Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қабатаева К.Т.,

Филология ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Келмағамбетова Ш.С.

Қарағанды қ., Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

ЖАҢАША ЖАҢҒЫРТЫП ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

Тіл үйрету жұмысы - өте күрделі үдеріс. Студенттер қазақ тілі сабағында тек тіл үйреніп қоймайды, олардың сабақ үдерісінде қазақша ойлау дағдылары қалыптасып, өмірге өзіндік көзқарасы айқындалып, ұғым-түсінігі кеңейеді. Сондықтан да оқытушы әр студенттің қабілетін, қазақ тіліне деген көзқарасын білуі керек. Жоғарыда аталған инновациялық технологиялардың ішінде тіл үйретуде қайсысы тиімдірек екендігіне тоқталсақ. Қазіргі таңда қазақ тілін үйретуде оқытушылар жаңа инновациялық технологияларды сабақ барысында пайдалана отырып, сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде.

Оқу материалының мазмұны студенттердің шығармашылық танымдық қызметіне қарай дидактикалық процестегі әңгімелесу әдісінің көптеген түрлері бар. Олар: кіріспе, немесе сабақты ұйымдастыратын әңгіме, жаңа білімді қалыптастыру (сократ, эвристикалық), жинақтаушы, жүйелеуші және бекітуші әңгімелер арқылы студенттердің іс-әрекеттің жаңа түріне, жаңа білімді тануға дайындық деңгейі анықталады.

Студенттердің тілді меңгерулеріне ықпал ететін түрлі  тиімді әдістерді сабақта тиімді қолдана білу керек. Сол кейбір негізгі әдістерді қарастырайық. Мысалы оқытуда қолданылатын көрнекілік әдістер тоқталсақ,  Әл-Фараби "Оқытудың негізгі әдісі - көрнекілік" деп, оның мақсаттарын, тәсілдерін (түсіндіру, әсерлендіру, есте қалдыру) ұсынады. Оқу материалын меңгеру көп жағдайда оқыту процесінде қолданылатын көрнекі құралдарға және техникалық құралдарға байланысты.

 Көрнекілік әдісі оқытудың сөздік және тәжірибелік әдістерімен өзара байланыста қолданылады және құбылыстармен, объектілермен остуденттерді таныстырарда олардың сезім мүшелеріне әсер етіп, алуан түрлі сурет, көшірме, сызба арқылы құбылыс, процесс, объектілердің символдық бейнелерін немесе оларды табиғи күйінде қабылдайды. Қазіргі мектепте осы мақсатпен экрандық және техникалық құралдар кең қолданылады. Көрнекілік әдістерін шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады: иллюстрация және демонстрация.

 Иллюстрация әдісі арқылы студенттерге иллюстрациялық құралдар – атап айтсақ: плакат, кесте, картина, карта, тақтадағы суреттер, үлгілер көрсетіледі.

 Демонстрацияның (көрсету) оқыту әдісі ретіндегі ерекшеліктері

Демонстрация әдісі арқылы заттар мен құбылыстар тәжірибе жасау арқылы немесе техникалық құралдардан, кино-фильмдерден, диафильмдерден көрсетіледі.

 Оқу процесіне жаңа техникалық құралдарды енгізу (теледидар, видеомагнитофондар) оқытудың көрнекілік әдісінің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қазіргі уақытта көрнекі құралдың жаңа түрі – жеке тұлғалар қолданатын компьютерлерге ерекше көңіл бөлініп, мектептерде электронды-есептегіш техникасы кабинеттерін құру міндеті шешілуде, оқу процесіне белгілі бір жағдаяттарды және процестерді үлгілеуге мүмкіндік беретін компьютерлерді енгізу міндеті де қолға алынуда. Олар оқушыларға бұрын оқулық мәтінінен меңгерілген көптеген процестерді қозғалыста, көрнекі түрде көруге мүмкіндік береді. Компьютерлер, көрнекілік әдістерінің оқыту процесіндегі мүмкіндіктерін елеулі түрде кеңейтеді.

 Оқытудың көрнекілік әдісінің шарттарды:

 • көрнекіліктің студенттердің жасына сәйкестігі;

 • көрнекілікті сабаөтың керек сәтінде қолдану;

 • демонстрацияланған затты барлық студенттердің көруі;

 • иллюстрацияның ең бастысын, мәндісін нақты бөлу;

 • құбылыстарды демонстрациялау кезінде берілетін түсініктерді мұқият ойластыру;

 •демонстрацияланатын көрнекіліктің оқу материалы мазмұнымен сәйкес келуі;

 •көрнекі құрал мен демонстрациялық қондырғылардан керекті мәліметтерді табуға оқушыларды ңатыстыру.

 Оқытудың тәжірибелік әдістері арқылы студенттер тәжірибелік қызметпен айналысып, тәжірибелік іскерліктері мен дағдыларын қалыптастырады. Тәжірибелік әдістер: жаттығулар, зертханалық және практикалық жұмыстар.

 Жаттығу көмегімен ақыл-ой және тәжірибелік іс-әрекет меңгеріледі. Ол барлық пәндерді оқуда, оқу процесінің түрлі кезеңдерінде қолданылады. Оның сипатыжәне әдістемесі оқу пәнінің ерекшелігіне, нақты оқу материалына, студенттердің деңгейіне байланысты. Жаттығу сипатына қарай ауызша, жазбаша, графикалық және оқу-еңбек деп бөлінеді.

Студенттердің өз бетімен жұмыс істей білу деңгейіне қарай жаттығулар бірнеше түрге бөлінеді:

 • белгілі білімдерді еске түсіріп, оны бекіту мақсатындағы жаттығулар;

 • білімді жаңа жағдайда қолданып жаттығу.

 Егер студент іс-қимылдарды ауызша айтса, онда оны түсіндіру арқылы жаттығу деп атайды. Оқытушы студент іс-әрекетінен қателіктер тауып, студенттердің іс-әрекетіне түзетулер енгізеді.

 Жаттығулардың ерекшеліктері:

 Ауызша жаттығулар логикалық ойды, есті, тілді оқушылардың зейінін дамытуға көмектеседі.

 Жазбаша жаттығулар білімді бекіту және оны қолдану іскерлігін жасауда қолданылады. Оларды қолдану логикалық ойды дамытуға, жазбаша тіл мәдениетін, өздікті дамытуға көмектеседі. Әрбір оқу пәнінің міндетті бөлігі - ана тілінен шет тіліне аудару, берілген тақырыпқа шығарма жазу, суретпен жұмыс, өз бетімен мысалдар және есептер, кесте құрастыру, диаграмма, баяндама, көрініс әзірлеу. Жаттығуды орындау алдында оқушыларға теориялық материал түсіндіріліп, нұсқау беріледі.

 Жазбаша жаттығулар: ана тілі, шет тілі, математика, т.б. пәндерде орындалады.

Студент оқуға үйренгенде, мәтінді мәнерлеп оқып, грамматикалық ережелерді қолданып, көптеген жаттығулар жазады.

Жаттығу әдісіне қойылатын талаптар:

 • оны орындауға деген студенттердің саналы көзқарасы;

 • жаттығуларды орындаудағы дидактикалық сабақтастық: алдымен оқу материалын түсінуге көмектесетін, содан кейін есте сақтауға, қолдануға, оқылғанды жаңа жағдаяттарда өздігінен, шығармашылықпен қолдануға, жаңа материалды бұрын меңгерген білім, іскерлік және дағдылар жүйесіне қосуға мүмкіндік беретін жаттығуларды орындау.

  Түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс. Бұл әдіс арқылы студенттер ақпараттарды меңгереді. Оны басқаша ақпараттық-рецепция (қабылдау) әдісі деп атайды. Осы әдіс арқылы мұғалім дайын ақпараттарды студенттерге түрлі құралдармен түсіндіреді, ал студенттер ақпараттарды түсініп, естерінде сақтайды.

 Ақпараттар әңгіме, дәріс, түсіндіру, кітап, қосымша құралдар, көрнекі құралдар арқылы беріледі. Оқытушы – есептер шығарады, теоремаларды дәлелдейді, жоспар құруға үйретеді. Студенттер - оқытушының іс-әрекетін қайталайды, тыңдайды, көрнекіліктеріне қарайды, заттармен жұмыс істейді, оқиды, бақылайды, жаңа оқу материалдарын бұрынғы білімдеріне қосады.

 Түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс арқылы адамзат жинақтаған тәжірибені аз уақыт ішінде беруге болады. Оның пайдасы ғасырлар бойы тексерілген және көп елдерде қолданылады.

Мәселелік әдісті қолданғанда студенттер орындайтын іс-әрекеттен шығармашылық іс-әрекетке көшеді. Қиын жағдаят мәселені шешуге керекті білімдерді, ақыл-ой жұмысына қабілетті, үлкен белсенділікті талап етеді. Оны студенттер өз беттерімен немесе мұғалім көмегімен шешеді.

 Мәселелік жағдаятты тудырудағы мақсат - оқуды қиындату арқылы оқу материалдарын меңгерту, баланың ақыл-ойын жұмыс істету. Мәселелік жағдаят сұрақтар қою, болжам айту, дәлелденбеген пікірлерді талдату арқылы жасалады. Оқылып отырған құбылыстың сызбасы, диаграммасы жасалады. Студенттер шығармашылықпен жұмыс істеп, білімдерін емін-еркін естеріне түсіреді. Мәселелік әдіс оқушыларды тапқырлыққа, қарама-қайшылықтарды түсінуге, болжамдар айтуға, дәлелдер келтіруге, шешім табуға үйретеді.

 Ішінара ізденіс немесе эвристикалық әдіс. Студентке мәселені өз бетімен шешуге үйрету үшін, оған шағын зерттеу жұмыстарын беру керек. Оқытушы картиналар, құжаттар көрсетіп, оларға сұрақ қоюды ұсынады, фактілерден қорытынды шығартады, ұсыныстар айтқызады. Эвристикалық әдіс арқылы сабақ өткізетін оқытушы алдын ала мәселені шешуге алып келетін, студенттердің білімдерін еске түсіртетін сұрақтар әзірлейді.

 Эвристикалық әңгіме үшін құрастырылған сұрақтар мәселелік сипатта болады. Студенттер ізденеді, шығармашылықтарын көрсетеді. Студенттер жеке мәселелік сұрақтарды шешсе, онда ішінара – ізденіс әдісінің қолданылғаны. Оқытушы тапсырма әзірлеп, оның қай жерлерін студенттер зерттеу арқылы орындайтынын белгілейді.

 Зерттеу әдісі шығармашылық жұмыс тәжірибесін жақсы үйрену үшін қолданылады. Зерттеу әдісі арқылы оқушы білімін қолданып, ғылыми таным әдістерімен жұмыс істеп үйреніп, жаңа мәселелерді шешу тәжірибесін жинақтайды.

 Зерттеу жұмыстары сабақта, үйде орындалып, бір аптада, бір айда орындалатын тапсырмалар жоспарланады.

 Дедукция әдісі арқылы студент өзі білетін қорытындыларды, ережелерді, ғылыми заңдарды бақылау жүргізгенде, тәжірибе жасағанда, жаттығу жазғанда қолданады. Жазбаша жаттығу жазғанда белгілі грамматикалық ережелер қолданылады.

Индуктивтік әдіс. Индукция - латын сөзі. Студенттерді белгілі бір қорытындыларға әкелу. Алдымен студенттерге жеке заттар, құбылыстар түсіндіріледі, фактілерден қорытындылар шығартады. Индукция әдісі дедукциямен бірге қолданылады.

 Осы екі әдіс арқылы ой-тұжырымдарын жасау - оқытудың логикалық негізі болып табылады. Оқу пәнінің мазмұны, логикасы бағдарламасы индукция әдісін қолдануды талап етеді. Индукция әдісі бастауыш сыныптарда жиі қолданылады. Себебі студенттер нақты жеке құбылыстарға қызығады. Олардың кейбір белгілерін анықтап, талдап, қорытындылар жасайды. Осылайша жасалған ұғымдарын сөз арқылы айтады. Осы кезден бастап дедукция әдісі қолданыла бастайды.

Импрессивтік әдістер. Импрессия (латын сөзі, әсер, толғаныс, сезім) әдісі арқылы балалар мен жастар немесе ересектер шығарма және оның авторы туралы ақпарат алып, оны талдап, шығарманық негізгі идеясын айтады.

Осы әдісті әдеби шығармаларды, сахналық қойылымдарды, кинофильмдерді, сәулет өнері, саз өнері шығармаларын және адамның мінез-құлқын талдау үшін қолдануға болады. Бұл әдісің тиімділігі ең алдымен шығармаларды іріктеуге, мұғалімнің оқушыларды әсерлендіре білуіне, оқушылардың өз ойын басқалармен бөлісе алуына байланысты.

Экспрессивтік әдістер. Экспрессия (латын сөзі, бейнелеу) әдісі арқылы жасалған жағдайда оқушылар нақты құндылықтар жасап, өздерін танытады.

Экспрессивтік әдіс студенттердің шығармашылық белсенділігін туғызады, фотоаппарат, ұнтаспа, радио, теледидар, ұлғайтқыш аппараттар, кинокамера, күйтабақ, бейнемагнитафондар адамдар жасап шығарған рухани мәдениетті көруге, үйренуге көмектеседі, үйренушілердің біліктілігін арттырады.

 6. Ынталандыру әдісі

Қызығушылықтың үш түрі:

 • іс-әрекетке деген оң көзқарастың болуы;

 • танымның студентті жақсы сезімге бөлеуі;

 • іс-әрекеттің студентті ынталандыруы.

 Оқыту процесінде студенттің оқу іс-әрекетіне оң көзқарасын туғызу керек. Оқылып отырған материалдың студентті тебірентуі, қуанышқа бөлеуі, таң қалдыруы, аяушылық сезімін тудыруы сабақтың мақсатына жетуді тездетеді.

Қорыта келе, педагог ақын М.Жұмабаев ақыл көріністері әсерленуден пайда болады, әсерленудің күшті болуы, жалғасып дамуы ұғымның дұрыс болуының кепілі деп көрсетеді.

 Оқыту әдістерін жетілдіру бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Оқыту әдістерінің тиімділігін арттырып, оқытудың жаңа нысандары мен тәсілдерін меңгеру қажеттігіне педагогикалық зерттеулерде айрықша маңыз беріледі.

 Алайда, оқыту әдісін таңдау - күрделі процестің бірі. Кейбір әдістерді қолдануда біржақты асыра сілтеушілікке жол бермеу керек. Әр тақырып оқытудың ерекше тәсілдері мен жолдарын талап етеді. Соңдықтан, оқытуда әр түрлі әдістерді қолдану қажет.

 Сабақтың тақырыбы мен мақсатына, оқу материалының мазмұны мен көлеміне, студенттердің дайындық дәрежесіне сәйкес, сабақтың құрылысы мен оқу әдісін ұдайы толықтырып отыруды мұғалім өзі белгілеп, өзі таңдап алады.

Пайданылған әдебиеттер:

1. Бабанский Ю.К.. Методы обучения в современной общеобра-зовательной школе. - Москва: Просвещение, 1985. - 208 с.

2. Педагогика. Учебное пособие для студентов педагогических вузов и педагогических колледжей / Под. Ред. П.И. Пидкасистого. - М: Педаг. Общество, 1998. - 640 с.

3. М.Жұмабаев. Педагогика. - Алматы: Анатілі, 1992. -160 б.

4. Г.Қ.Нұрғалиева. Педагогиканық логикалық-құрылымдық курсы, - Алматы, 1996.

5. Оконь В. Введение в общую дидактику. - Москва: Высшая наука, 1990.

6. Исабаев У. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. -Алматы, 1999.

 7. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. -Алматы, 2004.

8. Нұржанова Ж. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары. -Алматы. 2001.