Қазақ
тілі магистрі Бердибаева И.Н.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,
Қазақстан
Қазақ тіл білімінің
қалыптасуы мен даму кезеңдері.
Қазақ тіл
білімінің даму кезеңдерінде әсіресе, Қазан
төңкерісінен кейінгі онжылдық ерекше аталады.
Қазақ әдеби тілінің Кеңес дәуіріндегі
дамуын мерзімді баспасөз тілінің негізінде зерттеген С. Исаев:
«Совет өкіметінің алғашқы жылдарының
өзінде–ақ көркем шығарма тілінің дамуымен
қабат ресми стильдің көрінісі ретінде ғылми
шығарма, публицистикалық шығарма, баспасөз тілі
өз алдына жеке қалыптасып дами бастады», - деп жаза отырып, мынадай
қорытындыға келеді: «Совет дәуіріндегі газет-журнал тілін
зерттеудің нәтижесінде жазба тіліміздің бір ізге түсіп,
нормалана бастауын да байқай аламыз. Басқасын былай
қойғанда, тіпті 1920 жылдардың бас кезі мен аяқ
кезіндегі газет-журналдың тілінде біраз айырма байқалады. 20
жылдардың аяқ шенінде баспасөз тілінің екшеленіп,
сараланып, қажетсіз элементтерден арыла түскенін көреміз.
Әсіресе, «кітаби» тіл дәстүрінің элементтері
құлдырап, кеми бастағанын анық байқауға
болады».
Қазақ сөз
мәдениетінің пән ретінде қалыптасуының
алғышарты ретінде әсіресе қазақ тілі бойынша
жазылған алғашқы оқулықтар мен оқу
құралдарында (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов,
І.Кеңесбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов т.б.) грамматикалық,
орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың ереже түрінде
берілуі әдеби тілдің кодификацияланған нормаларды
қалыптастыруда маңызы ерекше болды.
Қазақ тіл
білімінің туып, қалыптасуы, дамуы бүгінгі кемелденген
шағына жетіп, биіктерге көтерілуі оның ірге тасын
қалап, қазақ тілін ғылым ретінде
қалыптастырған ардақты есімдермен тығыз байланысты.
Қазақ тіл білімінің тарихында оның ғылыми-теориялық
негізін салған ғалымдардың әрқайсысының
орны ерекше. Артына
қалдырған мол мұрасын арнайы зерттеуді лайық ететін
біртуар ғалымның бірі-филология ғылымының докторы,
профессор Сәрсен Аманжолов (1903-1958). Қарап отырсақ,
ғалым С.Аманжоловтың әрбір тілді зерттеуі диалектикалық
даму көзқарастарымен ұштасып отырады. Бұдан
тілдің қалпын дамуымен тығыз байланыста зерттеудің, тіл
жүйесінің әр элементін қолдданыста
қарастырудың ұтымды болатынын байқауға болады.
Тіл біліміндегі сөйлемдер
жүйесінің бүгінгі дамуы мен оның өзекті
мәселерін танып білуде профессор С. Аманжоловтың ғылыми тұжырымдарын,
атап айтқанда, сөйлем теориясының негізгі грамматикалық
сипаттары, жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің ара
жігін айқындату, сөйлем мүшелері түрлерін ажырату критерийлері,
үйірлі мүшелі конструкциялардың жаратылысын тану,
сөйлемдерді топтастыру мен олардың жіктелу принциптері,
сөйлем теорясының даму жолдарына қатысты тұжырымдарын
зерттеудің маңызы зор.
Профессор С.Аманжоловтың
ғылыми мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де
ғылыми мәнін жоймаған, бағдарламалық мәні
бар, игі пікір мен зерттеуге лайық, көптеген ғылыми
еңбектерге жолбасшы болатын дүние деп танимыз. Ғалымның
синтаксис теориясы жөніндегі көзқарастарының кейінгі
ғылыми және теориялық тұжырымдарға негіз
болғанын көрсету, оның ғылыми мұрасын
бүгінгі күнгі теориялық тұжырымдармен салыстыра отырып,
жан – жақты талдау оның білімділігін танытады.
С.Аманжоловтың
тиянақтауында құрмалас сөйлемдер салалас,
сабақтас, аралас болып болып алғаш рет үш түрге
жіктеледі. «Бірнеше сөйлем күрделі ойды білдіру үшін
бір-бірімен ұласады, кейде біріне-бірі бағынып барып ұласады.
Кейде әрі бағынып, әрі тең боп ұласады»,- дейді
автор. Мұндай топтау 1940 жылы 5-7 сыныптар үшін жасалған
бағдарламада да көрсетілген.
Ғалымның
құрмалас сөйлем синтаксисін ғылыми тұрғыда
зерттелген 1940 жылғы шыққан еңбегінде
құрмалас сөйлемге мынадай анықтама берген:
«Құрмалас сөйлем дегеніміз – екі я бірнеше
сөйлемнің, яғни бірнеше субъектінің көрінісі
болған сөздің я сөздер тобының жиынтығы».
С.Аманжолов салалас
құрмаласты, жалғаулықты, жалғаулықсыз деп
бөлген еді. С.Аманжоловқа дейін А.Байтұрсынов салалас
құрмалас сөйлемдерді бес топқа топтастырған.
Профессор
С.Аманжоловтың 1939 жылы орталау және орта мектепке арналған
«Қазақ тілі грамматикасының» синтаксис бөлімі
жарық көрді. Бұл оқулықта автор салалас
сөйлемдердің жалғаулық арқылы да,
жалғаулықсыз да жасалатынын айта келіп, оның жеті түрін
саралап талдап көрсетеді. Салалас сөйлем түрлерін ажыратуда
жалғаулықтардың ыңғайымен талдап отырған,
мысалы: тіркесті салалас (да, де) жалғауымен келген сөйлемдер,
қарсылықты салалас (бірақ, сонда да, т.б)
жалғауларымен, үдетпелі салалас (әрі
жалғаулығымен), талғаулы салалас (я, яки,
жалғаулығымен), себепті салалас (себепті, сондықтан
жалғаулықтарымен), кезектес салалас (біресе, кейде
жалғаулықтармен), бейтарап салалас (құй, мейлі
жалғаулықтарымен) келген сөйлемдер. С.Аманжолов салалас
құрмаластың ерекшеліктерін былай көрсеткен:
«Салаласқа енген сөйлемдер форма жағынан бөлек
болғанымен, мағына жағынан бір-бірімен байланысып жатуы
керек. Күрделі ұғымды беру үшін, екі сөйлем
бірігіп барып, кеңірек бір ойды білдіреді. Салаласқа енген жай
сөйлем бірыңғай мүшелермен форма жағынан
ұқсас келеді, ал мағына жағынан айырмашылығы бар.
Салалас құрмалас сөйлемдер біріне-бірі тіркесіп, мағына
жағынан бағынады да, сыртқы формасы жағынан
бағынбайды. Ондағы жай сөйлемдер бірімен-бірі тіркесіп,
ойдың тұтастығына ие болады да, белгілі мағына бірлігін
сақтайды». Салалас сөйлемде қиысушылық та бар дегенді
айта отырып, былай ескертеді: «Бұл бастауыш пен баяндауыштың
қиысушылығы, мұнда кейде мезгілдік жағынан
қиысады, кейде қиыспайды,» - дей келіп, мысалдармен
дәлелдеген.
«Еді,
екен деген етістіктер - әлсіз етістіктер: бұлар салалас
сөйлем жасаудағы негізгі дәнекерлер,» - дей келіп, «Ол барып
еді, таба алмады» деген мысал берген. Мұндағы «еді» - ге біткен
сөйлемді мүлде бөліп тастауға болмайды, себебі
бұл – тиянақсыздау етістік. Салаласқа енген
сөйлемнің барлығы да негізінен тиянақты. Бірақ
әрбір жай сөйлемнің тиянақтылығы әр
түрлі дегенді айтады.
Профессор Қ.Жұбанов салалас
сөйлемдердің компоненттерінің бір-бірімен
құрмаласуының он түрлі жолын көрсетсе, профессор
С.Аманжолов өз еңбегінде салалас құрмалас
сөйлемнің он тоғыз түрлі мағыналық
жағынан айыруға болатындығын көрсетеді.
Ғалымның
пікірлерін қорыта келгенде, салалас сөйлемнің жетеуі шылаулы
(жалғаулық), он екісі шылаусыз байланысқан
сөйлемдердің қарым-қатынас арқылы жасалатынын
білуге болады:
1) Екі я
бірнеше жай сөйлемдердің бірі объектіге я субъектіге байланысты
өзді-өзінің мағыналары жақын екенін
көрсетеді. Мысалы: Биылғы егін жақсы шықты, біз ерте
жиып алдық. Бұл жердегі екі сөйлемнің мағынасы
ешбір дәнекерсіз-ақ бір-бірімен тығыз байланысты. Оның
әрқайсысы жеке тиянақты сөйлем болып тұр. Логика
жағынан да, форма жағынан да мұның
әрқайсысы жеке сөйлем бола алады да, бірақ мағына
жағынан бір-бірімен өте тығыз байланысты
болғандықтан, бөліп тастауға болмайды.
2)
Бастауыштың бірнеше ортақтығын көрсетеді. Мысалы: Біз
мектепке барып едік, тәрбие сабағын өткізіп
қайттық. Мұндағы біз деген бастауыш екі сөйлемге
ортақ.
3)
Біреуіндегі я бірнешеуіндегі да, де, та, те жалғауларын қайталап
көрсетеді. Мысалы: Ол
да барды, біз де бардық. Ол да музыкант болды, мен де болдым. 4)
Пысықтауыш қызметіндегі біріне-бірі қарсы үстеулер
көрсетеді. Мысалы: Бұрын Қазақстанда ауыл шаруашылығы
басым еді, қазір өндіріс кәсібі басым болды. (бұрын,
қазір)
5) Екі
жағында бірдей анықтауыш я толықтауыш қызметіндегі
есімдіктер көрсетеді. Мысалы: Ол кімнің есінде болсын,
бәрінің есінен шығып кетіпті.
Ғалымның пікірлерін
қорыта келгенде, мынаны айтуға болады: салалас
сөйлемнің жетеуі шылаулы (жалғаулық), он екісі шылаусыз
байланысқан сөйлемдердің қарым-қатынасы
арқылы жасалатынын айқын айтады.
Жалпы түркологиядағы
сияқты қазақ тілі білімінде де ерте заманнан бері сөз
болып келе жатқан бірнеше салалар бар. Олардың қатарына
тілдің де, ол туралы ғылымның да негізіне жататын фонетика,
лексикология, грамматика деп аталатын салалар жатады. Бұл
үшеуінің әрқайсысы өз ішінен әртүрлі
тарау-тармақтарға жіктеледі. Енді аталған үш
салаға жеке-жеке тоқтала отыра, олардың зерттелу тарихын
сөз етейік.
Әдебиеттер:
С.Мырзабеков
«Қазақ тілі фонетикасы» -Алматы. Қазақ университеті,
2004ж.
Қ.Жұбанов
«Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» Алматы. Ғылым, 1975ж.
І.Кеңесбаев
«Қазақ тіл білімінің мәселелері» Алматы. Арыс, 2008ж.