқушының өзін – өзі бағалауы. Бағалаудың білім сапасын көтеруде мәні өте зор. Оқыту үшін бағалау – бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі.

Оқушы жетістігін нақты бағалау мәселесі - білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Көптеген жылдар бойы оқушы жетістігі басқа оқушы жетістігімен салыстырмалы түрде бағаланып келді. Бұл жағдайда білім алуға деген қызығушылықты жоғарылатуға мүмкіндік жасайтын бағалаудың нақты критерийлері, мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс болмады. Көптеген мектептерде төрт баллдық жүйеге негізделген бағалаудың дәстүрлі жүйесі сақталып келеді: 2 («қанағаттанарлықсыз»), 3 («қанағаттанарлық»), 4 («жақсы») 5 («өте жақсы»). Теория жүзінде 1 (бірлік) баллы бар болғанымен, тәжірибе жүзінде тіпті қолданылмайды. Баға әр уақытта субъективті. Осыған орай, мұғалім талассыз бедел мен ақиқат иесі болып табылмақ. Алайда бұл іс жүзінде шындыққа сай келе бермейді. Бес баллдық бағалау шкаласы басқа да таза нормативтік бағалау құралы сияқты дәлдігі жетіспейтін құрал ретінде ұсынылатындығы күмән туғызбайды. Халықаралық бакалавриат мектептеріндегі бағалаудың басты функциясы білім алу ағымының ерекшеліктерін айқындауға және сәйкес келетін түзетулер енгізуге мүмкіндік беретін талдау үрдісі болып табылады.

Бағалау-одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин. «Бағалау» термині латын тіліндегі «жақын отыру» мағынасында - бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады.

Жалпы бағалау түрлері:

Оқыту үшін бағалаудың маңыздылығы - бағалау оқыту мен оқудың ажырамас бөлігі болуы мүмкін деген ой біздің түсінігіміздегі едәуір өзгерісті талап етеді және Оқыту үшін Бағалау ұғымы дегеніміз де осы болып табылады.

Жиынтық (жиынтықтайтын) бағалау - оқушылардың білім берудегі белгілі бір кезеңде (оқу бірлігінің, жартыжылдықтың және жылдың соңында) алған жетістіктерін бағалау. Жиынтық бағалау - мазмұн стандарттарын меңгеру көрсеткіші, оның үш түрі болады: ауызша таныстырылым, тест және жетістіктерін көрсету

Формативтік (қалыптастырушы) бағалау-оқу үдерісіне өзгеріс енгізу мақсатында оқушылардың алға ілгерілеуін бағалау. Формативтік бағалау оқушыларға өздерінің жетістіктерін ұғынуға және бақылап отыруға, мұғалімнің көмегімен алдағы қадамдарын жоспарлауға мүмкіндік береді. Формативтік бағалау белгілі бір сызбалар бойынша жүргізіледі және оқу үдерісінің тиімділігі мен дұрыс бағытын қамтамасыз етіп, оқушылардың оқудағы мұқтаждықтарын білуге мүмкіндік тудырады. Формативтік бағалаудың келесі тәсілдері бар:

- бақылау;

- оқушылардың ауызша жауаптары;

- оқушылардың жазбаша жұмыстары;

-тестілік тапсырмалар.

Формативтік бағалау екі жолмен жүзеге асырылады: холистік бағалау сызбасы-оқу үдерісінің мақсаттары бойынша анықталған қабілеттерді жеке-жеке бағалау арқылы оқушының даму деңгейін қысқы мерзімде және жалпы түрде бағалау. Формативтік (калыптастырушы) және жиынтық (суммативті) мақсат арасындағы айырмашылық 1960 жылдардан бастап белгіленген, бірақ, берілген екі терминнің мәні нақты анықталмаған.Іс жүзінде бұдан анығырақ айырмашылық жіктеу және есеп беру үшін өткізілетін оқуды бағалау және нақты мақсаты оқушылардың оқуына ықпал етуге арналған оқытудың бөлігі ретінде бағалауды қолдану болып табылатын оқыту үшін бағалау арасында жүргізіледі. Оқытуды, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған бағалау формативті немесе оқыту үшін бағалау (ОҮО) болып табылады. 

Оқуды бағалаудың мақсаты оқушы қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. Негізінен, ол тікелей келешек оқытуға бағытталмаған, бірақ маңызды мәні бар тестілеу оқыту үдерісіне кері әсерін тигізуі мүмкін (Assessment Reform Group, 2002 ).

Бағалауда үйренушілер алдымен өз ойлары, идеялары, пайымдаулары қандай талаптар (критерийлер) негізінде құрастырылатындығын анықтап, содан кейін осы талаптарды қолдана отырып, өз ойларын қалыптастырады. Бұл талаптар үйренушілердің 1) қандай мәдени және әлеуметтік құндылықтар таңдағанына, 2) діни-рухани және тарихи идеалдарына, 3) жеке басының тұлғалық ерекшеліктері мен құндылықтарына негізделеді.

Мәселен, «Үйрету мүмкін емес, үйрену ғана ықтимал» деген тұжырыммен келісесіз бе?» деген сұраққа әртүрлі жауап алуға болады, өйткені үйренушілердің сенімдері мен ұстанған құндылықтары, түсініктері мен көзқарастары біркелкі емес. Ұстаз үнемі келесі сұрақтарға жауап беріп отыруы тиіс:

- Сабақта қандай бағалау формасын қолданасыздар?

- Бағалау не үшін қажет?

- Бағалау сабақтың қай кезінде жүзеге асады деп ойлайсыздар?

- Студентке қойған бағаңызды қалай түсіндіресіздер?

- Сіз үшін оқушыны бағалау кезінде ең бастысы не?

- Сіз өзіңіздің бағалау тәжірибеңізге қанағаттана аласыз ба?

- Ол қаншалықты тиімді?

Үйренуші бағалау тапсырмаларын орындауда келесі әрекеттерді атқарады:

1. Өз позициясының (идея, пікір, түсінік) дұрыс-бұрыстығын анықтап, оны жан-жақты пысықтайды.

2. Өзінің дербес көзқарасын қалыптастырып, тұжырым ретінде келтіреді.

3. Өз пікірін негіздейді, жақтайды: дәлел келтіреді, сілтеме жасайды, қорғайды.

Бағалау «Сiздiң ойыңызша бұл дұрыс па, бұрыс па (маңызды ма -маңызды емес пе, жақтайсыз ба - қарсысыз ба)?» деген пiкiрталас туғызатын сұрақтар арқылы жүзеге асырылады.

Критерийлердің келесі ережелерге сай болғандығы дұрыс:

-       Критерийлер үшеуден кем болмауы керек.

-       Критерийлер студенттерге алдын-ала белгілі болуы керек.

-       Критерийлер студенттермен бірге құрастырылуы керек.

-       Оқытушы ұсынған критерийлер студенттер тарапынан толық қабылдануы керек.

-       Бағалаудың әрбір түрі мен әрекеті үшін бөлек критерийлер  қажет.

-   Критерийлер жазбаша түрде келтірілуі керек. 

-  Критерийлер жария түрде келтірілуі керек: силллабустардан орын алып және аудитория қабырғасына іліп қойған орынды.

Төменде қандай да болмасын тақырыпқа жазылған эссенің бағалау критерийлері келтіріледі.

Эссені бағалауға арналған әмбебап рубрика:

Мазмұны мен ұстанған көзқарасы;

Құрылымы;

Стиль;

Ұстанған позиция;

Дәлелдемелік негізі;

Қорытынды.

Жалпы алғанда, бағалау оқыту кезеңінде күнделікті қолданылады және сабақ барысында оқушылар өзінің және өзгенің әрекетіне басшылық жасайды. Студенттер өзін-өзі және өзара бағалау арқылы тұлға ретінде өз жауапкершіліктерін өзіне алады, өзін-өзі басқаруды бірізді жолға қоя алады, өз жұмыстарына жүйелі түрде бақылау жасай алады. Сондай-ақ, үй тапсырмаларын өз бетінше терең әрі жан-жақты орындауға деген ниеттерін, берілген тапсырманы орындауға деген қызығушылықтары мен жауапкершілік сезімідерін ынталандыруда бағалау үлкен маңызға ие.

Студенттердің білімін бағалау барысында олардың білімін тексеру оңай жұмыс емес екені белгілі. Баға қою білімділікті және шеберлікті талап етеді. Бағалау арқылы студент өзі туралы ойын реттеп, топтағы беделін нығайтады. Студентке қойылған әр бағаға сенімді түрде талдау арқылы оларды әрі қарай дамуға қалайша бағыттауға болатынын анықтай аламыз.

 

Әдебиеттер:

1. Оспанова Р.С.Сабақтағы бағалау үрдісі. А.:  Педагогика, 2010

2. Тажеева П.Р.Формативтік бағалау ерекшеліктері. А.: Ізденіс, 2002

3. Бағалау реформасының тобы. Оқыту үшін бағалау: 10 ұстаным. - Кембридж Университетінің білім беру факультеті, 2002.