МЕКТЕП ЖАСЫНА  ДЕЙІНГІ БАЛАЛАР ТӘРБИЕСІНДЕГІ

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ РӨЛІ

                                                                        

                                                                          Мусаева Галия Еспергеновна,

 «Ж.Ермегияев атындағы орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен»  коммуналдық мемлекеттік  мекемесі «Күншуақ» шағын орталығының аға-тәрбиешісі,

Жалаңаш ауылы Райымбек ауданы,

Алматы облысы, Қазақстан Республикасы

 

Ұлттық ойындардың бала тәрбиелеу ісінде  бай құндылық, қуатты құрал екені баршаға аян. Ежелден-ақ қазақ халқының ас беру, той  өткізу сияқты т.б.  көпшілік бас қосатын жиындары ұлттық ойындар мен түрлі жарыстарсыз өтпегені де белгілі. Әр адам ұлттық ойындарға белсене араласып, кез-келген сайысқа қатысуға әзір тұрғаны халық ауыз әдебиетінен де таныс.

Ғасырлар өтсе де  ұлттық ойындар бір кездегі  маңызын әлі де  жойған жок. Қазір олар тек көңіл көтеру ғана емес, балаларды, жасөспірімдерді, жастарды неғұрлым күшті, төзімді, епті, батыл,  жүректі етіп тәрбиелеу мақсатын көздейді. Балалардың денесін шынықтыру бағытындағы жұмыстар нәтижелі болуы үшін оны сәби кезінен-ақ тәрбиелеуді қолға алу керек.

Шағын орталықта балалар үшін,  әсіресе жарыс ойындарының маңызы зор. Жаяу жарыс, қол күрес, арқан тартыс, тас лақтыру, жоғарыға өрмелеу, көтерген жүкті белгілеген межеге жеткізу, белгілі бір затты межелі орынға итеріп апару сияқты тағы да басқа ойындарға балалар ерекше қызығушылық танытады. Олар балалардың айналысуы үшін қолайлы, әрі  қарапайым бола тұра дене шынықтыру міндеттерін жүзеге асыруға көмектеседі. Мұндай жарыс – ойындар балаларды өз қимыл-әрекеттеріне бақылау жасап, өз қозғалыстарын өзгелердікімен салыстыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық ойындар түрлі ойын үстінде балалардың өз мінез-құлқын сапалы түрде меңгеруін, адалдықпен тәртіптілікті сезінуін тәрбиелейді. Мысалы, жоғарыда аталған ойындар бала денесіне көп күш түсірмей - ақ өз қозғалысын дәл және тез үйлестіре алуға жаттықтырады. Ойын ережелері де  өте қарапайым. Ал командалық ойындар кезінде әр бала өзінің жеке бас ерекшелігін «күштілігін, жүйріктігін, ептілігін, шеберлігін» көрсетіп, оны топ мақсатымен ұштастыруды үйлестіреді. Сөйтіп ортақ іске, жеңіске жетуге деген сенімділік тәрбиеленеді.

Сондай-ақ «Көкпар», «Аударыспақ», жүгіріп бара-жатып «Сақина ілу», «Қыз қуу» сиақты тағы да басқа ойындарды теледидардан да тамашалап, мейрам кезінде өз ауылдастарынан да  көріп жүрген балалар бұл ойындарды асқан қызығушылықпен беріле ойнайды.

Мұндай ойындарды серуен кездерінде,  дене шынықтыру және ән-саз сабақтарында, түрлі мерекелік шараларда өткізуге болады.

Бой ширатар- «Ақ терек пен көк терек», «Көрші-көрші», «Мысық пен тышқан», «Жасырынбақ», «Нысананы көздеу» т.б.

Өткізілген мұндай ойындардың тиімділігі бұлар мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің негізгі міндеттерін шешуге өз жәрдемін тигізеді деп толық сеніммен айтуға болады.

         Ой сергітер- «Ақ сандық,көк сандық », «Мен кіммін», «Ұшты-ұшты», «Орамал тастамақ», «Соқыр теке», «Санамақ» сияқты ойындар балалардан  тыңдағанда әр сөзге ықылас қоюды, ойын тез жинақтап қорытынды жасауды қажет етеді. Мұндай ойындардың сезімге ықпал етуінің себебі, оның негізі халық ауыз әдебиетінің өлең – тақпақ сияқты жанрларында жатқанында ма деп ойлауға болады.

Ақ терек пен көк терек,

Бізден сізге кім керек? –  деп, немесе:

Ертең ауылым көшеді,

Уық, бауын шешеді.

Ақ сандық, көк сандық,

Арқан тарт, кілем арт! - деп әндетіп бастайды.

(ойын шарттары алдын ала түсіндіріледі). Бұл жерде ырғақ, әуезділік ары қарайғы жүгіріс, би, секіру т.б. қимылдармен үндестік табады. Ал мұндай ойындарды  балалардың жас ерекшеліктеріне арналған ойындардың жинағымен дамытып, толықтырып балалардың  қызығушылығын арттыруға болады.

            Немесе «Санамақтағы» он – он бірдің мөлшеріндегі сан үйрету ұйқасқа негізделгендіктен  жаттауға оңай боып, бала санасына тез сіңеді. Әрі ол «...сандармен сөздердің жиынтығы емес, ол – тәрбиелік тағылымдық мәні мол поэзия»[1] ол дүние танытады. Сондықтан қандай ойынның болсын дүние танымдық, ой - өрісті кеңейткіштік мақсатына көңіл бөліп отыру керек. 

 

________________________________________________________________________________

 

[1] С.Хасанов. 1Он бір қара жұмбақ. -Айқын, №5,-19-наурыз, -2015. -19 бет

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1..Кел,ойнайық, Алматы, Жалын, 1981ж

2..Ә.Табылдиев, Алматы, Жалын, 1990ж  

3..С.Хасанов. Он бір қара жұмбақ. -Айқын, №5,-19-наурыз, -2015ж