Сұлтанғалиева Жанат Сәлімгерейқызы,

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Тәңірбергенова Гүлжан Кеңшілікқызы

Филология магистрі, оқытушы

Тәжіғалиева Сәбира Оңайбайқызы

Филология магистрі, аға оқытушы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Е.АШЫҚБАЕВ  ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ БАЛАЛАР     ӘЛЕМІ

 

     Әдебиетке, поэзияға тән өмір шындығын көрнекі, айқын образ, бейне, нақтылы сурет арқылы ашып көрсету әдісі дүниенің шексіз мол, сан алуан құбылыс-көріністерін кеңінен қамтуға және оларды ішкі және сыртқы ерекшеліктерімен жан-жақты сипаттауға мүмкіндік береді.   

     Өлең-жырға құмарту табиғат пен орта үйлесімділігіне сай ырғақ пен ұйқасты  қадірлеу, жалын атқан сезім шарықтаған ой-қиялға сүйсіну қанға сіңген  қасиет өз топырағынан дарыған ақындардың бірі – Ертай Ашықбаев.

Е.Ашықбаевтың «Жанашыр»,  «Самаурынның жыры», «Жігерлендіру», «Сағаттың жыры», «Жас ұландар жыры», «Мен өсемін», «Сақшы», «Отаным», «Сүю», «Дос өтініші», «Сурет туралы сыр», «Сыныптасымның өзі мен сөзі», «Қазанның жыры»  атты өлеңдерінің барын білеміз. Ақынның аталған өлеңдері адам бойындағы ізгі қасиет адамгершілікке баулиды.

Ақынның «Қазанның жыры» өлеңінде:

                    «Ортаймасын қазаның,» -

                    Деп тілеген қазағым.

                    Қаңсып қалған сан рет

                    Көріп аштық азабын, -

деп, елінің амандығын, қазағының  тек жайлы жағдайын ойлай  отырып, бала жүрегі тәтті тілек тілейді. Өткенді еске алып, болашақтан жақсылық пен бақыт күтеді.

     Е.Ашықбаевтың  «Почтаның жыры», «Қосылу» , «Жауап», «Ғарышкер», «Көп балалы үй», «Фотографтың тәлімі», «Шофер», «Көмек»,  «Алтыбақан» атты өлеңдері  баланың қоғаммен араласуы, ұжымдық жұмысқа белсене қатысуы, ұжымдық шаралар арқылы Отансүйгіштікке және еңбекқорлыққа баулиды. «Қосылу» өлеңінде:

                     Айтарым бар қосымша,

                     Ақылдылар ұғады:

                     Көп-көп  бала қосылса,

                     Сынып болып шығады, -

дейді. Бұл жерде «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді ақын  бала бойына жастайынан сіңіруге тырысқан. Қоғамда  береке болу үшін  ынтымақ пен бірлік болу керек екенін  тиімді  түсіндіре білген.

     Ертай Ашықбаев шығармаларында балаларды еңбекті сүюге, бостан-босқа далақтап көше кезіп жүруден аулақ болуға үйрететін өлеңдері де бар. Ақын балаларға бос ойыннан түк шықпайтынын, бір мезгіл еңбек ету керектігін «Журналист сыры», «Маңдай тердің жемісі», «Зерікпе», «Риза»  деген өлеңдерінде жап-жақсы айта білген. «Адамды адам ететін еңбек», «Еңбектің наны тәтті»  сынды мақал-мәтелдер балаға таныс, ақын Ертай дәл осы тақырыпты «Маңдай тердің жемісі» атты өлеңінде:

                 Тамсанар-ау ел іші,

                 Қызығар-ау  жолдасым.

                 Маңдай тердің жемісі

                 Неге тәтті болмасын? –

деп келтіреді. Не нәрсеге болмасын еңбектенудің нәтижесінде жетеді,  сондықтан мұны ерте жастан бастап қолға алу керектігін ақын  қатты ескерген. Ақынның «Ұстаз» өлеңінде:

                Мол білім – ұққаным,

                Үлгілі іс – көргенім.

                Қасынан шықпадым,

                Ұстазым ол менің, -

делінген.

      «Менің балаларға арнаған өлең-жырларымның басты тақырыбы, әрине, еңбек сүйгіштік, білім құмарлық, қаһарман ата-бабалар өткен жолды ардақтау, солардың ерліктеріне еліктеу, Отанды сүю. Жаһандағы жалғыз анамыз – Отанды  қорғауға әзір болу, жер жүзі халықтарын, еңбекші балаларын бауыр тұту – негізгі тақырыптар осылар!,» - дей келе, балаларға жазылатын шығармаларда нені ескеру қажеттігіне баса назар аударып: «Бала өлеңі оқиғалы, белгілі бір адамның немесе хайуанаттардың әрекетін – адалдығын немесе арамдығын, батырлығын немесе бостығын, достығын немесе қастығын суреттейтіндей  оқиғалы болғаны абзал, »- деп ой түйеді ақын.

 Балалар әдебиетінде оптимизм басым болады. Сары уайым, қайғы-шер атымен кездеспейді. Балалар әдебиетіндегі басты қасиеттердің бірі – оларды ер жүрек, өз Отанының патриоты. Азаматы болуға жетелейтін,  өнеге беретін батыр, адал адамдардың образын жасау.

Алдымен, жас  ұланды жалындатар, патриоттық сезімді оятар, Отан тақырыбындағы «Отаным»  өлеңіне тоқталар болсақ:

                             Жүздеген, мыңдаған,

                             Сәбидің  күлкісін

                             Қуана тыңдаған

                             Отаным бұл менің.

 

                             Шаршасам, демалам,

                             Бір ерке ботамын.

                             Өсірер мені аман,

                             Отаным,

                             Отаным , -

дейді. «Туған жерді –мәңгілік төрім»  деп түсінген ақын, бала өміріне тек күлкі, қуаныш  қана тән, осы тәтті сәби қылығы елді шаттыққа бөлейтінін  айта келіп,  әрбір адамға  «Отан қымбат»  екендігін танытады.

«Сақшы»  өлеңінде:

                              Күзетіп тұр сақшы даласын,

                              Ауылын,

                              Аяулы қаласын

                              Өзінің балдырған кезінде

                              Ұйқысын күзеткен анасын, -

деп, өз  Отанын көзінің  қарашығындай сақтауды, елге деген махаббат, үлкенге  деген құрметті, әсіресе дүниедегі ең асыл  жан ананың қадірін түсінуді, оны аялай білуді  осы шумақтарында айтқысы  келген  ақын ойын айшықты  сөздермен жеткізеді. Осындай тақырыптағы   өлеңдері  арқылы ақын  балаларды азаматтыққа  тәрбиелейді. Бұндай өлеңдерінің негізгі идеясы  кез келген адам жүрегінде Отанына деген  басқалар сезбейтін діріл болу керектігі, туған жерді сақтай білу, қорғай білу әр азаматтың міндеті екендігін жазады.

     Оның жазған балалар өлеңдерінде  фольклор үлгілері дәстүрді тың тұрпатта  жырлауымен ерекшеленеді. Мұны мына өлеңдерінен де аңғарамыз. «Алтыбақан», «Ою», «Айтыс», «Асық» , «Домбыраның жыры», «Бәйге», «Ертегі», «Күрес» өлеңдерінде сөздің табиғатын таныту, қолдану аясын кеңейту, сол ақылы ұлттық түсінікке жол ашу байқалады. «Ою»  өлеңінде:

         Киізге жасырылған ою-өрнек,

         Ұқсайды қошқарлардың мүйізіне, -

дей келе, киізге жапсырылған нәрсенің  ою екендігін, ол оюдың «қошқар мүйіз»  деп аталатынын айта отырып, шумақ соңында:

         Оюы сол киіздің аумайды екен,

         Екілік толып тұрған  күнделігің,- деп,  оюлы киіз бен екі санынан  ұқсастық тауып, екіні жалқаудың, дымбілместің  бағасына теңеп, баланы ұялтады. Осы өлеңдегі  ақын тапқырлығы мен шеберлігі  ұлттық өнердің бір түрі оюды  баланың оқу міндетіндегі нәтижесіздіктің, жалқаулықтың салдарынан болатын жаман бағаға ұқсата отырып, үндестіре білуінде жатыр. Өлеңді оқыған бала бір жағынан танымын кеңейтсе, екінші жағынан білімсіздіктен жиренеді. Он бір  бунақтан , төрт тармақтан тұратын шумақта айтайын деген ойын жұп-жұмыр етіп жеткізеді.

Балаларға арналған өлеңдер ойнақы, жинақы, тілі баланың өз ойындай мөлдір де тұнық, қызықты да, қарапайым болуы шарт.

Осы ерекшеліктерге сүйене отырып Е.Ашықбаевтың «Үйреншікті үндер» өлеңіне тоқталайық:

               Жылан не деп ысылдайды?

               Ара не деп ызылдайды?

               Қарға не деп қарқылдайды?

               Бақа не деп бақылдайды?

               Тауық не деп қыт-қыттайды?

               Қаз не деп қаңқылайды?.

    Ертай ақын табиғатты терең танып, сүйіп, шебер бейнелеген ақын. Әсіресе, төрт түлікті, жәндіктерді, құстарды толғауына тәнті боламыз. Олардың өзіндік ерекшелігін, мінез-құлқын, тіршілік қалпын дәл де қапысыз басқан  ақын білгірлігіне ерекше сүйенсең де артық емес. Бұл ақынның өлеңінің құрылысы өте қарапайым. Өлең алты тармақтан тұрады.

  Тым кішкене бала болса, яғни «5»  жасқа дейінгі балаға ойыншықтар, айналадағы заттардың  не екенін тану қызық. Ал «10»  жасқа дейінгі бала психологиясы айналаны  таныған, сәби де болса өз ойы мен  пікірі қалыптасқан. Олар үлкенге көмек беруге, өзіне ұнаған адамға еліктеуге бейім. Ал мұны «Азамат өсіп келеді» және «Мен өсемін» атты өлеңдерін салыстыру арқылы дәлелдеп көрейік:

 «Азамат өсіп келеді» өлеңінде:

                    Ерінбей сурет салады,

                    Жасайды қағаз кемені.

                    Таудан да биік талабы,

                    Азамат  өсіп келеді - десе, «Мен өсемін» өлеңінде:

                    Қызықсам да жиі мен,

                    Шуылына көшенің.

                    Көмектесем үйіме,

                    Мен осылай өсемін

                    Сырымды ұқ, дос, менің.

                    Осыдан түй ой неше.

                    Кімге керек өскенім,

                    Үйге пайдам тимесе.

     Бірінші өлеңдегі кейіпкердің  өскендігі сурет сала білетіндігімен, қағаздан кеме жасай алатындығы, талабының молдығы сынды белгілермен беріледі. Әрине, мұндай әрекеттерге баратын бес жас немесе соның шамасындағы  балалардың қызығушылығымен, танымына, ой-өрісіне сай келіп тұр емес пе?! Ал кейінгі өлеңдегі кейіпкер ойын жасындағы бала бола тұра, өз-өзін тежей алатын, өз құмарлығын шектей алады. Өйткені, оның ойы есейіп, жанашырлық, қамқорлық сезімі оянып, қалыптасқан десе де болады. Балалар ақыны болу үшін балалар әдебиетінің  ережелерін сақтау, ерекшеліктері мен талаптарын қанағаттандыра алуы керек.

 Міне, мұнан біз ақынның  тек бала психологиясы мен педагогикасын ескеріп қана қоймай, балалар әдебиетінің заңдылықтарымен тікелей байланыстырады.

Ақынның балаларға арналған шығармаларының көпшілігінің тақырыбы мектеп өмірінен алынған болса да, бұл шығармалардың мақсат жүгі – балалардың, мектеп оқушыларының басынан өткен әр түрлі оқиғаларды тізе баяндау емес,  бүгінгі жас ұрпақтың қоғамда өзін-өзі тәрбиелеуін, адамгершілік өсуін, айнала қоршаған ортадан рухани нәр алуға ұмтылуын, қазіргі жас өспірімнің ой-өрісін, жүрек лүпілін, жан-дүниесінің қалыптасуын жан-жақты, ауқымды сипатта танытады.

           Ертай Ашықбаевтың балаларға арналған шығармалары -  жас буынның сана сезімін оятып, ақыл-есін дамытатын, оларды адамгершілік қасиеттерге баулитын өмір құралы. Оның мақсаты – балабақша және мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он жеті жасқа дейінгі оқушыларға әдеби тілде жазылған жоғары идеялы, қызықты шығармалар беру. Осының барлығы жас буынды саналы өмір сүруге талпынтады. Баланың келешегіне жол ашады, өмірдің  жақсы-жаман  жақтарын шығармаларды оқу арқылы түсінеді және ажыратады.

 

Әдебиеттер:

1.     Жас қалам .//Алматы ақшамы газеті.  1993, № 27

2.     Шыңдалған қалам. //Алматы ақшамы. 19566 № 13

3. «Неге құмар осы жұрт жоқ қалаға?» //Ақтөбе газеті.  2004, №13

4.  Ашықбаев Е. Ашық сабақ. -Алматы: 2003ж.