Оспанова Фарида Амирбековна

Кызылординский государственный университет им. Коркыт Ата

Казахстан

 

Ағылшын және қазақ тілдеріндегі концептілердің қызметі, ассоциативтік сипаты

 

      Концептілердің табиғатын жан-жақты саралай келе, терең танып білу үшін тілге қатысты сөз мағынасын жетік меңгерумен қатар концептілік талдау арқылы кең мағлұмат алуға болады. Қазақ тіл білімінде ойлау мен тілдің, тіл мен танымның, тіл мен сананың ара жігіндегі мәселелерге тарихи танымдық талдау жасау ісі әлі толыққанды қолға алынбай келеді. Тілдің ойды материалдандыру ерекшелігі концептінің көптеген тілдік ақпараттарды тарату қызметін жете зерттеу кезек күттірмейтін мәселелердің бірінен саналады. Олардың қатарына негізінен мынадай мәселелерді жатқызуға болады: 1. Концептілердің тілдік танымдық табиғатын ашу, оған қазіргі тілге сай ғылыми ортақ анықтама беру;

2. Концептілердің құрылымдық түрлерін айқындау, бір жүйеге түсіру;

3.Ғалам бейнесінің тілдегі көрінісін танып білуде концептінің қызметін көрсету;

4. Концептілік мәнге ие доминанттың табиғатын тану арқылы, поэтикалық образды сөздердің ұлттық ерекшелігін көрсетудегі рөлі – жайлы мәселелерді қарастыруда бір тоқтамға келу керек.

Бүгінгі таңда адам баласының ойлау жүйесі күн өткен сайын дамып жетілуімен қатар, көптеген өзгерістерге түсіп отыр. Айнала қоршаған құбылыстар мен жағдайлар арасындағы сәйкестік немесе айырмашылықтар тіл көрінісіндегі мүлдем жаңа мәліметтермен астарлануы тіпті сөз астарының астына астардың беки түсуі қашанда сана төңкерісінің жанынан табылуы қажет. Адамзат баласының санасы мен болмысындағы өзгерістер қоғамдық, әлеуметтік, тарихи, т.б. жағдайларға тікелей байланысты. Сондықтан осындай факторлардың бәрі концептілердің табиғатын түрлендіріп оның тілдегі рөлін мейлінше күшейтіп отыр. Ағылшын тілі көркем әдебиеттерде, баспасөз құралдарында, көркем фильмдерде, сондай-ақ осы тілде ана тіліндей сөйлейтін сөйлейтін ағылшындықтардың, американдықтардың, канадалықтардың, австралиялықтың және басқа да халықтардың күнделікті қарым-қатынас тілінде ылғи кездесетін фразеологизмдерге, тілдік лексикалық бірліктерге, идиомалық тіркестерге, мақалдар мен мәтелдерге өте бай. Ағылшындық идиоматика өте көп вариантты болғандықтан, ағылшын тілін үйренушілер үшін өте күрделі. Әлемдегі бар тілдердің ішінен идиомалар мен фразеологизмдер, мақалдар мен мәтелдер кездеспейтін бір де бір тіл жоқ. Ал ағылшын тілі осылардың ішіндегі ең алдыңғы қатардағысы [1; 184]. Әмбебап адамгершілік категорияларына жататын шындық/жалған және truth/lie концептілері ұлттық әдеп жүйесінің негізін құрайды. Сол себепті бұл концептілердің әмбебап қасиеті пәлсафа тарихында көптеген  ойшылдар мен философтардың көзқарастары мен пайымдауларында өзіндік көрініс тапты. Мұның өзі шындық/жалған және truth/lie концептілерінің күрделілігі мен санқырлылығын дәлелдейді. Әлемдік мәдениет тұрғысынан қарастырғанда, әмбебап категория ретінде аталған концептілер  әрбір этникалық мәдениетте ұғымдық және басқа да компоненттерінде ұлттық ерекшелікке ие. Концепт мәселесіне қатысты әртүрлі сипаттағы зерттеулерді сараптай отырып, концептіге тән белгілерді төмендегідей жинақтауға болады, сонымен концепт:

-   адамзаттық тәжірибенің түсінігіндегі кішкентай бірлік;

-   сөздің көмегімен беріледі;

-    өрістік құрылымы бар;

-    білімді өңдеу, сақтау, жаңғыртудың негізгі бірліктері;

-    қозғалмалы шегі және нақты қызметі бар;

-    концепт әлеуметтік, оның ассоциативтік өрісі оның прагматикасына себепші болады;

-    ол мәдениеттің негізгі ұяшығы.

Сөйтіп концептілер адамның миында концептуалды жүйе құрай отырып, әлемді бейнелейді, ал адам тілінің таңбалары осы жүйенің мазмұнын сөзде кодтайды.

      Шындық пен жалғанды  қолмен ұстап көрсете алмайтын, көре алмайтын абстрактілі ұғым, бірақ оның тілде берілуі арқылы, тілде бекітілген қарапайым санадан аламыз.Құндылық категориясы ретіндегі шындық пен жалған концептілерін лингвомәдени концептуалдық талдау ерекшелігі оларды зерттеушілердің ұлттық менталитетті құраушы негізгі абстрактілі ұғымдардың бірі деп мойындалуынан тұрады. Оның үстіне шындық пен жалған концептілері адамгершілік (этикалық) категориялар қатарына жатады, яғни жалпы адамзаттық мәдениет категориясына жатады. Жаңа концептінің пайда болуы әрдайым қандай да бір практикалық міндеттің шешілуімен байланысты. Концепт әрекетте өріледі, жаңа әрекеттердің негізі болады, бұл әрекеттер барысында түзетіледі. Таным үдерісінің даму барысында концептілер «енгізіледі, шығарылады, кеңейеді, шектеледі, толығады, бір білім саласынан басқасына ауысады, бөлінеді, жинақталады және басқа да өзгерістерге ұшырайды» [2, 61]. Осыған орай, біздің ойымызша, екі тілдегі «Шындық» концептісіне қатысты паремиялар мынадай аспектілерде қарастырылуы мүмкін:

      Ағылшын тіліндегі паремиологиядан біз шындық туралы әртүрлі түсінік көреміз:  Мысалы: А сlеаn fast is better than a dirty breakfast – Шын ауыз бекіту өтірік (тікелей аударғанда: лас) сәресіден жақсы. Мағынасы: Кедей болсаң да,шыншыл бол. Салыстыру: Жарлы болсаң - арлы бол.  

А сlean hand wants no washing – Таза қолды жумасаң да болады. Мағынасы: Адал адамға ақталудың керегі жоқ. Салыстыру: Шын адалға кір жұқпайды;

 A clear conscience laughs at false accusations – Ары таза өсекке күле қарайды. Салыстыру: Өтірік – қаңбақ, шын – салмақ. Шындық бар жерде өтірік байқап жүреді;

True blue will never stain – Нағыз көгілдір түсті былғай алмайсың. Мағынасы: Текті қашанда бекзаттық танытады. Салыстыру: Ақкөңілдің аты арып, тоны тозбас. Бұл мысалдарда шындық «ар», «тазалық» ұғымдарымен астасып берілген. Алайда, Nothing hurts more (worse) than truth – шындықтан ащы жаныңды ауыртар ештеңе жоқ. Салыстыру: Ақ сөз ащы болады; Truth has scratched fase–Шындықтың беті тырналған. Салыстыру: 
Шындық жоқ жерде өтірікші шіреніп, шайқап жүреді;A reproach stings cause its true
– Жазғыру жаныңды ауыртады, өйткені ол шын. Салыстыру: Әділет қылышы кескен қол ауырмас; Өтірік те, шын да ауыздан шығады: айырмасы айтылуында емес, мағынасында. Сол себепті,
Truth lies at the bottom of a wellШындық құдықтың түбінде жатады. Салыстыру: Шындықтың мекені – шыңырау.

        Шындық жоқ жерде сұмдық көп деген паремия шындықты айтпаған жерде ешқандай шынайы өмір, әділетті қоғам, бақытты ғұмыр жоқ екенін көрсетеді. Шындықты көзге шұқу деген паремия да оны кез келген жерде айтудың, өзіңе қатысты шындықты естудің қаншалықты қиын екенін көрсетеді. Бұл жердегі «шұқу» етістігі үшкір бір нәрсенің қадалғандағы тән ауыруына байланысты орайластырылып айтылған. Ағылшын тілінде заң органдарының әділетсіздігі туралы мақалдар болғанмен, «шындық» және «әділет» ұғымдары қатар келмейді. Екі тілдің де мақал-мәтелдерінің өзіне тән мағынасы, мағыналық құрылымы бар.Олар халық тәжірибесінің, ой-тұжырымының қорытынды жиынтығы.Сол себепті өз ұлтының дүниетанымына, әлеуметтік қоғамындағы қалыптасқан жағдаяттарға байланысты мән-мазмұны өзгеруі мүмкін.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Байтұрсынұлы А. Тіл-құрал. Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2009.-320б.

2. Холодная М.А. Когнитивтные стили о природе индивидуального ума. –    М. : ПЭРСЭ, 2002. – 304 с.

3. Apperson G.L. The Wordsworth Dictionary of Proverbs. Wordsworth Edition. Ltd., 1993 450p.

4. Исабеков С.Е. Картина Мира во фразеологических единицах неродственных языков//Актуальные проблемы межкультурной коммуникации и перевода. – Алматы, 2001. – С.13-17.