Ұлттық нақыштағы этно костюм үлгілерінің  сән әлеміндегі орны

 

Тоқтыбаева Гүлжахан Саулебековна – аға оқытушы, п.ғ.магистры,

Салкимбаева Салтанат Амангельдиевна - аға оқытушы, п.ғ.магистры,

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қарғанды қаласы, Қазақстан

 

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті алдыңғы елдердің қатарына кіру стратегиясының жүзеге асырылуы жағдайында ұлттық мәдениетті қайта өркендетуге аса назар аударылып отыр. Мұны еліміздің қабылданған заңдары, қаулы-қарарлары, тұжырымдамалары мен мемлекеттік бағдарламалары дәлелдейді.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деген ой-тұжырымдары да жас ұрпақты рухани-мәдени мұралар негізінде тәрбиелеу қажеттігін айғақтайды.

Сондай-ақ, қазіргі өндірістік-технологиялық және ақпараттық-қарым-қатынас салаларының қарқынды дамуы жағдайында адам болмысы жүйесіндегі эстетикалық құрамның маңыздылығы арта түседі. Өйткені эстетикалық  мәдениет сұлулық заңдары негізінде адамның эмоционалдық, ой-өрістік, парасаттылық өмірін сипаттай отырып, оның әлеуметтік және жеке құндылықтар жүйесінде көрініс табады. Жеке тұлғаның жалпы адамзаттық идеалдарға ұмтылысының, мәдени-тарихи жетістіктерге қатыстырылуының, эстетикалық қалыптасуының маңызды факторы болып халық өнері, соның ішінде сән өнері табылады. Олай дейтініміз сән өнері эстетикалық және практикалық мәнге ие [1].

Қазақстан өнер туындыларына және әйгілі өнер қайреткерлеріне бай ел. Қазақ топырағы өнердің өркен жаюына құнарлы болғандықтан, еліміз өзінің мәдени туындыларымен әлемге танымал. Әсіресе дизайн өнерінің өрісі көңіл қуантады.

Костюм дизайн өнері халықтың шынайы рухани-эстетикалық танымымен біте қайнасып кеткен этнографиялық мәнге ие көрінісімен ерекше, құнды болғандықтан, ұлт мәдениетін айқындайтын өте маңызды және аса қажетті сала. Ұлттық костюм дизайны өнері, терең тарих және философиялық, көркемдік эстетика тұрғысында ұрпақтың санасын ашып, оның айналаға деген көзқарасын анықтап ой-өрісінің дамуына шынайы да ұтымды әсері бар өзіндік сыры мол әлемге еліктіретіні анық.

Ю.Б. Борев айтқандай: «Бұйым жасаушының жеке даралық қасиеті жоғалғандықтан, өнім сәндік зат болудан шығып қалды». Сол кезде костюмнің жалпы құрылысын жобалаған құрастырушыға оны эстетикалық тұрғыдан безендіретін бейнелейтін суретші көмекке келді. Осылайша көркемдік дайындығы бар дизайн – жобалаушы, жобалаушы мен суретші екеуінің бірігуімен дизайнер мамандығы пайды болды. Дизайн сән өнерінің өндірістік дамуы негізінде техниканың үйлесімі нәтижесінде пайда болған сала [2].

Тәуелсіздік тұғырының бір түрі – сән өнері. «Киімге қарап бағалау» - бүгінгі дүниенің ерекшелігі. Қазақ жұрты қандай дегенге беретін жауабымыздың біреуі ұлттық киім болуы тиіс. Әрине, баяғы уақыттың белгісі болып музейлерде тұрған киімдер емес, ұлттық ерекшелік пен осынау жиырмасыншы ғасырдың соңындағы сән талаптары үйлестіріле тігілген киімдер.

Енді-енді қалыптаса бастаған қазақстандық мода Батыстың жүздеген жылдық мектептері бар сән әлеміне қарағанда әлдеқайда балаң. Сол себепті біздің сән үрдісіндегі концепциямыз әлі де ол  елдердің көзқарастарынан басқаша. Рас, тәуелсіз Қазақстанның жеке мемлекет ретінде өз туын мемлекет ретінде өз туын көтеруі, басқалармен экономикада, білім мен ғылымда, рухани өмірде бой таластыруға талпынуы бізді ойландырмай қоймайды. Біз сән әлемінде де олармен иық тірестіруді ойлай бастауымыз керек.

Біздің жаңа сән үлгісіндегі этно костюмде ұлттық ерекшеліктер мен дәстүрлерді, ауа-райын, өмір салтын былай қойғанда, жалпы халықтық сипат бар. Біз бұқараға лайықты, көпшіліктің бәрінің көңіліне қонымды сән үлгіліері жасауымыз керек.

Бәрін жан-жақты тізбелей келе, біздің отандық модамыз қазір әлемдік сахнаға көтеріліп үлгерді. Мейлі жас болсын, балаң болсын, бірақ қазір «қазақ модасы» деген термин қалыптасты.

Қазіргі заманғы  киім өндірісінде әртүрлі мамандық иелері еңбек етеді, олардың ішінде суретші-сән үлгіші, конструкторлар, технологтар, киім пішушілер, тігіншілер бар. Тек бірлескен қимылдың арқасында ған жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады. Әр мамандық оның өзіне тән міндеттерді орындай алады әрі мамандардан белгілі бір дәрежеде білім мен біліктілікті қажетсінеді.

Тігіншілердің алдына қойылатын міндет дизайнерлер, конструкторлар мен технологтардың жасаған бұйымдарын, үлгілерін тігу болып табылады. Бірақта осы аталған мамандарды кәсіби тұрғыдан даярлау тек қана тігін бұйымдарын технологиялық өңдеу дағдыларымен шектеліп қалады деп тұжырым жасауға болмайды.

Киім адамдардың өмірде барлық жағдайларда оның түр-түрін пайдаланылатын бірінші кезектегі қажеттілігі делінеді. Киім  адам денесінің 80 пайызын жауып, оны сыртқы ортаның қолайсыз  жағдайларынан  қорғайды, сондай-ақ адам организмінің сау болуына әсер етеді. Сонымен қатар киім  өркениеттің барлық кезеңдерінде адамның сыртқы бейнесін өзгертуге жәрдемдесе отырып, белгілі бір тарихи кезеңнің талғамдық идеалына орай болмыс-бітімге сай келетін талғампаздық міндетті атқарады.

Костюм де коммуникация құралы болып табылады. Ол  айналасындағыларға оны киген адамның қай ұлт екендігін, оның қандай мамандық иесіне жататындығы мен әлеуметтік жағдайын айқындап береді. Адамды киіміне қарап  оның мінез-құлқын, ерік-жігерін, көркемдік талғамын білу қиын емес [3].

.

Қоғамдағы қазіргі жаңаша ойлауға сай, әлеуметтік саяси өзгерістерге байланысты жастарға ұлттық тәрбие беру осы кезде көкейтесті проблеманың біріне айналып отыр. Сондықтан, дизайн саласында елеулі өзгерістер енгізіліп жатқан қазіргі кезең жаңа сән үлгідегі этнокостюм ансамблін көркемдеп жобалаудың өзіндік ерекшелігін рухани байлығымен мәдениеттілігін, қолайлылығымен  арттыруды талап етуде.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік мәдени дамуының тұжырымдамасында да: «Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік мәдени даму жолы дегеніміз – ең алдымен адамзат қазыналарына баса назар аудару, прогрессшіл халық дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптар мен өнерге, халықтардың рухани байлықтарына қайта оралу, мәдениеттің барлық салаларында ұлттық даралықты сақтау, барлық ұлттық мәдениеттің қазыналары мен дербестігін мойындау»- деп, атап көрсетілген.

Еліміздің ертеңгі жас ұрпаққа ұлттық тәрбие ісін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, мазмұнын жақсарту, ұлттық талғамын, іскерлігі мен шығармашылық қабілетін дамыту, өз ісіне құштарлығын арттыру, бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.

Себебі, сән әлеміндегі сәндік киім  өнері – адамның қалыптасуына, тәрбиесіне ықпалын тигізетін ең күшті құралдардың бірі [4].

Бүгінгі таңда этно дизайн киім үлгілерінде жаңаша өзгерістермен  жинақтап, зерделеудің, оның тәлім-тәрбиелік мол тәжірибесі негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеудің қажеттілігі өсуде. Ұлттық нақыштағы этно костюм үлгілерінің композициясын құрастыру тек қана практикалық жағынан емес, эстетикалық мәні жағынан да маңызды дайындалған және көркем жасалған өндірістік немесе қолөнер арқылы өмірге келген көркем туынды жасауды айтады. Ұлттық дәстүрлі этнокостюмдердің тізбесін жасау  өнері,  көбіне ұлттық нақыштағы костюм сызбалармен көзге түседі. Осы арқылы біз халқымыздың ерекшелігін көре аламыз.

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1.  Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы // Егемен Қазақстан газеті, 28 қаңтар, 2011 ж.

2.  Тәкішева Г., Асанова Б. Киімді модельдеу және көркемдік безендіру. Астана:Фолиант, 2008. 166 б.

3.  Андросова Э.М. Основы художественного проектирования костюма: учебное пособие / Э.М. Андросова. – Челябинск: Издательский дом Медия-Принт, 2004.

4.  Бузова А.Б. Материаловедение в производстве изделий легкой промышленности. Швейное производство: Учебник для вузов / А.Б. Бузова, Н.Д. Алыменко. - 2-е изд., стереотип. - 2004. – 448 с.