Магистр п.н.,Уразбаева М. Н.
М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік
университеті,
Казахстан, г.
Тараз.
Қоғамдық-саяси сөздер мағынасының
кеңеюі және саралануы
Қазақ
әдеби тіліміздегі әлеуметтік өзгерістерге байланысты
қалыптасқан қоғамдық-саяси сөздер
тіліміздің лексикасын байытып, грамматикалық құрылымы
мен фонетика жүйесіне жаңалықтар енгізіп, жітілдірілді.
Дәуір
жаңалықтарына қарай лексика құрылымы
өзгеріске еніп, жаңа сөздер мен тіркестер пайда болып,
қолданыс өрісі кеңейіп, дамып жатса, енді
қоғамдық-саяси сөздердің біразы қолдану
аясы тарылып, ескіріп, жалпы халықтық тілден ығыса бастайды.
Мәселен, советтік дәуірдің өзінде: кіндік
(орталық) комиссариат, халық комиссарлар советі, қосшы
ұйымы, ауылдық кеңестер, низам жинағы (заң),
губерния, серіктіктер т.б. біркелкі сөздер лексикамыздың
қатарынан шығып қалған.
Тіліміздегі
бірсыпыра қоғамдық-саяси сөздерді қолдану
қызметі мен мағыналық ерекшеліктеріне қарай
өзгерістер болғанын көреміз. Мәселен, ынтымақ
сөзінің орнына келісім сөзі қолданылса,
серіктік
ашу-артель мағынасында қолданылды. Сондай-ақ кәсіпшілік
сөзінің орнына өнер-кәсіп, үлкен даражалы сөзі жоғары дәрежелі
сөзімен, союз сөзі одақ сөзімен, хұхық
сөзі право сөзімен алмастырылып, орындардағы
сөзінің орнына жергілікті сөзі, салу
сөзінің орнына құрылыс сөзі, көрсету
сөзінің орнына нұсқау
сөзінің алынуы, ынтымақтастыру
сөзінің орнына келісім сөзі, үйлестіру,
көрсету
сәзінің орнына нұсқау, низам
сөзінің орнына заң сөзі, бейнет
сөзінің орнына еңбек сөзінің
қолданылуы қоғамдық-саяси лексиканың
құрамы үнемі жаңаланып, өзгеріп,
толықтырылып, дамып отыратынына дәлел.
Тіліміздегі
қоғамдық-саяси лексиканың дамуы мен қалыптасуы
әлеуметтік өмірдің дамуымен тікелей байланысты дедік. Совет
дәуірінде елімізде жаңа өндірістің, шаруашылықтың,
өнер мен білім, ғылымның техниканың т.б. дамуына
байланысты қазақ әдеби тілінде қолданысқа енген
атаулар (сөздер мен тіркестер) қоғамдық-саяси лексиканы
байытты. Орыс тілі мен орыс тілі арқылы кірген сөздер өнімді,
көп болса, шығыс тілдерінен енген сөздер жоққа
тән болды. Дегенмен, қолданылып жүрген араб, парсыдан кірген
қоғамдық-саяси мағыналы сөздер ана
тіліміздің заңына бағынып, кірігіп тіліміздегі байырғы,
төл сөздерше қоғамдық-саяси лексиканың
дамуы мен жасалуына негіз болды.
Яғни, орыс
тілінің құнарлы үлгісі арқылы тіліміздегі
байырғы (төл, кірме) сөздеріміз жаңа
мағынаға ие болып, қолданысқа еніп, тіркестер жасап,
қоғамдық-саяси лексикамызды дамытты. Мысалы: социализм жеңісі,
социалистік міндеттеме, коммунизм құрылысы, қолхоз
басқармасы, өндіріс, жарыс, кәсіподақ комитеті,
құрылысшылар активі, оқу озаты, жарыс сөз, жиналыс,
партия мүшесі, партия-совет активі, т.б.
Яғни,
қазақ тілі лексикасының қарқынды дамуы тек
лексиканың құрамын ғана қамтып қоймай,
төл кірме сөздердің мағыналық дамуына да
ықпал жасайды. Тілдің лексика құрамының,
ондағы сөз мағыналарының өзгерісі үздіксіз
болып отырады. Семантикалық үдерістерде тіл қызметінің
дамуы үлкен қызмет атқарады.
Семантикалық
үдеріске сөз мағынасының кеңеюі, таралуы,
түрлі ауысулар: метонимия метафора, синекдоха, қызмет ауысуы,
құбылыстың сапасына, формасына, белгісіне және
мазмұнына қарай ауысуы, синоним, омонимдердің пайда болуы,
полесемияның дамуы, неологизм, архаизм сөздерінің сараптануы,
лексика-семантикалық топтары жатады.
Қоғамдық-саяси
сөздердің семантикалық жағын қарастырғанда
тіліміздің қоғамдық қызметін негізге аламыз.
Қоғамдық дамудың, соған орай тілдің
қоғамдық қызметінің артуымен семантикалық
үдеріс байланысты.Олай болса, жаңа сөздердің пайда
болуы, жасалуы, бар сөздердің мағыналарының дамып, кеңеюі
қоғамдық өмірдің өзгерістеріне,
экономиканың мәдениеттің дамуына тікелей байланысты.
Сөз мағынасының өзгеруіне, жаңаруына талдау
жасағанда төмендегідей ішкі, сыртқы себептерді қамту
қажет:
1. Жаңа
мағынаның пайда болу себебі;
2. Жаңа
мағынаның даму жолы, өзгеруі.
Тіліміздегі сөз
мағынасының кеңеюіне тоқталайық. Совет
қоғамы, оның мазмұны мен формасына сай
жаңалықтармен өзгерістер, жаңарған совет
адамдарының қарым-қатынастары тіліміздегі
сөздердің мағыналарына маңызды жаңалықтар,
өзгерістер енгізіп, кеңейтті. Мысалы, күрес, кеңес, байқау, одақ, қоғам,
дәулет, дауыс, тап, топ, көсем, қызмет, ұя, мүше,
жарыс, еңбек, орта, басқару, т.б. осы тәрізді
сөздерді атауға болады.
Тілдегі
жаңалық, өзгеріс төмендегідей жағдайлар
арқылы қалыптасады:
1) даяр сөз алу
(басқа тілден алынған атау,
2) жаңа
сөз жасау,
3)тілдегі бар
сөз жаңа мағынада қолданылуы.
Тап сөзі. Қазан
төңкерілісінен бұрын бұл сөз ру мағынасында
қолданылды. Мысалы: «Дулат Қаракерей табынан шыққан»[1].
Болмаса бұл
сөз бір-біріне қарама-қарсы әлеуметтік тапты
білдіреді. Оған мысалы:
1.«Сүйінбай
халық мұңын мұңдап, үстем тап
өкілдерінің әділетсіздігін бетіне басып әшкерелеп
отырған батыл да әділ сыншы»[2, 312б.]
2.Жиркенішті тап
жауына лағнет айттық,
Азғырған
бізді қыстай иттей үріп[3].
Сондай-ақ,
тілдік қорда туындаған түбірлер мен тіркестер де бар. Тап
күресі, тап тартысы секілді тіркестер де бар сөйлемдерге мысал келтірсек:
Тапсыз тату, мерекелі, өнерлі,
Ел жасаймыз
еңбегіне қуанған[3].
Еңбек сөзі
негізінен «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»
деген мағынасын сақтайды. Сыртқы әлеуметтік
жағдайдың әсерінен жаңа мағыналық
реңк қосып, тіркес аясы кеңейіп, туынды түбірлер жасап,
әдеби тіліміз дамып, түрлік сөзден тектік сөзге
ауысады. Мысалы: еңбек адамдары, еңбек ардагерлері, еңбек өнімі, еңбек озаттары, еңбек
үлгісі, еңбек
рақаты, еңбекті
ұйымдастыру, күрделі еңбек, Социалистік Еңбек Ері,
еңбек вахтасы, жазылған еңбек, еңбектің
көзін табу, еңбек кітапшасы, еңбекшілер депутаттарының
жергілікті Советі, еңбек ері, қол еңбегі, ми еңбегі,
еңбек жолы, еңбегімен көріну, т.б.
«Еңбекті ғылыми тұрғыда ұймдастыру қазір ауызға
алына бастады» деген сөйлемде еңбек сөзі жоғары
аталғандарға мысал болады [4].
Ұйым сөзі орыс тілінен организация сөзінің
үлгісімен қазақ тілінде ұйым сөзі туды. Бұл
о баста орыс тілінде (гнездо) ұя еді. Сөздің
бұрынғы мағынасы кеңейіп, дамыды. Осы
айтылғандарға байланысты төмендегі мысалдарға
көңіл бөлейік: кеңестік кезеңде мектеп
оқулығы ретінде қолданылған «Қоғамтану»
пәнінің кітабындағы «Жұмысшы
қозғалысының тарихы пролетариат атынан шығып,
оның мүдделерін қорғамақшы болған
көптеген саяси ағымдар мен ұйымдарды біледі»[5] деген
сөйлемдегі, сол дәуірдегі бірден-бір іргелі
үнқағаздардың бірі «Социалистік
Қазақстандағы» «Жаңарған аудандық партия
комитетінің ұйымдастыруымен жасақталған үгіт
поездары екі бағытта сапарға шықты»[5] деген болмаса,
«Қазақстан пионериясы» кітабындағы «Бүкіл
одақтың республикалық, облыстық, қалалық,
аудандық пионер ұйымдарының пионерлік Қызыл туы
болады»[5] деген мәлімет
сөйлемдер мен белгілі жазушы
Н.Ғабдулиннің сөз саптауындағы «Үй ішінің,
ел-жұрттың, бүкіл қоғамның
құралуы ұйымшылдық пен бірлікке байланысты деп біледі» [5]
деген жолдарда ұйым
сөзінің кеңестік саясатқа байланысты
жаңарған мағынасы мен соның негізінде туындаған
сөздер мен сөз тіркестерін танимыз.
Әдебиет
1.
Бес
ғасыр жырлайды. 1
том. - Алматы:
Жазушы, 1989. - 383 б.
2. Бес ғасыр
жырлайды.
2 том. - Алматы: Жазушы, 1989. - 312
б.
3. Жансүгіров І.
Шығармалары. Бес томдық.-Алматы: Рауан,1986.-284б.
4. Сарғасқаев С. Шығармалары жинағы. -Алматы:
Ғылым,1992.-369б.
5. Барлыбаева Р. Қазіргі
қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика. –
Алматы: Мектеп, 1978. – 144б.